Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Мәйекті 10107 0 пікір 3 Сәуір, 2014 сағат 11:40

ОРЫС ТІЛІНІҢ ШЫЛАУЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ

Қандай тіл болмасын өзінің даму барысында төл сөзжасам жүйесін пайдалану арқылы сөздік құрамын біртіндеп байытумен қатар өзге тілдерден сөз қабылдап та толығады. Тіл ондай (кірме) сөздерді дыбыстық-құрылымдық жақтан игеріп, өзінің айтылым (артикуляция, акустика) заңдылығына бейімдеп, өз сөзіне айналдыратыны белгілі.

Сөздік құрамның баюына өзгетілдік сөздердің аударылуы да қомақты үлес қосады. Бұл орайда аударылған сөздің екінші тілге орнығуына оның дәлме-дәл аударылуы мен айтуға жатықтығы қажет. Әрине, аударма сөздің жалпыхалықтық сипат алып, кез келген адамның сөздік қорына енуіне тағы басқадай да себептердің ықпал ететіні рас. Қалай дегенмен, аударма сөз тіркестері, сөйлемше, сөйлемдерді айтпағанның өзінде, жекелеген сөздердің де тілімізге аударылуында көп түйткіл жатыр. Оны талай мәрте айтып та, жазып та жүрміз. Осы ретте орысшадан қазақшаланған бірқатар сөздің аудармасы туралы өз ойымызды тағы бір рет ортаға сала кетуді жөн көріп отырмыз.

Қате болсын, әбден орныққан сөзді, қайта өзгертем деу құр әурешілік екенін түсінеміз. Мәселен, XX ғасырға дейін қазақ «дәрігер» сөзінің орнына «тәуіп», «емші», «доғдыр» деген сөздерді пайдаланып келді. Кейін орыстар өздерінің «лекарь», «целитель», «знахарь», «доктор» сөздерінен жеріп, «врач» деген сөзді ойлап тапқан соң, оны қазақшалау керек деп шешкендер, «дәрігер» деген сөзді ойдан шығарып, қолданысқа енгізген екен.

Бүгін орыс тілінде «фармацевт» деген сөз пайда болған кезде «дәрігер» деген сөзіміз осы ұғымды беретіні анықталып, енді соған қазақша атау табылмай ми қатуда. Ал енді халыққа қайтадан «врач» дегенді «емші», «фармацевт» дегенді «дәрігер» дейік деп түсіндіріп көріңіз, қабылдай ма екен? Сондай-ақ, орыстың «погода» сөзі кезінде «ауа райы» делініп қате аударылып кетіп, ол сөзіміз «климат» деген ұғымға сәйкес келетіні кейінгі кезде аңғарылып, «погода» дегенді атам қазақ ежелден «күн райы» деп келгенін енді білгендей болып жүрміз. Бұған «күн райы жақсы», «күн бұзылып тұр», «күн жауын-шашынды болды», «бүгін күн ашық екен» деген сияқты т.б. қолданыстар дәлел.

Ал орыстың «является» сөзінің «болып табылады» деген қазақша аудармасының тілімізге орныққаны, қашан! «Біздің студент болып табылады» деген сықылды сөйлемдерді «Біздің студент» деп айта салудың орнына «болып табылады» тіркесін қолданатындар – қазіргі уақытта екі қазақтың бірі деуімізге болады.

Енді бір мәселе, қандай да бір ұғым, құбылыс, заттың бұрыннан келе жатқан атауына тиіспеуіміз қажет сияқты. Өйткені бұрынғы сөзге жаңа атау қойылған жағдайда екеуінің арасында жарыспалы қолданыс пайда болып, бірі бір салада, екіншісі басқа салада қолданыла келе, ақыр аяғында біреуі екіншсін ығыстырып, сирек (пассив) қолданыстағы сөзге айналдырады екен. Оған мысал: Қазақтың төл сөзі – «күнгей (беткей)» мен «теріскей» сөздерінің орнына, не үшін екенін кім білсін, «оңтүстік» пен «солтүстік» деген жасанды сөздер ойдан шығарылып, оларды халық жаппай қолданатын болды. Біріншісі – жалпыхалықтық сөз ретінде ауыл қазағының, оның өзінде көне көз қарттардың аузында және көркем шығармаларда әлі де болсын қолданыста жүрсе, екіншісі – оқулық, оқу құралдары арқылы кең тарап, тілімізге берік орнығып, қазіргі жастардың жиі қолданатын сөзіне айналды. Сол себептен болар, қазіргі жастардың көбісі халық тіліндегі «күнгей» мен «теріскейдің» не екенін біле де бермейді. Жасанды нұсқасының айтылымы (орфоэфия) мен емлесі (орфография) қате. Дұрысы «оңтұстық», «солтұстық» болуы керек еді. Басында «тұс» пен «түс» сөздерінің екі түрлі мағына беретінін ажырата алмағандар қате жазып жіберіп, жазбаша түрлі әдебиеттер арқылы халыққа кең тарап кеткен. Енді бүгін тіліміздің дауысты дыбыстар үндестігі (сингормонизм) заңына сәйкес келмейтін тіл бұзар сөздердің қатарында жүр.

«Оқсатам деп, боқсатудың» дәлелі бұл сөздермен де шектелмейді, кезінде орыстың «перестройка» сөзі «қайта құрылу» деп аударылмай, «қайта құру» делініп, кеңестік жүйенің күйреуімен бірге өзі де құрып кетіп, тарихи (историзм) сөзге айналғаны белгілі. Бұл сөз тіркесінің кереғар мағынасын сол заманның «аса қырағы чекистері» қалай байқамағаны таңғалдырады. Мөлшері, «қайта құру» дегенді ұсынушылар тілімізде «тұрмыс құру», «бас құру», «жүйе құру», «топ құру», «тор құру» деген сияқты тіркестердің бар екенін алға тартып, өз аудармаларының дұрыстығын дәлелдесе керек. Алайда «құр (тор құр)» мен «құры (жоғал)» етістіктеріне «у» жұрнағы жалғанғанда екеуі де бірдей дыбысталып, яғни «құру» болып, омоним сөзге айналатыны кез келген тілші-аудармашыға түсінікті. Әлде олар аңғармай қалды ма екен, мүмкін қасақана «құру» сөзінің «қайта» деген сөзден кейін келіп тіркескендегі екінші мағынасын әдейі ескерусіз қалдырған да шығар?!

Кейбір аударма сөздер өзінің дәлдігімен де, жатықтығымен де халыққа кең тарап жатады. Мысалы, «жағажай», «саяжай», «мекенжай», «әуежай» сөздері орыстың «пляж», «дача», «адрес», «аэропорт» дегендерінің қазақшасы ретінде тілімізге еркін енді. Рас, «жай» сөзінің «мекен» сөзімен мәндес болып, белгілі бір «орын» деген мағынаны білдіретіні бар, бірақ соңғы уақытта «хана» сөзі секілді қосымшалық (жұрнақтық) грамматикалық мағынаға да ие болып, өзі тіркесетін сөзбен бірге жазылатын болған. Бұл ереже 2006 жылғы соңғы емле (орфографиялық) сөздігімізде ескерілген де еді. Соған қарамастан, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстаннан» бастап бірқатар басылымдар қос сөз (мекен-жай) ретінде сызықшамен (дефис) бөліп жазуларын әлі қоймай келеді.

Қазір тілімізде орыстың «непреривный» деген сөзінің «үздіксіз» деген қазақшасы қолданыста жүр. Бұл сөз, көбінесе, «үздіксіз даму», «үздіксіз білім беру» деген сияқты тіркестермен келеді. Орыстың «непреривный» сөзі «рвать/прервать» етістігінен туындайтын болса, онда ол – қазақша «үзу» етістігінен жасалып, «үзіксіз» болуы қажет еді (перерыв – үзіліс). Олай болмай, «озат» сөзінің синонимі «үздік» (үдік оқушы, үздік баға т.б.) сөзімен беріліп, «озатсыз даму», «озатсыз білім беру» деген мағынадағы кереғар түсінікті қалыптастырып жүр. Бір қарағанда «үздік» пен «үзік (үзіліс)» сөзінің түбірі бір ғана «үз» етістігі сияқты болып көрінгенімен, біздің ойымызша, екеуі екі түрлі мағынадағы омоним түбірден өрбігендей, яғни «үздік» сөзінің де түбірі «үз» (оз+а+т) болғанымен, оның әу бастағы мағынасы ұмытылып, қазір бізге түсініксіз реликт түбір болып қалған деген ойдамыз. Әлде «озат» пен «үздік» сөздерінің «оз» бен «үз» деген түбірлері кезінде ортақ түбірден тараған шығар?  

Сондай-ақ қазіргі кездегі «полиязычное образование» дегеннің қазақшасы ретінде қолданылып жүрген «көптілді білім беру» тіркесіне де күдік-күмәніміз (претензиямыз) бар. Біздің ойымызша, «білім көп тілді» болмайды, керісінше «көп тілде білім беру» немесе «көп тілдік білім беру»  болуы керек сияқты. Әлбетте, бұл өз ойымыз.

Осындай-осындай дүдамал аудармалар тілімізге біртіндеп еніп жатыр. Оларды бір жөнге келтіріп реттеу – аударма ісіне аса жауапкершілікпен қарап, әр сөздің мағыналық қосымша реңіне жіті назар аударуда жатқандай.

Исхан Бейбіт Жәлелұлы, ф.ғ.к., доцент,

Абай атындағы ҚазҰПУ Әдебиеттану және

тіл білімі ҒЗИ қызметкері

Abai.kz

0 пікір