Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Анық 14606 0 пікір 1 Мамыр, 2014 сағат 14:50

СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІ МЕН ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАЙМЫН!

СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІ МЕН ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАЙМЫН!

Соңғы апталарда ел ішінде көп тараған дау-дамайдың бірі – «АҢЫЗ АДАМ» журналына қатысты болды. Айтылатын сөздердің біразы айтылып болғаннан кейін, оқырман қауымды «Бұның арты не болар екен?» дегендей сұрақ әлі де мазалауы мүмкін. Осыған орай кейбір түсініктер бергенді жөн санап отырмын.

«АҢЫЗ АДАМ» журналының сәуір айындағы №8 санын адамзат тарихындағы ең зұлым, қатыгез, фашизм идеясының дәріптеушісі мен ең сұрапыл соғысты бастаушылардың бірі – Адольф Гитлердің тарихына арнауымыздың артында қасақана арандату, халықтың ар-намысына тию, ардагерлер мен олардың ұрпағына соғыстан алған жарасын қайта ашу емес еді. Бізде ешқашан 1 миллион 366 мың соғысқа тікелей қатысқан қазақстандықтар мен тылда еңбек еткен қандастарымыздың қайсар рухы мен ерен ерлігін таразы басына қою ойы болмағандығын басып айтқым келеді.

Керісінше, Екінші дүниежүзілік соғыстың тікелей ұйымдастырушысы болған Адольф Гитлердің өмірбаянын айта отырып, соғыстың бүкіл бес құрлықтың халқына тигізген залалын, адамзат әлеміндегі ең сұрапыл соғыс тарихын ауқымды түрде ашу, қанды қырғынның зардабын жас буын ұмытпасын деп қазіргі бейбіт өмірдің қаншалықты қымбат екенін тағы бір рет еске салуға тырысып едік. Сөйтіп, қазақ оқырмандарын тарихтың қайталануынан сақтандырғымыз келген.

Мүмкін, осындай ізгі ниетіміз барша оқырман қауым мен оның әр түрлі буындарының барлығына бірдей түсінікті болмаған болар. Заңға сүйене отырып, журналға қатысты жауапқа тарту үндерінің көтерілгені де сондықтан шығар. Кейбір тақырыптар мен таңдалған суреттердің дәстүрлі көзқараста жүрген отандастарымыз үшін өрескел болып көрінуі ықтимал екендігін бас редактор ретінде түсініп отырмын. Және де осы жерде мен редактор ретінде қателік жібердім. Алайда, бұлардың көбісінің ғаламторда кино-фото құжаттар ретінде еркін таралып жатқандығына қарамастан, ол кейбір қариялар үшін тосын жаңалық болғанын да айта кету керек.

Осыған орай, қазақ қауымының атақты өкілдері, журналымыздың қалың оқырмандары бұл мәселеге араласып, редакцияға ара түсті. Қазақ елінің марқасқа азаматтары, ғалымдары, зиялылары, журналистері, жалпы көзіқарақты оқырмандардың мәселеге бей-жай қарамай, баспасөзде, әлеуметтік желілерде журналға  және оның ұстанымына белсенді түрде араша түсуі өзінің оң нәтижесін берген сияқты. Бұл азаматтарға алғысым шексіз.

Басты қағидатты түсінгеніміз абзал деп санаймын. Біздің басылымның артында жүз мыңнан астам оқырман бар. Қайткен күнде де, мен осы қалың елдің, журналдың әрбір нөмірін күтіп, тілекші болып жүрген қазақ оқырманының көңілінен шығуға тырысамын, солардың сенімі мен үмітін алдай алмаймын. Себебі бұл – ең ауыр жүк пен ең үлкен жауапкершілік. Егер мен біреуге сенсем, тек Жаратушыға, қалың қазағыма, оқырманыма сенемін. Өзіме сенемін. Басқа сенім артар күшті көріп тұрған жоқпын. Мен де, менің әріптестерім де әсіре ұлтшыл емес, біз елімізді шынайы сүйетін елжанды, ұлтжанды азаматтармыз.

Қазақ халқы – дастарханы мол, қонақжай, кең пейілді халық. Мүмкін, осындай қырғиқабақ әлемде, ұлтаралық және дінаралық мәселелердің ушығып, әлемнің көптеген бөлігінде мыңдаған адамдар көз жұмып, соғыстың зардабын шеккенде, қазақтың ұлы қасиеттерінің арқасында елімізде бейбіт өмірге шомылып жүргенімізді күнделікті тіршіліктің қызығымен өз дәрежесінде бағаламай жүргендер де жоқ емес шығар. Осыған орай журналда «Гитлер – фашист емес» деген сияқты бір ғана ой-пікірдің жарық көруі Қазақстан азаматтарының ар-намысына нұқсан келтірсе, бас редактор ретінде бұл пікір жеке тұлғаның өзіндік көзқарасы, еркін ұстанымы екендігіне баса назар аудартқым келеді. Егер өзге көзқарастағы азаматтар басқа да пікіріміз бар, айтарымыз бар дейтін болса, оларға да өз ойларын айтып-жеткізу үшін мүмкіндік беруге әзірміз.

Сонымен қатар, мені фашизммен күрескен ардагерлердің патриоттық сезімін таптады деп қаралайтындарға айтарым: мен де сол соғысқа қатысқан буынның ұрпағымын! Нағашы атам Қыдырбай Айтбайұлы Сталинград шайқасында бір қолы мен аяғынан жараланып, елге оралды. Атамның қолындағы жарасынан сарысулы іріңінің таусылмай аққанын соғыстан 14 жылдан кейін туған мен де көрдім. Жыл сайын қалыптасқан дәстүр бойынша қан майданнан оралған бірқатар соғыс ардагерлеріне журналымызды тегін таратып, марапат көрсететін дәстүріміз де бар еді. Бұл жылы да солай етпекпіз.

Келесі жылы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осыған орай тағы да қайталап айтайын: нацизм мен фашизмнің жойылуына өз үлесін қосқан, ұлы жеңіс үшін қаны мен терін төккен ардагерлердің алдында басымды иемін, олардың ерлігін дәріптеу – менің және бүкіл әріптестерім мен ұжымымыздың перзенттік парызы деп түсінемін! Егер осы кісілердің алдында кішкене болса да  айыпты болсам, байқаусызда қарияларымыздың көңіліне қылау түсіріп алсам, бүгінгі таңда еліміздегі көзі тірі, қатарда жүрген 6 мыңнан астам әрбір Екінші дүниежүзілік соғыс ардагеріне құрмет көрсетуге әрдайым әзірмін.

Дегенмен, қоғамды бір сілкіген, дүрліктірген дау-дамай осымен аяқталады деп сенемін. Болған оқиғадан барлығымыз да тиісті сабақ алған шығармыз.

Құдай қаласа, өмір жалғаса береді. Алда Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы келе жатыр. Алаш қозғалысының 100 жылдығы да таяп қалды. Журналымыз да жұмысын бұрынғысынан бетер үдетіп, болашақта талай-талай қызық тақырыптарды көтеріп, оқырманды қазақ жері мен елінің тарихы туралы, азат мемлекетіміздің орнығуына, қанат жаюына, шын мәнінде мәңгілік болуына ерекше үлес қосқан, қосып жүрген қайталанбас тұлғалар туралы кеңінен сөз етеміз деп санаймын, соған кәміл сенемін.

Осыны пайдалана отырып, Қазақстанның соғыс ардагерлері мен барша Отан қорғаушыларын алда келе жатқан дәстүрлі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Оларға зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат тілеймін!  

Құрметпен,

Жарылқап ҚАЛЫБАЙ,

«Жұлдыздар отбасы АҢЫЗ АДАМ»

журналының бас редакторы.

Abai.kz

0 пікір