Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Саясат 10735 0 пікір 28 Наурыз, 2014 сағат 21:29

УКРАИНА ҚАЗАҚСТАНҒА НОТА ЖІБЕРДІ

Украина Сыртқы істер министрлігі Президент Н.Назарбаевтың Гаагада өткізген брифингте Украинаға қатысты жасаған мәлімдемесіне алаңдаушылық танытып, нота жолдады.

Украина СІМ ақпараттық саясат департаментінің директоры директор Евгений Перебийнис 27 наурыз күні өткізген брифингте: «Назарбаевтың Гаагада жасаған мәлімдемесі халықаралық құқықтың жалпы қалыптасқан нормалары мен көп елдің ұстанымына қайшы келетіні және Қазақстан мен Украина арасындағы қатынастарға кереғар, украин тарапы үшін қабылданбайтын жайт» деп мәлімдеген.

Евгений Перебийнистің айтуынша, 26 наурыз күні Қазақстанның Украинадағы елшілігінің кеңесші-уәкілі Арғын Оспанов Украина СІМ шақыртылып, нота тапсырылған.

 

Президент Назарбаевтың Гаагадағы Украина туралы сөзі


25 наурыз күні Гаагада өткен брифингте Н.Назарбаев Украинадағы жағдайға қатысты былай деген еді: «Соңғы күндері барлығы халықаралық құқық туралы айтуда және біздер оны бұзудың қауіпті мысалдарын көріп отырмыз. Бұл қақтығысқа тартылған елдердің экономикаларын ондаған жылдарға кері шегеруге әкеліп соқтырады.  Сонымен қатар, Украинадағы жағдайды айтқанда, бұл елдің экономикасы кеңестік заманда Ресейден кейінгі екінші орында болғанын атап өткен жөн. Республика өте зор әлеуетке ие болатын. Бірақ соңғы жылдары Украинаның саяси басшылығы жиі құбылды – бірде Еуропамен қарым-қатынасты күшейтуге, бірде Ресеймен өзара іс-қимылды және еуразиялық интеграцияға дамытуға ұмтылды. Іс жүзінде халық пен ел екі бөлікке бөлініп қалды. Нәтижесінде ішкі саяси жағдай бақылаудан шығып кетті. Бүгінгі бірінші кезектегі міндет  – құқықтық алаңға қайта оралу, бұл сайлау өткізу дегенді білдіреді. Заңды президентті, парламент пен легитимді үкіметті сайлау керек. Сосын осы негізде бейбіт келіссөздер жүргізіп, қалыптасқан ахуалдан бірлесіп шығу қажет».

 

Қазақстан СІМ:  Біз Украина СІМ-нің нотасын түсіне алмадық


 «Украина Сыртқы істер министрлігінің нотасын біз түсіне алмадық. Негізі ол парасатты мағынада емес, көп жағдайда эмоциямен жазылған секілді болып көрінді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір емес, бірнеше рет, тіпті Гаагадағы саммитте де, барлық тараптардың Украинадағы дағдарысты  бейбіт келіссөздер арқылы шешуіне шақырды. Сондықтан біз аталған мәлімдемелерге украиналық тарапты алаңдататын негіз көріп отырған жоқпыз», - деді баспасөз мәслихатында ҚР сыртқы саясат ведомствосының ресми өкілі Жанболат Үсенов. Бұл туралы kaz.tengrinews.kz хабарлапты.

 

CІМ: Қырымдықтардың «шешіміне» Қазақстан түсіністікпен қарайды


Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қырымның Ресейге қосылуына байланысты төмендегі мәлімдеме таратқан болатын.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Қырым Автономиялық Республикасындағы референдумына қатысты мәлімдемесі

2014 жылы 16 наурызда Қырым Автономиялық Республикасында референдум өткізілуіне байланысты Қазақстан БҰҰ Жарғысына сәйкес халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына өзінің берік ұстанымын тағы да атап өтеді.

Қазақстанда Қырымда өткен референдумды осы Автономиялық Республика халқының өз қалауын еркін білдіруі ретінде қабылдады және қалыптасқан жағдайда Ресей Федерациясының шешіміне түсіністікпен қарайды.

Біз Украинаның дағдарыстан бейбіт түрде шығуын және оны БҰҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдардың қолдауымен келіссөздер арқылы еңсеруін қалаймыз.

 

Ыдырысов пен Лазебниктің кездесуі


Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Украинаның Қазақстандағы елші қызмет уақытша атқару сенім тапсырылған Юрий Лазебникпен кездесті деп жазады nur.kz.

 Лазебниктің сөзіне қарағанда, Украина мен Қазақстан тарапы барлық мәселелерді дипломатиялық жолмен шешуге ынталы. Қазақстан Украинадағы Президент сайлауы қарсаңынды ЕЫҚҰ-ның мониторингтік миссиясының құрамына өз өкілдерін қоса жіберетінін және сайлау кезінде Алматы мен Астана қалаларында сайлау учаскелерін ашатынын айтты дейді Лазебник.

Оның сөзінше, Қазақстанның бұл әрекеті Украинада өтетін кезектен тыс Президент сайлауының заңды екенін әрі Украинаның жаңа басшылығымен жұмыс істейтіндігін көрсетеді.

Abai.kz

0 пікір