Сенбі, 20 Сәуір 2024
Өзіңе сен 7827 0 пікір 29 Сәуір, 2014 сағат 13:25

САЯСИ ПОЛИЦИЯ

 

Елімізде құқықтық жүйеміздің дамуының негізгі бағыттары айқындалып болды. Кейінгі кезде мемлекеттік және қоғамдық институттардың дамуының кепіліндей, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуін қамтамасыз ететін бірқатар аса маңызды ұлттық заңнаманың негізгі салалары (конституциялық, әкімшілік, азаматтық, банктік, салық, қаржы, кеден, экологиялық, қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-атқарушылық заңнама) айтарлықтай жаңарды. Оның үстіне жаңа кодификациялық актілер: Орман, Жер, Кеден, Су, Еңбек, Экологиялық, Бюджет, Салық кодекстері әзірленіп, қабылданды. Бұлар әлі де жаңару үстінде. Өйткені әлемдік экономика мен саясатта болып жатқан іргелі өзгерістер, жаһандану үдерістері, сондай-ақ елдің ішкі даму серпіні осыны қажет етеді. Әйтсе де мемлекеттік құрылымдарында құқық қорғау органдарының орны қашан да алабөтен ерекше. Біздің ішкі-сыртқы тыныштығымыз осы қызметтермен етене қабысып жатыр. Мәселенің іләміне қарай шет елдік құқық қорғау органдары, ондағы ойып орын алатын саяси полиция органдарына аз-кем тоқталып өтсек дейміз.

«Полиция» атауының мән-мағынасы көне гректің «politea» (polis — қала) деген сөзінен пайда болған деседі. Жыл қайыруымыздан бұрынғы дәуірлерде мемлекет туралы түсінік қаламен тікелей астасып жатыр. Ойшыл Аристотельдің жалпы мемлекеттік басқаруды осылайша атайтыны бар. Осы мағынада бұл сөз латын тіліне «politia» үлгісінде көшіп, сол кездерде батыс-еуропа оқымыстыларының тілдік айналымында кеңінен қолданыла бастаған.

Саяси полицияның басты мақсаты — мемлекеттік мүддеден туындайтын қалыптасқан билік жүйесіне қатер төндіретін қылмыстарға, сол сияқты әскери және өнеркәсіптік шпионаж саласындағы қылмыстарға қарсы күрес жүргізу. Дәлелге жүгінсек, бұл қызметтің жұмысы қай елдердің нормативтік-құқықтық актілерінде кеңінен орын алып, қызметтері нақты айқындалып отырған. Айталық, 1978-жылы 31-қаңтардағы Италияның Ішкі істер министрлігі декретінде саяси полицияға: 1) саяси, әлеуметтік және Ішкі істер министрлігі орталық органдарының қызметі туралы бұқаралық, қоғамдық тәртіпті тұрақтандыру үшін ақпараттар жинау; 2) мемлекет ішінде, сонымен қатар халықаралық байланыс саласында саяси маңызы бар (лаңкестік) қылмыстармен күрес; 3) қорғаныс министрлігінің бақылауға қарсы қызметіне оңтайлы көмек көрсету қызметтері жүктелген.

Францияда саяси полицияның құзыреті бұдан да нақты, мәселен, 1982-жылы 22-желтоқсандағы № 82-1100 Декретінде: «Франция аумағында ел қауіпсіздігіне қатер төндіретін шет елдік державалар қолдайтын немесе жүргізетін істерді анықтау және ескерту», оларға қарсы күрес басқармасына бекітілген міндеттер: «белгілі әрекеттерге қатысты барлық мәліметтерді пайдалану және орталықтандыру; қорғаныс құпиясын сақтау, ұлттық қызметтің басты секторларының негізгі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу, бұған қатысы бар басқа қызметтер және ұйымдармен қажетті байланыс орнату» делінген. Әсілінде, Францияны қазіргі саяси полицияның бесігі деп аталуы тегін емес Қай заманда да мемлекеттердің саяси тарихында саяси іздестіру органы ерекше маңыз алған. Осындай орайда, 1789 жылғы буржуазиялық революцияны басып жаншуда, рестоврация кезінде Наполеон Бонапарт бастаған Консулдық режимін орнату барысында оның қандай фактор атқарғанын еске алсақ та жеткілікті.

Өткен ғасырда Германияда, Австро-Венгрия және Ресей империясында көбіне осы француз үлгісімен ұйымдастырылған күшті құпия полиция аппараты жұмыс істей бастайды. Айта кететін жәйт, ХХ ғасырда тоталитарлық мемлекеттерде саяси іздестіру органының қызметі орасан күшке ие болды. Посттоталитарлық кезеңде демократиялық бағыттағы елдерде неміс гестапосы, италиялық ОВРА, португалдық ПИДЕ, румындық Секуритате, кеңестік КГБ және басқалары сияқты жұмыс істеп келген саяси іздестіру органдарын барлық жерде жою үдерісі өріс алды. Бұның бірқатар себептері бар. Біріншіден, бұл органдар жаппай қудалауға жауапты болған еді. Екіншіден, олардың оппозицияны қудалау функциясы демократиялық мемлекеттік-құқықтық доктринаға мүлде жат екендігі, өркениетті қоғамдық жаңғырулар мен жаңарулар үшін олардың тарапынан төнетін қауіп назарға алынды. Осының салдарынан кейіннен саяси іздестіру аппараты кәдіпкі полицияға ауыстырылды. Қазіргі уақытта көптеген елдерде саяси полиция қызметі (Австрия, Ұлыбритания, Дания, Италия, АҚШ, Франция, т.б.) ішкі істер немесе әділет министрлігіне кіреді. Бұл, кейбір батыстық мамандардың пікірінше, өздігінен «халыққа қарсы күш қолданудан қорғанудың кепілі». Зады, демократиялық елдерде саяси полиция парламент бақылауында болуға тиіс. Бұлайша ведомстволық министрліктің салалық бір бөлігін құрауы, оны қоғам үшін біршама «ашық» етеді.

Саяси полиция қызметін сипаттай келе, оған тән мынадай ерекшеліктерді атап өткен жөн: оның жекелеген қызметкерлері және тіпті тұтастай бөлімдері халықаралық және ұлттық концерндердің өзара экономикалық тартысына, масондықтан бастап, ультра-оңшыл ұйымдардың арандатушылық акцияларына тартылады. Бұған Германия, Франция, Ұлыбритания, Швецияның саяси полицияларының ондаған мың азаматтарының жеке өмірі және саяси көзқарасы туралы ақпараттар жинау фактысы, Италия, Испания және Грецияда құпия қызметтің басшыларының әскери диктатура орнату мақсатындағы төңкерістерге қатысуы нақты дәлел бола алады.

Соңғы кезде саяси полицияны мемлекет мүддесіне қарсы арандату қызметі ретінде пайдалану мүмкіндігін болдырмау үшін билік пен демократиялық қоғамдық күштер көп әрекеттерге барып жүр. Әйтсе де, мұндай қызметтің қажеттігі еш күмән туғызбайды, өйткені мемлекеттік саяси және экономикалық мүдделерге қауіп төндіретін қылмыстық жазалануға жататын істер әлі де орын алуда, ала да бермек. Қылмыстық полицияның жеке құрамы тарапынан қызметті асыра пайдалану мүмкіндігін болдырмаудың негізгі жолдарының қатарына басқаруды орталықтандыру және осы қызметке қадағалауды күшейту, сол сияқты мемлекеттік құпияға белгілі шектеу қоюды жатқызады. Итальяның 1977-жылы 24-қазандағы арнайы қызметті реформалау жөніндегі заңы осыны нақтылы жүзеге асыру тәжірибесі тұрғысынан мысал бола алады. Бұған сәйкес парламент алдындағы олардың жұмысына қатысты жауапкершілік ақпарат және қауіпсіздік жөніндегі министрліктераралық комитеті арқылы басшылық жасайтын үкімет басшысына жүктеліп отыр. Сол сияқты заң саяси іздестіру органының қызметіне екі деңгейдегі парламент бақылауын тағайындайды. Бірінші деңгей — парламенттің арнайы комитеті тарапынан тұрақты бақылау. Төрт депутат және соншама сенатордан құралған комитет, өзінің құзыретіне кіретін қандай да болмасын ақпаратқа сұраныс жасауға және сол мәселе бойынша министрлікаралық комитет пен үкімет басшысына ескертулерін айтып, ұсыныстармен шығуға құқылы. Екінші деңгей — мерзімдік бақылау, онда жарты жыл сайын премьер-министр парламентке ұлттық қауіпсіздік саласында атқарылған жұмыстар туралы жазбаша есеп береді.

Құпиялық режим үдерісі де бірқатар қайта қарауға ұшырады. 1977 жылы Италияның Конституциялық соты мемлекет және қызмет құпияларына қатысы бар адамдардың түсінік беруден бас тартуына мүмкіндік беретін қылмыстық іс жүргізу кодексінің бабын Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Аталған адамдар бұрынғыша құпияны сақтауға міндетті. Егер де олардан түсінік алатын адамдар әңгімені қажеттілікке апарып тіресе, онда олар премьер-министрге шағым жасауға құқылы. Ал олар құпиялылықты дәлелдемеген жағдайда, куә болған адамдар түсінік беруге міндетті. Түсініктеме дұрыс болған жағдайда үкімет басшысы өз шешімі туралы парламентке хабарлауы тиіс.

Саяси полиция қызметкерлері қылмыстық акциялар және олардың алдағы жоспарлары туралы қызмет басшылығына, басшылық өз кезегінде ішкі істер министрлігіне, ал ол мемлекет басшысына хабарлап отыруға құқылы.

1992 жылы ақпан айынан бастап Германиядағы саяси полиция қызметін қадағалау үшін парламенттік бақылау орнатылды. Оны бундестаг және заңдылық негізінде қызмет ететін, жыл сайын бірін-бірі ауыстырып отыратын билеуші және оппозициялық партиялардан сайланған өкілдерден тұратын арнайы комиссия жүзеге асырады. Парламенттік комиссия комитеті арнайы қызметтің бюджет және экономика жобаларын тексеру құқығына ие, ал олардың басшылары жоғары жаққа тұрақты есеп беріп отыруға міндетті.

Тұрғындар туралы ақпаратты жинау және пайдалану саласында полициялық қателіктерді жібермеу мақсатында ерекше шаралар жүзеге асырылуда. Десек те Швейцарияны алатын болсақ, әрбір швейцар азаматына өзіне тағылған айыптау материалдарды білу жөнінде федералдық полицияға сұраныс жасау құқығы берілген.

Біздің топыраққа келер болсақ, отандық саяси полиция барлау мен қарсы барлау, мемлекеттік шекараны күзету секілді арнаулы міндеттермен айналысады. Десек те оның қызметін зерделеу жұмыстары, оның тарихы, уақытқа сай шешімін табуға қажетті көптеген күрмеуі қалың күрделі мәселелері арнаулы мекемелерде ғана сөз етіліп, баспасөз бетінде ашық түрде қозғала бермейді. Ол белгілі бір саланың, топтың еншісінде. Шынтуайтында, оның қызметінде халықтың азаматтық тарихы мен рухани тарихы «тасқа қалам басқандай» нақты көрініс тауып жатады. Әйтсе де ақпараттан тым мақұрым емеспіз. ҚР ҰҚК-нің ардагері Кәкен Әбеновтің отандық барлаудың бүгінгі күнге дейін тарихы қамтылған кітаптарының алатын ерекше орны бар. Халық үшін қызмет өткеру жақсы десек те, халықтың ұлы болу – мәртебе, халықтың құлы болу – міндет деген ой бұл кітаптың он-бойында қылаң беріп отырады. Жариялыным деректеріне жүгінсек, отставакадағы полковник Кәкен Әбенов: «Қарапайым жұртшылық біле бермейді, біздің береке-бірлігімізге, ұлан-байтақ жеріміз бен табиғи байлықтарымызға қызғана да қызығып қарап, өз мүдделері үшін Қазақстан жайында құпия ақпарат жинаушылар батыстан да, шығыстан да келіп жатады. Алайда Қазақстанның барлау қызметі (саяси полицияның бір бағыты – Е.С.) оларды дер кезінде әшкере етіп, қуатты ел екенімізді әр кез дәлелдеп отырады. Мақтануымыз керек, біздің барлау қызметіміз қай жағынан алып қарасақ та, дайындықтары жоғары деңгейде. Тіпті жемқорлық жайлаған мына алмағайып заманда былғанбағандардың бірі солар дер едім. Отанына адал қызмет еткен, білімді-білікті барлаушыларымыз аз болған жоқ. Әрқайсысының өмірі өзінше өнеге, өзінше үлгі. Олар тіпті өмірлерін паш етуге дайын» - дейді. Ал ендігі бір қарсы барлаушы Қалиақпар Баймұханов дейтін азаматымыз кезінде елімізде тыңшылықпен айналысқан германдық журналист Мартине Кишкені әшкере еткен екен. Кишкенің ісіне байланысты «Кобра» кинофильмі де жарық көргені белгілі. Сол сияқты осы салада, Тынық мұхит жағалауында, Лаос, Вьетнам елдерінде жұмыс істеген өзегі мықты өндір офицерлер - Байдаулет Әлібаев, Ғабдолла Байжанов, Хамит Әлжанов, тағы басқалар солардың қатарында. Қазбалай берсең шыға беретін кен байлығы іспетті, өнегелі істерін үлгі етуге тұрарлық қиынның қиығына ілінген қызметтеріміз бен қызметкерлеріміз қаншама. «Құтты  топырақтан текті  ұрпақ  тарайды» дейтін сөз осындайда айтылған-ау, сірә. Мемлекетіміздің мүддесін басты кезеккке қойған қызметтерімізді халық білгені ләзім ғой.

Елеужан Серімов,

полиция полковнигі

Abai.kz

0 пікір