Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Қоғам 7345 0 пікір 21 Сәуір, 2014 сағат 10:12

ҰЛТСЫЗДАНУ ФРАГМЕНТТЕРІ: ӨЛЕ БЕРЕМ-АУ ОСЫ...

                                                                   

 


...Қазақ баласы қазақ мектебі   

                                                                              қандай деңгейде болмасын,

                                                                              қазақша оқуы керек!

                                                                                                          Нұрғали Ораз    

                                                        Я не казах. Почему я не знаю казахски язык?

                                                 Потому что он мне не нужен. Почему не

                                                 нужен? Потому, что он не нужен самим казахам.

                                                                             (Әлеуметтік желідегі жазбадан)

 

     Ең жоғарыдағы нақылтіркесті мен қайбір жылдары «Қазақ әдебиеті» апталығына шықққан «Қазақ мектептерінің білім деңгейі орыс  мектептерімен салыстыруға келе ме?» деген мазмұндағы әлеуметтік сұрауға  қарай жазушы замандас, сыйлас ағамыздың қайтарған жауап сөздерінен кесіп алдым.

     Өткен жұмада әлдебір сайтқа әлде бір жас тілші қазақ тілінде сөйлемейтін (дұрысы сөйлегісі келмейтін-ау) қазақ жастарының ана тіліне қатысты ой- пікірлерін жинақтап берген екен. Шолып шықтық. Бірі - менеджер, екіншісі - дизайнер, тағы бірі - архитектор...  Негізі жастар. Пікірлерін оқып ұққан-түйгеніміз мынау:

     - бала кездерінде тілдері қазақша шығыпты, сосын аулаға шықса, кіл орысша сөйлеген адамдар-мыс. Сосын әлгі баланы ана тілімен ауыздандырған ата- анасы орыс мектебіне беріпті...  тіпті үйде де орысша сөйлей бастапты ақыры... оған ата-аналары, әжесі ренжитін көрінеді....

     - сосын университетте ғана қазақша жақсы үйрене бастапты (жақсы оқытушы тап келген екен), біраз тіл сындырыпты....

     - жоғары оқу орнынын бітіріп жұмысқа орналасыпты. Ешкімге қазақ тілі керек емес екен мұнда, ұмытыпты білгенін...

     - кейін қазақша оқиын, үйренейін десе тегін оқытатын үйірме жоқ екен....

     - қазақша білмейтіндеріне ұялады екен... бірақ үйренейін десе, қонбайды екен миларына....

    - бірақ үйреніп қайтеміз деп шешіпті сосын... моральдік қажеттіліктер үшін болса да...

     Ып-рас. Шындарын айтады. Мұндай жастарды көзіміз күнде көріп жүр. Менің Астана қаласына келіп қоныстанғаныма жарты жылдай уақыт өтті. Анда-санда кішкене қызымды ойнатып, жетелеп (кейде қызым мені жетелеп) өз ауламыздан өтіп, көрші «Сармат» тұрғын үй кешені ауласына еніп кететініміз бар. Мұнда баланың саны қалың. Барлығы қаркөздер. Бірақ тілдері – ала-шұбар. Шүлдір-шүлдір.  Ертеңіміздің тірегі осылар деп асыр сала ойнап жатқан балаларға қарап марқая бастаған көңілің заматта пәске түсіп қалады. Аракідік ортақ мағына алып кеткен аз-кем («корпешка» деген секілді мысалы) сөз жалт етіп көрінгені болмаса, түгел орысша тілдеседі-ау айналайындарым.

     Аз тыңдаған соң мейірленіп қарап отырған мен пақыр шамдана бастаймын. Неге шамданбаймын, тіліміз бар емес пе өзіміздің? Әдемі, сазды, бай, құнарлы тіліміз? Қайда сол? Неге мына ұрпағы соны аманатқа алмаған? Астанам бар, Елім бар, Жерім бар деп, мен неге қоқырайып жүрмін, егер тілім, асыл тілім оның аспанын керіп тұрмаса? Тілден айырылғанымыз - Ұлттан айырылғанымыз, Ұлттан айырылғанымыз - Мемлекетттен айырылғанымыз ғой?

     Осы ащы ойлар санамды шабақтаған мен ышқынып кетем. «Сендер орыссыңдар ма?» деймін әлгі балапандарға қыңырая сауал тастап. Балалар  бір- біріне қарасып, сосын жерге қарасып жымыңдасып алады да, бажырайған менің жауап алмай қоймасымды сезгесін: «Қазақпыз» дейді. Менің  келесі сұрағым дайын: «Неге онда қазақша сөйлемейсіңдер?»  Енді балалар шамдана бастайды. Өйткені қажыған олар мұндай «жабайы» сұрақтан. Бұл сауалым әдетте жауапсыз қалады... Орындарынан жылжып «мораль оқығыш бәлеқордан» аулақтау барып шүлдірлеседі. Мен мұңайып қаламын. Қызымды жетектеп сытылып шығамын бөлек ауладан.

     Ия, балалар қажыған мұндай сұрақтан. Біздің оларға өзге тілдің ұрығын өзіміз сеуіп өзіміз кейін шашынан жұлқылағандай етіп әлгі өскінді түп тамырымен қопарып тастағымыз келгені тітіркендіреді. Кім оларды орысша оқытқан? Біз! Кім олармен орысша сөйлесетін? Біз!  Сол себепті оларға әлгіндей қыңыр сұрақты қоюға үлкендердің - біздің қандай моральдық хақымыз бар?  Тілібізірің не деп сайрайды? Орысша! Газетің не деп жазады? Орысша! Киноң кімдікі? Орыстікі! Әкімің қай тілде сөйлейді? Түсінікті ғой! Министірің ше? Орысша! Елбасың ше? Орысша!

    

Балам орысша сөйлемегенде қайтеді енді?

     Кеше ғана Қазақстан Халықтарының 21-ші Ассамблеясы дүрілдеп өтті. Оның боларынан хабарым жоқ екен, бір-екі күн бұрын бір-екі мекемеге кіріп шықпақ болып талпынғам, жоқ, қолдары тимейді екен менімен уақытын өткізуге. Ассамблея екен. Соған дайындалып жатыр екен...

     Ассамблеяның жиынын барлық телеарналар мен басқа да БАҚ құралдары жапатармағай жазып, көрсетіп жатты насихаттап. Айырықша есімде қалғаны Елбасымыз Астана қаласындағы жол көліктерінің кондукторлары екі тілде  қызмет ету керек екенін атап, аялдамалардағы бағыт сызбаларының, түрлі нұсқаушылардың тек қана бір тілде жазылғанына реніш білдіріпті. Олар екі тілде жазылуға тиісті екен. Үстемдік алып тұрған нақты қай тіл екенін атамапты. Мәтінге қойылған бейнеқатарларға қарап қорытынды жасасақ, қырға ілінгені – қазақ тілі екенін көреміз.

     Шынымен солай болса, шамданатын не жөн бар мұнда? Қазақ тілі мемлекеттік тіл емес пе?

     Онсыз да сіңіріне ілініп, көлеңкеде қалған қазақ тілі Мемлекет басшысының аузынан шыққан мынандай сөзден кейін қалай еңсе көтермек?

     Бұрынғы одақтас мемлекеттердің бәрінде кезінде орыс тілі үстемдік құрды, ал енді солардың қайсысы бұл күнде өз тілін шет қағып, дәл біздей көрші елдің тілін үкілеп отыр?

     Сосын, онда жазылып тұрған сөзді қай тілде жазсаң да, атауы бір болған соң түсінбейтін ештеңесі жоқ, қайта шынымен мемлекеттік тілді үйренеміз (үйретеміз) десек осылай атауларды қазақша оқығаннан бастап, әсте-әсте тіл сындыра бергеніміз жөн емес пе? Оның не сөкеттігі бар?

     Енді бастапқы әлқиссамыздағы орыс тілді қазақ жастарынан алынған сауалнамаға (біз кесіп, қысқартып алып отырмыз) келейік.    

     Ануар, 22 жаста, комьюнити-менеджер:

     ...В детском мозгу все отложилось на таком уровне: знаешь казахский -  значить, националист. Я только к 8-9-му классу понял, что все не так...

     Рустем, 24 жаста, дизайнер:

     ...Долгое время я жил под влиянием стереотипа, что мой родной язык – это язык людей с окраин города, окраин страны, и знать, понимать мне его незачем...

     Міне. Міне, орыстілді жастарымыздың бала саналары әу баста қалай уланған. Мен аулада орысша сөйлеген балаға жанашырлықпен қазақша сауал тастасам көзіне «националист», «шетқалған», «шеттенкелген» болып көрінеді екем. Сол себепті де менімен пікір алмастырып жату оған артық көрінеді екен. Мына жігіт өсе келе ол ойының өзгергенін айтады, әй, қайдам, көңілжықпастықпен айтқаны ғой...лайым солай болсын бірақ. Үміт. 

     Кімнің ісінің жемісі бұл? Әрине бірінші ата-ананың. Ата-ананың өз тіліне деген жанашырлығы, құрметі, махаббаты болса, әлгі стереотип пен фобия бүлдіршінімізге дарымас еді. Ал ол сезімдер ол жандарға әу бастан мүлде жоқ болса, құтқаратын  - тіліне деген сенім, егер ол да жоқ болса, - қажеттілік. Өкінішке қарай, сол үлкен де сыйқырлы , соңғы құтқарушы фактор –«қажеттілік» болмай тұр ана тілімізге деген.

     Айсулу, 23 жаста, архитектор:

     - Думаю, что будущем  будет больше русскоговорящих. Какие бы там реформы, законы не принимали, все равно на бытовом уровне всегда будет преобладать русский...Я абсолютно не согласна с тем, что обязана знать казахский язык. Возможно, обязанана каком то моральном уровне, все таки мой родной язык. Но считаю, это выбор каждого человека. Вообще, мне бы хотелось бы изучать, итальянский и французский языки...

     Камила, 21 жаста, dijital-менеджер:

     - Зачем учит язык, в котором нет контента? Книги, фильмы, музыка, журналы это тот самый информационный пласт, благодоря которому язык и становится интересным для изучения. За редким исключением казахская современная популярная культура это Кайрат Нуртас, дебильные юмористические шоу, дешевая бульварная публицистика  жизни звезд...

     Ана тілінің құнары мен рөлі туралы түсініктері осыған саяды. Мына соңғы пікірге қарап, бұлар оқыған  Қазақстан мектептерінде «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тарихы» секілді ұлттану пәндері өткізілді ме өзі деген күмәнді ойға да кетесіз тіпті...

     Бұл және мемлекеттік тілге деген қажеттіліктің жоқтығына анық мысал.   Аянышты көрініс.

     Елбасы Н. Назарбаев 2030 жылы түгелге жуық қазақша сөйлейді деп сендірді кезекті Жолдауында. Жиырма үш жылдың ішінде үйренбеген қазақшаны мына түрімізбен енді қалған он бес жылда құлағына құйып алады дегенге кім сенеді? Тәуелсіздігімізбен құрдас қара көз қыздарымыз бүгінде ана болды. Ұрпақ әкелді. Өзгеріс жоқ, сол баяғы «баюбаймен» баласын жұбатып отыр.

     Осы күні әбден мезі қылған, ығыр қылған бір тіркес бар, телебізірді басып қалсаң да, газеттерді парақтасаң да ділмарсыған көсемдер «бірлік керек, ағайын, бірлік керек»деп ақылгөйсіп жатады. Қандай бірлікті айтамыз осы? Ай қарап, ауа жайылмай, бірінші тілімізді біріктіріп алайықшы? Халықты біріктіретін не? Тіл! Тіл, тіл және тіл! Қай халық бір тілде сөйлесе, соның тілегі де бір, ниеті де бір, дастарханы да бір болады! Ақиқат қой? Ақиқат!

     Ал, екінші ащы ақиқат: біздің көп ұлтты Қазақстан да бір тілде сөйлейді анығында! Ол өкінішке қарай, мемлекеттік тіл - қазақ тілі емес, ұлтаралық тіл - орыс тілі. Орысша білмейтін адам жоқ Қазақстанда. Тіліміз келмесе де, оралымын келтіре алмасақ та сөйлейміз, әйтеуір. Орта жолдан келіп араласқан оралманның өзі тіл сындырып, кейбірімізді жаңылдырады осы күні. Себебі - қажеттілік! Егер мен орыс тілін білмесем - банкіге кіре алмаймын, егер мен орыс тілін білмесем, әкімшілікке қызметке тұрмақ түгілі «балабақша» да басқара  алмаймын, егер мен орысша білмесем, тіпті, пойыз жолсерігінен шайқасық та сұрап ала алмаймын.

      Ал, қазақша білмесем ше? Қылым да қисаймайды. Әдемі өмір сүрем. Қазақ жұртымен параллель өмір сүре беруге болады. Қазақ тілін тілге қатысты іс-шараларда, Қазақстан Халықтары Ассамблеясында, мадақ кештерде «сценарий бойынша» бір қайырып, бір шумақ ән айтып берсеңіз жетіп жатыр. Бітті. Театралды-бутафорлық қалыпқа түсіп, мазақ болған, қайран тілім-ай!?

     Осының бәрі керісінше болуы керек қой, дұрыс елде?

     Өзіңнің шұрайлы тілің тұрып, көршінің тіліне тәуелді болғаның не?

     Ұят емес пе? Осы біз неге ұялмаймыз?

      «Жаман үйді қонағы билейді» дейді бабаларымыз.

      Селт етпейміз.

      «Орыс болу үшін, қазақ болуы керек» дейді өзбек ағайындар.

      Мыңқ демейміз.

     «Өз жерінде тұрып, өзгенің тілінде сөйлейтін елді көрдім, ол - Қазақстан» дейді шетелдіктер.

     Қабағымыз да дір етпейді...

     «Ана тілің арың бұл...» дейді ақынымыз.

     Арланбаймыз...

     Неге армызды қорғамаймыз біз?

     2008 жылы Анапа қаласында өткен дәстүрлі бұрынғы постсоветтік елдердің халықаралық кинофестиваліне «Әкем екеуіміз»фильміммен қатысқаным бар еді. Әдеттегі конкурстық көрсетілімнен кейін кешкісін кең көлемде талқылау жүреді. ТМД көлеміндегі мүйізі қарағайдай-қарағайдай киносыншылардың бәрі осында. Талқылау өте еркін сипатта жүреді. Алдарына вино қойып, саусақтарына темекі қыстырып алып, сыңар езулеп сөйлей береді бәрі.

     Кезек маған келген. Отырғандар енжарлау көрінді. Бірлі-екілі сұрақтар қойылды.  Халім келгенше жауап беріп жатырмын. Орысша  әрине. Ит терім шықты. Мені менсінбейтіндей ме, қалай? Бір кезде кезекпен орындарынан көтеріліп мені төпелесіп-төпелесіп алды да, бокалдарын көтеріп жүре берді бәрі. Мәңгіріп кең залда жалғыз қалуға айналдым. Сол кезде бір армян жігіті қасыма жақындады, әлгінде ғана мені қорғап сөйлеген жалғыз адам еді өзі. «Бұлар сөйлей береді, фильміңіз жақсы» деген мағынада бірдеңе-бірдеңе деді де: «Сіз ағылшынша жақсы жазасыз ба?» - деді... «Сіз ағылшынша сөйлей аласыз ба?» деген жоқ, «қатесіз жаза аласыз ба?» деді. Менің «соқыр ұстағанынан жазбайды» деп, орыс тілінің шалғайына жармасқан күйі айырылмай әлі жүргенімді ол қайдан білсін.«Сіздің пікіріңіз керек еді» деді сосын...

     Ертесі күні Балтық жағалауы өңірінен келген латыш қызының фильмінің талқылауы өтті. Сол түтін. Сол вино, бокалдар... Қызымыз ширақ екен бірақ, өзі орысша тіпті сөйлемейді екен.

     «Мен, -  деді қызымыз, - егер сіздер түгел ағылшынша түсінсеңіздер, ағылшынша пікірлесер едік... Олай емес болғандықтан, өз тілімде сөйлеймін»... Осылай деп бір тықсырып алған қызымыз, сосын төкті өз тілінде. Аудармашысы аударып жатыр.

     Талқылау біткен соң кеше мені орысша тықсырған киносыншылар  ол қыздың қасына үйіріліп ағылшынша түсінісіп жатқанын аңғардым. Түрлері жылы, мүләйім.

     Менің жаман орысшам, киномды қорғауға да, өзімді қорғауға да әлі келмеді сөйтіп...

     Мұны неге айтып жатырмын? Көріп тұрсыздар, әлгі жап- жас армян жігіті де, қырмасақал грузин жігіті де, латыш қызы да орыс тіліне тәуелді емес. Олар өз тілін құрметтейді, олар қожайынның тілінде емес, халықаралық тілде түсінісуге мәжбүрлейді. Сол себепті де терезелері тең, жүздері жарқын. Сосын да өзіндік ұлттық өңі кетпеген, бәсі де, еңсесі де жоғары!

     Айтпақшы, әлгі қыз қортындысында фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алған сонда.    

     Авар ақыны Р. Гамзатовтың сөзін мыңыншы рет дәл осы жерде қайталауға тура келіп тұр. «Ана тілім ертең өлетін болса, мен бүгін өлуге дайынмын » дейді рухы өр, кеудесі биік ақын.

     Ал, біз не істейміз?!

 

Данияр Саламат

Abai.kz

0 пікір