Жұма, 29 Наурыз 2024
Саясат 14133 0 пікір 4 Сәуір, 2014 сағат 10:59

УКРАИНАДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫН АЛАҢДАТЫП ОТЫР

Соңғы уақытта Украинадағы жағдай қазақ халқын және бүкіл Республика жұртшылығын алаңдатып отыр. Себебі, Ресей Федерациясының өз әскерін тәуелсіз мемлкет Украина жеріне кіріп жатқаны қынжылтады. Өкінішке орай, Мәскеуде ұлы державалық пиғыл басымдық алып, бұрынғы Совет Одағындағы республикаларға бүгінгі БҰҰ мүшесі, әлемдік қауымдастықтың  мүшесі саналатын мемлекеттерге қысым жасалып отыр.

Белгілі, жаңа құрылған мемлекетте арасында келісім және тыныштық орнату үшін Қазақстан президенті Н.Ә.Назарбевтің инциативасымен 1991 жылғы 21 желтоқсанда  он екі одақтас республикалардың басшылары «Алматы декларациясына»  қол қойды.  Бұған Ресей федерация Жоғары кеңесінің председателі Б.Н.Елцин шешуші нәтижеге қол жеткізуге үлкен үлес қосты.

Декларацияда біріншіден Советтік социалистік республикалар одағы өз еркімен тарағанын бәрі бір ауыздан мақұлдады. Барлық одақтас республикалар өзара тәуелсіздіктерін мойындады. Және Совет Одағы кезіндегі республикалар шекараны мемлекеттік шекара ретінде бекітіп, бір-біріне териториялық ешқандай претензиясы жоқ екенін және бұл шекара мызғымайды деп бекітілген. Шын мәнінде бұл Декларацияның арқасында жаңа  мемлекеттер арасында тыныштық болып бір-бірімен алауыздық тумай мемлекеттер бейбіт жағдайда қалыптасты.

Ал, Ресей билігі өзгеріп жаңа ұлтшыл, ұлы державалық күштері келуімен олар осы Алматы декларациясының принциптерінен бас тарта бастады. Орыс тілді ақпарат құралдарында Совет  Одағын тарату туралы «Беловежде жасалған Украина, Белорусь пен Ресей арасындағы келісімі заңсыз» деген пиғыл таратыла бастады. Оған солшыл радикалдық партиялары мен күштері, атап айтсақ В.Жириновский басқарған ЛДПР партиясы және басқа саяси ұйымдары мен шовинистік топтары үн қосуда.

Кремль қайтадан басқа тәуелсіз республикаларды Ресейдің қолтығына кіргізуге, сөйтіп бұрынғы Совет Одағының жаңа формасын «Еуразиялық одақ» қалпына келтіруге ұмтыла бастады. Оған мысал ретінде: Мәскеудің тікелей қолдауымен Молдован республикасының үштен бір бөлегін орыс және басқа да  славян экстремистік күштері басып алды. Халықаралық қауымдастықтың бірде-бір мемлекеті мойындамағанына қарамастан Ресейдің жәрдемімен «Приднепровская Республикасы» деген қуыршақ республика құрылды. Мәскеу экстремистерге сол жерде тұрған бір полктің қару-жарағын беріп, жергілікті тұрғын молдавандарды өз мекендерінен қуып шықты. Бүгінге дейін «Приднепровская Республикасы» тікелей Ресейдің әскери, саяси, экономикалық жәрдемімен ғана өмір сүріп отыр.

Сондай-ақ, Совет Одағы кезінде Таулы Қарабах облысы Әзербайжанның территориясы болып келген. Енді астыртын Ресей қаруының жәрдемімен Арменияның қарулы күштері Әзербайжаннын аталған облысын басып алып, 1300 ден астам әзербайжандарды қырғынға ұшыратты. Жүз мыңдаған халқын босқын қылып жіберді. Ал, Мәскеу екіжүзділік жасап, Армения күшпен басып алған жерлерді қайтару тек қана келіссөздер арқылы ғана болсын деп, әзербайжандарға өз территориясын  босатуға жол бермей отыр. Осы мәселе бойынша түркі және бүкіл Еуропа мемлекеттері мен басқа да ТМД елдері Армениядан басып алған жерлерін қайтаруды талап еткенде Қазақстан үкіметі өз пікірін ашық айта алмады. Және басқыншы армян елімен Астана толық дипломатиялық, саяси, және экономикалық байланыс жасады.

Қарсы келетін ешкім болмаған соң Мәскеу бостандық алған көрші мемлекеттерге өз қысымын ары қарай күшейіте түсті. 2008 жылы Грузия үкіметі өзінің мемлекеттік тұтастығын сақтау үшін Оңтүстік Осетия сепаратистеріне қарсы әрекетіне орыс әскері Грузия қарулы күштеріне қарсы соғыс ашып, Тблиси қаласына дейін жақын барды. Ресейдің бұл агрессиясына Америка, Еуропа және Азия мемлекеттері наразылық білдірді. Бұл мәселе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде қаралып, Ресейге өз әскерін қайта шығаруды талап етті. Осыған орай Мәскеу грузин жерінен өз солдаттарын шегіндіруге мәжбүр болды. Алайда түпкі мақсаты Оңтүстік Осетия мен Абхазияны Грузия Республикасынан бөліп алу болғандықтан, әскерлерді осы аймақта қалдырды. Және бұл екі аймақты өзінше бөлек қуыршақ мемлекет жасап, өзінің қол астына алды. Мәскеудің бұл әрекетін әлем елдерімен қатар, ең жақын деп саналатын Белоруссия мен Қазақстан да қолдамай, жасанды құрылымды мойындамай отыр.

 Бүгінгі Украина шиеленісіне келсек, біріншіден, бұл елдің қиыншылығы бір жағынан Ресей, екінші жағынан Америка және Еуропаның ықпалы мен қысымына ұшырап отыр. Украин халықының қаупі Ресеймен одақтасып, жақындасса өткен ғасырдың басындағыдай Мәскеу қайтадан оны өзінің аюдай құшағына алып, тәуелсіздігінен айырылудан қорқады. Олар Мәскеудің жоғарыда айтылған көрші мемлекеттерге саяси, сауда және экономикалық қысым жасап, территориясының бөліктерін тартып алып, бөлшектеу саясатын жүргізгенін көріп отыр. Мәскеу Украинаны туыс және тең мемлекет ретінде мойындамай оған соңғы жиырма жылдың ішінде талай рет озбырлық жасап келді. Нақты айтсақ, Ресей Украинаға беріп отырған газ құбырын бірде жауып, бірде ашып, оларды қиын жағдайға қалдырды. Ал, болашақта Киевті тіпті өзіне бағындыру үшін Еуропа елдеріне Украинаның жерінен өтетін, совет дәуірінде салынған газ даяр құбырларын пайдаланбай, Қара теңіз астынан тікелей Түркия арқылы Еуропаға баратын  жаңа газ құбырын салып жатыр. Осылай Украинаға транспорттық және экономикалық блокада ұйымдастырып, мол қаржыдан айырды.

 

Ресейдің Федерация Кеңесінің президент В.В.Путинге шетелде әскерді пайдалану құқын беру бұл тікелей БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқықты бұзу деп есептеу керек. Аталған Жарғыда былай делінеді: «БҰҰ барлық мүшелері олардың халықаралық қатынастарында күшпен қауіп төндіруден немесе оның территориясына қол сұғушылық немесе кез-келген мемлекеттің саяси тәуелсіздігіне, сол сияқты қандай да бір басқа түрде БҰҰ мақсаттарымен үйлеспейтін күш көрсетуді қолданудан бас тартады». Ал бүгінде Қырымда тұрған Ресей әскерлері Севастополь, Семфирополь   және Украина әскери бөлімшелерін қоршап алды. Ресейден келген орыс казактары жергілікті халықты ұрып-соғып, Украинаның әкімшілік мекемелерін басып алуда.

Ресей үкіметінің бұл ісі Қазақстан және басқа да көрші мемлекеттерді алаңдатып отыр. Себебі, Кремльдің айтуы бойынша Украинада тұратын орыстарды емес, тіпті, барлық орыс тілділерді қамқорлыққа алып, қорғаймыз деген ұраны халықаралық құқыққа сыймайтын жағдай, басқа тәуелсіз мемлекеттің ішкі саясатына қол сұғу деп есептеу керек. Ал, орыс тілділер жалғыз Украинадағана  емес, Қазақстанда, Белорусияда, Әзербайжанда, Өзбекстанда және басқа да бұрынғы одақтас республикаларда бүгінге дейін тұрады. Сонда Мәскеу осы сылтаумен кез-келген бұрынғы республикаларға, бүгінгі егемен мемлекеттерге қол сұғып, әскер кіргіузге өзіне мүмкіндік тудырып отыр. Шын мәнінде бұл дегеніңіз үлкен халықаралық дағдарысқа алып келуі мүмкін.

1991жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында қабылданған «Алматы декларациясында» 1991 жылы 8 желтоқсанда Минскіде Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы, Украина арасындағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімде былай делінген: ТМД-нің дүниеге келуі бұрынғы империялық ұлы державалық шовинизмнен бас тарту, біртұтас экономикалық кеңістікті сақтап қалу туралы келісілген. Достастықтың құрылуы тәуелсіз мемлекеттер басшыларының Алматыда жиналуына көп күш салған Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтің бастамасы еді. Алматы Декларациясында жазылған Достастық мүшелерінің өзара қатынасы тең құқықтық, бір-бірінің аумақтық тұтастығын құрметтеу, шекараны бұзбау қағидаттары бекітілген. Осы құжатта Ресей Федерациясының президентінің қолы барлығына қарамастан бүгінгі таңда В.В.Путин бұл Декларацияны белден басып отыр.

 Ең таңғаларлығы Украинаға ешқандай қатысы жоқ Ресейдің аймақтарында, тіпті Сібір жақтағы қалаларына дейін Қырымды және оңтүстік шығыс Украинаның облыстарын қосып алу туралы митинглер ұйымдастырып, оны Ресей мемлекеттік БАҚ құралдары ұлы державалық шовинистік пиғылдарын ашық қолдап отыр. Атышулы ЛДПР партиясының лидері В.В.Жириновский 23 ақпанда Мәскеуде өткен «Отан қорғаушылар күнінде» бүкіл Орталық Азия халықтарын соның ішінде қазақ халқын да мазақ етіп «Россия-24» телеарнасының тікелей эфирі арқылы былай деді: «Никаких республик в Средней Азии. Это Среднеазиатский федеральный округ России - главный город Верный! Сегодня у него чужое название, Алма-Ата - мой родной город. Это придумали Узбекистан, Киргизия, Таджикистан, Туркмения и Казахстан. Среднеазиатский федеральный округ!». Орыс тілді сайттарда мынаны оқуға болады «В Москве на митинге 23 февраля, лидер ЛДПР призвал создать в составе России "Среднеазиатский федеральный округ". В своей речи Жириновский, комментируя последние события на Украине, посоветовал России взять Центральную Азию под свой контроль и объединить Узбекистан, Киргизию, Таджикистан, Туркмению и Казахстан в один округ с центром в городе Верный». Көріп отырғандарыңыздай, қазақтың Алматы қаласына колониалдық «Верный» деп атап отыр. Ал, РФ Мемлекеттік думасының аппарат жетекшісі Ю.Шувалов қазақтар Ресей халық сайлаған депутаттар айтқан сөздерін тура түсінбей отыр деп мазақ қылмақшы.  

Кеңес Одағының тарағанына 23 жыл болғанына, Орталық Азияда                    6 әлем таныған тәуелсіз мемлекеттер өмір сүріп жатқанына қарамастан, осы күнге дейін Мәскеуде бұрынғы Совет империясын көксеп отырған ықпалды саяси күштер барлығын көріп отырмыз. Тағы да бір арандатушы Э.Лимонов жыл сайын өзіне ұпайа жинау үшін Қазақстанның солтүстігін Ресейге қосу керек деген былжырақ ойын айту арқылы орыс жастарын жетегіне ертіп жүр.

Осының бәрін есептей отыра ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей СІМ-не жасалған нотамен шектелмей В. Жириновский,  Э.Лимонов, А.Проханов және басқа да егемендігімізге нұқсан келтіретін адамдарға Қазақстанға кіргізбеу туралы «персона нон грата» жариялап, шешім қабылдау керек деп талап етеміз.  Ал, біздің үкімет пен парламент депутаттары бұған саяси мағына бермей бос сөзбен, бір парақ қағаз жіберумен шектеліп отыр.

Тарихтан белгілі, өз-өзіңді сыйлай білмесең, қорғай алмасаң, басқа мемлекеттердің саясаткерлері де осылай келемеж қылып, басына береді. Сондықтан да, біз БҰҰ Жарғысы, халықаралық құқық және Алматыда 1991 жылғы 21 желтоқсанда қол қойылған декларацияның негізінде Астана Украина, Әзербайжан, Грузия, Молдова мемлекеттерінің территориялық тұтастығын қолдауы керек. Өйткені, Кремль Қырымға астыртын бүлікшіллер, әскери күштер кіргізіп, онда заңсыз референдум ұйымдастырып өзіне қосып алған жағдайда, Қазақстанның орыстар шоғырланған солтүстік аудандарында осы тәсілді қолдану қаупі бар.  Сондықтан қазақ жерінде орналасқан барлық Ресей әскери полигондарды жабу керек, олардан зияннан басқа еш пайда жоқ..

15 наурызда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде Қырымда референдум өткізу мәселесі қаралып, бұл референдум заңсыз деп табылған резолюциясына Қауіпсіздік Кеңесінің 15 мүшесінің 13 мемлекеті қолдады. Қытай қалыс қалды, жалғыз ғана Ресейдің тұрақты өкілі «вето» құқын пайдаланып қарсы шықты. Осы жағдайда 27 наурыз күні БҰҰ-ның Бас Ассамблея сессиясында «Украинаның аумақтық тұтастығын қолдау туралы» резолюцияны көпшілік дауыспен қабылдады. Ұйымға мүше 193 мемлекеттің 100-і бұл резолюцияны қолдап, 11 мемлекет қарсы дауыс беріп, ал, 58 ел қалыс қалды. Бұл тұрғыда бұдан бұрынғы Қазақстанның екіұшты саясаты республика жұртшылығының наразылығын туғызған еді. Сонымен, Ресейдің позициясын қолдамай Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қ.Әбдірахманов қалыс қалуға дауыс берді. Бұл әрекет Қазақстан жұртшылығының, қоғамдық ұйымдарының, кейбір партиялардың көңілінен шықты. Себебі, орыстардың Қырымға жасаған агрессиялық әрекетін әшкерелемеген күнде Мәскеудің ұлы державалық саясаты жалғаса берер еді, ендігі кезек Қазақстанға келуі мүмкін еді. Кеден одағының мүшесі Ресей, Белоруссия Бас Ассамблеясының резолюциясына қарсы дауыс бергеніне қарамастан Астана өз жолын тауып кетті. Сөйтіп, Қазақстан өзінің дербес саясатының барлығын және ұлттық мүддесін қорғай алатынын көрсете білді.    

Сонымен Ресейдің Украинаға жасап отырған ісі халықаралық беделді ұйымда әшкереленді, бүкіл әлемде Мәскеу дипломатиялық, саяси изолиацияда қалды. Америка Құрама Штаттары, Еуропа одағына мүше мемлекеттер және басқа да «Украинаның аумақтық тұтастығын қолдау туралы» резолюцияны қолдап дауыс берген мемлекеттер ары қарай Ресейге қарсы ссяси, дипломатиялық, экономикалық қысымдар жасауды жалғастыра бермек және бүгінде Ресей мен НАТО, Ресей мен Еуропалық одақ елдерімен жүргізіліп жатқан гуманитарлық, мәдени саладағы келіссөздер тоқтатылды.

С. Қалдыбекұлы, профессор

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3592