Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 5687 0 пікір 13 Мамыр, 2014 сағат 15:32

ИНТЕГРАЦИЯ АӨК-НІҢ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТІН АРТТЫРАДЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында экономикалық интеграцияның адамдардың өмірін жақсартып, еңбекпен қамту және бизнес үшін қолайлы жағдайлар туғызатыны туралы айтқан еді. Араға көп уақыт салмай, 29 сәуірде М. Ломоносов атындағы ММУ-інде сөйлеген сөзінде жаһандық экономикалық сын-қатерлерге төтеп беретін икемді механизмі бар шағын және орта бизнестің жалпы еуразиялық экономиканың негізін құрайтынын қадап айтты. Минскіде өткен басқосуда белгілі болғанындай, 29 мамырда Астанада өтетін «үштік» саммитінде Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы  Шартқа қол қояды. Кеден одағынан ЕЭО-қа айналатын интеграциялық бірлестік 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді.

Қазіргі кезде баспасөз беттерінде ЕЭО құрылғаннан кейін отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің (АШТӨ) құқықтарының қорғалуына қауіп бары жөнінде мәселелер көтерілуде. Атап айтқанда, кейбір АШТӨ-лер Ресей мен Беларусьтан біздің ішкі нарығымызға келетін тауарлардың сапасын тексеруді ұсынуда. Бірақ бұдан үркіп-қорқудың қажеті жоқ. Жалпы, Кеден одағы құрылғаннан кейін үш елдің 12 техникалық тәртібі бір-біріне сәйкестендірілді. Содан кейін Кеден одағының талаптарына сай келетін отандық өнімдер ешқандай кедергісіз, қосымша құжаттарсыз Ресей мен Беларусьтың нарықтарына шығарыла бастады.

Мәселен, өткен жылы Батыс Қазақстан облысындағы «Crown Батыс» ЖШС-інің мал бордақылайтын алаңынан Мәскеу нарығына 500 тонна ет экспортталды. «Москворецк сауда үйі» ААҚ-ның өкілдері алғаш рет 2013 жылдың шілде айында «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ-мен екіжақты келіссөздер жүргізіп, онда қазақстандық өндірушілердің Ресей нарығына, соның ішінде Мәскеудің сауда жүйесіне кіруіне қатысты негізгі мәселелер талқыланды. Айтпақшы, сол жолы ресейліктер қазақтың етінің өзінің құнарлылығы мен дәмдік сапасы бойынша Ресейдің Мәскеу нарығындағы премиум-кластағы өнім ретінде бағаланатынын айтқан еді.

Ал биыл сәуір айында Шымкентте өткен Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық жобалары көрмесінде «Москворецк» сауда үйі жергілікті кәсіпкер «Қайып ата» ЖШС-імен мал соятын цех салу жөнінде келісімге қол қойды. Мәскеуді толығымен ет және ет өнімдерімен қамтамасыз ететін кәсіпорын ОҚО-да ірі қара малын соятын қазіргі заманға лайықты кешен салуға 5 млн АҚШ долларына дейін инвестиция әкеледі. Яғни, қазақтың еті ресейлік шұжыққа арналған премуим-кластағы шикізатқа айналады. Алдын-ала жоспарланғандай, өндірісте ірі қара малдың еті әдемілеп бөлініп, вакумды қораптарға салынып, қайтадан өңдеуге Мәскеуге жіберіледі. Жалпы алғанда, Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпараты бойынша, «Москворецк» сауда үйіне жылына 10 мың тоннадан астам сапалы сиыр еті қажет екен. Әзірше, ресейлік кәсіпорын Қазақстанның өңірлерінен  2 мыңнан астам ірі қара малы бар фермерлік шаруашылықтарды іздестіруде.

Интеграциялық үдеріс отандық АӨК-нің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда. Бұл үрдіс әсіресе шекаралық аумақтарда жақсы байқалуда. Мысалға, Солтүстік Қазақстан облысының шаруалары жыл басынан бері 2,5 млрд  теңгенің тауарын өндірген. Бұл тауарлардың көп бөлігі, атап айтқанда ет, сүт, ұн және т.б өнімдер Ресейдің бізбен шекаралас аудандарына жөнелтілуде. Отандық өнімдер ішкі нарықта да үлкен сұранысқа ие. Бұл жерде отандық сапалы өнімнің Ресей және Беларусь кәсіпорындарымен бәсекеде табыстың кепілі болып табылатынын естен шығарғанымыз дұрыс. Еуразиялық ықпалдастық біздің нарығымызға сырттан келетін тауарлар экспансиясымен қауіп төндірмейді. Бұл туралы «Агрофирма «Родина» ЖШС-інің бас директоры Иван Сауэр: «Біз биыл өткен жылға қарағанда екі есе артық сүт және сүт өнімдерін өндірдік. Ішкі сұранысты толық қанағаттандырып отырмыз. Екіншіден, біз ұзақ сақталмайтын табиғи өнімдер шығарамыз. Ондай өнімдерді алыс аумақтарға апара алмайсың. Сондықтан, отандық  өнім өндірушілерді ішкі нарықтан ығыстырды және сырттан келетін тауарлар экспансиясы күшейді деген әңгіменің бәрі ойдан шығарылған»,- дейді.

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610