Жұма, 19 Сәуір 2024
Мәдениет-әдебиет 12227 0 пікір 29 Сәуір, 2014 сағат 14:08

ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ҚОҢЫР ҚОБЫЗЫ

Бүгін – ақын, мемлекеттік сыйлықтың сахибы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет 60 жастың асқарына көтеріліп отыр. Жас балауса кезінде-ақ қазақ поэзиясының көгіне самғап шыққан ақынды туған күнімен құттықтай отырып, adebiportal.kz ұйымдастырған пікірлер топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.  

 

Әмірхан Балқыбек. ШЕЛЛИ АЖАЛЫ

Ұлықбек Есдәулет ағаға


Шелли ақын суға батып өлерде,

Ненi ойлады асау толқын көмерде?

Сездi ме екен асыл жүрек тұншыққан,

Өлiмi де айналарын өлеңге.

 

Туған жердiң тәркi еткендей қолатын,

Не себептi суға кеттi сол ақын?

Iштарлық па досынан да сезiнген,

Құштарлық па тек шабытта болатын.

 

Жықтырмастан сұлулықтың жалауын,

Серт қып түйiп жүрегiнiң қалауын

Өлдi Шелли, өлiмiне өзгеше

Өлең ғана бердi әдiл жауабын:

 

Ажалдың да батыл қақса есiгiн,

Ақындарға болу керек кешiрiм.

Жер бетiнен таза парақ таба алмай

Суға жазды, дейдi ол, Шелли есiмiн.

 

 

Шәрбану Құмарова:

– Біз Ұлықбекпен 30 жылдай көрші тұрдық. Ол ең мықты азамат. Адамға жайсаң қарайтын өте қарапайым жан. Қонақжай. Ал, ақындығы өз алдына ғажап дүние. «Жұлдыздар отбасы» журналының 7 нөмерінде оқырмандар сауалына жауап берген екен. Сонда бір оқырманның сауалына былай жауап беріпті: «Қазір мені барлық қазақ таниды деп айта алмаймын. Өйткені, газет-журнал, кітап оқитын қазақ аз» деген екен. Қарапайымдылығын осыдан білуге болады. Ақынның жазары көп болсын! 

Темірхан Медетбек:

– Поэзиямыздың абыройы да, беделi де, бұл сөзiмiздi қаласаңыз да, қаламасаңыз да – сол шоғыр. Абыройлы, беделдi сол шоғырмен иық тiрестiрiп қатар тұра алатындар, ешкiмнiң көңiлiне қарамай турасын айтар болсақ, бүгiнгi жер басып жүргендерден бiрен-саран ғана. Сол бiрен-саранның бiрi – сөз жоқ, Ұлықбек Есдәулетов. Ұлықбек ерте көзге түстi. Тоғызыншы класта оқып жүргенде бiр топ өлеңiмен «Лениншiл жас» (қазiргi «Жас Алаш») газетiнiң жарты бетiн алып жарқ ете қалғанда, әдебиетке тегеуiрiндi таланттың келгенiн үлкен ақсақалдарымыздан бастап, есiм­дерiмiз көпшiлiкке ендi-ендi таныла бастаған бiздерге дейiн түгел мойындадық. Қызыға қарадық. Қуана қол соқтық. Сонан кейiн-ақ Ұлықбек қаламынан өлең сүйер қауымды тамсантып, тәнтi еткен жырлар жиi-жиi, толассыз туа бастады. Туған жердiң  «шалғын исiн ауаға орап сiмiрiп», сүрiне-қабына алға ұмтылған сол албырт ақынның алғашқы мақсаты не болды екен? Сөйтсек, өмiрдiң қас-қабағынан балғын кезiнде-ақ салқындық сезген ол, «жүрегiнiң отымен кең дүниенiң дидарын жылытуға» асығыпты. 

 

Аманхан Әлімұлы:

– Мен Ұлықбекті 30-40 жылдан бері білем. Бізді табыстырған – поэзия. Қатар абитурент болдық. Ол сол кезде-ақ өзін дәлелдеп қойған. Ол поэзияға жайдан жай келе салған жоқ, ол поэзияның есігін ақын болып қақты. Бірден талант ретінде келді. Ұлықбектің ақындығы маған шыншылдығымен, шымырлығымен ұнайды. Біз доспыз. Мен оның өзін де, өлеңін де жақсы көрем. Ұлықбекке ең алдымен азаматтық бақыт, шығармашылық бақ  тілеймін. Қазір көп ақындар соқыр жаңбыр сияқты. Жауын өткен сәттің екпінімен ақын болып жүре береді. Әріптес ретінде бақыт тілеймін.

 

Бауыржан Бабажанұлы:

– 1-курсқа түскен кезіміз. Жатақханаға  жаңа бой үйретіп жатырмыз.  «Әділдің бөлмесіне ақындар келіпті...» — деді бір күні Бақыт Әметаев. Іле-шала Әділдің  өзі де жетті. «Жүріңдер, Ұлықбек ағалар келді...».  «Кәдімгі Ұлықбек Есдәулетов пе?». (Ол кезде әлі «ов» пен «евтен»  бас тарта қоймаған кез ғой,  — Б.Б) «Иә» — деді Әділ күлімсіреп, — «Мені құттықтап келген ғой...». Сенер-сенбесімізді білмей, Ботпановтың «бытовкасына» барсақ,  шынымен Ұлықбек ақын отыр. Қасында Мәди Қайыңбаев бар. Бізді бауырларына тарта сөйлейді. Тіпті Әділ түкке жарамсыз ғып тастаған өлеңдерімізді де мақтап жіберді. «Бәсе, ақындардың бәрі «жауыз»  болмауы керек  еді ғой...». Кәдімгідей қанаттанып қалдық. Балалық қой, кейін іздеп бару ойда болмапты. Есесіне Ұлағаңның өлеңдерін жатақханадағы «вешірлерде» оқып жүрдік. «Сүйіп қалдым. Тұйықталдым. Ұйып қандым сырына...». Әсіресе,  «Екінші Ұлықбек», «Менің фамилиям» дейтін өлеңдерін оқыған сәтте  жиналғандар ду ете қалатын.

...3-курс оқып жүрген кезіміз. Жазушылар одағында бір жиын болып, біз өлең оқыдық. Ол кезде Одақта өлең оқудың өзі үлкен мәртебе еді ғой. Шыдай алмай, төменде соны дереу «атап өтіп» келе жатсақ, Ұлағаң қарсы жолықты. Баспалдақпен түсіп келе жатыр екен. Мені көрді де: «Ай, бала, жаңа атың кім деп еді сенің. Өлеңің жақсы екен, бізге дереу топтамаңды әкеліп таста» — деді. Ұлағаң,  ол кезде «Жас қазақтың» бас редакторы. Апарып, өзі болмағасын,   қабылдау бөлмесіне тастап кетіп ем, ертеңіне Әмірхан жетті: «Сүйінші, өлеңдерің «Жас қазаққа» шығыпты». «Қалай, кеше ғана апарып тастап ем ғой...». Сөйтсем, ағам менің өлеңдерімді шығып бара жатқан нөмірге салып жіберіпті. Бұрын бірнеше жерге топтамамды беріп, әрі итеріп, бері жыққанға «үйреніп» қалған мен үшін бұл  тосын сый болды. Асығыста көнетоздау жемпірмен түсе салған ұсқынсыздау суретіммен шыққан сол топтамам үйде әлі бар. Көрген сайын Ұлағаңның  қамқорлығы есіме түседі. «Келіннің бетін кім ашса...» — дейді ғой қазақ.

...Былтыр Ұлағаң мені қазылар алқасының құрамында  «Шығыс шынары» атты поэзия фестиваліне шақырды. Өскемен,  бір барсам  деп жүрген жерім еді. Ертіс пен Үлбіге жүзімді шайып, көптен көрмеген ақын ағаларымды, Нұржан досты көріп, көңілім шалқып қайттым. Тыныштықбек ағамның  Ертіс пен Үлбіні Дәурен екеумізге «сыйлап жібергені» тағы бар. 

Айтпақшы, сол жолы Ұлықбек аға сахнадан бір жақсы әңгіме айтты. Осындай поэзия фестивалі әлемде екі-ақ жерде  тұрақты өткізіледі екен. Соның бірі — Өскемен. Осы істің басы-қасында ол кісінің өзі жүргенін де айта кеткен абзал! 

Үнемі жастарға қамқор болып жүретін  Ұлағаң бүгін 60 жасқа толып отыр. Жасыңыз құтты болсын, аға! Өз жасыңыздың патшасы болыңыз! 

 

Бекжан Тұрыс: 

– «Саңырау, мылқау ғасырлар, 

Ақынға биiк бермесендер де,

Сөзiне құлақ асындар!» дейді ақын өз өлеңінде.

Асылдарды ғасырлар өткен соң емес, заманында танығанға не жетсiн! Ұлықбек аға ұлттық дәстүрiмiздiң уызына жарыған, халкымыздың бар қадыр қасиетiн бойына жиған, заманын ойлап бәйек болып, халкымен бiрге мұңдасып, ұрпағымен бiрге сырласып келе жатқан үлкен тұлға. Ақындығы өз алдына, адамгершiлiк пен арға, ақыл мен парасатқа суарылған азамат, Ең қымбат касиетi – адамгершiлiгi, сол табиғи қалпы, Алла берген мiнезiнен өзгерiп айныған емес. Өзiм дегенге өзегiн жұлып беретiн жан. Мен таныған Ұлыкбек осы. Жасы құтты болсын! Жаратқан ием жанына мұң түсiрмесiн, ғұмыры сәулелi болып, халкымен бiрге жасай берсiн!

 

Мұхтар Шерім: 

– Ұлықбек Есдәулет – қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, заман көшіне ілесе білген, өресі биік ақын. Өз басым өлеңдерін іздеп оқимын. Өлеңді өмірімен өрнектеген ақын ағамыз Алпыс мырзаның алдына келіп: «Рұхсат па?» – деп есік тақылдатып тұр екен. «Алпыс – тал түс!» деп жатады. Алпысыңыз құтты болсын, Ұлеке! Отты, шоқты, «шокты» өлеңдеріңіз көбейе түссін! Сонда оқырманыңыз да риза, өзіңіз де риза, сатириктер атынан мына ініңіз – мен де риза! Алпыста алқынбай, жетпістің «желкесін шұқып», сексеннен «секіріп» кетіп, тоқсанда таяқ сүйенбей, жүзге жымиып жетіңіз аға! Сәлеммен, сіз тоқылдатып тұрған Алпыс мырзаға жақындадап қалған ініңіз.

 

Серікзат Дүйсенғазин:

–  Өз басым Ұлы Ағаны қазіргі қазақ өлеңінің қара нары деп бағалаймын. Ұлықбек аға сияқты парасатты поэзия тудыратын таланттар  өте сирек. Ағамыздың асқаралы алпыс жасы құтты болсын! Ортамызда аман жүрсе әдебиетіміздің қоржынын әлі талай жауһар жырларға  толтырады деп сенемін. 

 

Жарас Кемелжан:

– Ұлықбек аға қазақ әдебиетінің, қазақ поэзиясының қоңыр қобызы сияқты. Оның өлеңдерінен ұлы дала сазы, көшпенді қазақтың демі аңқып тұрады. Біз ағамыздың туған күніне орай, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз! Ақынның туған күні - поэзияның түлеген күні. Сол үшін де Ұлыағаның қаламынан сүйекті, сұлу жыр күтеміз!

 

Табиғат Абаилдаев:

– Қазақы қара өлеңнің қасиетін бойына дарыта білген Ұлықбек аға да тағы бір жылын артқа қалдырып отыр. Өз өлеңіңізде қазақтың табиғатын, болмысын қолмен қойғандай етіп көрсетіп: «Соңымнан шырақ алып түсе бер» дейсіз, сол қазағыңыз ондай ғадеттен қашық болып, мерейіңізді асыра берсін! Әлгі бір өлеңіңізде Тұманбай аға «менен кейінгі мықты ақынсың» дейді дейтініңіз тағы бар. Енді сіздің «менен кейінгі мықты ақынсың» дейтін інілеріңіз көп болсын! Деніңіз сау, бауырыңыз бүтін болсын! Қаламыңыз тоқтамасын, оқырманыңыз жоқтамасын!

 

Салтанат Смағұлова:

– Ақын өлеңді әлбетте, өзі үшін жазады. Ал, сол өлеңі оқырманның да ойымен, сезімімен үндес келіп жатса, жазарманның ғана емес, оқырманның да бақыты. Бүгін біз өлеңдерін оқып өскен және сол оқығандарымыз жадымызда жаңғырып тұратын АҚЫН туған күн! Ұлықбек ағаның «сана» мен «жүректі»  бітімге келтірген тылсым жырлары жасай берсiн! 

Abai.kz

0 пікір