Сәрсенбі, 8 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 704. Жазылғандар — 51. Қайтыс болғандар — 6
46 - сөз 5730 0 пікір 29 Сәуір, 2014 сағат 14:59

БОЙДАҚТАРҒА САЛЫҚ САЛУ КЕРЕК ПЕ?

Соңғы күндері ақпарат айдынында бойдақ салығы мәселесі тал­қыға түсуде. Себебі, кей демографтарымыз бойдақ салығын қайта енгізуді ұсынған және олар бұл ел демографиясына әсер етеді деген пікірде көрінеді. Сонымен, аталмыш салықты қайта жаң­ғырту керек пе, ол салт жүргендерді жанұя құруға ынталандырып, бой­дақтардың санын азайтуға сеп бола ала ма?

 

Әзімбай ҒАЛИ, демограф:
– Өз басым мұны дәрменді шара деп ойламаймын. Бойдақ салығын салғаннан үйленіп жатқан қазақты немесе басқа ұлтты көрген жоқпын. Сондықтан, бұл жағдайға айтарлықтай әсер етпейді және отау тіккісі келгендер салыққа қарамайды. Бізде салықтар, негізінен, ірі табыс­ты мұнай және табиғи ресурстарды өндіретін компаниялардың есебінен түсетіндіктен, бойдақ салығымен мемлекет қазынасын толықтырамыз деу әурешілік. Ал, салт бастыларға салық міндеттеу, олардың жанұя құруына стимул бола алмайды. Болашақта қалай болатыны белгісіз, дәп қазір пәлендей қажеттілігі жоқ. Жалпы, қазіргі күні неке көбейіп жатыр. Ол демографиялық дүмпудің екінші толқынының әсерінен болып отыр. Бұлай дейтінім, 1958-1964 жылдары Қазақстанда демографиялық жарылыс болды. Бүгінгі үйленіп жатқандардың дені солардың балалары, немерелері. Бізде туу көрсеткіші де осындай себептердің есебінен жақсарды. Сондықтан, елімізде үйленіп, үй болып жатқандардың саны онсыз да көңіл көншітерлік деңгейде. Ал, бойдақтарға салық салу, олардың «мұнысы неменеге керек» деген әлеуметтік наразылығын тудыруы мүмкін. Былай айтқанда, жастардың ішінде бұл босқа басы артық әңгіме болады.
Керісінше, бізде қазір ажырасу үрдісі көп. Сол себепті, бойдақ салығын енгізгенше, оның орнына екінші некені ынталандыру керек. Мәселен, кейде ажырасқан жастар үйленбей жүріп қалады. Өйткені, олар екінші некені табиғи жағдай деп қабылдамайды. Бірінші некеден жолы болмағаны үшін күйзеліске түсуге дайын. Бұл арада бірінші және екінші некенің арасы тоқтамауы қажет. Жалпы, қоғамда екінші некеге психологиялық дайындық аз және ол көтерілмейтін жабулы тақырып. Отбасылық өмірден бір рет опық жеу трагедия еместігін соған тап болғандар түсінуі, екінші рет үйленуге болатындығын білуі керек.

 

Мақаш ТӘТІМОВ, демограф:
– Алдымен бұл мәселеге қатысты дұрыс қоғамдық пікір қалыптастыру керек. Мәселен, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Сталин «бойдақ салығын» енгізгені тарихтан аян. Өйткені, ашаршылықтан көп адам қырылды және көптеген боздақтар майданнан оралмай қалды. Содан қаншама әйелдер, жас, тіпті балалы әйелдер жесір қалды. Ол кездерде бала болсам да, әлі есімде. Сондай қиын-қыстау кезде жаңағы саясат күшті әсер еткен-ді. Менің есебімше, 1958-1959 жылдардағы санақ бойынша некеде тұрған әрбір қазақ әйелі 8 баладан, некесіздері 5 баладан туған. Нәтижесінде, қазақ халқы 25 жылдың ішінде, яғни, 1945-1970 жылдар аралығында өзінің бұрынғы санын, деңгейін қалпына келтірді. Міне, аталмыш саясаттың ықпалы. Бірақ, Сталин қайтыс болғаннан кейін көп нәрселер өзгеріп, мұны да алып тастады. Әрине, оның орнына аборт жасатуға тыйым салғаны бар. Себебі, сол уақытта қазақтың ішінде некен-саяқ болған шығар, ал, орыстарда аборт жасату етек алып кетті. Соған тыйым салу арқылы демография­лық жағдайды біршама қалыпқа келтірді. Сондықтан, тарихқа көз жіберіп, тарихты құрметтеу керек. Мен мұның бәрін көзіммен көрген адам ретінде айтып тұрмын. Қазақ халқының саны көз алдымда ашаршылықтан кейін 6 есеге, соғыстан соң 5 есеге өскенін мақтанышпен айта аламын. Кейбіреулер бұл өсімді оралмандардың келуімен байланыстырады. Оралмандар өсімнің көп болса оннан бір бөлігін ғана береді. Шындығына келсек, ол табиғи өсім.
Қазіргі күні де бойдақ салығын енгізу өте қажетті. Неге? Өйткені, елімізде «бэби бум» аяқталып келе жатыр. Қазақ әйелдері туған балалардың саны 147 мыңнан да төмен деңгейге түскен кезі 1999 жылы болған-ды. Былтырғы дерек бойынша ол 288 мыңға жетіп, бұрынғы деңгейіне қайта көтерілді. Бұрынғы деңгейі деп отырғаным, 1989 жылғы санақта туу  деңгейі жоғары көрсеткішті берген. Бірақ та, демографиялық толқынның нәтижесінде алдағы уақытта Қазақстанда туылатын балалардың саны 400 мыңнан 50-70 мыңға дейін түсіп кетуі де мүмкін. Мүмкін дейміз, тіпті түсіп кетеді. Сөйтіп, өмірге келетін жастардың саны азая бастайды. Осы олқылықтың алдын алу үшін бойдақ салығы бізге керек.
Сөз соңында еліміздегі бойдақтардың саны жөнінде айта кетейін. Мысалы, 25 пен бала туу мүмкіндігі әлі де сақталатын 50 жастың аралығындағы 375 мың кәрі қыз бар. Сан жағынан одан аз болса да, жалпы, сүрбойдақтарымыз да жеткілікті. Оларды мен 30 жастан бастап санаймын. Өйткені, ер адамның кеш үйленуінде тұрған сөкеттік жоқ. Сүрбойдақтардың саны 150 мыңға жетіп отыр. Былай қарағанда, отбасын құрып ұрпақ өрбітетін жаста 525 мың адам, яғни, бір облыстың халқы бойдақ жүр деген сөз.

Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ

 «Заң газеті»

Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: Бойдақ салық салт бастылардың санын азайта ма?

0 пікір