Сейсенбі, 27 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 110684. Жазылғандар — 105766. Қайтыс болғандар — 1796
Қоғам 4570 0 пікір 28 Сәуір, 2014 сағат 16:09

"ОТАН САТҚЫНЫ" ЖОҚ ОТАНБЫЗ

«Ең қиыны - бізде құндылықтар туралы ұғымдарымыздың мейлінше шатасуы болып тұр. Отаншылдық дегенде өзіміз онша еліге қоймаймыз. «Қазақстандық отаншылдық» дегенде басқаларды селт еткізе алмаймыз. Көп себептердің бірі әрі бірегейі – біз сатқындарды сатқын деп білмейміз. Бізде «Отан сатқыны» деген атымен жоқ. Айналаң анталаған жау, сөйте тұра, бір сатқын шықпаған неткен тап-таза патриоттар елі бұл өзі?

Егер сатқындар сатқындығының жазасын алмаса, әшкерленбесе, оларға халықтың өшпенділігі оянбаса, отаншылдықтың қадір-қасиетін қалай бағалап, немен салыстырып түсіне алады?»

Марқұм Айтан Нүсіпқан ағамыз көзі тірісінде осылай деп егіліп жазыпты. Иә, бізде «Отан қорғаушылар» күні бар, «Ұлы Отан соғысы» дейтін ұғым бар, «Нұр Отан» деген партия бар, «Жас Отан» деген оның қанаты бар, «Отан» ордені бар... Тек «Отан сатқыны» жоқ. Болмағаны да жақсы. Дегенмен мына мәселелерге еріксіз назар аударасың.

1)    Тәуелсіз Қазақстанда нан жеп жатқанына 20 жылдан ассада, үлкендердің ешқайсысына мемлекетті тілді білу міндет емес.

Бірақ 6 жастағы қазақ баласы мектеп табалдырығын аттай сала, тіпті балабақшадан орыс тілін үйренуге мәжбүр.

2)    Марченко жарықтық қазақтың бүкіл қазынасын қолына ұстап отырып, «Қазақ тілін үйренбеймін, керегі жоқ» деп шамырқанған болатын. Қазақ тілін білуді Президенттің өзінен талап ететін біздің заң банкирге келгенде жақ ашпаған.

Ал Керекуде тұратын Руза Бейсенбайтегі автобуста, дүкенде, банкте мемлекеттік тілді талап еткені үшін Соттан көз ашпай жүр.

3)    Ақылы толысқан, көпті көрген қарағандылық шал-кемпір жиылып, «де-факто Совет Одағы жоқ, де-юре ол әлі өмір сүріп келеді» деп даурықты. Оларға бір погондының барып, басу айтқанын естіген жоқпыз.

Сол уақытқа шамалас Астанада тұратын қалың бала-шаға қол ұстасқан күйінде қолында билігі бар аға-әпекелеріне барып, баспаналарының өздеріне қалуын сұрағысы келді. Оларды діттеген жеріне жетпестен «Ерекше әскерлеріміз» тарпа бас салды. Жылатты, еңіретті, қол-аяғын қайырып, машинаға тықты.

4)    Таразда тұратын Тайчибеков деген біреу «қазақтың 80 пайызы Ресейге қосылуды қалайды, біз Ресейдің губерниясы болуымыз керек» деп мемлекет құрушы ұлттың атынан сөйлеп, ел тәуелсіздігіне сызат түсіретін қаңқуларын барлық жерде, белгілі ақпарат құралдарында айтып жүр. Біздің құзырлы орындар болса тіс жарған жоқ.

Ал елімізге танымал журналист, өзін өзі ақтайтын тұңғыш қазақ баспасөзін жасаған «Жұлдыздар отбасы» журналының редакторы Жарылқап Қалыбай: «Тарихта Гитлер деген фашист болған. Оны бүгінгі ұрпақ білуі керек. ХХ ғасыр қасіретін қайталауға тиісті емеспіз» деп тайға таңба басқандай жазып еді. Қазақ билігі тайлы-тұяғы қалмай, Жарылқапты «көрге тығуға» кірісіп кетті.

5)    Сөйтіп, Жирновский мен Лиомновқа «не оттап отырсың?!» деп бір ауыз сөз айтпаған, «Аңыз адам» журналы «Сталин» мен «Голощекинді» жазғанда, «Қазақты қынадай қырып, қанын судай ішкен жауыздарды неге жаздың?!» деп тіл қатпаған, Тайчибеков дейтін «ел бұзардың» есін жиғыза алмаған,  «Ауған соғысының ардагерлері» панфиловшылар паркіне жиналды. Әскерилер Совет одағының киімін киіп, алғашқы санын «Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтан» бастаған «Аңыз адам» журналын мылқтық дүміне орап, қылыштың жүзіне салып, отқа жақты. Бір сақшы барып, «қой» деген жоқ.

Ал «Протон» зымыраны тоқтатылсын, «Гептильге қарсымыз» деп қалың қазақтың жанайқайын жеткізген Мұхтар Тайжан бастаған аз санды азаматтар түрменің есігін «тоздырып», соттың «айыппұлын» төлеумен келеді.

Сонда біз қай «Отанда» өмір сүріп жатырмыз? Мемлекетқұрушы ұлттың - қазақтың мәселесін көтерген адам «жау» болады да, Тәуелсіздікке «түкірген» адам – кінәсіз болатын бұл қандай ел?

Сіз не дейсіз?  

Елдос Есенгелдиев

Abai.kz

0 пікір