Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 9924 0 пікір 8 Сәуір, 2014 сағат 11:55

БІЗ ҚАЛАЙ СӨЙЛЕП ЖҮРМІЗ?

Қазақ әдеби тілі ауызша және жазбаша түрде қызмет ететіні белгілі. Сырттай қарағанда, ауызша тіл мен жазба тілдің еш айырмасы жоқ, айырма тек біреуінің естуге (аудиалды), екіншісі көруге (визуалды) негізделген, яғни бірінде дыбыс толқыны, екіншісі қағаз бетіндегі таңбалар жүйесі тәрізді материалдық негізінде ғана сияқты. Ал расында, айырма тереңде жатыр. Ол – тілдік құралдарды талғап, таңдау және оны қалай қолдану дегенге саяды. Мәселен, ауызша тілдің интонациялық құралдары беретін мән-мағына, әуездік бедерді беруде қаламның мүмкіндігі шектеулі. 

Жазба тілдегідей ойды елеп-екшеу­де, сол екшеуден өткен ойды сыртқа шығаруда ең керекті-ау деген тілдік құралдарды талғап, таңдауға келгенде микрофон алдындағы сөйлеушінің мүмкіндігі қалам ұстағандағыдай емес. Қалам «иесінің» жазылған сөзге қайта оралып, ойын дәлдеп, сөзін ұштап жатуға мүмкіндігі бар, ал микрофон «иесінің» ондай мүмкіндігі жоқ. Аса күрделі ойды ауызша сөзде күрделенген сөйлемдермен емес, қысқа құрылымды сөйлемдермен жеткізу орынды.
Әдеби тілдің ауызша жүйесі мен жазбаша жүйесінің аражігін біліп қолданудың сөз мәдениеті үшін принципті мәні бар. Өйткені бұл екі жүйе бір-бірімен тығыз байланысты. Екеуінің де өзегі ортақ, яғни тілдік құралдар екеуіне де ортақ. Алайда мұндай ортақтыққа қарап, ауызша тіл мен жазба тілдің сыртқы-ішкі айырмалары елеусіз екен деуге болмайды.
Жазба тілдің өзіне тән жүйесі бар. Жазылған сөзді, яғни жазба кодты оқырман ешбір қиындықсыз тануға, «кілтін» ашуға тиіс. Бұл ретте, оқырманның көзшалымына оңтайлы болу жағы көзделеді. Сондықтан көп жағдайда сөздің жазылуы мен дыбысталуы сәйкес келе бермейді.
Әдеби тілдің ауызша және жазбаша түрінің нормаларын шатастыру, дыбысталған сөз бен жазба сөздің парқын ажырата алмау, соңғы жылдары жиірек байқалып жүр. Әсіресе, радио және теледидар экрандарынан сөз алатын жүргізушілер аталған жайтқа айрықша назар аударулары тиіс. Себебі олар ауызша сөзді жіті меңгергенде ғана кәсіби қызметін жақсы атқара алады. Бұлай дейтініміз, теледидар мен радио журналистерінің, дикторларының қалың жұртшылықпен қарым-қатынас жасауындағы бірден-бір мақсаты – ақпарат жеткізу ғана емес, сондай-ақ жұртшылықтың эмоциясына, еркіне, санасына әсер ету. Сонымен бірге «диктор – тыңдарман» үлгісіндегі қарым-қатынаста диктор тыңдарманының бүкіл ел екенін естен шығармауы тиіс. Демек, ол микрофон, бейнекамера алдында сөйлегенде сөзінің тыңдаушылардың барлығына түсінікті болуын ескеруге міндетті. Сөз түсініктілігі дегеніміз, ең алдымен, қоғам санасы мойындаған әдеби тіл нормасына жауап беретін сөз құралдарын функционалды стиль талаптарына сәйкес, яғни сөйлесушінің әлеуметтік белгілеріне (жасы, қызметі, таныстық деңгейі, т.б.), сөйлесу орнына, мақсатына қарай қолдану дегенді білдіреді. Осы ретте бәрімізге мектеп бағдарламасынан белгілі кейбір негізгі жайттарды еске түсіре кету артықтық етпейтін секілді.
Қазақ әдеби тілінің орфоэпиялық нормасын құрайтын, қазақ тілінің ауызша жүйесі болып табылатын, жазба тілді ауызша сөзге айналдыратын мынадай заңдылықтар бар. Бұл заңдылықтар, ең алдымен жеке сөздерге қатысты қағидалар:
Біріншіден, қазақ тілінің ауызша жүйесі үндесім заңына бағынады. Ол – тілдегі дауысты дыбыстардың бір-бірімен үйлесіп, үндесіп, ыңғайласып айтылуы. Үндесім заңының екі жағы бар. Оның біріншісі және негізгісі – бір сөз бойындағы дауысты дыбыстардың бірыңғай жуан не бірыңғай жіңішке болып айтылатын тіл үндесімі. Сөз түбірі мен оған қосылатын жұрнақ, жалғау бірыңғай жуан не жіңішке болып айтылады. Қазақ тілінің бұл дыбыстық заңдылығы жазуда да көрініс тапқан. Бірақ тілдің ауызша және жазба жүйесінде бұдан ауытқитын бірнеше жайттар бар. Ол алдымен ә дыбысына байланысты. Қазақ тілінде ә дыбысы сөздің бар буынында айтыла бермейді. Сондықтан жазуда екінші буыннан ары а әрпімен таңбаланады. Мәселен, күнәһар, рәсуа, Жәмилағ, т. б. Ә дыбысының қазақ сөзін аяқтамайтынын сөз соңындағы жалғаулардан көруге болады: жайлауда – [жәйләуда], кінәламау – [кінәләмау], т.б. Бұл жерде жіңішке буыннан басталған сөз жуандап барып аяқталып, тіл үндестігі бұзылғандай көрінеді. Осы ретте ауызша сөйлеу мен жазбаша таңбалаудың қағидаларын еске алу керек. Сондықтан сөз бірден жуандап кетпей, алдыңғы дауыстының реңкін ала отырып, бірте-бірте өзгеретінін білген дұрыс. Сонда мұндағы бейүндес дыбыстарды былайша таңбалауға болады: а – ‹ – ә. Сондай-ақ ш, ж мен й-дің аралығында жазылатын а дыбысы айтуда жіңішкеріп, ә-ге ұқсап кететіні бар. Сөйлеуде соны да ескеру қажет: шай – [шәй], жай – [жәй]. Бұл позициядағы ә-нің жіңішкеруі өзінен кейінгі буынды да қамтиды. Бірақ сөз соңына, әсіресе, қосымша қосылғанда сөз аралығында тағы да 2-3 саты аралық реңктер айтылады, яғни ә дыбысы екінші буыннан ары жуандап, соңында мүлдем жуан дыбысқа айналады.
Екіншіден, қазақ тілінің үндесім құбылысына бағынбайтын түбірдің жуан, жіңішкелігіне үйлеспейтін мына жұрнақтардың бары белгілі: -қор, -паз, -кер, -кеш, -кент, -пен, -мен, -нікі, -күнем, -хан, -хана, -тал, -паң: шайқор – [шәйқор], өнерпаз – [өнөрпаз], айыпкер – [айыпкер], тарақпен –[тарақпен], сумен – [сұумен], пайдакүнем – [пайдагүнем], данагөй – [данагөй], сәнқой – [сәңқой], Шымкент – [Шымгент], кітапхана – [кітәпқана]. Мұнда көріп отырғанымыздай, буын шегіндегі дауыс­сыз дыбыстар ғана көрші дыбыстың әсерінен өзгеріп, үйлесіп айтылады да (ақылгөй, Шымгент, пайдагүнем), тіл үндестігі сақталмайды. Бұлардың -паз, -қор, -кеш, -гөй, -кент,- хана,- хан түрлері араб, парсы тілдерінен енген және сол тілдік нұсқасын біршама сақтап игерілгендіктен, өзгермей айтылады; ал -нікі, -күнем, -пен, -мен, -бен қосымшалары түбір сөзден туған төл жұрнақтар болғандықтан, үйлесім заңдылығана бағынып айтылады.
Үшіншіден, бір сыңары жуан, бір сыңары жіңішке біріккен қос, күрделі сөздер жазылуы бойынша аралас айтылады: желбау – [желбау], қара ет – [қар’ет], Сәрсенғали – [Сәрсеңғәлій], кесеаяқ – [кес’айақ], кесеқап – [кесеғап], итарқа– [ійтарқа], итжуа – [ійтшұуа],т.б.
Сингармонизм заңының екінші жағы – ерін үндесімі. Бұл – бірінші буындағы ерін дауыстылардың (о, ө, ұ, ү) әсерінен екінші, үшінші буындағы езуліктердің (ы, і, е) еріндікке айналып, ұқсап, жуықтап айтылуы. Қазақ тіліндегі ерін үндестігі қырғыз, алтай, тува тілдеріндегідей жаппай қамтитын құбылыс емес екені белгілі. Сондықтан ерін үндестігі жазба тілде көрініс таппаған. Қазақ тіліндегі ерін үндестігі – 2-3 буынға дейін анық естілетін, айтылатын тұсы ашық буын жағдайында. Мысалы: көбелек – [көбөлөк], құбылыс – [құбұлұс], сүйініш – [сүйүнүш], бөдене – [бөдөнө], т.б. Тіліміздегі ерін үндестігінің жаппай құбылыс емес екенін жалғаулар арқылы да білуге болады. Жалғаулар қатарында ө-мен келетін еріндік варианттар жоқтың қасы. Сондықтан сөз ашық буынды болса да, үшінші буындағы жалғау езулікпен айтылады: төбеле – [төбөле], төпеле – [төпөле].Бұл құбылысқа қатысты мына бір ерекшелікті де көрсете кеткен орынды. Әліпбидегі у таңбасы ұу және үу дыбыс тіркестерін, не үнді дауыссыз дыбысын беретіні белгілі. Мысалы: су – [сұу], суық – [сұуұқ], бу – [бұу], сурет – [сүурөт], қуат – [құуат], т.б. Дауыстылардың үндесімін сөз еткенде үнемі мына бір жайтты есте ұстаған жөн. Дауыссыздарға қарағанда дауыстылардың айтылу реңкі өте құбылмалы, тұрақсыз болып келеді. Оның үстіне жалпы көпшілікке ұсынылатын әдебиеттерде (орфографиялық сөздік, айтылу нормасының анықтағыштары) дауыстыларды белгілейтін әріп таңбасы да әліпбидегі дауысты дыбыс таңбасынан аспайды және сонымен бірдей болады. Сондықтан әрпіне қарап дыбысын да солай оқығаннан аздап қайшылық туады.
Сонымен біз әзірге жеке сөз шегіндегі айтылу нормасының басты екі заңдылығы жөнінде сөз еттік. Келесі сандарда күрделі сөздер құрамындағы айтылым ерекшеліктерін талдайтын боламыз.

Әдебиет
1.Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі. Алматы: «Арыс», 2004. – 784 б.
2.Сыздықова Р. Сөз сазы. Сөзді дұрыс айту нормалары. Алматы: «Ғылым», 1983.
3.Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы. Алматы: «Арыс», 2004. – 200 б.

Жанат Исаева,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

"Ана тілі" газеті

0 пікір