Дүйсенбі, 25 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 8531. Жазылғандар — 4352. Қайтыс болғандар — 35
Интернет идеология... 3790 0 пікір 24 Наурыз, 2014 сағат 11:50

ИНТЕРНЕТТЕГІ ИМИДЖДІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ҚАРЕКЕТІ

  

Қарағанды қаласында өтіп жатқан IV «Блогқұрылтай-2014» Қазақ елінің интернеттегі имиджін қалыптастыру мен мемлекеттік идеологияны әлемтор арқылы жүзеге асырудың мән-жайын талқылады. Бұл туралы редакциямызға oблыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

 

Қарағандыда көптен күткен IV «Блогқұрылтай-2014» жұмысын бастады.

        Құрылтайдың салтанатты ашылу рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев, белгілі қоғам қайраткерлері Бекболат Тілеухан, Мұрат Әбенов, танымал медиа-сарапшылар – Серікқазы Кәкібаланов, Өркен Кенжебек және елімізідің әр өңірінен белсенді блогшылар қатысты.

        Құрылтайдың ашылу салтанытында сөз алған облыс әкімі Бауыржан Әбдішев құрылтай Қарағандыда өтіп жатқанын қуанышпен қабылдағанын жеткізді.

        - Қазақтың қай өңірі болса да қасиетті де қастерлі. Дегенмен Қарағанды өңірінің өзгеге ұқсамайтын ерекшеліктері жетерлік. Қарағанды – өрелі өнері мен мәуелі мәдениетінің қара шаңырағы. Қазақ жерінің тұтастығы, халықтың бостандығы үшін күрескен батырларымыздың, дуалы ауыз билердің, ақын-жыраулардың құтты қонысы. Қарағанды – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбек және саяси атамекені,-деді аймақ басшысы.

        Мемлекет тарапынан жаңа технологиялардың дамуына, отандық контенттің өрістеуіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Өйткені сапалы әрі салмақты мазмұн – ақпараттық қауіпсіздіктің негізі.

        Облыс әкімі бұл жайтты да назардан тыс қалдырмай, өз ойымен бөлісті.

        - Бүгінгі заман – ақпараттың заманы, жаһандану дәуірі. Біз демократиялық, ашық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Жан-жақтан келіп жатқан ақпарат ағынында дамыл жоқ. Ал, оның ішінде озығы да, тозығы да бар. Сондықтан бұл мәселеге өте сақтықпен қараған жөн. Қазнетте әлеуметтік желілерді ана тілімізде дамытып, салалық сайттар мен блог-платформалардың ашылуына мұрындық болып отырсыздар. Қазақ блогерлері ауызбіршілігінің арқасында белсенді күшке айналып келеді. Осы шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған блогшылар сол бірліктің үлгісін танытып отыр. Бүгін сіздермен ойларымызды ортаға салып, ашық пікір алмасамыз деген ойдамын. Өйткені мақсатымыз – ортақ, міндетіміз - бір. Ол – елдің мүддесі, - деді Бауыржан Түйтеұлы.

        Қазақ блогшылары құрылтайының басты мақсаты – Қазақ елінің интернеттегі имиджін қалыптастыру, мемлекеттік идеологияны әлемтор арқылы жүзеге асыру, қазақ тілді интернетті дамыту, ана тілді сайттардың санын көбейтуге ықпал ету және интернет-жоба ұсынушы жастарға қолдау көрсету болып табылады.

        Блогқұрылтай аясында бірнеше байқаулар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Қарағанды қаласының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында үздік пост, бейнеролик және фотосуреттер байқауы өткізілмек.

        Сондай-ақ дәстүрге айналған Старт-ап жобалар байқауы жарияланды. Ең үздік деп танылған үш жоба авторына Қарағанды облысының әкімі атынан 150 000 (жүз елу мың) теңге көлеміндегі сертификаттар табысталады.

Abai.kz

0 пікір