Жұма, 19 Сәуір 2024
Өлең 7112 0 пікір 24 Наурыз, 2014 сағат 18:15

Құл-Керім Елемес. САҢЫЛАУ

(поэма)

(Бисмилләһир Рахманир Рахим)

 

Ел ішінде аңыз болып аты қалған – Бидәйші

Еспембет бабамның рухына арнаймын. Шәлкөденің

солтүстігінен Қытайға сүңгіп кіріп жатқан Үйсінтаудың

ең биік бір шыңы осы бабамның атымен «Әулие шоқы»

аталып, тарихта қалған екен...

 

І

Сарытауым, сәуле ме едің ұйыған?

Уыз самал уілдейді...

Күйіп ән...

Шемен ғасыр шежіресін шерткендей,

Сыбызқурай суылынан күй ұғам...

 

Мөлдіріме құжынайды бар ғайып...

Мөлдіретіп бере алмаса арға айып.

Сарытауым, запырандай у-сойқы,

Сары уайымнан кеттің бе екен сарғайып?!

Аңыз еміп аруақтардың елінде,

Қасиет пе ең, Қаратаудан бөлінген?

Қою Түнде де алаулайсың тұрғандай

Көлкілдеген жұмақ – нұрдың көлінде!

 

Бұла бике – бұлықсып қыр,

Нұрланды Ай.

Құмар ғалам қылығына бір қанбай,

Шырлап шыққан шыңыраудан жыр қандай?

Әулиеңмен* алқымдасып тұрғандай.

 

Бүлк еткізіп бұл әлемнің қабағын,

Жатпайтұғын тәж-ғаламға таба ғып,

Тексіздікті тектілікпен тақымдар,

Аллаһ берсе Ел әулие ер табады!..

Алдым арман... әппәқ  арай есемін

Қанатымды нұрға малып, өсемін!

Кереметті кеудесінен пырлатар,

Сарытауым, әулиенің мекені!..

 

 

ІІ

Құдіреттен сұрағандай Күн қалап,

Шукір, Аллаһ, шу-у етіпті мұңды алап...

Қауымының еншісіндей бір қарақ,

Елең-алаң түсті Жерге іңгәлап.

 

Іңгә, іңгә...

Жапан жалған сән салды.

Іңгә, іңгә...

Ән далаға «жан» салды.

Құлын иек таусап қалды, тұмса ана

сәл именді...

Шүпірледі қан шалғын...

Езу тартып, елең етті бар қырат...

Шағылысқан сәулесі Айдың жартырақ,

нәресте емес, Жерде туған Шолпандай,

Нұр құшақтап ана отырды жарқырап...

 

Осы-ақ болды...

Періште ме көргені?

Лау-у етті де Лағыл кетті Жерге еніп...

Бұрап арман ар – даланың құлағын,

Шертіп қалды басып, қағып пернені...

 

Гу, гу...

Шың, шың...

Қымтап қырды бір түнек,

Қара жаңбыр құйып берді сіркіреп...

Шықты да алып қорқау салды қанды аузын,

Жас мәйітті жас моладан сілкілеп...

 

Жаратқанның жазуымен бір епті,

Жыр – кеудеден жұлғанда алма – жүректі,

Жұмыр Жердің жұлынын үзіп жергендей,

Дүлдүл дала дір-р етті!..

 

Көр тыншын ап, білеп тісін бөлтірік,

Бірін бірі шабысқандай ел қырып,

Шұрқырады шу көтеріп табыттар,

Қан майданды қарсы алдыға келтіріп...

 

Қасиетті қасіретің тұр жаулап...

Ыңыранған ішін тартты нұрлы аумақ...

Жас мәйіттің шашыраған қанындай,

Жас молаға өсті қызыл гүл қаулап...

 

Аңызыңның ар жағына бармайық!

Ақиқатын айта алмаса арға айтып...

Сарытаудың етегінде соден бері,

Сарымола тұрады екен сарғайып....

 

Бүлк еткізіп бұл әлемнің қабағын,

Жатпайтұғын тәж-ғаламға таба ғып,

Тексіздікті тектілікпен тақымдар,

Аллаһ берсе Ел әулие ер табады!..

 

Сарымоланы құшып, сүйіп таңғы арай,

Нұрын төгіп тұрса әр ақ таңдар-ай,

Сарымолаға Сарытаудан сықсиып,

Іші өткендей ілмиеді қанжар – Ай!..

 

Сарымолада әулие ерім – жан-атам!

Жамыра сам,

Жаудыра таң,

Жан – Отан!

Сенің оттай бауырыңа енем де,

Аңыз болып,

Маңыз болып жанасам...

Аяулы Отан!

Ана – Отан!

Жан – Отан!

 

 

ІІІ

Сәуле кешіп балақтарын түрінген,

Көшкен ғасыр арасында жүрім мен.

Қараңғыдан шығып келе жатамда,

Күнге қарап күбір етем ырыммен...

 

Ақ шуақты айпаралап кір өңім,

Қараңғыға қайта қашып кіремін.

Құпиямды құпиялап,

Құдай-ай,

Ду-у етеді қызарып от-іреңім.

 

Қыран шауып іңге кірген түлкідей,

Түнге кірем... тү-у бәтшағар, күлкі ғой...

Шың шабыттың шапшыған қан тәрізді,

Көмейіне көтерілді кілкіп ой...

 

Кешір, мекен, кеудеңдегі гүлді үздім?...

Көкірегіне тағып тана – жұлдызды

Қараңғы – ару кеп жәйғасты күймеме...

Сыңғырлатып жылжытты алға жыл бізді...

 

Сіңірдім де сыбдырымды күйге ізгі,

Шуаққа арнап шырағданым күйгіздім...

Африканы әз Азия сүйгендей,

Түн ерніне ерінімді тигіздім...

 

Жанды Жалған махаббаттан маздап бір...

Әулие – әнді әспеттеумен әз бақ тұр!

Қызғаныштан қызарды от – дүние,

Қызарақтап өліп кете жаздап қыр...

 

Жаны мұңды жалады ептеп нұрды өкпек,

(Сезіміңді себеледік жырға ептеп...)

Өңі қашып бір шетінен Аспанның,

Ыстық Түнге ұмсынады Ай дірдектеп...

 

О, махаббат, өзектерді өртеп бер.

Жегілейін, жетпегенім Жер септер...

Менің жәйлі,

Мекен жәйлі,

Ел жәйлі,

Қайта оқылсын қасиеттер, ертектер!..

 

Қайта әндетсін Сарытаудың аңызағы...

Өткен сынды өңешінен маңыз ағып...

Қытықтасын қыз – даланы қылықты,

Ақ тамақтан ақ толқынды таң ыза ғып...

 

Бүлк еткізіп бұл әлемнің қабағын,

Жатпайтұғын тәж-ғаламға таба ғып,

Тексіздікті тектілікпен тақымдар,

Аллаһ берсе Ел әулие ер табады!..

 

 

ІV

Сіңген арман секілді құла құмға,

Талықсыған бір үн бар құлағымда...

Ұятыңды бермеген ұлы дала,

Ұлдарыңды еске алып жыладың ба?!

 

Сенің үнің мендегі күңіренген,

Бауыры от, от бауыр іңір емген.

Ақ тәніңді қайткенде ағартам деп,

Қара-қою Түнді ыстық сімірем мен!

 

Сімірем мен уыңды...

Ай жанады.

Үңірейген ұятын сай жамады...

Тағдыр ісі – бір жұлдыз көкжиектің

Сауырынан етекке тайғанады...

 

Дала иісін сезгендей бұрымдағы,

Мұны жүрек басқаға «ырымады»...

Қарынымен Жер сызған құла бие,

Жұлдыз аққан осы кеш құлынады.

 

Алтын құйрық ақ құлын, алтын жалды,

Дүр сілкініп пірақтық қалпын да алды...

Көре алмастың көмескі көзі өтті ме,

Жалап өтті бір жарық жалқын жалды...

 

О, керемет, осыны айт «керемет» деп!

Бие, құлын арасын берен от кеп

тіліп түсті, қара Жер қарс айырылды,

Еңіреді аспан,

Ессіз тал елемед тек...

 

Берекесін солайша ел ұттырған, 

Сағыныштан өртеніп «өліп» тұрған,

Аңыздағы қос ғашық біздің тірлік,

Құсжолы – ағын екіге бөліп тұрған...

 

Өңі ме ед бұл олардың, түсі ме еді?

Оқыранды құла – арман, кісінеді...

Қазақ болып хағанын бөліп көрген,

Бұл жазбаның астарын түсінеді...

 

Бұл жазбаны ақылды түсінеді,

Дейтін емес: «бұл менің түсім еді»...

Құлын – үміт түбі елге жетем деген,

Ал, Сарытау сабырдың мүсіні еді!..

 

1993.5.7

-------------------------------

*Әулие – Әулиешоқы 

0 пікір