Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
46 - сөз 10609 0 пікір 24 Сәуір, 2014 сағат 13:20

АТАДАН ЖЕТКЕН АСЫЛ СӨЗ. ШАЛКИІЗ ЖЫРАУ

***
Бұз үстіне от жаққан,
Бұзмай бұлан пісірген,
Мен иемнің бөрлі ала тасы едім.
Иә, ием, сенің сырың мен білем,
Менің ием би Темірдің әрі өзім
Жау көрген күн жүрегінің басы едім
Көз үстінде қасы едім!..

***
Қатынасы биік көлдерден
Қатар түзеп қу ұшар,
Алға caп тіз оқ ата көрмеңіз,
Қандыауыздан сыйлы жебе сайламай;
Атаның ұлы ер жігітке
Арту-арту бел келер,
Оқтан қатты сөз келер.
Алға caп жауап бермеңіз,
Арғы түбін ойламай!
***
Op, ор қоян, ор қоян,
Ор қоян атты бір қоян,
Он екі көжек атасы –
Қаудырқұлақ шал қоян
Жүйрікпін деп мақтанбас,
Жүйрікпін деп мақтанса,
Ұзын жолдың үстінде
Оралып ойнап тұрған
О дағы бір құба арланға жолығар!
***
Алма мойын сам үйрек
Ана Еділден көксіген,
Көлді тастап, қырға ұшса,
О дағы бір тарланға жолығар!
Далада құлан, домбай шұбырса,
О дағы бір егеулі оққа жолығар!

Тағыдай түн түре қараған,
Таң берісіп жусаған,
Тарпаңдай тізесін бүгіп су ішкен
Арқада мезгілсіз жылқы жусаса,
О дағы бір аш қасқырға жолығар!

Сөйлегенде сөзі аузына сыймаған,
Еріккенде қызыл тілін тыймаған
Ғақбытлы сол жаман
О дағы бір пәлеге жолығар!

Атадан алтау тудым деп,
Салмақтама немеңді.
Салмақтасаң немеңді,
Тәңірі тесер төбеңді:
Бір жеке туғанға жолығып,
Өкпесі сонда торығар.

"Ана тілі" газеті

0 пікір