Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Қоғам 5747 0 пікір 15 Сәуір, 2014 сағат 11:12

ABAI.KZ - 5 ЖЫЛ. БӘРІ ДЕ "АБАЙ" АУЫЛЫНДА

Ойманбұлақ!

Бұл менің туған ауылым. Құлжа қаласынан солтүстікке қарай жиырма шақырым жүрсеңіз болғаны, жіңішке асфальт жол Ойманбұлаққа алып кіреді де кетеді. Табиғаты тамаша деп айтуға онша келіңкіремейтін, шаңы аспанға шығып жататын шағын ауылдың мен үшін бір ғана мақтанышы бар. Ол – құрдасым Білісбек Әбдразақтың Наратына қарағанда Іле Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласына тиіп тұрғандығы.

Оның неге, қалай Ойманбұлақ атанғанын мен білмеймін, әлі күнге дейін көнекөздерден сұрап та көрген емеспін. Манағы Құлжадан шыққан жол сізді бір сайдың аузынан екінші, одан үшінші, төртінші, бесінші... кішкене сайлардың аузына өткізіп салып отырады. Басына шыққанша,  Ойманбұлақтың екі жақ қапталы осындай ұсақ сайлар. Аты Ақсай, Күрең сайы, Қойшыбай сайы, Әну сайы, Боранбай сайы, Қызыл сай, Құсайын сайы, Бұлдыбай сайы, Қонақбай сайы, Мақан Сайы... болып кете береді.

Ақсайды айтпағанда, қалғаны дерлік кісі есіміне берілген. Күрең де, Қойшыбай да, Әну де, Боранбай да, Құсайын да, Бұлдыбай да, Қонақбай – бәрі-бәрі де күні кеше Ойманбұлақта өмір сүрген, мыңғыртып мал айдаған, айналасына аты мәлім жандар. Осы қазақ жерінің ежелгі иесі. Қазір ұрпақтарының өзі бір-бір ауыл. Демек, жерге кісі есімін беру жағынан біздің Оймекең – Ойманбұлақ Қазақстаннан еш қалыса қоймайды. Бір жақсысы, осы сайлар осы атымен Қытай картасына енді.

  Бұл жерде Күрең мен Құсайынның жөні бөлек. Екеуі де өткен ғасырдың зұлмат жылдарында Қазақстаннан ауып барған кісілер екен. Анау-мынау емес, өз елінің шонжары, аса ауқаттысы болса керек. Шегарадан аман өтіп, ес жиған соң, «қоныс шолып» жүріп біздің Ойманбұлаққа кез болыпты. Түйесін сонда шөгеріп, қазығын қағыпты. Ол – кезде ел тізгінін атақты Әукен ақалақшы мен Жанат зәңгінің ұстап тұрған шағы. «Қайдасың, қайран Әукен, нар құланым?!» деп басына күн туып, Үрімжіге айдалып бара жатқан ақын Таңжарық Жолдыұлы сағынышпен өлеңге қосқан Әукен. Жақсыны жақсы алыстан таныған болса керек, арғы беттен пана тұтып келген екі жігіттің ауылына ақалақшы атамыз екі сайға ен салып береді. Қуғын - сүргінді көп көрген епті азаматтар бір қойдан екі төстік алып, ел қатарына тез қосылады. Отырықты елмен қыз алысып, құдандалы болады. Сөйтіп, төсекте басы, төскейде малы тоғысады. Манағы «Күрең сайы» мен «Құсайын сайы» содан қалған.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ел қайта көшкенде,  Құсайын әулеті түгелге жуық Қазақстанға өтіп кетеді. Неге екені белгісіз,  Күрең ұрпағы  Ойманбұлақта қалып қояды. Күреңнің мен білетін көп немерелерінен Көшербайы есепші, Болысы ауыл бастығы, Бақыты мектеп мүдірі болды кезінде.

Ең қызығы, сол Құсайын бабамыз өзіміздің «abai.kz ақпараттық порталының» бас редакторы Дәурен Қуаттың туған атасы болып шықпасы бар ма?!

Дүниенің кезегі деген осы екен ғой, кеше ел үркіп арғы бетке барады, оларды біздің аталарымыз құшағына тартып, қоныс берді. Бүгін Тәуелсіздік туын паналап біз келдік. «Күрең сайы» мен «Құсайын сайын» бөліп бермегенімен, Дәурен мен Айдос інілерім «abai.kz» - тің есігін айқара ашып, көктеу - күзеуі, жайлау - қыстауы толық бір алқабын түгел сыйлады. Елмен айтысам ба, өлең өргізем бе – өз еркімде. Мен ғана емес, Ибырагим Қошқариға, Рақым Айыпұлына, Қайрат Бодауханға, Бекқожа Жылқыбекке, Қайрат Байтоллаға, Жәди Шәкенге, Бейсен Ахметке, тіпті Түркияда жатқан Абулақап Қараға да солай. Көші-қон атты өліспей, беріспейтін майданның сарбаздары еркін сонылайды. Күн-түн демей, маусым талғамай, көшіп-қонып жүреді...

Мың демегенмен, аз болса да, аталарымның өтісі бар ғой, «Аbai.kz» - ке өзгелерден гөрі мен өтімділеумін. Өміржан мен Біләлға аздап әмірімді жүргізген болам.

Төрінде көсіліп жатып мызғып та алатынмын Алматыда жүргенде. Жұмыссыз қалсам, шай-тұздық та беріп тұрады жөн білетін жігіттер... «Жақсы әкенің аруағы – жаман ұлға қырық жыл азық» деген – осы. Бұған да Құдайға тәубе!

Сол «abai.kz» бүгін беске толды. Мен оның тайдан құнан шығар шағында келіп жалына жармастым. Содан бері, жоғарыда айттым ғой, бетінен түскен емеспін. Әрине, бесті мен тайды салыстыруға мүлде келмейді. Талғамы, қайраты, қарымы бұрынғыдан әлдеқайда өсті, нығайды. Өзі ғана емес, жазарманы мен оқырманын да биіктетті. Қысқасы, Абай бабасының атына дақ түсірген емес.

Шыны керек, айналасы бес-ақ жылда «abai.kz» үлкен энциклопедияға айналды. Мәңгілік Ел болудың халық талқысынан өткен тұжырымдамасы керек пе, міне, дайын. Ұлттық мемлекет құрудың өлшемін іздедіңіз бе – көп қиналмай осыннан таба қоясыз. «Ел бірлігі» деп аталғанымен елді шулатқан доктринаға қарсылық акциясын есіңізге алғыңыз келе ме, «пажалыста». Қытай мен арабтың, үнді мен тағы бір елдің дихандарын қаптатып әкеліп қазақ жеріне жауып жібермек болған Мәсімов Үкіметіне ашық наразылық па – «Абайдың» архивінде тұр. Қызылағаш қырғыны, суреттерімен, дерек-құжаттарымен – «Абайда». Жаңаөзен дүрбелеңі, атылған, соққыға жығылған жылаулы ел, жазықсыз сотталған жандардың жанайқайы, әділетсіз өткен сот процесі түгелімен осында. Алаш ардагерлері туралы тың деректер мен қазақ үшін қақпасы жабық қалған тарихқа қатысты тағылымды дүниелер ме – қажетіңізше тауып ала қоясыз. Қоғамдық ойлардың сілкінісі, ақиқат үшін айтыс-тартыс та – осында, «Абай» ауылында.

Құдай-ау, қайсібірін түгендеп боласың, толып жатыр. Мәселенки,  Дін жөнінде сауат ашқыңыз келсе, Мұхан Исахан деп басып қалыңыз. Халқаралық ауқым, геосаяси жағдай дейсіз бе, Айдос Сарым деп түртіп қалыңыз, сарнай жөнеледі. Әлем көсемдерінің ел басқару әдісімен танысуды қалайсыз ба, Дэн ақсақалдан бастап ол да толып тұр. Қысқасы, «сыйыр... » десең Мамытбеков; «ұрғаным...» десең, Мамашев; «Қырым» десең, Путин... Жағымпаз десең, анау, Ұлтшыл десең, мынау... бар. Мұның сыртында «Абайға» жиналған авторлардың қарасы қандай мол десеңізші. Газет-журналдарға ғана жазып үйренген қаламгерлерді «Абай.кз» төңірегіне топтастырып, айналдырған бір-екі жылдың ауқымында ғаламтор деген құбылыстың не екендігін ұғындырып үлгерді. «Абайдың» интернет-конференциясында осы күнге дейін елге танымал тұлғалар түгелімен сөз алып, мәртебелі мейман болып шықты.

Ал, Көші-қон!? «Аbai.kz» «abai.kz» болғалы бұл тақырыпты бір күн де күнтәртібінен түсірген емес. Қандастарды ендігі жерде осында қоныстандыру керек деп, солтүстік облыстарды баяғыда белгілеп қойған. Ондағы халық санының аз екенін айтып, ашылғалы  бері қақсап келеді. Керек болса, бұдан алдағы күндердегі Қазақ көшін дамытудың кешенді бағдарламасын да күн ілгері жасап үлгеріпті. Қағазбастылықтан арылтудың, азаматтық берудің оңай жолдары да осында жазулы тұр. Алыстағы ағайынды әкелем, бос жатқан өңірді қазаққа толтырам, Елбасының ауыл-шаруашылығына арналған «2020» бағдарламасын нәтижелі орындаймын деген адал ниеті, ыстық ықыласы  болса, Кәрім Мәсімов мырза, алысқа бармай-ақ, осы «abai.kz» - тің архивін ақтарса болғаны, бәрі самсап алдынан шыға келеді...

Қазақ электронды ақпарат құралының алғашқы қарлығашы, туған күнің құтты болсын! Сен қазақ баспасөзінің заман тудырған осынау жаңа формасын біздің көкейімізге ұялаттың, миымызға сіңірдің. Сен біздің тұрмысымыз бен өміріміздің айырылмас серігіне айналдың. Ақордадан бастап, біздің Ойманбұлаққа, ондағы Күрең, Құсайын сайларында көзі жәудіреп отырған менің ауылдастарыма дейінгі Алаш жұрты сені түгел таниды, біледі. Сенен жаңалық, жақсылық күтеді..."Абай" ауылының азаматтары аман болсын!   

Өркендей бер, өсе бер, «abai.kz»!

 

Құрметпен, Ауыт Мұқибек

Астана

15.04.2014

Abai.kz  

0 пікір