Жұма, 19 Сәуір 2024
Күбіртке 6393 0 пікір 24 Сәуір, 2014 сағат 10:07

ШАДИЯР МОЛДАБЕК. ДӘРІГЕРЛЕРДІ МЕҢДЕГЕН "ДЕРТ"

 Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау саласының басшысы Жұмағали Исмаилов бас дәрігерлердің қашан пара алатынын алдын ала  біліп, дер кезінде жұмыстан босатып отыратын керемет қасиеті бар болып шықты. Бұл туралы сәл кейінірек.  

  «Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы аудандық емханасының бас дәрігері Оралбай Садықов 30 миллион теңгеге жуық қаржыны жымқырыпты» дейді бір оқырманымыз. Қалайша? Осынша қаржыны жымқырған адам орнынан қозғалмай отыра беруі мүмкін бе? Біздің ойымызға келген алғашқы сауалымыз осы болды. Мұның жауабын білмек мақсатта бас дәрігер О.Садықовтың өзіне телефон шалдық.

- 29 751 мың теңге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғанын жоққа шығара алмаймын, бірақ, ол ақша бюджетке қайтарылатын болды. Ешкім оны қалтасына салып әкеткен жоқ, мекеменің өз мұқтаждығына жаратылған. Дәлірек айтқанда, мекемеге медициналық-техникалық жабдықтар алуға бөлінген қаражат қордаланған қарыздарды жабуға, яғни басқа мақсатқа жұмсалып кеткен. Мен жұмысқа жаңадан келген кезімде бас бухгалтердің міндетін орындап отырған адам осындай бухгалтерлік қателіктерге жол беріп алған.

- Қателіктерге жол бергендерге шара болды ма?

- Иә, бухгалтер қатаң сөгіс, мен сөгіс алдым...

 

 Түркістан жақтан хабарласқан оқырман қаладағы бір медициналық мекенің басшысы қаржы полицейлерінің құрығына іліккені жайлы әңгіме желдей есіп жүргенін жеткізді. Әрине, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны анық. Сенімді дереккөздерінен сұрастырсақ,  Түркістанда  бір бас дәрігер істі болғанын растағанымен, әзірге тиісті органдардан ресми түрде мәлімет таратылмапты. Кім білсін, жел сөз шығар дедік. Сөйте тұра өздігімізше мәлімет жинап көрдік. Белгілі болғанындай,  елдің сөзіне іліккен бас дәрігері наурыздың 10-нан бері жұмыста жоқ екен. Құқық қорғаушылардың құрығына ілікті деген ол ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау жөніндегі қолхатпен босатылған деген ақпараттың да анық-қанығы белгісіз. Ал, оның жұмыстан босатылған, босатылмағанын, босатылса не үшін екенін білмек оймен Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Омароваға хабарласып көрдік. Айжан ханым сұраған ақпаратқа «бұл бос сөз» деп қысқаша ғана өз уәжін білдіре салуға мүмкіндігі бола тұра тек жазбаша түрдегі ресми сауалға жауап жолданатынын айтқанда қауесет босқа шықпаған ба деген күдігіміз күшейе түсті. Хош делік, ол сұратқан сауалды жолдадық, оған жауап та келіп қалар. Сол себепті, бұл оқиғаға қатысты нақты себеп-салдарға алдағы уақытта  кеңінен тоқталармыз.

Кентауда ерлі-зайыпты бас дәрігер мен меңгеруші жұбынан зәбір көрдік деп жүргендер көп. Ол жақтағы оқырманымыздың айтқан ақпаратына журналистік зерттеу жүргіздік. Алдымен, денсаулық сақтау министрінің ресми блогына жолданған арызбен танысып көрелік.

«...Сәлеметсіз бе, министр ханым! Біз ОҚО Кентау қалалық емханасының қызметкерлері бұдан бұрын да жазғанбыз! Бізде болып жатқан біздің кәзіргі кезде бала күтімі демалысында жүрген бас дәрігер А.Давитова мен жұбайы ЖМЖС бұрынғы бас дәрігері Е.Қалымбетовтың заңсыз әрекеттері ұжым тұрмақ бүкіл қаланы, облысты дүрліктіріп жатыр. Атап айтсақ, А.Давитоваға және жұбайына Е.Қалымбетовқа қатысты қаржы полициясының, финконтроль, фарм контроль тексерулері барысында ҚР қылмыстық кодексінің 307, 177, 314, 314 баптары бойыншы қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүруде. Олар қызмет бабын пайдаланып үкімет қазынасынан бірнеше миллион теңге ұрлаған, жедел жәрдем машиналарын сатып жіберген. Енді осындай дәлелді айғақтарға қарамастан А.Давитова ОҚО денсаулық сақтау басқармасына қайта жұмысқа түсуге өтініш беріп жатыр деп естідік, ал Е.Қалымбетов ЖМЖС басшысы қызметіне қайта оралу үшін соттасып жүр. Бұл кісілер Кентау қалалық емханасын және барлық бөлімдерін жеке меншік қылып алған!!! Бұлардан басқа басқаратын адам жоқ па? Қалай бұл кісілерге осындай ұжымды, қала халқын сеніп тапсыруға болады? ҚР денсаулық сақтау жүйесінде осындай әрекеттерге жол бермеуіңізді сұраймыз! Сіздің тарапыңыздан басшылыққа алып, бұл кісілерді қайта келтірмеулеріңізді, жазасын берулеріңізді сұраймыз! Біз бұл өтініштерімізбен барлық құзырлы органдарға шағымданамыз!».

Түсінікті болу үшін өзін Мейрамгүл деп таныстырған арыз иесінің министрдің блогына тастаған шағымын үтір-нүктесіне дейін өзгеріссіз беріп отырмыз. Байқасақ, мұндай арыз бір емес, бірнеше рет берілген және облыстық денсаулық сақтау басқармасынан ешқандай үміт күтпеді ме, әйтеуір, минстрге шағымданыпты. Осыдан-ақ, Кентаудың денсаулық саласында дау ушығып тұрғанын байқауға болады. Тағы бір ескеретін жайт, түтіні алыстан көрінетін бұл дау-жанжал  бүгін немесе кеше емес, жылдан жылға жалғасып келе жатыр.  Бірақ, дауға әлі күнге дейін нүкте қойылмаған. Министрдің жауабынан ұққанымыз, Кентау қалалық емханасының жедел жәрдем стациясының меңгерушісі Е.Қалымбетов 2013 жылдың 14 тамызында жұмыстан босатылыпты. Оның жұбайы – бас дәрігер А.Давитова да дәл бүгінде жұмыста жоқ. Алайда, дау тоқтады деп біржақты айту қиын, сотта да қаралып жатыр. Осындай ырду-дырдуға толы, айқай-шудың алаңына айналған салада сырқаттың дертін жазу былай тұрсын, өздерін дендеген дерттерінен де айығу оңайға соқпайды-ау.    

 Ал Шымкенттегі жедел жәрдем станциясының басшысына қаржы полициясы тарапынан құрық салынғаны жайлы ақпарат тарағанына көп бола қойған жоқ. 368 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен. Қарамағындағы қызметкерін өз жұмыс орнында қалдыру үшін.  Бұл қаржы полициясының ресми ақпараты. Солай бола тұра бүгінде «пара алған жедел жәрдем станциясының басшысы бірнеше күн бұрын жұмысынан өз өтінішіне сәйкес босату туралы денсаулық сақтау басқармасына арыз жазып беріп қойған екен» деген әңгіме  ел аузында желдей есіп жүр. Жарайды солай-ақ болсын, егер жедел жәрдем станциясының басшысы   қызметімен қош айтысуға   арыз жазып қойса, пара алатын күнін күтпей-ақ неге ол біржолата қызметінен кетпеген? Әрине, бас дәрігердің  пара алар алдында жұмыстан босап кеткені жайлы  деректі әлі ешкім ресми түрде мәлімдеген жоқ. Бірақ, біз өздігімізше білмек оймен жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің қабылдау бөлмесінің телефонына хабарласқанбыз. Сөйтсек, бас дәрігер Б.Омаровтың өз өтініші бойынша қызметінен кеткенін білдік. Демек, бұл әңгіме босқа айтылмаған болып тұр ғой. Мәссаған безгелдек! Мұндай дерек расталса, онда Жұмағали Исмаиловтың көріпкелдігіне баршамыздың қос қолдап шапалақ соқпастан өзге амалымыз қайсы? Сонда Исмаиловтың қарамағындағы қызметкерлерінің қашан пара алатынын алдын ала дәл біліп, дер кезінде жұмыстан босатып отыратын керемет қасиеті болғаны ғой.  

Енді мына жайтқа назар аударайық. «Өзі тағайындаған қарамағындағы басшы адамның сыбайлас жемқорлық әрекеті әшкереленсе, онда оны қызметке қойған адам отставкіге кетуі керектігі» Астанадағы алқалы жиындарда жиі айтылып жүр. Бұл қатаң талапты жақсы білетін Жұмағали Исмаилов бас дәрігерлерін пара алар алдында жұмыстан өз еркімен босатылды деп бұйрық шығарып отыруға машықтанып алса,  мұнысы жұртты ақымақ санауға жатпай ма? Ау, ақиқатын айтайықшы, бас дәрігерліктен босап кеткен жұмыссыз адамға біреу барып пара тықпыштайды деудің өзі күлкілі емес пе? Ерекше ескерер жайт, қаржы полициясы Шымкенттегі жедел жәрдем стансасының басшысы парамен ұсталғаны туралы таратқан ресми ақпаратын қорғап қалуға қаншалықты табандылық таныта алатынына тақсыр уақыт төрелік айтар.  

Оңтүстік Қазақстан облысы

Abai.kz       

0 пікір