Жұма, 19 Сәуір 2024
Қазақтың тілі 5999 0 пікір 2 Мамыр, 2014 сағат 16:56

ДАЛБАСА ТІРЛІКТЕН ДӘЙЕКТІ ІСКЕ БЕТ БҰРСАҚ

Қазақ тіліне флектив әліпби емес,үндестік әліпби керек

- Секе, сіздің қолайлы емле турасындағы мақалаңызбен таныспын. Сол жайында оқырманға кеңірек әңгімелесеңіз.
- Ол жоба мынадан туындады: 2000 жылдардан бастап, мен де латын қарпымен ауырғандардың бірімін. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі Құдайберген Жұбановтың еңбегімен таныса жүріп, кәзіргі әліпбидің қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтінін аңдадым. Қазақ тілін қолайлы емлемен қамту үшін оған табиғатына сай сыйпатты әліпби керектігіне көзім жетті. Қазақ тілінің жазу тарихында оған барынша сәйкестеу болған – ежелгі түркі Орхон-Енесей жазбасының тұрғысы (принципі). Әлем тілдері негізінен үш  түрлі сыйпатқа топталған: флектив (үншең) тілдер – индоевропалық тілдер жатады; агглютинатив (буыншаң) тілдер – бұлардың ішінде түркі тілдері бар; корневой (түбіршең) тілдер – қытай тілі жатады.

Кәзіргі кирилше әліпби флектив тілдер тұрғысына негізделген: әр фонемаға бір таңба принципі көзделген. Бұл тұрғы негізінен орыс тілі секілді үншең тілдерге мейлінше сәйкесетін әліпби жасақтауға қолайлы. Флектив  тілдердің басты белсенді лексикалық бірлігі – үнше (фонема). Сондықтан ондай тілдерді жазу үшін әрбір үншені таңбалауға тура келеді. Оңтүстік-шығыстағы жұрттардың көпшілігі түбіршең тіл қалыптастырған: тілдің белсенді бірлігі – түбірсөз болып табылады, оны идеограммамен (иероглиф) таңбалау қолайлы. Ал, қазақ тілі флектив емес, буыншаң, агглютинатив (жалғанбалы) тілдерге жатады. Сондықтан мұндай буыншаң тілдерді жазуда дыбысшаң-флектив тілдерге тән әрбір үншені таңбалауға тиімсіз.

Дәл сондай жағымсыз да күрделі мәселе бүгінгі қазақ тілінің жазымында аяқ алып жүргісіз болып отыр. Қазақ тілі флектив сыйпатты орыс тілінің тұрғысына негізделген әліпби тұтынуға мәжбүрленген. Тіл білімі саласының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбанов қазақ тіліне сингармо (үндестік)  әліпби қажеттігін мәселе етіп қойған еді. Сол мәселе күн тәртібінен түскен емес, өкінішке орай, тілімізге барынша тән әліпбиге тәуекел етпей отырмыз.

Ежелгі Орхон жазуларында бас-аяғы төрт дауысты таңбаланса, қатар түскен дауыссыздар арасындағы дауысты дыбыстардың қандай екені буынның айтылуына қарай анықталады және негізінен буыншақ (микрослог) таңбаланған. Яғни, басы артық таңба жоқ, тілдің үйлесім заңына негізделген тұрғы бар! Бірақ мен мұны танудан бұрын, тіліміздегі «Ы» «І» дыбыстарының табиғатын зерделеу арқылы кәзіргі әліпби жүйесінің өгей екенін аңдадым.

Бұл «Ы» мен «І» дыбыстары тек қана дауысты қысаң дыбыстар емес, сондай-ақ, сөздегі буынды жуандатуға (жіңішкертуге) қатысатын, яғни, үндестік заңын жүзеге асыртатын бірден бір үншелер (фонема) болып табылады. Қазақ сөздерін жазуда аш ішектей шұбалтып жүрген  де осы екі дыбыс. Бұлардың бұл міндетін ішінара «Ұ», «Ү» дыбыстары да атқарады. Бұлар өзге дауыссыздарға былайша қосарлану арқылы буыншақтар түзе отырып, сөздегі буынды жуандатады не жіңішкертеді:

Енді осы заңдылықты мына сөздердің жазылуына салып бақылайық:

қы+а+лы+а = қала;  кі+ө+ші+е = көше;

Ал+мы+ат+ы = Алматы; ы+сы+ры+ап = ысырап.  Мұндағы көше, Алматы сөздерін кәдімгідей, ал «ысырап» сөзін қысқартып жазуға болады: ысрап. Өйткені, «ыс» буынынан кейін [Ы] дыбысы жазсаң да, жазбасаң да дыбысталады. Бұл – үндестік заңының көрінісі. Сөйтіп, сингармо яғни, буыншаң әліпби құрылымында әдеттегі флектив әліпбидегідей дыбыстың атауы емес, дауысты үншелермен бірге, дауыссыз дыбыстардың «Ы» «І» қысаңдарымен қосарланған буыншақтарын келтіруге тура келеді.

Екпін сөздің соңғы буынына түспейді!

Осындай Үндестік әліпбимен мынадай сөздер тізбегін былайша жазуға болады:

ресми нұсқа          

жаңа нұсқа

1

сөг{іс}

сөгс

2

{шы}ғар{ыл}{ым}

шғарлм

3

бас{ыл}{ым}

баслм

4

{бі}р{ік}{ті}р{ін}ді

брктрнді

5

түг{іс}кен

түгскен

6

{бі}л{іс}кен

блскен

7

қанағаттанд{ыр}{ыл}мағанд{ық}тар{ың}{ыз}д{ың}

қанағаттандрлмағандқтарңздың

Сөйтіп, буыншаң тілдерге сай келетін үндестік әліпби арқылы жазымның шұбалыңқы сыйпатын барынша қысқартуға мүмкіндік бар.

Алайда, буыншақтағы «ы», «і» үншелері мен дауысталатын «ы», «і» дыбыстарын ажырату қажеттігі туындайды.

Біздің пайымымыз бойынша, мынадай үш жағдайда «ы», «і» дыбыстарының буыншақтау қасиетінен гөрі дауысты дыбыс екендігі ажыратылады:
1. Cөздің басында дыбысталатын «ы» мен «і» үншелері - дауысты: ішік - ішк;
2. Cөздің аяғында дыбысталатын «ы» мен «і» үншелері - дауысты: ескі - ескі;
3. Cөз ортасында келетін тәуелдік жалғауының үшінші жағын білдіретін жалғау ретінде дыбысталатын «ы» мен «і» үншелері - дауысты: тіліміз – тлімз; еліміз - елімз.

Бұл тұжырым тілдің үндесім заңын тұтынушыға мойындатып, оның сақталуын бекіте түседі.
- Сонда жазуды қысқартудың қандай пайдасы бар?
Бұл - кәзіргі күннің басты да маңызды талабы. Мен келтірген тұжырыммен қазақтілді мәтін көлемін 20-25 пайызға кемітуге болады. Демек, соншалықты оны теруге, басуға кететін уақыт пен ақшаны да, басқа шығындарды да кемітуге болады деген сөз. Кәзіргі шыққан кітаптардың қалыңдығын бестен бірге жұқартып елестетіңіз, оны тасуға, орналастыруға кететін шығындар қаншалықты азаймақ?! Бұл тұжырым экономикалық жағынан тиімді деген сөз, ал экономика - бүгінгі өміріміздің басты диктаторы емес пе?! Бұл қасиет қазақ тілін алдыңғы қатарлы мүмкіндікке ие қылатыны өз алдына, басқа жалғанбалы тілдерге ұстаз етпек!

Десек те, бұл тұжырым – болашақтың шаруасы, реформаға енуі үшін бұл бастама теориялық жағынан пісіп-жетілуі керек. Дайын болғанның өзінде бұл тұжырымды қабылдауға біздің қоғам әзір дей алмаймын. Бұл  - әзірге менің жеке бастамам ғана, бірақ зерттелуге жататын аса маңызды жайт. Сондықтан да, Үндестік әліпби – келешектің міндеті.
 
- Қызық жайт екен. Бұл тұжырымыңызға лингвистер қандай пікір білдіруде?

-  Әзірге пікір барынша тапшы. Бұл тұжырым флектив емледен тілімізді тыс елестетпейтін қасаң көзқарас үшін де аса тың секілді. Кейбір сарапшылар ғана қарсы бір-екі дәйегін келтірді: «бұл жазумен тасымал мәселесі қыйындайды», «буын айқындалмайды, сөз буынға бөлінбей қалады» т.т. дегендей. Кәзіргі электрондалған заманда тасымал мәселесі,тіпті қарастырылмайды, буын тасымалданбайды. Қажет болса буынды толықтырып тасымалдай салуға болады. Ал, буыншаң тіл үшін сөздің буындарын көрсетіп, санамалау қажет емес. Оны тек қана грамматикалық оқыту мен зерттеуде қарастырмаса, қарапайым жазарман жұрттың басын грамматикамен қатыру дұрыс емес, ол - ғалымдардың шаруасы болғаны жөн. Бұндай бағыт алсақ, тілдің емлелік қағидасы біршама өзгеріске ұшырайтыны рас. Тіпті, теорияны қайта қарауға мәжбүрлейді. Себебі, бізде қалыптасқан тіл қағидасы көбінесе буыншаң тілдің емес, үншең-флектив тілдің заңдылығын талғажау етіп кеткен, содан тілімізді түбінде құтқару керек!

Мен ұсынып отырған үндестік әліпбиді кәзіргі ұрпақ қабылдамайтынын білем, бірақ келешекте тіліміз аман болса, бұл тұжырымға жас ұрпақтың таңдауы түсетініне сенем.
- Тілімізге қатысты қалыптасқан тағы қандай тұжырымға қарсысыз?
- Біздің өзіміздің буыншаң тіліміздің қасиетін үншең тілге тәуелдегеніміз сондай тіпті флектив тілдерге тән екпін мәселесін де қазақ тіліне қатысты қабылдап алдық. Шын мәнінде, агглютинатив тілдер үшін екпін мәселесі маңызды да емес, өзекті де емес. Себебі, біздің буыншаң тіліміз сөзді буынға түсетін екпін арқылы ерекшелемейді! Екпін мәселесі тілімізге тән емес, ол қасиет үншең тілдерге ауадай қажет. «Екпін қазақ тілінде сөздің соңғы буынына түседі» дейтін қағида біздің тілге жат! «Ба[ла]» не «бала[лар]» сөзінің соңғы буынына екпін түсіріп айтыңызшы, болмаса  әр сөздің соңғы буынына екпін түсіріп бір сөйлемді айтып көріңізші! Шамаңыз келер ме екен?! Ол қазақтың сөйлемі болмай шығады!

Шындығында, қазақ сөзінің барлық буынына екпін біркелкі түседі, соңғы буынға екпін түспейді, соңғы буын ерекше дауыс ырғағымен бітуі мүмкін. Әйтпесе, шұбатылған буындардан құралған сөзді тынысты тарылтпай, аман-есен дыбыстап шығу мүмкін емес. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегенді қазақ соңғы буынға қатысты айтқан емес.

Біздің тіл үйрету әдістемесінің қалыптасқан қағидасында «қазақ тіліне тән  тоғыз дыбыс» деген ауру бар. Сонда қалған дыбыстарды сатып алдық па, әлде жалдап жүрміз бе? Бұл да қазақ тілін үйрету үшін эталон есебінде орыс тілін алып, соған қатысты орыс тілінде жоқ дыбыстарды қазақ тіліне таңудан туған жасанды тұжырым! Керек десеңіз, қазақтың [Е], [О] дыбыстары да орыс тіліндегіден ерекше дыбысталады...

Мұның барлығы да қазақ  тіл білімінің флектив  сыйпатты орыс тіліне теориялық жағынан да тәуелді екенін көрсетеді.

Далбаса  тірліктен дәйекті іске бет бұрсақ

- Саясаткер Петр Своик: «Орыс тілі – әлемдік тіл. Бұл тілсіз Қазақстанда мемлекет басқару ісі әлсірейді» деді. Бұл туралы не айтасыз? Негізі бұл шындық па?

- Түрік тілі орыс пен ағылшынға сүйенбей-ақ мемлекетті басқартып отыр ғой. Әлемдік деңгейдегі технология меңгерген кәрей тілі де елін азиялық барыстардың бірі етті! Сол секілді өзбек,түрікпен, әзер тілдері де орыс тілісіз болмаса басқа бір әлемдік тілсіз мемлекеттік мәртебені аман-есен атқаруда. Әзербайжан даму рейтингі бойынша әлемде 46-орында, біз 51-орындамыз. Ал мемлекетті басқаруға келсек, Қазақстанды басқарып отырған лауазымдылар мен шенділердің кемінде 90 пайызы - қазақ. Солардың бәрі өзара бір күнде қазақша қатынасып кетті дейік, сонда оның мемлекетті басқаруға қандай кесірі тимек?

Әрине, мәселе тіліміздің мемлекеттік жұмыс тілі болуында. Ол тілдік ортаның қаншалықты қазақ тілін меңгеруіне қатысты. Тілдік орта ауызекі және жазбаша тілдік қолданыстан тұрады. Егер мемлекеттік қызмет саласында осы талаптар бойынша жұмыс жасалып, пәрменді міндет қойылса, 2-3 жылдың ішінде ешкімге байқаусыз-ақ қазақтілді мемлекеттік қызметке көшіп кетер едік.  Неге байқаусыз? Мемлекеттік дәліз бен кабинет тілі қазақ тілі болса, оны кім байқауы тиіс? Халыққа шенділердің өзара қай тілде сөйлесіп, жазатыны маңызды емес, бұқараға керек ақпаратты мемлекеттік тілмен бірге басқа тілдерге де аударып беру көзделсе жеткілікті. Қағаздардың бәрі қазақша болып, баяндама қазақша жасала береді және басқа тілдерге ілеспе аударма жүре береді. Яғни, қазақ тіліндегі мемлекеттік қызметтің ауыртпалығы Своикке де, басқаларға да түспейді. Мәселен соның қолға алынбауында болып отыр. Тіпті, қазақтілді қызметкер үшін орыс тілін мемлекеттік қызметке қолдануға душар етілген ахуал қалыптасқан.

Своиктің бір пікірімен санасқан жөн. Ол 2009 жылы Мұхтар Тайжанмен пікірталаста «20 жылдың ішінде қазақ элитасы тілге қатысты ештеңе тындырмады, ең болмаса қазақ тілін ұлтаралық тіл деңгейіне көтеру керек еді» деді. Оның бұл сынына қосылам. Мемлекеттік тілді дамыту Президент қорында істегенімде, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелер үшін кірікпелі қостілдік ахуал орнатуды ұсынғанбыз, оның мәні – қазақ тілін ұғатын, бірақ сөйлей алмайтын орыстілділер үшін, керісінше орысшаға шорқақ қазақтілділер үшін өзара бір тіл емес, оларды бір-бірімен ана тілдерінде қатынастыру. Яғни, сен ұйымдағы жұмыс барысында қазақша сөйлей бересің, ал орыстілді бауырың орысшасын қолдана береді, бастысы бір-біріңді ұғасыңдар. Осы ахуалды ісжүргізім тәжірибесіне де енгізуге болады. Сонда бірте-бірте оны мемлекеттік тілдің пайдасына бұруға алғышарт жасалар еді. Кәзір қазақтілділер мемлекеттік қызметте тек қана орысша сөйлеп, жазуға мәжбүрленген. Себебі, билік дәлізінде орыстілділер түсінбейді деген қағида орныққан. Ең болмаса, мемлекеттік қызметке қазақша сөйлемесе де, ұқпайтындар алынбауы керек қой. Қостілді елде біртілді адам мемлекетте неге қызмет етеді?

2009 жылы Ерлан Қарин мен Берік Әбдіғалиевтер Қарағандыға қазақтілді қазақ емес 300 жасты жинап, форум өткізді. Сонда әлгі жастар қазақша сайрап, мемлекеттік қызметке бізді қашан аласыңдар деген мәселені төтесінен қойды. Бірақ ол Ерлан мен Беріктің қолында емес қой. Мәселе сол күйінде қалды. Своиктер осы жағдайды өз сөзіне арқау етіп, айта беретіні содан.
- Тілдік сана мен тіл саясаты неге бір мақсатқа бірікпейді?
- Тілдік сана деген ғылыми сала бар. Өкінішке орай, ол - біздің ғылымымызда әлі қалыптаса қоймаған сала. Бұл ғылым бойынша, әрбір тілге сәйкес этностық сана қалыптасатыны, ұлттық идентификациялық ойлау қабылеті орнығатыны, оның негіздері сол тілдегі әдеби-мәдени мұралар екендігі дәйектелген. Ойлау жүйесі орнықпаған баланың бірнеше тіл логикасын тежейтіні де осы салаға тән айтылуда. Егер біздің ел осы ғылымға назар аударса, баланы 7 жастан бастап үш тілмен мыйын ашытуды қолға алмас еді. Қысқасы, біздің елде тілдік саясат ғылымға маңдай тіремеген, көңіл-күй мен өтпелі дақпыртқа, желбуаз насихатқа  негізделген. Біз неғұрлым тілдік саясатты ғылымға арқа сүйетсек, бұл салада мәселе соғұрлым тез, сырқаусыз шешіледі. Сонда өзімізді өзіміз алдаусыратып, фестивальмен уақыт оздырмас едік.
- Тіл саясатындағы тұйықтан шығар жол?
- Шығар жол: тіл саясатындағы мәселелерді нақты айқындап, соның шешу жолдарының бәрін ғылыми негізде белгілеу мен заңдық құзырмен бекітуде. Бізде қазақ тілін үйрету әдістемесінің тілді үйрету мен оны бағалауды сабақтастыра қарастырған әлемдік деңгейдегі жүйесі жақында ғана ҚазТЕСТ орталығында пайда болды. Бұған дейін әр облыс, әр ұйым, әр мекеме, әрбір әдіскер өз әдістемесін, оқулықтарын балалатумен келді. Олардың тиімділігін ешкім бағалаған емес, олардың нәтижесін бағалайтын құрал болмаған. Қазтест орталығы қазақ тілін білу деңгейін бағалаудың мемлекеттік стандартын бекіттірді. Соның негізінде тіл деңгейін бағалаусыз үйрететін әдістемелердің тиімсіз екендігі мәлім болды. Яғни, соңғы он жыл бойғы шығын мен тілді үйрету біржақты түрде бағалаусыз жүріп келген. Біз осы мерзім ішінде жұрттың тіл білу деңгейін бақыламай, оқыта беріппіз!

Тығырыққа тірелудің тағы бір себебі – тіл саясатын әркім қолсүрткі қылып отырғанында. Елде тілмен айналысатын қыруар мекеме, органдар мен ұйымдар бар, бірақ олардың ісі жүйесіз, кімнің немен шұғылдану керектігі айқындалмаған, ара-жігі ашылмаған. Мәселен, бір тіл басқармасы алады да мультфилм шығарады, біреуі балаларға арналған оқулық, әдебиет басады. Ал, бізде баланы оқыту мен тәрбиелеу мәселесі Білім және ғылым министрлігінің құзырында, оның жергілікті бөлімшелерінде емес пе? Кино, мультфильм шығаратын Қазақфильм студиясы бар емес пе?! Соларға неге тапсырыс мемлекеттік деңгейде берілмейді? Тіл басқармасы шығарған мультфилмьдер қандай сапаға ие?

Оның есесіне, ол басқармалар Тіл саясатымен айналысуы керек яғни, мемлекетті басқаруға қажетті қазақ тілін қолдануды үйлестіруі керек. Тілдік ортадағы қазақ тілінің ықпалын қалай арттырамыз? Мемлекеттік қызметте қанша шенді іс жүргізеді, қанша бастық баяндама, есеп жаза алады, кім ауызекі сөйлейді, кім әдеби, ғылыми, іскери тілді меңгерген? Соларды қолға алуы керек те, оларға қажетті құралдарды ғылыми түрде әзірлеуге міндетті білім мен өнер саласындағы мекемелерге тапсырыс берсе, жеткілікті. Сонда ғана әркім өз орнында міндетін атқарады.

Жыл сайын қыркүйек айында өткізілетін Тіл фестивалі де Тіл басқармаларының міндеті емес. Ол қоғамдық ұйымдар атқаруға тиісті үгіт-насихат деңгейіндегі шаралар ғана. Ал, біз қазақ болып кеткен қазақ еместерді жыйып алып, солардан шоу жасаймыз! Өзімізді өзіміз солай алдаймыз, ол кімге керек?! Қысқасы, далбаса тірліктен дәйекті іске бет бұрсақ қана тығырықтан жол табамыз.
- Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – Б. Ахметұлы

Cоңы

Abai.kz

0 пікір