Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 5678 0 пікір 3 Сәуір, 2014 сағат 13:57

ТАҢАТАР ТАБЫНҰЛЫ. ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ТҰТҚАСЫ

«Даму үшін әуелі бейбітшілік керек. Өзара келісім мен халықтардың бірлігі керек. Тәуелсіздік жылдарында біздің ауызбірлігіміз осы қағидаттарға сүйеніп, орнықты. Бүкіл әлем бізді осы үшін құрметтейді. Қазақстан халқы ассамблеясының тәжірибесіне қызығушылық танытып отырғандар көп. Біздің бүгінгі бірлігімізге қалай қол жеткізгенімізді білгісі келетіндер жетерлік. Ең алдымен, бәріміз де адамбыз. Адамның қадір-қасиеті бірінші орында тұруы тиіс. Адамдар бірін-бірі қадірлеуі керек. Күллі әлемді ұстап тұрған ізгілік осы»,- деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Гаагадағы 3-ші жаһандық қауіпсіздік саммитінің қорытындылары бойынша өткізген брифингте.

Қазақстан халқының татулығының талбесігі мен тұрақтылығының тұтқасына болған Қазақстан халық ассамблеясының (ҚХА) құрылғанына биыл 19 жыл толады. 19 жылда ассамблея қоғамдық бірлестіктен жалпыазаматтық институтқа айналды. Бұл институт мемлекетке саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды сәтті жүргізуге жәрдемдесті. Соның арқасында, еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Бұл жерде ешкім де Қазақстан халқы ассамблеясының рөлі мен маңызын жоққа шығара алмайды. Керісінше, бұл құрылым қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің іргетасын нығайтты. Елбасымыздың өзі айтқандай, «ассамблеяның тарихы – ел тарихы, халық тарихы».

Атап айтарлығы, тәуелсіздік жылдарында еліміздің төзімділік пен қоғамдық келісім моделі біздің шетелдердегі брендімізге айналды. Соның айғағы шығар, қазір күллі әлем Қазақстанды келісімнің, өзара диалогтың және мәдениеттер мен діндер татулығының мекені деп санайды. Біздің бірегей озық тәжірибемізді дүние жүзі мойындап отыр. Отандық телеарналардың біріне берген сұхбатында Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Патриция Флор былай депті: «Толеранттылық пен сенім-наным бостандығы, елдің әртүрлі әлеуметтік топтарындағы жағымды ұлтаралық қарым-қатынастар – бұлардың бәрі осы мемлекеттің ертеңі үшін бой көтеретін бейбітшілік пен тұрақтылық мекенінің кішкентай кірпіштері. Ал, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, күллі қазақстандықтардың бұл мәселеге ерекше мән беруінің өзі әлемде жоғары бағаланады. Себебі, табысты мультимәдени саясат және Қазақстан халық ассамблеясы секілді бірегей біріктіргіш орган қазір әртүрлі мәдениеттер мен діндердің өміріндегі әмбетап еуразиялық модельге айналып кетті».

Жаһандық конфессияаралық диалогтың қазақстандық тәжірибесін халықаралық ұйымдар мен шетелдік сарапшылар біраздан бері зерттеп келеді. Бұл орайда, еуропалық сарапшылар көпұлтты, көпконфессиялы Қазақстандағы ұлтаралық келісімді, алуан түрлі мәдениеттер мен діндердің өзара үнқатысуын бейбіт өмір сүрудің жаһандық эталоны екенін әділ бағалады. – Менің ойымша, бұл елдің ядролық қарудан бас тартып қана қоймай, күллі әлемді бейбітшілікке шақырған бастамасы, діни көптүрлілігі мен қоғамының ашықтығы ұлтты біріктіріп келеді. Қазақстан президенті Н. Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының көрегенділігі мен жетістігі осында,- дейді Орталық Азия аймағы бойынша танымал сарапшылардың бірі Михаэль Лаубш.

Бүгінгі мың құбылған саясаттың өзі Қазақстанның дамудың дұрыс жолын таңдағанын көрсетіп отыр. Гаагадағы 3-іш жаһандық қауіпсіздік саммитінде Елбасы осы айғақты тағы бір растады. – Қазақстанның сыртқы саясаты татулық пен көпвекторлыққа, ал ішкі саясатымыз әрбір азаматтың тілі, діні және мәдениетіне қарамастан теңдігі мен құқықтарын сақтауға негізделген. Бұл – бүгінгі заманда тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз ететін негізгі фактор. Мемлекет тек осындай құндылықтардың арқасында ғана қарқынды дами алады. Ендеше, бүгінгі таңдауымыз біздің еліміздегі саясаттың дұрыстығын дәлелдеуде,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541