Жұма, 19 Сәуір 2024
Қоғам 5459 0 пікір 21 Сәуір, 2014 сағат 10:03

БАНКТЕРДІҢ КЕЛГЕНІ БАСЫҢА ПӘЛЕ ТӨНГЕНІ

««Основы геополитики» деген сандырақ кітап жазған Дугин, ашық күнде жанжал тілеп, Ресей Думасының отырысына әскери киім киіп келіп жүрген Жириновский, ақыл-есі кем жазушысымақ Лимонов, Хакасиядағы Штыгашев сияқтылардың айқайы бұл жаққа да ақырындап жетіп жатқан секілді. «Сақтансаң, сақтаймын» деген бар.

...Өткен сенбі, сәуірдің он екісі күні Павлодарда славян ұлтты үш жасөспірімнің ұсталғанынан хабардар болдық» (ult.kz).

«Ағымдағы айдың 12 күні Алматыда «Жас еуразияшылдар» деген атпен құрылған (өз басым бірінші рет естіп тұрған) жастар ұйымы автошеру өткізді. Араларында бір қазағы жоқ жастар қазақ топырағында тұңғыш рет Еуразиялық одақ («Еуразиялық экономикалық одақ» емес) туын желбіретті. Содан, «бұлар тағы қайдан шықты?» деп әлгілердің ғаламтор сайтына кіріп көрдік. Сөйтсек, мақсаттары «қайта түлеген еуразияшылдық» (возрожденное евразийство) ұстанымы негізіндегі Еуразиялық одақты құру екен. Тоқтай тұрыңыз… «Қайта түлеген» деген не мағына береді сонда? Бұрын қандай еуразиялық одағымыз болып еді? Түсініксіз…» (Altyalash.kz).

Осының алдындағы мақаламда: «Ресей Қазақстанды қайта отарлауды банк жүйесі арқылы бастады» деп жазсам, енді бұл мақаламды: «Ресей Қазақстанды қайта отарлауды саяси жүйе жағынан да бастап кетті» дегелі отырмын. Бұл сөзіме жоғарыда келтіріп отырған екі үзінді толық дәлел бола алады.

Павлодардағы славян ұлтты үш жасөспірімнің Ресей саясатын ашық насихаттай бастауы және бас қаламыз Алматыда 12 сәуірде әлі өмірге келмеген «Еуразиялық одақ» туын желбіретіп, араларында бірде-бір қазақ, тіпті, Беларус ұлтының өкілі жоқ ресейліктердің алшаңдап жүруі, қазіргі Ресей ұстанымын, В.Путиннің басқыншылық «ерлігін» насихаттап, Украинаны жамандауы – Қазақ Еліне «бізге өз еріктеріңмен бағынбасаңдар, ертең Қырымның кебін киесіңдер» деп ашық түрде сес көрсету емей немене?

Ресейліктер: Дугиннің, Жириновскийдің, Лимоновтың, Штыгашевтың Қазақ жерін бөлшектеу туралы пікірлері – «Еуразиялық одақтың» ақыры неге апарып соғатынынан ашық хабар беруде екенін мына біздің  билік өкілдері көрмей, білмей отыр дегенге кім сенеді?   Олар біз сияқты «баран» (қой) қазақтардан ұялмай-ақ, қысылмай-ақ қойсын, бұлардың бұл дәрменсіздіктерін көріп, біліп отырған әлемдік саясаткерлердің бетіне қалай қарайды?

Күн өткен сайын Ресей ана Жириновский сияқтылардың аузымен Қазақ жерін өздеріне күштеп қосып алатынын, яғни, Қырымнан кейін Қазақстанды отарлайтынын ашық айтуда. Мына біздің   биліктегілеріміз болса, олардың бұл   әрекеттерін байқамаған сыңай танытуда. Жириновскилерді есіртіп отырған Ресей билігі екені айдай ақиқат.

Қазір Қазақстанның бас қаласы Алматының кез келген бұрышынан қаптаған ресейлік банктерді көруге болады. Осы банктер Қазақстан халқының ақшасы арқылы пайдаға белшесінен батуда. Біздің билік болса, елдегі өзіміздің екінші деңгейдегі банктерді жапқысы келеді. Аналар біраздан кейін несиелерін бізге рубльмен беретін болады. Сөйтіп, олар Қазақстанның ұлттық теңгесін айналымнан шығарып, өз үстемдіктерін ашық түрде жүргізе бастайтын күн де алыс емес сияқты. Қысқасы, Ресей банктерінің келгені басыңа пәле төнгені болып жүрмесін.

Бұл біріншіден болса, енді олар 12-сәуірдегі Алматыдағы шерулері сияқты «Еуразиялық одақ» дегенді желеу етіп, біздегі орыстарға дем беріп, Ресей саясатын зорлап ендіруі де ғажап емес.Содан кейін олар одақ мүшелеріне ортақ тарих, ортақ парламент, ортақ валюта, ортақ саясат жүргізуді талап ете бастайды. Ол әрине, Ресей саясаты болып шығады.

Жұмаш Көкбөрі

Abai.kz 

0 пікір