Жұма, 29 Наурыз 2024
Тағзым 6742 0 пікір 12 Мамыр, 2014 сағат 13:15

ЕЛШІЛ ТҰЛҒА - ЕРБОЛ ШӘЙМЕРДЕНҰЛЫ

Ұлттың тарихи ұлағатының бір парасы – өткен өмір, кешкен ғұмырдың тәлімі мен тәрбиесін келешек кемел күндер жадына сіңіріп, керекке жаратуда болса керек. Бұл әр дәуірде ғұмыр кешсе де, бар дәуірге ортақ құндылықтар мұратынан жазбай, туған ел, өскен ортасына пайдалы іс тындырған тұлғалардың еңбегі мен есімін реті келген жерде еске алып, олардың рухын жаңғыртып отыруға да қатысты ұғым.  Осы ретте, дарынды тұлғаларға бай қазақ мәдениетінде, қазақ сөз өнерінде, қазақ журналистикасында Ербол Шәймерденұлы есімді ерекше бір елжанды тұлғаның, жоғарыда айтылған мұраттарға бойындағы бар қажыр – қайраты мен талантын арнаған азаматтың да болғанын айта жүргеніміз абзал болар еді деп ойлаймыз. Ол – бір қарағанда біртоға сабырлы, өте ұстамды да мәдениетті, өз жанын толғандырған өзекті ойларын жалаулата жар салып, абыр – сабыр болып жүретін адамға мүлдем ұқсамайтын. Ал, тындырған істері - ұлттың рухани байлығына қосылған қомақты үлес, ұрпақ санасын саралауға арналған айтулы тәлім, мұраты – биік, нысанасы – дәл, дәрмені де дәйегі де бекем істер болатын. Ақын, жазушы, зерттеуші, аудармашы, журналист, қайраткер Ербол Шәймерденұлының азаматтық тұлғасы – туған еліміздің тұғырлы биігінен Тәуелсіздік таңы атқан толайым жылдарда жаңа бір биікке көтеріліп, жаңа бір кеңістікке қанат қақты.

Жаным Отан, сырың – сан, өлшемнің – мың,

Сен – бір ғарыш, мен – сенің жер серігің.

Сен деп соққан жүрегі, жаны – сенде,

Перзентіңмін – бір түйір бөлшегіңмін!- деп жырлаған Ербол ақын, өмірінің соңына дейін осынау бір адами айбарлы антына адал қалыпынан адаспай, өмірден ертелеу, тым ертелеу аттанып кетті...

Ол Тәуелсіздігіміздің ай таңбалы айшықтары - Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз секілді баға жетпес құндылықтарымыз жайлы танымдық, тәрбиелік мәні аса жоғары туынды - толғаулар жазды. Жас ұрпақ бойындағы ізгілік қайнарларына дем беретін деректер мен дәйектерге толы осынау еңбектердің қай-қайсысы болсын, бір-бір оқулықтың міндетін атқарып тұрғандығы талассыз шындық. , Осы ретте, Ербол Шаймерденұлының қазақтан шыққан тұңғыш рәмізтанушы - геральдист екендігін, ал, жаңа заман әкелген толайым болмысты – «Өткені жоқ ертеңге де құлықсыз, Рухсыз ел  тұра алмайды құрықсыз» - деп елеңдеп, Тәуелсіздіктің ай таңбаларын тынымсыз жар сала насихаттаған тұлға екендігін де айта кеткеніміз абзал.

Жаңа дәуірдің, жарқын дәуірдің нағыз жанашырларының бірі, анажұрт, атамекеннінің әрбір сәтті қадамына қуана қол соғып отыратын азаматтың бар ғұмыры - отансүйгіштіктің, ұлт мұратының ұлағаттарына шексіз берілген қайраткерліктің, қала берді ағартушылықтың жарқын бейнесі еді. «Алаш арыстары армандаған асыл мұрат дәуірі біздің кезеңге тұспа-тұс келуіне қарағанда, біз де тегін ұрпақ емеспіз-ау, осы» - деп қоятын жымиып.

Ұзақ жылдар қаламмен қайраткерліктің қос тізгінін қатар ұстап, өзі жүрген ортасында, өзі қызмет парызын атқарған саласында Тәуелсіздік тәлімдерін, оның баянды болашағын «жырлап» отыратын. Пікірге бай пірадар заманның, Шерағаң айтпақшы – «бір кем дүниенің» кірбіңді сәттері әңгіме бола қалса – «Ей жігіттер, қыйындық қолдың кірі емес пе, термен жусаң кетеді де қалады» - деп әзілдеп те қоятын.

Ал, ақын Ербол:

Таң нұрымен арайлаған төңірек,

Жатыр маздап ошағында өмір-от

Тәуелсіздік тәй-тәй басқан нәрестем,

Сұқ көздерден сақтағайсың, құдырет! –

деп толғанатын.

Көк туым иілмесін, жығылмасын,

Көзге - жас, кеудеге - өксік тығылмасын.

Тұрғанда көк байрағың көкті тіреп,

Туған ел, сен қашан да, тұғырдасың! –

деп тілек тілеп отыратын.

Сөз бен істің жарасымында – қай заманда болмасын азаматтық тұлға тұрған, жақсының шарапатымен айшықталар асыл қасиеттердің қара орманы алыстан мен-мұндалап көз тартып тұрған...

Ербол Шәймерденұлы жаны нәзік, сезімі сергек, сөзі ойлы ақын да болатын. Кемерінен асқан жыр нөпірінде оның ойлы орамдары оқығанның ойында, түйсінгеннің түйсігінде оқшау орын алатындай дәрежеде тұрған дүниелер деп бағалауға тұрарлық туындылар. Аз жазда да, саз жазған  Ербол ақынның поэзиясы өзінше бір әлем, адами асыл қасиеттердің сан қырлы иірімдерінен сыр тартқан жырлардан тұратын поэзия болатын. Елі мен жеріне арналған, адамзаттың асыл мұраттарының бір биігі - жанұя жарасымы мен перзент алдындағы парыз тақырыбына арналған айшықты жырлары жанға жылу, сезімге шуақ сыйлайтын шумақтардан тұратындығын кез-келген ойлы оқырман бірден-ақ байқар еді. Сондықтан да болар, оның жазған ойлы орамдарға толы жыр жолдарының көбі әнге айналып, көпшіліктің көкейінен орын тауып та үлгергені.

Ақын, жазушы, публицист, журналист, аудармашы Ербол Шәймерденұлының қоғамдық – саяси, әлеуметтік салаларда жүріп өткен жолы бір ғұмырға аздық етпейтін жол еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап тіптен қарбалас қызметтер атқарды. Билік тұтқасында жүріп елге, жұртқа, өскелең жас ұрпаққа рухани нәр беретін, нәрлі де әрлі 20-ға жуық кітаптар жазып, жарыққа шығарды.

Осы еңбектердің ішіндегі ерекше бір көзге түсетіндері, жоғарыда айтып өткеніміздей, тәуелсіз мемлекеттің ұлттық рәсімдері туралы, елтану туралы жазған танымдық еңбектері мен қатар, әлемдік ақыл-ой алыптарының асыл сөздерін, туған ұлтымыздың, арғысы түбі бір түркі әлемі ұлағатты тұлғаларының ақыл-ой інжу-маржандарын ерінбей-жалықпай жинап, өзге тілдегілерін өзегі нәрлі, ұғымға жеңіл сөз маржандарымен әдіптеп, көз майын тауыса ана тілімізге аударып, ел игілігіне жаратуы дер едім.

Тау алыстаған сайын асқақтап көрінетіні тәрізді, Ерекеңнің артында қалған осы мұраларының қай – қайсысы болмасын, ұлттың рухани қазынасындағы, заманалардың күн тәртібінен  түспейтін ұрпақ тәрбиесі саласындағы орны да, өресі де биік мұралар екен. Жалпы «Қазақ афоризмдері» атты ортақ атаумен бірнеше рет жарық көрген бұл еңбектер, әр қазақтың төрінде тұруға, әр жеткіншектің сөмкесінде жүруге, ел қамымен елең күндер кешіп жүрген әр қызметкердің кітап сөресінен табылуға лайық кітаптар екені даусыз. Сондықтан да болар, Ербол Шәймерденұлы кітаптарының дүкен сөрелерінде ұзақ жатпайтындығы.... Өзінің кезіндегі замандас, сырлас, мұңдас достары бүгінде айтып жүргеніндей: «мен мұндаймын!» - деп кеуде қақпай-ақ, «ақырын жүріп, анық басқан» Ерекеңнің, арғы тегі Марк Аврелий мен Қорқыт әулиеден бастау алатын тектілер тебіренісінен туған қанатты сөздерден тұратын топтамалары, ерлікке пара-пар еңбек десек те артық айтқандық емес. Достар демекші, аяулы азамат туралы сол достары жазып жариялаған естеліктердің бір шоғыры «Жүрегімен от тасыған» деп аталған қомақты кітап болып жарық көрсе, ендігі бір шоғыры – әр автордың атынан жеке-жеке - «өнеге», «сүйспеншілік», «жан-жақтылық», «ізгілік», «сезімталдық», «адалдық» тақырыптарымен жарық көрді. Асыл азаматтың бар болмысын бейнелейтін осынау асыл сөздердің астарында, адамдыққа адал, достыққа бекем, еңбегі ел есінде елеулі Ербол Шәймерденұлының өткен өмір, кешкен ғұмырының ізгі де игі ізі жатқандығы даусыз шындық!

Өзі де әр сөзінің құнарына мән беріп, әр пікірінің өресіне үңіліп отыратын, жарықтық. Амал не дарын мен даралықтың өлшемімен алғанда арамыздан тым ерте кеткен азаматтың, осындайда айтылар – бергеніне берері мол еді. Өзінің бойындағы асыл қасиеттерімен азаматтық асыл бейнесімен, инемен құдық қазғандай елеулі еңбегімен қазақтық рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан Ербол Шәймерденұлы осы күндері арамызда жүрсе ағаның жасы 60-қа толар еді.

Мұзафар Әлімбаев ағасының – «Егер менің тұстарым мен тетелестерім, Ербол Шәймерденұлының мына анталогиясындағыдай, делебеңді қоздырып, тіпті, деректі уәж, өрлік және асқақтыққа бөккен үлгі-өнеге нұсқаларды бала кезден оқып, біліп өссе, бүгінгі биігімізден әлдеқайда жоғары болар едік-ау?!» - деген  мағынасы мәнді абыз - бағасын өз құлағымен есітіп, бір масайрап қалар еді...

Дегенмен, әдебиетіміздің дуалы ауыз ақсақалы Мұзағаңңың бұл толғанысы, Ерекеңдей асыл азаматтың өз жанындай сүйіп, жалғызындай өбектеген туған жұртының жадында, оның өзіне ғана тән екінші ғұмырының - мәңгілік ғұмырының басталғанының бір белгісі болса керек!

Тәкен Молдақынұлы

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621