Жұма, 19 Сәуір 2024
Қорған 5857 0 пікір 24 Наурыз, 2014 сағат 15:34

ІІМ МЕН ІШКІ ӘСКЕРДІҢ МІНДЕТІ - ТӘРТІП БҰЗУШЫЛЫҚТЫ ЖОЮ

Әдетте экономикадағы, әлеу­мет­тік саладағы келіссіз құбылыстарға қылмыстық жағдайлардың күрт өсуі ұштасып жатады. Сондай заңдылық бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Қазақстан басқа елдердей, өз тарихындағы ең бір қиын ке­зеңін басынан өткеріп отыр. Екпіні мен тепкіні қатты мынадай аумалы-төкпелі аласапыран уақытта «Болмақ па, әлде қалмақ па, Екі сауал екі ұдай» дейтін ұлы Гамлет сауалы біз үшін әлі де өзекті. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіреміз десек, алдымен әлем елдерінің сан-саласын етене білу қажеттігін сезінген ләзім. Бұдан құқық қорғау ор­гандары да шет қалмақ емес. Басқа елдердің құқықты күйттейтін органдарының ұйымдастырылуы мен қызметін, құқықтық негіздерін жан-жақты түбегейлі талдауға салып, ол арқылы еліміздің ішкі істер ор­ган­дары қызметін жетілдіру қажеттілігі көкірегі ояу, көзі ашық әрбір азаматты толғандыруы тиіс. Құқықтық қоғам құрамыз десек, құқықты басты орынға қойған абзал. Бүгінгі күннің талабы да сол. Бір кедей байғұстың қысылғанда айтқаны бар: «бар айтарым дамбалым бүтін» деп. ІІО-нда да сол кеп. Ат үріккендей атауы ғана болмаса, халық алдындағы беделі жұрдай. Әйтсе де қоғам сақшыларын жалаң қылыш кешегі ОГПУ, НКВД-мен шендестіріп, оны тек «қызыл жаға қанды қол қарақшылар» деп бағалайтын қасаң түсініктен арылатын мезгіл жеткен секілді. Жылағанның көзі жаман, айтқанның аузы жаман қашан да. Өкінішке қарай казармалық қоғамнан «мирасқа» қалған «мент», «ешкі» деп кемсіте сөйлеу бүгінгі күні үйреншікті жайтқа айналып кетті. Заман жаман емес, заманын бағаламаған адам жаман. Бүгінгі құқық қорғау органдары қызметінің мазмұн-мәні, ұстаным-қағидаттары түбегейлі өзгерген. Қағынан жеріген құлан тақылетті болмай, бұл орайда шет елдегі полицияға деген халықтың көзқарасын қаперге алған жөн шығар. Осыған орай, шет елдік полиция қызметінің ұйымдастырылуын, тәжірибесін зерделеп, өзіміздегі бармен салыстырсақ дейміз. Білгенге бұл да тәртіп сақтау механизмінің ең бір маңызды бөлігі. Салыстыру-салғастыру қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы таным-түсінігіміздің кеңеюіне ықпал етіп қана қоймай, құқық бұзушылықпен күрестің әдіс-түрлеріне соны сапалық реңк те береді; отандық институттарды жетілдіру жұмыстары бойынша нақты шешімдерді (теориялық және практикалық) қабылдауға түрткі болады. Өйткені дүниежүзiлiк қауымдастықтың толыққанды мүшесi болған Қа­зақ­­стан­ әр азаматының өз құқықтары мен бостандықтарын қор­ғау­ына ке­пiл­дiк­ берiп, құзыр­лы­ ор­гандарға қылмыстық жайттардың ал­дын алу, сот­тық,­ құ­қық­тық қорғау әлеуетін арт­тыруды жүк­те­п отыр. Жасыратыны жоқ, әлемде жаппай тәртіп бұзушылық, бағынбаушылық кеңінен етек алуда. Айталық, Украинада билікке қарсы Ресей бодауы мен ықпалынан шықпақ болған шерулер бірте-бірте қатыгездік орын алған ұлы Майданға ұласты. Соның салдарынан бейбіт халық пен полицияның қарусыз болса да қауқарлы «Беркут» жедел араласу қызметінің өкілдері оңбай зардап шекті­. Міне, осының бәрі де қару-жарақ, арнаулы көлік және байланыс құралдарымен жаб­дық­талатын отандық жедел араласу қызметі секілді ерекше маңыздағы бөлімдеріміздің орны мен құқықтық негіздерін қайта қалыптау қажеттілігін айқындап берді.

Сабақты ине сәтімен дейтіндей, оқырман үшін бірді-екілі шет елдік құқық қорғау органдары қызметінен аз-кем мағлұмат бере кетсек дейміз. Мәселен, Италияның жедел араласу қызметінде «челере» және «мобиле» мото­отряды мен аттылы эскадрондары бар. Бұл отрядтар оқ өтпейтін, жылдам жүретін автокөліктермен қамтамасыз етілген. Ондағылар қару, резинка таяқшалары, көзден жас ағызатын, жарық беретін және дабыл қағатын қол гранаталары, оқ өтпейтін кеуде киімдері, сол сияқты арнайы қалқан, каскалармен қаруланған. «Мобиленің» 13 отряды елдің барлық аумағына тең бө­лінген. Осы бөлімшелердің қызметін тиімді басқаруды қамтамасыз ету мақ­са­тында әр қаланың аумағы жеке секторларға бөлінген, ал әрбір секторға тұрақты мото­рлы топтар бекітіліп берілген. Нақты әкімшілік аймақта қызмет ете­тін «мобиле» отрядтарына қосымша, елдің барлық аумағында жұмыс істеуге ар­налған үш провинцияаралық отряд құрылған. «Мобиле» негізінен «ор­таша қауіпті» операцияларды өткізуге арналса, «челере» жаппай тәртіп бұзушылық орын алған уақытта қолданылады. «Челере» құрамына танкілермен қоса, броно­автомобиль роталары, сол сияқты іріктелген мамандардан құралған мо­то­атқыштар бөлімдері енеді. Солтүстік Италияның ірі өндірістік орталық­та­рында үш «челере» отряды тұрақты орныққан, алайда олардың жеке­лген взводтары қажет болғанда, басқа аудандарға жіберіледі.

Францияда бұл қызмет әрқайсысы тактикалық бірлік болып табылатын «республикалық қауіпсіздік ротасынан» тұрады. Рота елдің екі әскери округіне орналасқан отрядтарға біріккен.

Жапонияда да осындай жағдайды көруге болады. Онда 1952 жылдан бері «арнайы бағыттағы жұмылдырылған бөлімдер» («кидотай») қызмет істейді. Қазіргі уақытта олар екі негізгі бағытқа бөлінген: 1) тұрақты «кидотай» — тәртіп бұзушылықтарды басуға арнал­ған арнаулы полиция бөлімдері, олардың жалпы саны 10 мыңға жуық, 6 мы­ңы Токио және басқа ірі қалаларда орналасқан; 2) аймақтық «кидотай» (1969 жылы құрылған) — оның құрамында да бірнеше әкімшілік-аймақтық бірліктерді (префектур) біріктіретін округтерде орналасқан 10 мыңға жуық адам бар. «Кидотайдың» негізгі буыны — «жұмылдырылған отряд» аталады.

АҚШ-та жаппай тәртіпсіздікпен күресті полиция күштерімен қатар әрбір штатта қызмет ететін Ұлттық гвардия бөлімдері атқарады. Ұлттық гвардия 1636 жылы құрылған ерікті әскери құрылым. ХVІІ ғасырдың бірінші жар­тысынан бастап Вьетнам соғысына дейін Құрама Штаттар жүргізген барлық соғыстардағы әскери қимылдарға қатысты, ал бүгінде елдің әскери күштерінің ең маңызды бөлімдерінің бірі. Бейбіт уақытта гвардиялықтар орналасқан жер­ле­ріндегі штат билігіне бағынышты болады. Ұлттық гвардияға жалпы басқа­ру­ды арнаулы Бюро жүзеге асырады, оның бастығын Парламент Конгресімен ке­ліскеннен кейін 4 жыл мерзімге ел президенті тағайындайды. Бұл құрылымның қызметін қаржыландырудың 95 %-ын Қорғаныс министрлігі жүзеге асырады. Әйтсе де АҚШ-та мемлекеттік деңгейдегі арнаулы міндеттер жүктелетін жеке меншіктегі жалдамалы әскер бөлімдері де жоқ емес. Баспасөз деректеріне жүгінсек, Ауғаныстан, Ирақ, Таяу Шғыстағы соғыстарды, кешегі Украинада арандату істерін солар жүргізген-мыс.

Әділін айтсақ, жаппай тәртіпсіздікте полицияның күш қолдануы халыққа кері әсерін тудыруы мүмкін деген ой шет елдерде баяғыда-ақ шешімін тауып, жоққа шығарылған. Өйткені қашан да күшті құрылымдар халық пен мемлекет мүддесін қорғау үшін құрылған. Полицияның әрекеті әрбір азамат үшін ашық әрі әділ болуы қажет.

Жаппай тәртіп бұ­зу­шы­лық туралы американдық зерттеуші Х. Купердің пайымдауынша: «Ұйымдаспаған топ — заң бұзушылыққа баруға дай­ын тобыр, алайда оларда өзара бірлік пен қуат жоқ. Оларды шартты түрде үшке бөлуге болады: 1) жеке­ лидерлер; 2) белсенді мүшелер және 3) сағым-сәттік құштар­лық салдарынан қарсыласудың куәсі болып шыға келетін көлденең ба­қы­лау­шы­лар. Үгіт­ оларды ілезде ұйымдасқан қылмыстық топқа айналдырады. Сенім­сіз­діктен - бірлікке, шашыраңқылықтан - ұйымдасқан әрекетке көшу санаулы ми­нут­тарда-ақ бола қа­латын жайт. Тобырдың тарапынан кішкентай ғана табыс немесе ке­рі­сінше, на­шар әзірленген полиция тарапынан жасалған аз-кем қателіктің өзі жү­ректерде от тұта­тып, қирату мен тәртіпсіздік жасауға әкеп соқтырады. Осындай тран­с­фор­мацияның алдын алу және тобырды дер кезінде тарату полицияның ең басты міндеттерінің бірі».

Шет елдерде кең ауқымды операциялар жүргізу жағдайы көбіне парламент отырысында қаралады, онда тиісті шешімнің қабылдануының тиімділігі бағаланады. Қажет болған жағдайда жауапты лауазымды адамдар, сарапшылар, оқи­ғаға қатысушылар және куәлер тыңдалады. Бұл бір жағынан ішкі істер органдарының өз тарапынан күш қолдануын болдырмаудың кепілі. Жалпы тәртіпсіздікпен күрес жөніндегі жұмыс нәтижелері әдетте тұрғындар мен полиция қызметкерлері арасында оң бағаланады. Мысалы, Германияда сауалнама жүргізілген тұрғындардың 78 пайызы жаппай тәртіп бұзушылық кезінде заңдылықтар­ды сақтау жөнінде полиция өз міндеттерін адал орындай алады деп бағалаған.

Қазақстан ІІМ-нің «Арланы» мен «Бүркіті», ішкі әскердің «Сұңқары» мен «Арыстаны» шет елдердегі же­дел араласу қызметінің нақты айқын көшірме-көрінісі. Шетелдік әріптестері сияқ­ты, олардың негізгі мұраты — күш қолдану арқылы қарулы қылмыскерлердің қар­сылығын басып, жаппай тәртіп бұзушылықты жою. Жалпы алғанда, оны шешудің стратегиясы мен тактикасы бірдей. Көп жағдайларда басқару жүйесі де ұқсас ке­леді. Біздің пікірімізше, халық жедел араласу қызметінің жұмысы туралы жеткілікті толық ақпарат алғаны жөн. «Айтылмаған сөздің  атасы өледі, айтылған сөздің қатесі  өледі». Жаңаөзендегі орын алған келеңсіз құбылыстар осы саладағы кемшін тұстарымызды барынша әйгілеп берді. Жаппай тәртіпсіздікте арнаулы жедел араласу қызметі дер кезінде қатыстырылмады, су атқыш техникалық құралдары қолданылмады, соның кесірінен жазықсыз қан төгілді. Бар ауыртпалық мақсаты мен міндеті бөлек қалалық ішкі істер бөлімдерінің қызметкерлеріне жүктелді. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Әр салада шынайы кәсібилік болғанға не жетсін.

ЕЛЕУЖАН СЕРІМОВ

Қарағанды қаласы

Abai.kz

0 пікір