Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 7492 0 пікір 19 Сәуір, 2014 сағат 18:11

Оқулық көп, олқылықтары тіпті көп

ОҚУЛЫҚ КӨП, ОЛҚЫЛЫҚТАРЫ ТІПТІ КӨП 

ҚАЗІРГІ ОҚУШЫНЫҢ БАСЫН ҚАТЫРҒАН – ОСЫЛАР

Қазіргі оқулықтардың тілі мектеп оқушысы түгілі, ересек адамдардың өзін шатастырады. Осы аптада «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткен еді. Кеңес мүшелері «Мемлекеттік тілді оқыту, қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдардың сапасы мәселелері» атты тақырыпты талқылап, қазіргі қазақ тіліндегі оқулықтардағы кей мысалды өздері де түсінбейтінін мойындады.

Биыл ақпан айында «Мирас­» кеңесі жанынан Қазақ мем­ле­кеттік қыздар педагогикалық универ­си­тетінің негізінде оқулықтарды сарап­таушы жұмыс тобы құрылған еді. Елуден астам сарапшы маман қатысқан жұмыс тобының екі айлық жұмысының нәтижесі жайлы топ жетекшісі Динар Нүкетаева егжей-тег­жейлі баяндама жасады. 

Динар Нүкетаеваның айтуынша, екі айда қазақ мектептеріне арналған 173 оқулық сарапқа түскен. Оның ішінде 1-11 сынып оқушыларына ар­налған «Алматыкітаптың» – 40, «Атамұраның» – 53, «Мектептің» – 64 және «Арман ПВ» баспасының 10 өнімі, сондай-ақ бес-алты жеке баспалар шығарған оқулықтар бар. Өрескел қателерді айтып өткен Нүкетаева ханым 173 оқулықтың 40 пайызында орыстілді оқулықтардан ау­дарылған мәтіндердің тілдік, стиль­дік кемшіліктері бар екенін, 30 пайызында тапсырмалардың мек­теп оқушыларының жас ерек­ше­ліктеріне сәйкес болмауын, 10 пайызында әдістемелік кем­ші­ліктердің бар екенін, 5 пайызында оқу бағдарламасының толық қамтылмағанын баса айтты. Оның үстіне, оқулықтарда орфографиялық және грамматикалық қателер де өріп жүр.

Дегенмен, Нүкетаева ханым оқу­лық авторларын жерден алып, жерге са­лудан аулақ. «Қазір оқулықтарды бәрі сынайды», – деді ол сөзін түйіндей келіп. «Оқулық жазудың қиындығын оны жазған адам ғана сезіне алады. Тиісті жағдай жасалмай, өзінің күнделікті жұмысымен қатар жазылатын оқулықта, әрине, кемшілік болуы мүмкін. Ал оны кемшілігін көрсету бедел жинау құралы ретінде, авторға деген жеке көзқарас тұрғысынан емес, еліміздің болашағы, балаларымыздың сапалы білім алуы үшін жасалған менің көмегім деген көзқарас тұрғысынан қажет деп тұжырымдаймыз».

Тіл тазалығын сақтауға қатысты «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекболат Тілеухан «Оқулықтың тілі балаға емес, ғалымға арнап жазылғандай. Мектеп оқушысы үшін өте ауыр» екенін айта келіп, өзінің 3-сыныпта оқитын қызының былтырғы оқулығынан «Қас үлектен туған қатепті. Қара нар керек біздің бұл іске» деген мысал келтірді: «Осы тіркестегі «қара үлек» деген сөзді осы жерде отырғандардың сексен пайызы түсінбеуі мүмкін», – деді ол. 

Бекболат мырзаның айтуынша, қазіргі оқулықтар балалардың ойлау жүйесін дамытудың орнына оларды тест жаттауға бейімдеп жатыр. «Балалар қазір білім алып жатқан жоқ, олар тест жаттап жатыр. Біздің балалар «Что? Где? Когда?» деген шоуға дайындалып жатыр, олар тек дерек жаттайды», деді күйінген Б.Тілеухан. Басқаша айтқанда, қазіргі білім беру жүйесі алған білімді өмірде қажетке асыруға бағытталмаған. «Баланы энциклопедиялық білім алуға емес, терең білім жинауға бағыттауымыз керек», – деді ол.

«Бір ел болған соң, бір оқулық болу керек. Бір жарым миллиард Қы­тайда бір ғана оқулық болған кезде, 17 миллион ғана болатын бізге бес-алты оқулықтың қажеті қан­ша?», – деп сұрап, өзі жауап берді. «Оқы­лықтарды күрделендіріп, одан қате шығарып, сосын қайта-қайта басудың себебі ақша табу», – деп тұ­жырды ол.

Қазіргі оқулықтарда «рубль», «шошқа» туралы есептер бар. Шын­ды­ғында, оқулықтар қай мемлекеттің білім ордасында оқытуға арналғаны анық­талуы керек. 

Қорыта айтқанда, Бекболат Тілеухан мырза оқулық шығару ісін бір қолға беру керектігін баса айт­ты. Қазіргі жүйе бойынша Ы.Алтынсарин атындағы ғылым акаде­миясы бағдарлама жасап, ми­нистрлік тендер жариялайды, оны ұтып алған баспа авторлық топты жасақтап, авторлар оқулықты жазып шығады, баспа оны басып шығарады, одан соң министрлік оны мектеп кітапханаларына жолдайды, сосын мектеп мұғалімдерінің сарабынан өткен оқулық министрлікке қайта келеді... Түптің түбінде, мектеп оқулықтарының олқылықтары үшін ешкім жауап бермейді. «Бірін-бірі кінәлайды, сонымен нақты кінәлі жоқ. Енді мейлі Ы.Алтынсарин атындағы академия немесе басқа ұжым болсын авторлық топты жасақтаудан оқулық шығаруға дейін бастан-аяқ жауапкершілікті мойнына алу керек», – деді Тілеухан мырза.

«Қазіргі оқулықтардың ауыр­лы­ғынан баланың жұлыны қисаяды. Ба­ланың өзінен сөмкесі ауырлап кетеді», – деп тағы бір өзекті мәселені алға тартты. 

Кеңес мүшелері арасында мек­теп­терде шет тілдерін қалай оқыту керек деген мәселе айрықша тал­қылауға негіз болды. Б.Тілеухан, А.Смаилов шет тілдерді Жапонияда 12-14, Қытайда 14 жастан бастап оқытатынын тағы да еске салды. Ал бізде 1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқытып, ана тілін әлі толық меңгеріп үлгермеген баланың басқа тілдермен басын қатырудың астарында не тұр? Алдан Смаилов мырза бұл туралы: «Мономемлекеттердің өздері тілді 6-сыныптан бастайтын болса, ұлттық ділінен, тілінен айрылып қала жаздаған біз 7-сыныптан бастауымыз керек қой», – деді.

Өкінішке қарай, министр мырза зиялылардың базынасына мардымды жауап бере алмады. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің бар айтқаны: «Ағылшын тілін бірінші сыныптан оқыту Президент жолдауында айтылған тапсырма, сондықтан бұл мәселені Президент Әкімшілігімен ақылдасу керек». Екіншіден, министрдің айтуынша, алдағы бес-алты айда білім берудің жаңа стандарты қабылданады, ендеше оған дейін әлі талай мәселе талқылануы тиіс.

«Соңғы үш жылда қазақ тілінде 2300 әдеби оқулық бекітіліп, оқу бағдарламасына енгізілді. Қазіргі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан тарихы оқулығы әзірленуде. Шешімін күтіп тұрған мәселе – бұл білім беру жүйесінде балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі аралықта қазақ тілін оқытудың стандартын және орта мектепке арналған деңгейлік оқулықтар әзірлеу», – деді министр бұдан соң.

Қазақстан тарихы туралы сөз болғанда, кеңес төрағасы бір мысал айтты. Әшімбаев мырзаның айтуынша, ҰБТ-ға дайындалып жатқан астаналық оқушылардың арасында өткізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес, «Ең қиын пән не?» деген сұраққа басым көпшілігі «Қазақстан тарихы» деп жауап берген.

Жалпы, оқулықтардағы олқы­лық­тар туралы әңгіме бұл салада әлі қыруар шаруаның бар екенін аң­ғартты. 

«Елбасымыз мемлекетіміз әлем­нің дамыған отыз елдің қатарына енуі керек деген алдымызға үлкен мақ­сат қойды. Бұл мақсатқа жету үшін көп жұмыстар атқару керек. Оған жету біздің мамандарымызға, кадрларымызға, жастарымызға бай­ланысты. Мықты жастарды тәрбие­леу үшін мектептеріміз мықты болуы керек. Мектептер мықты болуы үшін мектептегі оқулықтар мықты болуы керек», – деді Мәулен Әшімбаев мырза. 

Ал айтылған сөз айтылған жерде қалмас үшін Әшімбаев мырза осы кеңесте айтылған мәселелердің бәрін хаттап, тағы бір електен өткізіп, ҚР Үкіметі мен Парламентінің назарына жеткізуді өз мойнына алды. 

Гүлбиғаш ОМАР

Астана

"Түркістан" газеті

0 пікір