Сенбі, 30 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 9932. Жазылғандар — 5057. Қайтыс болғандар — 37
Саясат 6964 0 пікір 26 Наурыз, 2014 сағат 16:26

ГААГА МІНБЕРІНДЕ АЙТЫЛҒАН СӨЗ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Гаагадағы үшінші жаһандық ядролық қауіпсіздік саммитінде Батыстың Ресейге қатысты санкцияларынан Қазақстанның зардап шекпейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ, Елбасы еліміздің көпвекторлық саясатын одан әрі жалғастырып, Гаагадағыдай саммитті Қазақстанда да өткізуге күш-жігерін салатынын жеткізді.

Әлемдік саммиттің біз үшін табысты болғаны, Қазақстан Президентінің жаһандық деңгейдегі өміршең бастамалары бірауыздан қолдап тапты. Осыны тарқатып көрелік. Атап айтсақ, Нұрсұлтан Назарбаев саммит барысында «Үлкен жетіліктің» барлық елдерінің басшыларымен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Солардың бірі – АҚШ президенті Барак Обамен арадағы жарқын жүздесуі. Екі елдің президенттері екі жақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мәселелерін кеңінен талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев америкалық компаниялардың еліміздегі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасына белсеніп араласуына мүдделі болып отырғанымызды мәлім етті. Барак Обама Қазақстанның ядролық қарусыздану үдерісіне айтарлықтай үлес қосқанын, біздің еліміздің бұл бағытта басқа мемлекеттерге үлгі көрсетіп отырғанын атап айтты. Сондай-ақ, ол Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін Қазақстанның көрсеткен көмегіне алғысын жеткізді.

Жүздесудің үлкен жетістігі - екі ел басшылары ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Бұл құжатта Қазақстан мен АҚШ-тың қауіпсіздікті бірлесіп бәсеңдету жөніндегі бағдарламаның табысты іске асырылуын қуаттайтыны жазылған. Сондай-ақ, екі ел бұрынғы Семей сынақ полигонындағы нақты қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек. Ең бастысы, біз зерттеу реакторларынан қалған жоғары байытылған уран қорларын мүмкіндігінше толық жоюда америкалықтармен бірлесіп әрекет етеміз. Ресми түрде жария болғанындай, қос тарап жоғары байытылған отынмен жұмыс істейтін реакторларды аз байытылған отынға қайта жабдықтауға да бірлесіп кіріседі. АҚШ Қазақстанның ВВР-К (су қайнататын реактор) зерттеу реакторын аз байытылған отынға ауыстыру, жоғары байытылған ядролық материалды сұйылту және Ядролық физика институтының реакторы пайдаланған жоғары байытылған отынды ел аумағынан шығару сияқты іс-әрекеттерін қолдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Құрама штаттар Қазақстанның өз аумағында МАГАТЭ-нің аз байытылған уран банкін орналастыру және ядролық қауіпсіздік жөніндегі аймақтық оқу орталығын құру туралы бастамаларын да ризашылықпен қабыл алды.

Мінеки, мұхиттың арғы жағындағы алпауыт елдің бізбен санасуының өзі ядролық қауіпсіздікті нығайтуда Қазақстанның беделінің артып тұрғанын көрсетеді. Өйткені біз, Елбасымыз атап айтқандай, дер кезінде Семейдегі ядролық сынақ полигонын жауып, қолымыздағы ядролық қару арсеналынан өз еркімізбен бас тарттық. – Осы әрекет арқылы Қазақстанға деген сенім туды, күллі әлем бізді осы батылдығымыз, бейбітсүйгіштігіміз үшін сыйлайды,- деді Н. Назарбаев. Айтпақшы, Елбасы жаһандық қауіпсіздікке арналған саммиттердің бірін Қазақстанда өткізуге ұсыныс жасады.

Батыс елдері мен Ресейдің текетіресіне келгенде айыптаулардан, қоқан-лоқы көрсетуден, санкциялардан бас тартып, сабырға жеңдірген жөн. Гаага алаңында әлемдік ірі-ірі мемлекеттердің көшбасшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен кездескеннен кейін Нұрсұлтан Назарбаев осындай мәлімдеме жасады. Президенттің айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында күллі әлемге танылғандықтан ресей-украин дағдарысында біздің араағайындық рөл атқаруымызды қалайтындар көп көрінеді. Соның дәлелі, басқа тараптардың бастамасымен болған кездесулердің бәрінде Украина мәселесі жан-жақты талқыланған. Алайда, Елбасы бұл жолы да Қазақстанның ресми ұстанымын ашық айтты. Яғни, украин дағдарысына біржақты ақ немесе қара деп қарауға болмайды. Ең абзалы, жанжалды бейбіт жолмен шешудің тәсілдерін іздеу керек.

Нұрсұлтан Назарбаевтың пайымдауынша, көпвекторлық саясат пен ішкі тұрақтылық бар жерде ғана мемлекет дамиды. Мұның дұрыстығын Украинадағы дағдарыс көрсетіп берді. Совет Одағы күйрегеннен күннен бері Украина билігінің сыртқы саясатында тұрақтылықтықтың болмауы елді жікке бөлді. Экономиканы дамытуға қажетті деңгейде көңіл бөлінбеді. Қоғамдағы тұрақтылық пен төзімділікті сақтауға ден қойылмады. Тіпті, украиндар әлі күнге дейін Ресеймен шекерасын шегендеген жоқ. Ал, Қазақстан керісінше, ыждаһаттылық танытып, Ресеймен, Қытаймен және басқа да көршілерімен шекарасын айқындап, бекітіп алды. Даму үшін бейбітшілік, келісім және халықтың бірлігі керек. Біздің бірлігіміз осындай қағидаттарға негізделген. Бұл – біздің саясатымыздың дұрыстығын, кемелдігін дәлелдейді,- деді Елбасы.

Алдағы уақытта әлем қалай өзгереді және жаһандық деңгейдегі тұрақсыздық оқиғалар әлемдік ахуалға қандай ықпалын тигізеді? Елбасымыздың пікірінше, бүгінгі әлемдегі тұрақсыздық жаппай жаһандық жауласуға немесе жаңа ғаламдық соғысқа алып бармайды. «Мен көпполярлық туралы жиі айтамын. Жұрттың бәрі Совет Одағы құлағаннан кейін бір ғана ұлы держава – Америка Құрама штатттары қалып, әлем бірполярлы болады деп пайымдады. Соңғы оқиғалардан байқағанымыздай, әлем көпполярлы қалпынан өзгерген жоқ. G-8 бен G-20-ның не саяси, не экономикалық дағдарысты шешуге қауқары жетпеді. Сондықтан, мен кез-келген мәселені 190 ел интерактивті кеңістіктікте талқылайтын G-Global алаңын ұсындым. Бұл алаң барлық жаһандық мәселелерді әрі ортақ, әрі ашық талқылауға жол ашады. Егер біз халықаралық құқық сақталсын десек, БҰҰ-ның шеңберінде осы мәселені тікесінен қоюымыз керек»,- деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімнің жиі бұзылатынын, оны бұзғандарға ешқандай да санкция салынбайтынын қадап айтты. Сондықтан, ол БҰҰ-ның шеңберінде жалпыға ортақ ядролық қарусыздану туралы  Пакті қабылдауды ұсынды. – Біздің ортақ ғаламшарымызда бейбітшілік мәңгі салтанат құруы үшін, біз барлық мәселелерді ашық, жария талқылап, шешіп отырғанымыз абзал,- деді Н. Назарбаев.

Таңатар ТАБЫНҰЛЫ.

Abai.kz

0 пікір