Сенбі, 20 Сәуір 2024
Өзіңе сен 6599 0 пікір 31 Наурыз, 2014 сағат 09:10

САҚТЫҚТА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ

Ағымдағы жылдың 31-ші наурызында түнгі сағат 1.30-да Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті су қоймасының бөгетін су бұзып кетті. Соның салдарынан Көкпекті ауылындағы 100-ге жуық үйлерді 1,5-1,8 метрге дейін су басты. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ауылдағы судың деңгейі түнгі сағат 2.45-тен бастап төмендеген. Су басып қалған үйлерден тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғаныс полкінің апаттық медицина құрылымдары, жеке құрамдағы 124 адам мен 15 жедел қозғалатын техника жұмылдырылған. Жедел құтқару жұмыстарының нәтижесінде Көкпекті ауылының 125 тұрғыны құтқарылып, қаза болған 4 адамның мәйіті табылды. Қазіргі кезде ауылдағы мектепте төтенше жағдайды жою жөніндегі штаб пен дәрігерлік пункт жұмыс істеуде. Штабты оқиға орнына ұшып барған Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың өзі басқаруда. 8 72 12 788686 телефоны бойынша «ашық желі» іске қосылып, Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтары халықпен жұмыс істеуде. Бүгінге дейін дәрігерлік пунктке 9 адам денсаулығы бойынша шағымданып, соның ішінен 6-ы «суық тию» деген диагнозбен ауруханаға жеткізілген.  

Көкпекті су қоймасындағы бұл бөгет 30-шы наурызда сыр берген-ді. Оның себебі, судың көп келуі және бөгетте қажетті судың көлемін өткізетін шлюз камерасының болмауы. Осы қауіпті алдын-ала ескерген Төтенше жағдайлар министрлігі сақтық пен бекемділік танытты. Нұра өзенінің арнасын жағалай орналасқан Көкпекті ауылындағы 70 ауланың (201 адам) және Сұрыптау кентіндегі 30 ауланың (150 адам) тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Эвакуацияланған тұрғындар мектептерге және өздерінің туыстарының үйлеріне орналастырылды. Көқпекті және Нұра өзендерінің бойындағы барлық елді-мекендердің халқына апаттың қаупі жөнінде хабарлама жасалды. Атап айтқанда, төтенше жағдай қызметінің өкілдері әрбір үйге арнайы барып, ескерту жасаған.

Оқыс оқиғадан не байқадық? Ең біріншіден, біз бұл оқиғадан Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысының реттілігіне, кәсіби біліктілігінің жоғарылығына көз жеткіздік. Өйткені, орталық және жергілікті билік органдары төтенше ахуалға дер кезінде назар аударды. Соның арқасында 125 адам апаттан аман қалды. Әйтпесе, адам шығыны бұдан көп болуы мүмкін еді. Екіншіден, министрлік табиғи катаклизмдерге алдын-ала дайындалды. Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың тікелей басшылығымен «Көктем - 2014» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілді. Үшіншіден, бір айдан астам уақыт БАҚ-дарында жүргізіліп жатқан ақпараттық науқанның да тигізген пайдасы зор. Себебі, табиғи апаттардан сақтану жөніндегі жедел ақпарат халық көбірек көретін телеарналардан үздіксіз беріліп келеді. Төртіншіден, төтенше жағдай қызметі оқу-жаттығулардың арқасында жедел, айқын және бекем әрекет етті. Бұл жұмысты мынадай реттілікпен жүргізді: халыққа ескерту – ақпараттық жұмыс – су тасқынына дайындық – төтенше жағдайдағы іс-қимылдар – құтқару шаралары – тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру – штаб құру және дәрігерлік пункт ашу.

Қазақ халқы мұндайда «Сақтықта қорлық жоқ» деген сөзді бекер айтпаған. Су тасқыны – бұл жыл сайын қайталанатын табиғи, маусымдық құбылыс. Содан шығар, жергілікті халық пен билік бұл мәселеге жыл сайын алаңдайды. Өйткені, адамның өмірі бәрінен қымбат. Бірақ, барлығы адамның қолында еместігін де көріп жүрміз. Мысалы, былтырғы және биылғы қыста қар қалың түсті. Осы жағдай көктемде су тасқынының қаупін ұлғайтқаны белгілі. Мұндай жағдайда не істейміз? Әрине, ең алдымен, билік органдары халықты су тасқынынан сақтандырып, арнайы жадынамалар таратады. Ондай жадынамаларда табиғи құбылыс кезінде тұрғындардың қандай іс-әрекет жасайтыны жазылған. Десек те, кейбір кездері тұрғындардың көбісі қауіпсіздік ережелерін өздері бұзып, апат жақындағанда да үйлерінен шықпайды. Осы тұрғыдан алғанда, Көкпектідегі бөгеттің бұзылуы жергілікті халыққа да, билік мекемелеріне де сабақ болуы тиіс.

Қазіргі кезде су тасқыны, таудағы қар көшкіні, күшті дауыл сияқты табиғи құбылыстар әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатыр. Мәселен, NBC телеарнасы АҚШ-тың Вашингтон штатында болған таудағы қар көшкінінен 176 адамның із-түссіз жоғалғанын хабарлады. Алайда, жергілікті билік адамдардың жоғалғаны туралы көптеген хабарламалардың «жалған дабыл» екенін айтуда. Сәл бұрынырақ АҚШ президенті Барак Обама Вашингтон штатында төтенше жағдай тәртібін енгізгені мәлім. Сондай-ақ, биылғы көктемде Қытайдың солтүстік-шығысындағы қар көшкіні мен су тасқынынан 700 адам зардап шекті. Gismeteo.ru сайты хабарлағандай, күннің күрт жылынуы мен қардың еруі, оған қоса жауын-шашынның көбеюі нәтижесінде тауларда қар көшіп, өзендер арнасынан шығып кеткен. Табиғат апатының зардабын шеккен 700 адамнан басқа, елде автокөлік жолдары бұзылып, 500 тұрғын үйлер мен мал шаруашылығы нысандары қираған. Әсіресе, Іле өзенінің аңғарындағы Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданындағы ахуал күрделі болып отыр. Қытайлық метеорологтар бұл жағдайдың бір айға созылатынын болжауда. Ал Австралияның Квинсленд штатындағы күшті дауылдың соңы су тасқынына ұласты. Аталған штаттың оңтүстік-шығысында тоқтаусыз жауған жаңбырдан 200 мм-ге дейін су деңгейі көтерілді. Голд-Кост қаласында 20 мың тұрғын үй электр қуатынсыз қалды. Сондай-ақ, елдегі өзендер де арнасынан шығып, тасып жатыр. Намбур қаласында көшкін жүруде. Екі күнде 500 мм жауын-шашын түскен Йеппун қаласы да апаттан қатты зардап шекті. Бұдан шығатыны, табиғи құбылыстардан ешбір ел, ешбір халық шет қала алмайды. Сондықтан, «Сақтансаң - сақтаймын» деген сөзді әрдайым жадымызда ұстағанымыз жөн.

Таңатар Табынұлы

Abai.kz

0 пікір