Сенбі, 3 Желтоқсан 2022
Қоғам 5788 0 пікір 3 Сәуір, 2014 сағат 15:23

ОРЫНДАУШЫЛАРДЫҢ АУЫСУЫ ҚОҒАМҒА ЖАҢАЛЫҚ ӘКЕЛМЕЙДІ

 

Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі:

- Кешелі бері болып жатқан биліктегі тағайындауларға байланысты қандай пікірдесіз?

- Соңғы бір жарым жылдың ішінде еліміздің экономикалық-қаржылық мәселесі құлдырап кетті. Әйелдердің зейнет жасын ұзарту, зейнетақы қорларын бір жерге топтастыру, әртүрлі салықтардың көбеюі осының бәрі қазынаның жағдайы қиын екенін көрсетті. Аталған мәселелерді шеше алмаған соң, Ахметов үкіметінің кетуі әбден мүмкін еді.

Екіншіден, Ахметов Мәсімовтен қалған істі жалғастырды. Мәсімовті «өзің бастаған істі өзің аяқта» деп әкеліп қойған сияқты. Бізде әрбір министр жаңа реформа бастап, аяқсыз қалдырып кете береді ғой. Мәсімов те аяқтамаған ісін бітіруі тиіс.

- Мәсімовтың Үкімет басшысы болып тағайындалуына байланысты қоғамдағы наразы көңіл-күйді қалай түсіндірер едіңіз?

- Мәсімов келсе де, Ахметов болса да жаңа реформа болмайды. Бізде реформалық күш жоқ. Ондай топ авторитарлық жүйеде болмайды да.

Мәсімов ұлттық бағыттағы қазақтарды қабылдамайды. Оны мойындауымыз керек. Ол бұрын да бес жыл Үкімет басқарғанда экономикалық өрлеу, халықтың тұрмысын жақсартуға ешқандай жағдай жасалған жоқ. Сондықтан Мәсімов Ахметовтен жақсы маман деп айтудың қажеті жоқ. Мәсімовтың тағайындалуына наразы көңіл-күйдің бір ұшы – Ахметовтың адами тұрғыдан өзін ұстауы елге жаққан сияқты. Оның мәдениеттілігі, жұмсақтығы, ешбір саяси мәселеге араласпайтындығы кемшілігі болуы да ықтимал. Мәсімов уақытында неше түрлі саяси жобаларды жүргізгенін білеміз. Сондай саяси дүниелер қайта қозады деген қауіптену де бар болуы мүмкін.

- Ресеймен ықпалдастықты арттыру, Еуразиялық одаққа ену қарсаңында Мәсімов тағайындалды деген болжамдарға не дейсіз?

- Кез келген Үкімет басшысы Президенттің бағытын іске асырушы ғана.

- Нығматуллин – Президент әкімшілігің жетекшісі, Жақсыбеков – мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Бұл тағайындаулар туралы не айтасыз?

- Мұндай адамдардың лауазымды қызметтерге келіп-кетуінен ешқандай өзгеріс болмайды.

Қайталап айтам, бір адамның көзқарасы, бағыты ғана шешуші рөл атқаратын авторитарлық билікте орындаушылардың ауысуы қоғамға жаңалық әкелмейтіні айдан анық.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Қандастар қазаққа, Қазақстанға не берді?

Райыс Әріпжанұлы 2141
Алашорда

Түркілік тек және түркі-моғол бірлігі

Жәди Шәкенұлы 938
Қауіп еткеннен айтамын

Газдың геосаяси «геморройы»

Әміржан Қосан 1136