Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Қоғам 6281 0 пікір 23 Сәуір, 2014 сағат 11:37

ҮКІМЕТ ПЕН АУЫТТЫҢ НАЗАРЫНА!

«Үһ» деп тыныш ұйықтауға әлі ерте

Facebook.com әлеуметтік желідегі жеке парақшасында көші-қон мәселесін талмай жазып жүрген abai.kz ақпараттық порталының белгілі авторы әрі Астанадағы тілшісі Ауыт Мұқибек мырза: «Енді бір «үһ» деп тыныш ұйықтайтын болдық қой!» депті. Біз, әрине, Ауыт мырзаны түсінеміз: осы ұлы көш тоқтап, тоқырап қалған бетте-ақ оның жарғақ құлағы жастыққа тиген емес. Жазды. Көзқарас, пікірін ашық білдірді. Тіпті нағашысына – Елбасына да үшбу хат жолдады. Оның бәрін жұрт көріп, оқып біліп отыр. Сондықтан көштің бетін бері бұрғызғандардың бірі ретінде ол кеше тыныш ұйықтап шыққан болар. Себебі: Ауыттың жанайқайы, Рахым Айыпұлы бастаған өзге де азаматтардың үні ақыры қазақ Үкіметінің құлағына жетіп тынса керек: кешелі бері Премьер-министр Мәсімовті айтып мәзбіз. 2010-2012 жылдары қазақ көшін Үкіметтік деңгейде қаулы қабылдап тұрып тиып тастаған (сол кездегі атқарушы биліктің төрағасы) Кәрім Қажымқанұлы Үкімет басына қайтып келген соң  қате жіберіп қойған ісін түзеп, үлкен азаматтық жасады! Abai.kz ақпараттық порталын кейбіреулер билікті үркітіп-қорқытып, жау шақырып, елге дұспандық сағынып, қағынып қана отыратын интернет-газет деп біледі. Сол сорлы түсінігін көрінген жерге тықпалап әуре. Жоқ, олай емес, Abai.kz барды – барынша бағалауға, жақсылықты жария етуге әркез дайын. Бірақ, мүләйімсіп, тәлімсіп, жағайымсып, жымысқыланып, билікке жәреукеленген болып, жақсы аттанып, содан соң ақпарат майданында дамыл таппай жүрген әріптестердің әрекетінен жаулық көріп отырмайды. Бұлай істеу әм ойлау -  санасы қортық бейшараға ғана тән. Сондықтан Abai.kz ақпараттық порталы Үкіметтің, кешегі  Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ханымның журналистерге жария еткен жағымды жаңалығын бек құптай отырып, мына жайттарды қайыра еске салады:

- Үкімет осының алдында көші-қон мәселесіне салқынын тигізген барлық қаулы-қарарлар мен заңдардың күшін жойып немесе тиісінше түзетулер енгізуі керек. Өйткені, мазмұны қайшы заңдар мен қаулылар қазақ көшіне тағы да залалын тигізеді. Оны көш басталғалы бергі жылдардан жақсы білеміз.

- Қытайдан көшіп келетін қандастарымызға Қазақстан азаматтығын беру мәселесін ҚХР Елшісінің құзырынан қайтарып алу керек. Толайым бөтен елге азаматтық берудің анықтамасын қолына ұстап отырған елшілік ешбір елде жоқ. Бұл – Елшінің миссиясына жатпайды.

- Көшіп келген бауырларымыздан қылмыс жасамағаны туралы анықтама талап етілмеуге тиіс. Мысалы, Қытайда істі болған, заң алдында жауапқа тартылған тұлға шетелге шықпайды. Ресми түрде рұқсат жоқ. Демек, Атажұртына ат арылтып, тон тоздырып жеткен қазақ – қылмысқа қатыссыз таза қазақ. Ол қазақтан «қылмысқа қатысыңның жоқтығын растайтын құжат әкел» деп қанша дігірлегеніңмен қытай хүкіметі ондай анықтама бере алмайды. Міне, екі ел арасындағы көші-қон жайына қатысты осы бір аз ғана сәйкессіздіктің өзі көштің іркілуіне себеп тудырады.

- Қытайдан келетін қандастарымызға сол елдің азаматтығынан шығып келу дейтін орынсыз талап қойылмауы тиіс. Өйткені Қытай елі шетел азаматтығын қабылдаған өз тұрғынын автоматты түрде шығарып тастайды. Ал алдын ала азаматтығын қайтарып алу дейтін тәртіп ол елде жоқ. 

- Жоғары оқу орындарында білім алып жатқан оралман бауырларымызға жатақхана тіркеуінде тұрып, Қазақстан азаматтығына құжат өткізуіне мүмкіндік жасауымыз керек. 

- Тұрақты тіркеу тез шешімін табуы тиіс басты жайттардың бірі.

- Көші-қон ісіне көштің ыңғайын білетін, тәжірибесі бар, ысылған азаматтар тартылуы қажет.

- Көші-қон агенттігі қайтадан құрылуы керек.

-  Көшіп келген ағайынды жерсіндіру, қазақ өкіметінің заңдарымен таныстыру, тұрмыс-салт жайын ұқтыру осы агенттікке жүктелуі керек.

Ұлы қазақ көші өзінің қазаққа, Тәуелсіз мемлекетіне аса қажет екенін қасарысқан күштердің  қолдан тудырған қиындықтары мен қарсылығына қарамастан кейінгі бір-екі айдың ширегінде дәлелдеп шықты. Өзіне деген ділгірлікті тудырды. Демек, Мәсімов Үкіметі пәрменді қимылдап, ал, Ауыт мырза оның әр қадамын қадағалап, игілікті істердің жаршысы болып отыруға міндетті. 

Abai.kz 

0 пікір