Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 5739 0 пікір 21 Сәуір, 2014 сағат 13:27

ЖЫР МҰХИТЫНЫҢ ЖҮРДЕК КЕМЕСІ

Иә, уақыттың желмаясы жас кезіңде шөптің басын жүре шалғандай, байырқағандай болушы еді, қазір ежелгі сар желісіне салып, жер апшысын қуыра бастады. Алдағы ғасырлардың «Алладин қақпасындай» құпия есігінде бізді не күтіп тұр? Ана тілінің, қара өлеңнің жай-күйі не болмақ?
Бұдан 80 жыл бұрын Максим Горь­кий: «Біздің әдебиет – ұлы ойлар еңбек сіңіріп, жақында ғана мың түрлі гүлдермен құлпырып тұрған кең өлке еді. Енді, міне, надандықтың, қарабайырлықтың арам шөптері басып барады, тірі гүлдердің орнына қағаздан жасалған өлі гүлдер толып кетті» деп налыған еді.
Қалай дегенмен де, көзі жасаурап, көңілі босап, қисса оқып отырғандарды қазір кездестіре алмайтынымыз анық.
Бүгінде қасиетті қара өлеңнің кер жорғасын кез келген жүгенсіз мінді, қақпалап жүрді, ерқашты қылды…
Біреулер үй арасындағы бозбалашы­лы­ғын, қой үркіткенін, ит үргізгенін өлеңге айналдырып, арқандалған аттай аядай жерді шиырлап жүр.
Кейбір өлеңдер таздың басына құятын жып-жылы, божып кеткен айрандай жүрегіңді айнытады.
Сиырдың бұзауын жалаған жері секілді, тартылған бораздадай айқын­дал­ған, жылмиған бедерлі өлеңдерге зар болдық.
Содан соң амал жоқ, Ілияс, Қасым, Ғафу, Жұмекен, Төлеген, Сағи, Өтежан, Қадыр, Меңдекеш, Жұматай, Жарасқан, Темірхан, Сағат Әбдуғалиев, Есенқұл, Есенғали, Ғалымдардың кенелте жырлаған кесек жырларын оқып, мауқыңды басасың.
Осынау арғы-бергі салқар көштің кеуде тұсында келе жатқан, қазақтың талантты ақындарының тасбиығына ерте тізіліп, жасынан дарынымен жайтаңдап көзге түсіп, үйректің қасқалдағындай өрге жүзген өнерпаздың бірі – Ұлықбек Есдәулетов.
Ол жөргекте жатқанда өлең деп уілдеді десек күпірлік болар, бірақ ес білген кезден серігі десек қателеспейміз.

«Алтын балық бәрін бергенде, талант бере алмайды. Берер еді-ау, бірақ бұл ғажап қасиет оның өзінде де жоқ. Оны ешкім бере алмайды, ешкім тартып ала алмайды. Тек талантты боп туу керек» деген еді бір кезде Расул Ғамзатов.
Ауылында ақын бала атанған Ұлықбек, кеудесіндегі Алла берген дарын шоғын маздатып, шайырлар меккесі Алматыға да жетті.
Бет-жүзі қаздың бөтекесіндей томпиған сүйкімді науша жігіт аса қиналмай, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсті. Жаздың тапшы түніндей бес жыл да құйғытып өте шықты.
Жайлап жылжи отырып, дүниенің жұмысын тындыратын алқаптағы трактор сияқты, Ұлықбек оқу бітіргесін баспаларда редактор бола жүріп, өндірте жазды.
Шығармаларын қайта бір екшегенде бабалар рухы, туған ел, ару атамекен, ақ шариғат, әз махаббат, сағым көмкерген самиян дала – Ұлықбектің талайдан бері таусыла жырлап келе жатқан жеңсік тақырыптары екенін байқаймыз. Әсіресе, ғашық-машық, сүйіспеншілік жайына келгенде қаламы есіліп жүре береді.
Сүйсек біздер сүюші едік өртеніп,
Ал жек көрсек –
Жек көруші ек жеркеніп.
Сол бір дәурен тәтті еді ғой, дариға-ай,
Пәк едік қой болсақ-тағы боркемік.

Толқындары жуасыған сол арна,
Қайта-қайта қарғын құйса – толар ма?
Адамзаттың бәрін сүйіп шықсақ да,
Тұңғыш рет сүйіскендей болар ма?
Иә, махаббат меңдуанасына мас болған алғашқы балғын шақ өмірбақи естен кетер ме? Шекесінде көзі, аузында уәлі сөзі бар жігіт-желең бұл қанбазарға соқпай өте ала ма? Албырт шақта тұтанған махаббат отына сағыныш майын құйып, қартайғанша өшірмей жүретін жандардың бірі – ақындар ғой.
Қашан да дарынды жан тебіреністің нәрлі қабатына жетпейінше қағысы, шабысы үйлеспей, пұшайман күйге түседі. Ал енді сол құнарлы қабатқа жеткен кезде, шабыт көзі бұлақтай ашылады. Бұдан 40 жыл бұрын жазылған мына өлеңге құлақ түрейік:
Қыр үстін өртеп отымен,
Қырмызы жүзбен күн батты.
Қызыға қарап отыр ем,
Қайырылып атам тіл қатты:

«Батысқа, балам, қызықпа,
Батқан күн – біздің күніміз,
Көкжиек деген сызыққа
Сіңгенше ғана тіріміз.

Уақыт зулап улы оқтай,
Уатып өтер төзімді.
Сондықтан, балам, күн батпай,
Айтып қал айтар сөзіңді»
Бір қарағанда бұл өлеңде анау айтқандай алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ. Алайда айтар ойдың бар мәйегі соңғы шумаққа шоғырланған. Бейне бір өз атаңның қоңыр кеңесіндей құлаққа жағымды естіледі. Ең бастысы, Ұлықбек осы ғибратты ақындық ғұмырының темірқазығына айналдыруы еді. Былайша айтқанда, ерте есейді. Жүректің, шабытты көңілдің ауанымен қалам ­тербеп, нәрлі жырлар тудырды. Оның үстіне, Ұлықбек жасынан әдебиетіміздің небір жайсаңдарының қасына қосшы боп еріп, қолдарына су құйып, әңгіме-сырларына қанығып өсті. Бұл да екінің біріне бұйыра бермейтін қисапсыз орал, әсері мол қауышу…
Поэзия – тіршілік қалтарысының қайталанбас суреттерін қапысыз бақылауды, сарыла зерделеуді қажет ететін әдебиеттің ең бір қытымыр саласы. Ендеше, өлең шіркінді Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, төпеп болмаға­нмен төгілтіп жазғанға, сапырып болмағанмен сағына жазғанға не жетсін!
Кезінде Николай Асеев:
«Мне не бабушкино анахарство,
Не рецепты мудрых врачей.
Стих – единственное лекарство,
От бессонных долгих ночей» деп шын ақынның көразап бейнетін дәл суреттеген еді.
Міне, Ұлықбектің де 40 жылғы қисапсыз азабының азғантай өтеуіндей болып, 10-нан аса жыр кітабы дүниеге келді. Бұлар сөз жоқ, араға жылдар салып, толғана жүріп берген бірегей туындылары еді.
Әсіресе, ақынның табиғат туралы жырлары қан тамыры лыпылдап соғып тұрған жанды организм секілді. Оқырманның құлағына таудан аққан бұлақтың сылдыры, көлдің нар қамысының сыбдыры, шапқан аттың дүбірі естіліп, ғашық жүректің лүпілі сезілгендей болады.
Бозторғай сазы төгілген,
Буыныңды алар масайтып.
Осынау өндір өмірге
Кетерсің қалай қош айтып?!

Жүресің қалай бұл жерде,
Біреуге деген өкпемен?!
Біреуге деген қызғаныш,
Біреуге деген кекпенен?!
Сұлулыққа да санасы
Тазармас жанды жек көрем.
Енді «Қызыл іңір» деген өлеңін оқып қарайық:
Қалың орман қойнауына,
Қып-қызыл күн қонғанда.
Қарағайлар жол бойында
Қалың ойға шомғанда.

Қып-қызыл боп мұнартпай ма,
Қара жолдың шаңдағы.
Жеңілденіп қуантпай ма,
Іштегі ойдың салмағы.
немесе:
Көрдім мен кең дүниенің солғын шағын,
Сөніпті көкжиектен торғын сағым.
Бурыл бұлт бірсін-бірсін жер тарпиды,
Тамшысы бұрқылдатып жолдың шаңын.
Көбелектің қанатының өзі жел­піп жіберетін ақ борпылдақ жолдың шаңын алғашқы тамшылар қалай бұр­қылдататынын бәріміз де көрдік. Бірақ көз алдыңа елестетіп отырып, осылай жаза алдық па?!
Ақынның шеберлігі сонда, ол толға­нысын, әсерін інгеннің соңғы иіндісіндей етіп, сараңдықпен әрі сыздақтатып бере біледі, түрлі-түсті бояу гаммаларын іріктеп, құлпырта төгеді.
Иә, мына бірін-бірі қиып жеп жатқан алакүлік ғұмырда қуанышпен қатар, қасірет те ырғын екенін ақиық ақын Ұлықбек Есдәулетов қолына қалам ұстағаннан бері тынбай жырлап келеді.
Ұлықбек өнернамасындағы кең дүниеге кеудесін көлегейлемей сөй­лейтін азаматтық батылдықты, адамзат болмысының өрелі де өркешті сипаттарын тапжылтпай танитын суреткерлікті, өжеттік пен өткірлікті талай замандастары тамыршыдай тап басып айтты да.
Құдайға рас!
Безейік деп пе ек ардан біз?
Безбейік десек жан жалғыз!
Түңіле де алмай жаннан біз,
Айтқан да сөзден танғанбыз…
Жеме-жемге келгенде
Жағымызды аша алмай,
Зәремізді баса алмай,
Үрей буып, үн өшіп,
Ашылғандай алдан құз,
Біздер бұғып қалғанбыз…
Ауызды буып, жапсырып,
Тістедік тілді тас қылып.
Жақ ашуға жібермей
Басты-ау ауыз бастырық…
Тірлік үшін кем күндік,
Қанша үмітті жер қылдық.
Билікке біреу сөз айтса,
Жау көргендей жең түрдік.
Екілене есіріп,
Есесіне ел қырдық…
Бостандық деген құс еді,
Балапанын өлтірдік…
Құдайшылығын айтыңызшы, қоғам бетіндегі әдемі масканы быт-шыт қылып, бітеу жараның аузын жұлып, қанды өңез-іріңін ағыза айтқан Ұлықбектей ақын бар ма қазақта?!
«Құдай атасына бергенді ботасына да береді» дегендей, бұл шайыр да басынан сөз асырмайтын, әділетсіздік тасыраңдаған жерде ақ сайтаны атойлап, жыны қоза қалатын, Тәңірден басқа ешкімге «тәйт» дегізбеген кешегі аруақты Махамбеттердің заңды жалғасы еді.
Азаматтық ерліктің соқтықпалы сындарынан өтіп келген ақын адамдардан ел бірлігін, ірілікті, рухани тұтастықты талап етеді.
Қалай дегенмен де, Ұлықбек жырлары­ның астарында буырқанған өмір, екшелген кескіндер, қазының майындай жүрекке шық ете түсетін терең әсер, бойлатпайтын шүңейт иірімдер жатады. Алғыр ақын сан ғасырдың белгілі бір оқиғаларын тек ұлттық шеңберде ғана қарамай, оны ел мен жер, жер мен көк, адам мен қоғам, заман мен тарих мидай араласып кеткен жалпы әлемдік кеңістікте бейнелейді. Әлемді ғаламат үйлесімділікпен әрі зор хикметпен жаратқан бір Алланың тіршілікті пышыратпай ұстап тұрған құпия заңдылықтарына шұқшияды.
Маңдайыма жазылған пешенем дер,
Кімге керек мен кетсем осы өлеңдер?
Қоздап жатқан кеудемде қоламтаны,
Бұрқыратып бекерге көсемеңдер.

Күн түскенде төріне жер кепенің,
Сездім әлі сөнуге ерте екенін.
Сахарада сау қалған саяқ үміт,
Сені қиып кетпеуге серт етемін!
Осы бір шумақтарды бірінен-бірі сатылап өрбіп, сатылай биіктеп бара жатқан сарабдал ойшылдық демеске амалымыз жоқ. Ұлықбек Есдәулетов – сөзсіз қара өлең жазирасындағы, қала берді әлем поэзиясындағы ірі тұлға.
Негізінен суреткердің қиялы су шаянының сексен бөліктен тұратын мозайкалы көздері сияқты шалмайтын қиясы жоқ, сондықтан да оның шығармаларындағы астары терең ишараларды кейде кәнігі сыншылардың өздері де байқай бермейді.
Келе жатып қалың бауда,
Жалғыз аяқ соқпақпен.
Сәл отырып дамылдауға,
Бір түбірге тоқтап па ең?

Сұлулыққа тамсандың ба,
Қызыл бұлтты іңірде?
Сонда бір сәт зер салдың ба,
Астыңдағы түбірге?
Сырын желге толғамайды,
Өркені жоқ томаршық.
Қабықтан жас сорғалайды,
Қалсаң егер сен аршып …
Осы бір «Түбір» деген өлеңнің де философиялық астары терең. Бейне бір орта ғасырдағыдай әлдісі әлсізін дал-дұл етіп, паршалап жатқан қу тіршілікте әлгі түбір секілді оталып түскен ғаріп пен қасерлер аз ба?
Сөз жоқ, Ұлықбек талғамы мен ізеті мол, талабы қатал ортадан тәлім алған талантты тәлабалардың бірі.
Иә, ел мұқтажын айтып, аттандай бастасаң, батпандай проблема табасың.
Алайда халық тағдыры саудаға түскенде өрттей қызарып, тайсалмай сөйлейтін, я болмаса шерлі өлеңдерімен шенділердің өзегіне шоқ тастайтын шандоз шайыр ештеңеден тартынбады.
«Балаң жас, атың белгісіз кезде айтқан қарсы пікірлерің – айға шапқан арыстанның әрекетімен бірдей. Ел қамы үшін сөйлеуге – үлкен еңбек иесі, атақты адам болуың керек, сонда ғана сөзің өтеді» деп еді бір кезде Мұхтар Әуезов.
Осы орайда бозбала шағынан бастап, шашы бозала болған кезге дейін өзінің сара бағытынан айнымаған адуын ақын соңғы жылдары ұлт мұң-мұқтажына аянбай атсалысқан рухани мехнаткер дәрежесіне көтерілгенін айтпай кетуге болмас.
Жүргізе алмас перғауынға Мұса әмір,
Әмір етсе – Жаратқанның ісі әділ …
Шерін төккен шайырда жоқ бет-перде,
Тіліне ешкім сала алмайды тұсауыл! – десе, енді бірде:

Үріккен елі үдеріп,
Үңірейген көшесі,
Ұлын жоқтап жыр өріп,
Ұлып қалған шешесі.
Ұжданы – еш, тұзы сор боп,
Ұланы – опат, қызы қор боп,
Ұрпағының жүзі шер боп,
Үдірейген ұлы Үстірттің төсі осы…
Үзілмеген үміт қалса,
Үгілмеген жігіт болса,
Үкілеген үмбет барда қайтар бір күн есесі!–
деп келіннің тойы, кемпірдің өлімі емес, ердің құнын, нардың пұлын даулайтын, ердің арысы, елдің намысы сынға түскен кезеңде Ұлықбек ақын айбарлы жырларын ақ жамбыдай көкке атады …
Мұндайда ақын үшін қайнаған күйікті басар дәру өлең ғой. Біздің ауырған жерлеріміз көп, бірақ солардың ішінде ерекше қан қақсатқаны осы бір қаныпезерлік болатын.
Қалай дегенмен де, жандалбасаға ұшыраған адам баласының хаос кезіндегі жан дүниесін, жантәсілім етер алдындағы бұлқынысын дәл Ұлықбек өлеңдеріндей жеткізе алатын шығарма кемде-кем.
Өлеңнің сюрреалистік қалпы қоғамдағы дауасыз дертті тамұққа теңейді.
Несін айтасың, сол зобалаңнан кейін халқымыздың арсызы семірді де, арлысы жүдеді ғой.
Ақиқатын айтқанда, Ұлықбек әуелі от көсеп алып, артынан «япырмай, не істеп қойдым, осы әрекетімнен опық жеп қалмас па екем» деп үрейге салынып, үркіп жүретін жандардың санатынан емес еді.
Өне бойы уақытпен үзеңгі қағыстыра жүретін даңғайыр ақынның құз жағалаған жалғыз аяқты сайтан көпірдей қиямет-қайымнан жанын жалдап өтуі бір бұл емес.
Оның ақындық тұлғасын қасқайта көрсету – үлкен ізденісті, тебіреністі қажет етеді.
Сонда да болса, алпыс рет қар басқалы отырған қазақтың қабырғалы шайырының өнернамасына аз-кем тоқтала кеткенді жөн көрдік. Сараңдау болса да, шын көңілден шыққан ақжарма тілектің бәсі, нарқы бөлек қой!
Бір қуанарлығы, кешегі Сырбай, Ғафу, Мұқағали, Қадыр, Тұманбай, Сағи, Әбіш, Жұмекен, Темірхан, Жарасқандар кекілін тарап, жалын сүзген жайтаңдаған жас құлындай Ұлықбек бүгінде зар күйіне келген нағыз тарланбозға айналыпты.

Уақытқа да бас иместей
Шіренген,
Кейпімде бір ғажап ғұмыр
сүрер ме ем?! –
Сағатыма қарамаймын,
Өйткені
Жүрегімнің уақытымен жүрем мен,–дейді ақын бір өлеңінде.
Дұрыс. Дыбысы кейде жарылатын минаның сыртылындай сол сағат құрғырдың қажеті қанша! Өз жүрегіңнің уақытымен жүргенге не жетсін, Ұлеке!

Жұмабай Құлиев

Дерекөзі «Ана тілі» газеті

0 пікір