Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 8108 0 пікір 28 Сәуір, 2014 сағат 10:54

КӨШІ-ҚОН: ТОСҚАУЫЛДАР ТОҚТАТЫЛСЫН!

Қандастар үшін тұрақты тіркеуге тұру – қияметтің қыл көпірі. Бұл жайт  шетелдегі 7 миллион қандасымыздың ішінен Ата жұртқа оралғысы келетіндердің  жолын қиындатып-ақ  тұр.

Қазақстанда көші-қон мәселесі бойынша жаңа өзгерістер басталып кетті. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 20 наурыздағы № 248 қаулысы көші-қон мәселесіне қатысты кедергілерді жоюға үлкен септігін тигізді. Атап айтсақ:

Азаматтық алу үшін қазақстанда тұру 1 жылға қысқарды;

Қандастарымыздың еліміздің қай өңіріне баратындарына қарамай, Оралман мәртебесі  берілетін болды;

Азаматтық алуда қарастырылған міндетті төлемнен босатылды;

Үкімет белгілеген 7 аймаққа баратындарға мемлекет тарапынан әлеуметтік пакет қарастырылып, мемлекеттік атаулы көмектер мен жалдамалы үйге ие болудың мүмкіндігі туып жатыр. 

Бұдан өткен қуаныш бар ма?! Қуандық,  сүйінші сұрадық. Алайда сүйінші сұрауға әлі ерте ме деп қалдым. Себебі:  осы 4  түрлі мүмкіндікке ие болудың алғы шарты – тұрақты тіркеуге тұру.  Мәселенің үлкені осы жерден басталады.  Қысқасы, тұрақты тіркеугетұра алмасаңыз бұлардың біреуіне де ие бола алмайсыз.

Кедергі Ішкі Істер Министрлігінің қолымен жасалуда

Тұрақты тіркеуге тұру үшін қажетті қол жетпейтін немесе қол жеткізу қиын құжаттар бар. Бұл, әсіресе, қытайдың аранына кетіп бара жатқан қандастарымыз үшін ауыр тиіп тұр.

Қандастарымызды «Тұрақты тіркеуге тұрғызу» мәселесімен Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігінің құрамындағы Көші-қон полициясы айналысады. Аталған полицияның қазірше бұл мәселеде Үкіметпен де,  Қытайдың Қазақстандағы Елшілігімен де бірлесіп жұмыс істей алмай отырғаны белгілі.

Қысқасын айтқанда,  қытайдан келетін қандастарымыз үшін заңдық сипаты анықталмаған  екі «Анықтама»  және бір «тентіреу» бар. Олай дейтініміз – «анықтамаларды» алу және беру жағында екі елдің заңдық негіздері қарастырылмай, өзара қарама-қайшылық тууда. Ал оның зардабын қарапайым халық тартады.

Біріншісі, «Сотталмады» деген анықтама. Онсызда Қытай үкіметі сотталған адамдарға төлқұжат беруді «заң жүзінде тиым салған». Қазақстан тарапы Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі арқылы бұл мәселені анықтамай отыр.

Екіншісі, «Қытай азаматтығынан шыққаны туралы анықтама» керек. Бұл анықтаманы алу үшін Қытай тарапы «шетелдің азаматтығын алғандығы туралы анықтаманы» талап етеді. Бұл екі елдің көші-қон мәселесінде үйлеспей келе жатқан қарама-қайшылықтың бірі.  Екі ортада қандастарымыз осы себептен Қазақстан аумағында тұрақты тіркеуге тұруға заңдық тұрғыда мүмкіндік ала алмай отыр.

Үшіншісі, «Тентіреу». Осы анықтамаларды алу үшін тағы да Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне жүгіну керек. Әр кәмелетке толған бала елшілікке өзі келуі керек. Сөйтіп, мыңдаған қазақ алыстағы ауыл-аймақтан жиналып, «өшіретке» тұрып, бір жапырақ орысша «справка»  үшін ақшаларын шашып, табанынан тозуы керек. Бұған үкіметтің құлықсыздығы адамды намыстандырады әрі жігеріңді жасытады. Төмендегі пікірлерге көз жүгіртіңіз:

Ауыт Мұқибек, ақын, қоғам қайраткері, журналист:

- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 ақпанда № 111 жаңа қаулысы шықты (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1400000111#z21). Бұл қаулыда да   қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруы үшін қиындық тудыратын мәселелердің бірі де    ескерілмеген. Құрметті ағайын, Қытайдан көшіп келген қандастарымыздың Қазақстанда тұрақты тіркеуде тұру-тұрмауын Қазақстан үкіметі емес, Қытай Елшілігі белгілейді. Осында белгіленген жеті облыстың бірінде қалуың үшін Астана мен Алматыдағы Қытай Елшілігінен  қызыл «Справканы» алуың керек! Ең қорлығы сол – Қазақстанның қай түкпіріне қоныстан, бәрі бір, «Справка» алу үшін бала-шағаңды шұбыртып Елшілікке баруың керек. Сонымен, байқұс бауырларымыз бір жапырақ қағаз деп қазақ даласының о шетінен бұ шетіне сабылып жүр!

Мен ҚР Үкіметінен осы анықтаманы талап етуді тоқтатуын сұраймын.  

Рахым Айып, қоғам қайраткері:

Соңғы жылдары заңға біраз өзгерістер енгізілді. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, үкіметтің 2011 жылғы №362 қаулысынан кейін көп нәрсе өзгерді. Бұрын қаулының бәрінде «этникалық қазақтардан басқа» деп жазылатын еді. Бұл оралмандарға қолайлы жағдай туғызды. Кейіннен «сотталмаған» деген анықтаманы талап ету басталды. Осы мәселе бойынша Қытайдың консулымен сөйлескенім бар. «Мәселен, Қытайдың шетелде 60 миллиондай диас­порасы бар. Оның бәрі консулдың алдында кезекте тұрса, бар жұмысты қойып, соларға ғана қағаз берумен айналысайық. Бізге мұның керегі жоқ. Қытайда «қылмыскер болса, шетелге шықпайды» деген заң қабылдадық. Ондай адам керек десе, Қытай Халық Республикасы қарсы емес. Тіпті, паспортына да жазып береміз. Басқа талабымыз жоқ. Қалғанын өз үкіметтеріңізге айтыңыздар», – деп жауап берді ол. Сонда, осыншама адамды сорлатып жатқан өзіміз емес пе? Басқа не дейміз?

 

Қайрат Байтоллаұлы, «Отандас-ел» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы:

-  Қандастарымызға азаматтық әуелгідей неге 3 айда берілмеске?

«Нұрлы көш» бағдарламасы неге белгілеген 7 облыста қайтадан қолға алынбасқа?

Жақындағы жылдардан бері оралман студенттердің саны күрт азаюда, бұрын олар өздері оқып жатқан оқу орындарының  жатақханаларына тіркеліп, сол орыннан ҚР азаматтығын алып шығатын, сөйтіп олардың елімізде қалып жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалған еді. Ал, қазір мүлде басқаша, азаматтық ала алмайды, азаматтығы болмаған соң, тұрақты тіркеуі болмайды әрі жұмыс таба алмайды. Соңында  келген еліне кері қайтуына тура келеді. Неге мұны жөнге келтірмеске?

Жалпы алғанда, ҚР үкіметінің жанынан оралмандарды отанына бейімдеу әрі оралман көші-қонын реттеп отыратын арнайы көші-қон агенттігі керек деп білеміз. Қандастарымыздың ҚР азаматтығын алудағы жоғарыдағыдай қиыншылықтар мен олардың елге оралуына жасалып отырған түрлі кедергілерді жойылса ғана оралман көші көлікті болары хақ.

  

Ерзат Батайұлы, ҚХР режиссер: 

-Қытайда тұрақты тіркеу деген бар. Одан шетелдің азаматтығын алғаннан кейін барып шыға аласыз. Ал Қазақстанда тұрақты тіркеуге тұру үшін шет елдегі тұрақты тіркеуден шығуың керек екен. Қазақстан азаматтығын алу үшін немесе тұрақты тіркеуге тұру үшін «Қытай азаматтығынан шықты» деген анықтама керек, ал, «Қытай азаматтығынан шықты» деген анықтама алу үшін «Қазақстан азаматтығын алды» деген анықтама керек. Осыған кімнің басы жетпей жүр?

Қанатбек Қалымханұлы:  

- Қытайдың қазіргі территориясында қалып қойған қазақтардың елге оралуына әуелі Қытай елінің қолдан жасаған көп кедергісі себеп болып тұр. Сосын елге келгеннен кейінгі жұмыс қамы. Əрине, сондағы наны мен қара басының қамын қимай жұрген талайы бар. Қытай қазағын «Көшіріп алу» дегеннен гөрі «Құтқарып алу» деген дұрыс. Қара тасқын қазақтар тұратын ұш аймаққа қаптап келеді. 30-50 жылда қытайдағы қазақтар қытайлысып кетуі мұмкін. Есі дұрыс адамға қазақ елінің осы жолы батыл шешім жасап, қазақтарды елге шақыруы – төрге шақыруы емес пе?!. Келгісі келмесе,  өздеріне сын. Бір диплом,700$-мен келген едім, иншалла,харекет қылған адамға Алланың берері бар. «Қазақ емес, «оралмансың» деген  дəу қалпақты киіп жүрсекте, ұрпағымыздың азат елдің азаматы болғаныннан артық бақыт бар ма? Қазақ елі  түркілескен мұсылман ел болады. Осы елде Алла берген ұрпақтарды тəрбиелеп, қатарға қосу – үлкен бақыт қой.

Ұларбек Дәлейұлы, ақын:  

- Қытайдағы қазақтардың нақты саны – 2 миллионнан асады. Өкінішке орай, жаңа келген Ши басшы мемлекет тәртібін тіпті де қатайтып, сұмдық жылдамдықпен қытайластыру саясатын бастап жіберді. Ондағы қазақтардың тағдырын алдағы 10 жыл белгілейді. Сол аралықта көшті өте жылдам қарқынмен жүргізу керек. Қазақ Елі бауырларын ешқашан өзектен тепкен емес, теппейді де. Тек, биліктегі орыстанған аз ғана адамдардың теріс көзқарасын есепке алмағанда, бәрі жақсы ғой. Тағы бір жағынан қарағанда, Кедендік Одақтың кесірі олардың келуіне көп кедергі келтіріп тұр. Ол одаққа кірерден бұрын, қытайдан келетін қазақтар егістік пен мал шаруашылығына қажетті   техникаларды   өздерімен бірге ала келетін. Ол техникалар – сол кездегі заң бойынша көшіп келе жатқан отбасының мүлкі ретінде қаралып, ешқандай кедендік салық алынбайтын. Ал, қазір тіпті, теледидар, мұздатқышқа дейін алып өту қиынның қиыны болып қалды.

Қысқартып айтқанда, Қазақстан Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігі, Қазақстан Республикасының Еңбек және Әлеуметтік қорғау Министрлігі, Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер Министрлігі және Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі өзара келісе отырып осы мәселені шешіп беруін үміт етеміз.

                                                                                                                                                            Ұсыныс пікірлерді топтастырған – Бейсен Ахметұлы

Abai.kz

Оралмандарды қоныстандыру үшін белгіленген өңірлер

1. Ақмола облысы
2. Атырау облысы
3. Шығыс Қазақстан облысы
4. Батыс Қазақстан облысы
5. Қостанай облысы
6. Павлодар облысы
7. Солтүстік Қазақстан облысы

0 пікір