Бейсенбі, 6 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 95942. Жазылғандар — 68871. Қайтыс болғандар — 1058
46 - сөз 3879 0 пікір 28 Сәуір, 2014 сағат 14:57

«Өтті жылдар жанға жара үстеген…»

Өмірде ешқашан көрмеген, білмеген ақынның өлеңдерін оқып, еңбектерімен танысқанда ол кісіні өмір бойы білетіндей, ес білгелі араласқандай әсер алуды ақын, жазушы, аудармашы, журналист Сатыбалды Даумов шығармаларын оқыған кезде білдім. «Жалын-ғұмыр», «Қазына», «Сонау бір тұрған Нарында…»деген жыр жинақтарының, «Тауқыметті тағдыр» атты Алма Оразбаеваның өмірін зерттеген публицистикалық жанрда жазылған кітаптың авторы.
Г. А. Бюргерден «Барон Мюнхгаузеннің басынан өткен ғажайып оқиғаларын» аударған.

Кеңес Одағының Батыры Темір Масинге арнап жазған «Жалын жүрек» деген дастанындағы туған жерге деген махаббат шығарманың өн бойы­нан құйылып тұрғандай әсер етеді. Иә, ақын көкірегінен ақ кептер боп ұшқан өлеңнен туған жерге деген ерекше сүйіспеншілік, қоршаған ортаны тану және қабылдау, ата-ананы ардақтау, сүйген жарға деген құрмет, перзентке деген жүрек жылуы айналаны ақ нұрға бөлегендей екен. Өмірді тану, өмірге көзқарас, өмірді сезіну және өмірді сүюді өлеңдері арқылы оқырманға астарлы түрде жеткізу қиынның қиыны. Философиялық тұжырым мен психологиялық иірім арқылы лирикалық кейіп­керді оқырманның көз алдында бірде ашық, ақ­көңіл, енді бірде еш жанға ақтарылмай жүрегіне жүк артатын тұйық та сезімтал кейіпте елестетіп, сырласына айналдырып жіберудің өзі де хас шеберге ғана тән қолтаңба. Мәселен, «Балалық шақтан бір елес» деген өлеңінде:
Тұрушы ек ала таңнан,
Торғайдың шырылымен.
Салатын сары атан «ән»,
Үлгермей шығып үйден.

Шаға ма зарын жұртқа,
«Әнін» ол болмайды айтып.
Жайқалған шабындыққа
Жетеміз борбайлатып.

Сол кезде көкжиекке
Сүйейді күн иегін.
Қарайсың елжіреп кеп,
Көркіне дүниенің, – деген жолдардан соң да елес боп қалған балалық шаққа деген сағынышы кемерінен асып төгілгелі тұрғанын байқайтынымыз рас. Сол бір жүректің түкпірінде сақталған есте­лік­ке айналған сағым жылдар елесін ақын «сары атан» бейнесімен сәтті табыстырғанына қайран қаларымыз да ақиқат. Қазақ үшін түйе малынан аяулы мал жоқ. Тіптен түйенің төлін «бота» деп атаған халқымыз, өз баласын да «ботам» деп ер­келетіп жатпай ма? Ал сұлу қыздың көркін, бір аяулы жан­­ды «Ақбота», «Ботакөз» деп атайтыны да бар. Ендеше, қазақ деген ұғыммен біте қайнасып кеткен түйе, «сары атан» қай қазақтың да жүрегіне жылы тиері хақ. «Сары атанның әнінің» өзінде қаншама мән, қазақы жансарайдың көрінісі бар десеңізші! Алыста қалған балдәуреннің жазиралы күнгейін ақын «жайқалған шабындық», «көкжиекке иегін сүйеген Күн» бейнесі арқылы суреттей отырып, алды үміт, соңы өкініш мынау жалған дүниенің жанарына елжіреумен қарайды. Өйткені ол он се­гіз мың ғаламға, адамзат баласына, бір сөзбен айтқанда, өмірге өлердей ғашық. Осыны түйсінген сәтте еріксіз көздің көлінің мөлдірегенін де сезінуге болар. Ақын туған жердің сұлулығын жан бітіре, жандандыра өрнектейді. Әдебиет теориясында тілдің бұл көріктеу құралын – кейіптеу деп атайды. Аталмыш өлеңде ақын табиғатты адам түрінде, сұлу қыз түрінде бедерлеген. Мәселен,
«Аспаннан құйылып нұр,
Кетеді жайнап дала.
Кірпігін шұғынық гүл,
Ашады жайлап қана…» деп, бұл сөзбен салынған суреттен ақын тілінің бай палитрасы, айшықты теңеулері менмұндалап тұр. Аспаннан құйылған нұрмен жайнаған дала, кірпігін жайлап ашқан шұғынық гүлдің кейпі қандай аяулы еді! Бұл өлең­дегі ақынның бай тілін дәлелдеп тұрған теңеулер мен эпитеттер, метафора мен метонимия, синекдоха мен кейіптеу өлеңге ерекше мазмұн дарытып, мағынасын биіктеткен сынды.
«Кетпеп пе ең әрі алыстап,
Уақыттың кемесінде.
О, қайран балалық шақ,
Түстің сен неге есіме?!» деп аяқталған өлең жолдары жүректің бір қылын қозғап кеткендей, үнсіз ойға шомдыратыны да шын. Кез келген жан өзін, өз «менін» іздемесі баршаға аян. Оны тек өзіне-өзі сенген, сөз дертіне шалдыққан, жоғын таппай емделмесін сезген жан ғана айта алатыны мәлім. Арқалы ақын өзінің жұртқа жұмбақ қалпын:
Булығумен,
бармақты құр тістеумен,
Өтті жылдар жанға жара үстеген…
Сөйтіп жүріп, оңаша өскен жемістей,
Көкірегімде көзден таса пісті Өлең! – деп на­қыштайды.
Жаны сондай нәзік, табиғатпен үндестікте өмір сүрген ол өзінің «Ақ қайың туралы балладасында» бала кездегі бір оқиғаны еске алады. Арманына қанат беріп, биікті мұрат қылуына себепші – жай­лаудағы қайыңды біреулердің балталап, сұлатып тастағанын айта отырып, бала көңілінің қалай жараланғаны, өмір бойы сол оқиғаның жүрегінде қалғанын суреттейді. Жараланған бала көңілі сұмдық түс көріп, түсінде қайың емес, өзіне балта алып жүрген адамдардан шошып оянады. Өмірбақи сол бір сурет санасынан кетпейтінін:
Оздырсам да жылдардың сан көшін мен,
Осы бір түс шықпай қойды есімнен.
Көз алдыма келеді сол ақ қайың,
Ағаш көрсем түбірінен кесілген, – дей отырып, бір шыбық сынса жаны түршігетінін керемет шеберлікпен өрген. Иә, ақын жүрегі сезімтал. Ғаламда болып жатқан әрқилы өзгерістер ақын санасына өз ізін қалдырмай кетпейді. Ақын шы­ғар­ма­шылығына ден қойған сәтімізде көзге «Бас­құн­шақ көлі» деген өлеңі оттай басылды. Туған жеріндегі тұзды көл Басқұншақ арқылы перзент жүрегін­дегі туған жерге деген өлмес, өшпес сезімді паш етеді.
Не шара тағдырға нәр бұйыртпаған,
Өртепті көл өзегін күйікті арман.
Телегей су орнына өнген ақ тұз,
Мөп-мөлдір көз жасындай тұнып қалған, – деген жолдардан теперішті тағдырдың ізін тартқан адам мен Басқұншақ көлінің тағдырын психологиялық параллелизм арқылы суреттегеніне тәнті боласың.
Кепкендей кенезесі жұртта қалып,
Жатады ол жаумай өткен бұлтқа налып.
Қарт Каспий кеткен аунап оңтүстікке,
Бар суын Басқұншақтың ұрттап алып.

Безініп туысынан түбі бірге,
Қашты екен теңіз неге түріп ірге?!
Көз жасын сыға-сыға сарыққандай,
Шыдамай ағайынның күйігіне, – қандай сурет, психологиялық ахуал иірімі, терең философия! Тұ­нып тұр ғой, тұнып тұр! Өмірде пенде атаулы басынан кешетін туыстан көңіл қалу, аға­йын­ға өкпелеп, жат жерге ірге аудару Каспий мен Бас­құншақ көлі арқылы өте бір күрделі драматизмге айналып тұр­ғандай. Қайшылыққа толы өмірде адам басынан қандай жағдай өтпейді десеңізші! Соның бәрі ақын жүрегін паналап, сыздатады, дертті ете­ді. Мәселен, туған жері «Қояндының» Азғыр полигонының зардабынан шеккен қасіретін дөп басып бейнелеген «Қоянды» деген аза жырының өзіндегі деректер мен сөз мәйегі, тілдің шұрайы көз сүріндіреді. Үлкен бір романның жүгін арқалап тұрған трагедиялық туынды. Туған жерге өлеңмен өрген құлпытас!
Осы мақаланы жазу барысында ақынның жары Асылғаным апаймен дидарласқан едік. Сонау 60-жылдары Алматыда табысқан екен. ­Сатыбалды аға ол кезде ҚазМУ-дың журналистика факультетінің студенті. Бір құрбысына барып, сол жерден бір-бірін танып, тауыпты. «Неге екенін білмеймін, амандасқан сәтте жүрегім лық еткендей болды» дейді ағынан жарылып. Ұзын бойлы, көзәйнек киген, үндемейтін, ұялшақ бозбаланың тағдыры боп табысатынын ол сәтте сезген жоқ, әрине. Бағына Сатыбалды аға өте жақсы адам боп кездесті. Өмірлері бейне бір көрген түстей боп өте шықты. Үш ұлы бар. Келін түсірді, немере сүйді. Бірақ Сатыбалды аға бардағыдай емес өмір… Аға мұрасын алдыма жайып салған ол кісінің көзінен мұңды көрдім. Иә, «жақсыменен сырласқан жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» екені рас. Мынау өмірде адамның көңілінен қымбат ешнәрсе жоқ. Бірақ ешқандай сөзбен Асылғаным апайдың көңілін жұбата алмайтыным да ақиқат. Сатыбалды Даумов қазақпен бірге болашақ күндерге жол тартып бара жатыр. Сол ғана айқын.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

«Ана тілі» газеті

0 пікір