Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
46 - сөз 13557 0 пікір 21 Наурыз, 2014 сағат 15:22

Алаш атын аспанға, Шығарар олар бір таңда

Мағжан Жұмабаев:

Арыстандай айбатты, 
Жолбарыстай қайратты - 
Қырандай күшті қанатты. 
Мен жастарға сенемін! 

Көздерінде от ойнар, 
Сөздерінде жалын бар, 
Жаннан қымбат оларға ар, 
Мен жастарға сенемін! 

Жас қырандар-балапан, 
Жайылып қанат ұмтылған. 
Көздегені көк аспан. 
Мен жастарға сенемін! 

Жұмсақ мінез жібектер. 
Сүттей таза жүректер. 
Қасиетті тілектер - 
Мен жастарға сенемін! 

Тау суындай гүрілдер, 
Айбынды Алаш елім дер, 
Алтын арқа жерім дер, 
Мен жастарға сенемін! 

Қажу бар ма тұлпарға, 
Талу бар ма сұңқарға, 
Иман күшті оларда, 
Мен жастарға сенемін! 

Алаш айбынды ұраны, 
Қасиетті Құраны, 
Алаштың олар құрбаны, 
Мен жастарға сенемін! 

Мен сенемін жастарға, 
Алаш атын аспанға 
Шығарар олар бір таңда, 
Мен жастарға сенемін! 

1917 жыл 

0 пікір