Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Билік 6101 0 пікір 17 Сәуір, 2014 сағат 02:29

Сайын ТҮЛЕК. «Саясилануға жол жоқ»

Еуразиялық экономикалық одақ. Әлдекімдердің ерініп, бәлки, білмей жазып жүргеніндей Еуразиялық одақ емес. Үш тараптың да ресми билігі бұл одақтың ешқандай саяси бояуы жоқ екенін тоқтаусыз түсіндіріп келеді. Тек Ресейдің түштақай саясаткерсымақтары біресе ортақ валюта, біресе ортақ парламентарий жүйесін айтып қалып, жұрттың жүйкесіне тиюмен айналысып жүр.

Өткен жылдың желтоқсанында өткен Еуразиялық экономикалық одақ кеңесінің отырысында Н.Назарбаев осы төңіректегі сұрақтарға былай деп нүкте қойған болатын: «Бұрын да айтқанмын, тағы да қайталаймын, ұйымның саясилануына жол берілмейді. Шекара қорғау, миграциялық саясат, қорғаныс және қауіпсіздік жүйесі секілді бағыттар, сонымен қатар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық құқық салаларының ешбірінің бұл экономикалық интеграцияға қатысы болмайды. Тәуелсіз мемлекет ретінде біз барлық мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен белсенді қарым-қатынасымызды жалғастыра береміз және одақ бұл тұрғыда бізге кедергі келтірмеуі тиіс». 

 

АҚШ тудырған аңыз

 

Анығында, бұл одақ туралы бастама сонау 1994 жылдан бастап көтеріліп келеді. Өзара экономикалық ықпалдастық содан бері бірнеше сатыдан өтті. Қаншама келісімдер мен құжаттарға қол қойылды. Дегенмен, бояудың соңғы бір жылда қатты қалыңдап кетуіне мына бір мәлімдеменің қатысы жоқ па екен деген ой туады. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хилари Клинтон өткен жылы: «Біз аймақтың (посткеңестік – C.Т.) қайтадан «советтенуге» бет алғанын байқап отырмыз. Біз бұл мәселені барынша баяулатудың немесе тоқтатудың тиімді тәсілдерін табуға барынша тырысатын боламыз» деп мәлімдеген болатын. АҚШ-тың кімге емешегі езіліп отыр? Ресей тарабы мұндай қадамдарды соңғы жылдары орын алып отырған саяси текетірестермен байланыстырса, біз де жаңағы сөздің жарты салмағын өзімізге қабылдап қоямыз. Демек, соңғы кездері ақпараттық кеңістікті қаптаған «тәуелсіздіктен айырылу» картинасының бас бояушысы қай жақтан екенін аңду қиын болмай қалды.  

 

«Ұн да жоқ-ау, май болса, бауырсақ пісіріп беретін...»

 

Бұл, сөз жоқ, аса ауқымды, маңызды, тағдырлы мәселе.Ондай мәселеде жақтау мен даттаудың болуы заңды. Билікке қатысты айтсақ, сол пікірталасқа лайықты көңіл бөлмей отырғандай көрінетіні рас. Дегенмен, кей азаматтар тарапынан артық айтып, шектен шығудың, қазақ баласына тән емес қарадай жала жабудың орын алып жатқанын да мойындауға тиіспіз. Олар Қазақстан Республикасының Президентіне жала жабуда. Өз билігі мен байлығын сақтап қалу үшін осы қадамға барып отыр деп. Қисынсыз қиыстыру. Назарбаевтың билігі Путинге қарап тұрмағанын бәріміз біліп отырмыз. Оған Назарбаевтың ақылы жетпей қапты деген тым күлкілі, Путиннің тілімен айтқанда, «тым «наивно».

Екіншіден, біреумен елбесіп-селбесіп күн көрмесе болмайтынын жаһанданудың жазылмаған жабайы заңы әлдеқашан ұқтырып қойған.

Үшіншіден, осынау экономикалық интеграцияның артында қандай саясаттар ойналып жатқанын біз әзірге түсіне алмаймыз. Бір кезде қатты сынға қалған «көпвекторлы саясат» немесе «Астананың ауысуы» секілді бұл қадамның да қайырлы боларына сену керек. Сенбеген күнде де, жоғарыдағыдай саланы тұтас бір халық сенген басшысының басына қотара салмай, сынның өзін сапалы айта білген жөн-ау.

Ал тақырыпшаға келсек, Нұрсұлтан Назарбаевты қолында абсолютті билігі бар билеуші деп емес, көп қақпанның арасынан жол тауып беруге тырысып жүрген жолбасшы ғана деп білсек, жағдайға ене қарасақ адамшылыққа да, қазақшылыққа да қонымдырақ болар ма еді...    

 

Abai.kz

0 пікір