Сейсенбі, 31 Наурыз 2020
46 - сөз 4473 0 пікір 2 Мамыр, 2014 сағат 18:08

Тұрсынғали Еділов: БІЗДІ БАҒАЛАҒАН ЖОҚ

Біз спорт залына келгенде, Тұрсын аға шәкірттеріне нұсқау көрсетіп тұр екен. Шаршы алаңның арқанына сүйеніп, рингте бірін-бірі төпелеген боксшыларға жігер беруде. Тап осы қалпы 14 жыл бұрын Ермахан, Болат, Бекзаттарды қамшылаған кезіне қатты ұқсап кетті. Біз ұзақ әңгімелестік. Төрт қазақты Олимпиаданың финалына шығарып, Сиднейдегі даңққа себепкер болған тұлға көптен бері тасада қалып қойса да, жанкүйер жүрегінен жоғалмағаны үшін бақытты. 

Бокстан ұлттық құраманың бұрынғы, Алматы облысының қазіргі бас бапкері Тұрсынғали Еділов «Жас қазақ» оқырмандары үшін арнайы сұхбат берді.


 

«ОЛИМПИАДАДА СЕКУНДАНТ БОЛСАМ, АРМАНЫМ ЖОҚ»


– Тұрсын аға, жанкүйер сізді жиі іздейді. Қазір қайда, не істеп жүрсіз?

– Жанкүйер дейсің бе? Мені ұмытпайтын осы жанкүйер, қарапайым халық қой. Халқыма рахмет. Бұл күндері бокстан Алматы облысының құрамасын жаттықтырып жүрмін. Қатарда мықты жігіттер көп. Солардың томағасын сыпыру – біздің міндет. Көрдіңіздер ғой, Жәнібектің (Әлімханұлы – автор) қалай жайпағанын? Бұл талантты бала біздің бокс мектебімізден түлеп шықты. Шеберлігіне шәк келтірмеймін, бірақ физикалық тұрғыда сәл ақсап тұр. Негізі, өзі өте еңбекқор бала. Кеше Түркістан мен Тверьде өтетін халықаралық турнирге екі командамыз аттанып кетті. Ал боксшылардың бір тобы Алматыда дайындық өткізіп жатыр. Оларға мен бас-көз болып қалдым. Айтпақшы, облыс құрамасына Украинадан білікті маман әкелдік. Бәріміз бір жұдырықтай бірігіп, шебер бокс­шы өсірсек дейміз. 

– Облыс құрамасындағы мамандар тобы жаман емес. Ал ұлттық құраманы қадағалап тұрасыз ба?

– Әрине. Жігіттердің аяқ алысы үнемі назарымда. Бапкерлермен көп сөйлесудің реті түспейді. Бірақ көрген жерде сәлеміміз түзу. Ұлттық құраманың да, «Астана арландарының» да кездесулерін тамашалаймын. Қазір жағдай жақсы ғой. Біздің кездегідей емес. Мен бас бапкер болғанда ұлттық құрамаға 30 миллион теңге бөлінетін. Ал қазір бір ғана Алматы облысының бюджеті бұл санды он орап кетеді. Боксшылар бұрынғыдай жертөледе емес, заманауи кешендерде жаттығып жатыр. Былтыр әлем чемпионатын абыроймен өткіздік, елімізде халықаралық бокс академиясы салынуда. Осының бәрі үлкен жетістік. Ең бастысы, басшылық ерекше көңіл бөлуде. 

– Рас, қазіргі күй жаман емес. Алайда сіз және сіздің командаңыз жасаған ерлікті жағдайымыз жақсы болса да, қайталай алмай жатырмыз. Неліктен?

– Финалға 4 қазақ шығатын кезді айтып отырсыз ғой. Әрине, ол тарихи сәт еді. Бұл ерлікті қайталайтын толқын да келер. Әр Олимпиададан боксшыларымыз алтын арқалап қайтады. Әйтеуір, нәтиже­сіз емеспіз ғой. Мені ойлантатын бір нәрсе бар. Біз жағдайдың жоқ кезінде осындай нәтиже көрсеттік. Ал қазіргі хал-ахуалымыз өте жақсы. Сондықтан, алтынды көбейтіп, екі-үш дүркін Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеуіміз керек еді. Сиднейден кейінгі көрсеткіштің жоғары өрлемей, төменге сырғығаны алаңдатады. Афиныға керемет бабында аттанған әлем чемпиондары Галиб Жафаров пен Геннадий Головкинге алтын әпере алмадық. Ал біз Сиднейге кетерде мұндай атағы бар жалғыз Болат Жұмаділов еді. 

– Сізбен әңгімелескенде Сидней туралы айтпау мүмкін емес сияқты. Аустралияда айымыз оңынан туған сәт талай мәрте айтылды да, жазылды да. Бүгінде сол жеңісті күндерді жиі еске аласыз ба?

– Шынымды айтсам, сол кезде үлкен іс тындырғанымызды енді сезініп жүрмін. Бұрын аса мән бермеппін. Бір таныс бапкердің: «Олимпиадада секундант болсам, арманым жоқ» дегені бар еді. Сол арманның қаншалықты тәтті екеніне көзім енді жетті. Финалда төрт қазақ айқасып, оның екеуі алтын алды. Кейін ойласам, Сидней шаршы алаңына шыққан жеті боксшының жетеуі де үшінші кезеңнен сүрінбей өтіпті. Жігіттер жараған екен ғой. Мен қазір Олимпиададан бес медаль алмадық деп өкінемін. Өйткені, 

Данияр Мұңайтпасовтың да жүлде алатын жері еді Сидней. Доценконы Олимпиаданың алдында оңай жеңген соң, сол жолы да сүрінбейді деп ойлаппын. Даниярды қамшылау керек еді. Қысқаша айтсам, сол шақтарды мен де бағаламаппын, бізді де бағаламады ғой. 

 

«ТҰРСЫН, БІЗДЕ АҚША ЖОҚ, МАКАРОН БАР»


– Ал финалдық сынға төрт жігітті қалай дайындағаныңыз есіңізде ме?

– Есімде. Әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Жартылай финалда Ермахан америкалық Джермейн Тейлормен қолғап түйістіретін болды. Жекпе-жек уақыты таяғанда жаттығу залына келсек, Тейлорға басқа емес, әйгілі Эвандер Холифилд ақыл айтып отыр екен. Әрине, іштей аздап қобалжығанмен, сескенбедік. «Туыңды төмен түсірме! Бар қазақ саған қарап отыр!» дедік Ермаханға. Айтқандай-ақ, Ермахан америкалықтан 15 ұпай артық алып, ойсырата жеңді. Ал Бекзат... Бекзат сол Олимпиадада өскен бала ғой. Ол әрбір кездесуінен кейін жетіле түсті, әр жекпе-жектен соң күшіне күш қосты. Олимпиадаға 12 күн ерте бардық. Сол кезде «Аға, анау Роналдинью деген футболшы емес пе? Ол да біз сияқты қарапайым адам екен ғой. Біз неге солардай болмаймыз? Анау боксшының бізден қай жері артық? Оны да жеңуге шама жетеді» деп үнемі өзін-өзі қайрап жүретін. Біз тек Болат, Мұхтархан, Ермахан жеңеді деп барған жоқпыз. Жеті жігіттің жетеуі де жүлде тағынады деген сенім болды. Сенім алдаған жоқ. 

– Өзіңіз айтқандай, сіз бас бапкер болған кезде қазіргідей көп ақша бөлінбеді. Сапалы жаттығу жиындарын өткізу үшін сіздің үлкен тер төккеніңіз туралы естимін...

– Ұлттық құрама толыққанды дайындалуы үшін бар күшімді сарқып бердім. Оқу-жаттығу жиындарына ақша тауып, жігіттердің қарны тоқ болуы үшін талай адамның есігін қақтым да. Вагоннан жүк тасу керек болса, оны да істедім. Әлі есімде, Алматы облысындағы бір шағын компаниядан көмек сұрай бардым. Олар: «Тұрсын, бізде ақша жоқ, макарон бар. Аламын десең, қазір-ақ тиеп береміз» деді. Мен қуанып кеттім. Бір КамАЗ толы макаронды базарға апарып сатқанымда 3-4 мың доллар пайда түсті. Ол кездің өлшемімен қарағанда, әлгі пайдамыз өте үлкен еді. Сондағы қуанғанымды көрсеңіз ғой. Куба құрамасымен жолдастық кездесу өткізу үшін де талай лауазымды адамның алдына барып, көмек сұрауға тура келді. Қазір мұның бәрі болмаған сияқты. Өткен күннен белгі жоқ деген осы да. 

КУБАЛЫҚТАР ҚАЗАҚТАРДАН СЕСКЕНЕТІН


– Айтпақшы, Куба мен Қазақстан арасында жолдастық кездесу өткізу туралы идеяңыз өте сәтті шықты. Тоқсаныншы жылдардың аяқ тұсы ел экономикасы шатқаяқтап тұрған кез еді. Анау алыстағы кубалықтарды елге қалай әкелдіңіз?

– Бәрі де жігіттердің қамы үшін ғой. Тек қазақ боксшылары ғана емес, бүкіл КСРО-дағы былғары қолғап шеберлері Куба десе, тіксініп қалатын. Тіпті жарысқа барар кезде балалардың: «Мен әрі кетсе, ширек финалға жетемін. Одан әрі кубалық шығады алдан» деп, шаршы алаңға шықпай жатып жеңілетінін көрдім. Енді не істемек керек?! Әрі ойланып, бері ойланып, Куба қабыландарын елге шақырамын деп шештім. Алматыны сан айналып, Кубаның Қазақстандағы елшісі Марселло Кабариеланы тауып алдым. Жағдайды түсіндіріп айтып ем, Марселло басын шайқай берді. Өйткені, Бостандық аралындағы тегіс команданы алып келу үшін көп күш керек еді. Елшіні көндіру қиындап бара жатқан соң, Олимпиаданың үш дүркін чемпионы, марқұм Теофило Стивенсонмен түскен суретімді көрсеттім. Кабариела күліп қоя берді. «Бұл біздің елде аңыз ғой. Оны қайдан танисыз?» деді. «Иә, бұл аңыз адам менің жан досым, сондықтан, оны қонақ қылу керек» дедім. Осылайша, елші кубалықтардың бізге келуге қарсы еместігін біліп берді. Бұл кездесуден соң, жігіттер психологиялық түрде үлкен күш алды. Кубаның боксшыларын да жеңуге болатынын, олардың да ет пен сүйектен жаралған адам екеніне көздері жетті. Мұның нәтижесі жаман болған жоқ. Сиднейде біз кубалықтармен үш рет кездесіп, үшеуін де жеңіп кеттік. КСРО боксшыларынан қорықпаған кубалықтар кей салмақтарда қазақ жігіттерінен сескенетін. 

– Теофило секілді аңыз адаммен қалай дос­тасып жүрсіз?

– Бір терінің пұшпағын илеген соң, танысып-білісудің реті түсті. Жаны таза адам еді. Кубаға сапарлата барғанымызда, бізбен қимай қоштасты. Автобусқа кіріп, жігіттерді құшақтап шықты. Көзінде жас тұнып тұр екен. Қолын бұлғап: «Мені Қазақстанға тағы да шақыршы» деп қалып еді. Стивенсон содан үш күн өткен соң бақилық болды. Әлем боксы ғажап адамды жоғалтып алғаны үшін қатты қиналдым. Қазақ жігіттерін үнемі мақтап отыратын. Әсіресе, Ермахан пен Болаттың, Руслан Мусиновтің бокстасу мәнерін ұнатушы еді.

ЧЕМПИОНДЫ КӨККЕ КӨТЕРІП, БАПКЕРДІ ҰМЫТАМЫЗ


– Тұрсын аға, соңғы кезде Олимпиада чем­пионы Бақыт Сәрсекбаев халық алдында ұятқа қалып жүр. Жал­пы, жұлдыз ауруына шалдығып, чемпион­дық­ты көтере алмаудың себебі неде деп ойлайсыз?

– Меніңше, біз жігіттерді қатты көтеріп, әспеттеп жіберетін сияқтымыз. Олимпиада чемпионы болған соң, ешкім екінші рет Олимпті бағындыруға ұмтылмайды. Неге? Өйткені, бәріне жаңа қызмет табылып тұр. Барлығында су жаңа көлік, үй, ақша. Осыдан соң, тер исі мүңкіген залға ешкім қайтадан аяқ баспайды. Сол себепті, бізде Олимпиаданың үш дүркін чемпионы жоқ әлі. «Олимпиаданың чемпионы атансаң болды!» деп, мақсатымызды шектеп қойған сияқтымыз. Рас, жұлдыздық дертіне ұшырағандар менің командамда да болды. Пойызбен баратын жерге ұшақпен барамын, жігіттерден тамақты бөлек ішемін дегендерді көрмеді дейсіз бе? Көрдім. Мұндай сәтте бәрінің аптығын басып, орнына қойып отыру керек. Әйтпесе, спорттағы нәтиже жоғалады. Мысалы, өзім жиі мысал ететін кубалықтарды айтайыншы. Бір барғанымызда, Олимпиаданың үш дүркін чемпионы Феликс Савон шелек ұстап, еден тазалап жүрді. Бас бапкердің тапсырмасы. Оны сен Олимпиаданы қанша рет ұтсаң да орындауға тиіссің. Содан кішірейіп немесе атағынан айырылып қалған Савонды көрмедім. Міне, біздің дерт осы. Алтын алған жігітті алақанымызға саламыз да, бапкерді ұмытамыз. Қанша чемпион тәрбиелесем де, жұмыссыз қалған кездерім болды менің. 2003 жылы зал іздеп тентіреп кеттім. Айттым ғой, бағаламады бізді. Кеше Сочиде бір қола алғаны үшін қаншама ақша беріп жатыр. Ал біз төрт қазақты финалға шығарғанда кім не берді?! 

– Түсінікті. Соңғы сұрақ, егер бас бапкерлікке қайта шақырса барасыз ба?

– Жоқ. Енді бас бапкерлік туралы айтудың қажеті шамалы. Темірді қызған кезінде соғады. Сиднейден соң менің ынтам зор еді. Талпынысым тау қопарып жіберердей, жігіттерді тағы да биікке шығарсам деп мақсат еттім. Жалпыкомандалық есепте қашанға дейін екінші, үшінші орында жүреміз? Қазақтардың көш бастайтын кезі енді туады деп ойладым. Алайда көңілім су сепкендей басылды. Қазір мен де сол талпыныстан түк те қалмаған. Бүгінде Алматы облысынан дарынды балаларды қанаттандырып, өзім шәкірт тәрбиелеуді қолға алып жүрмін. Әсіресе, кәсіби бокста Гена сияқты атой салатын жігіт тапсам деймін. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ақырыс СЕЙІТҚАЗЫ

"Жас қазақ" газеті

0 пікір