Жұма, 4 Желтоқсан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 134706. Жазылғандар — 118004. Қайтыс болғандар — 1990
Билік 3606 0 пікір 19 Мамыр, 2014 сағат 11:36

ЕЭО инвестициялық тартымдылығымызды арттырады

2012 жылы біздің еліміздің Ресеймен сауда айналымы 23 млрд АҚШ долларын құрады. Басқа қандай мемлекетпен мұндай жетістікке қол жеткізетін едік? Бұл – Қазақстанның мүддесі, біздің экономикамыздың мүддесі тұрғысынан алғанда прагматикалық қадам. Ықылымнан келе жатқан сөз бар: көршіні және тарихты таңдамайды. Қазақстан Еуразия құрлығының ортасында орналасқандықтан теңіздерге шығатын жолдары жоқ. Міне, біз сол теңіз жолдарына Ресей мен Қытай арқылы шығамыз,- деп мәлімдеді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық инвесторлар кеңесінде сөйлеген сөзінде.

Жалпы алғанда, Кеден одағына қатысушы үш мемлекет: Қазақстан, Ресей және Беларусьтың экономикаларының жиынтық көлемі 2,2 триллион долларды құрайды. Яғни, осындай көлемдегі бірыңғай тұтыну нарығы инвестиция тартуға қолайлы болып, үш елдің кәсіпкерлері қосымша қаражат тартуға мүмкіндік алды. Осылайша, Қазақстан экономикасы даму қарқынын арттырып, жаңа жұмыс орындары ашылып, халық тұтынатын азық-түлік және басқа да тауарлардың түрлері көбейді. Қарапайым азаматтар Қазақстан аумағында өндірілмейтін (немесе өндірілгенімен сапасы импорттық өнімдерден төмен) ресейлік және беларустық тауарларды арзан бағамен сатып алуда. Мұндай жағдай қазақстандық өнім өндірушілерді ширықтыра түсті. Себебі, олар өзі шығаратын тауарының сапасын көтеріп, көршілерінің деңгейінен асыруға тырысуда.

Үш елдің бірыңғай тұтыну нарығының пайда болуы өндірісті кеңейтіп, қосымша инвестициялар мен жұмыс күшін тартуды талап етеді. Мәселен, соңғы 8 жылда Қазақстан инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған іс-шаралар мен экономиканың тұрақты өсімінің нәтижесінде шамамен 183,7 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға қол жеткізді. Бұл туралы Азия даму банкі басқарушылар кеңесінің Астанадағы отырысы аясында өткізілген Инвестициялық конференцияда Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлімдеді. Әлемдік деңгейдегі «Эрнст энд Янг» консалтингтік компаниясы мамандарының бағалауынша, Қазақстан қазіргі таңда инвестициялық тартымдылығының деңгейі жөнінен Орталық Азиядағы бірінші және ТМД елдері ішіндегі екінші мемлекет болып табылады. Бұл жерде еліміздің бизнес ортаны жақсарту мен инвестициялық әлеуетті арттырудағы алға жылжуы мемлекеттің оң саясатының тікелей нәтижесі.

Сонымен қатар, Қазақстан бизнесті жүргізудің негізгі параметрлері бойынша өзінің позицияларын жақсарта түсті. Салыстырып көрсетсек, егер біз Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде 2009 жылы 63-ші орында тұрсақ, 2013 жылы – 50-ші орынға жылжыдық. Атап айтқанда, бизнес қызметін реттеу, жеке меншік құқықтарды қорғау, салық салу және келісім-шарттарды мәжбүрлеп орындату сияқты салалар бойынша ресейлік және беларустық әріптестерімізден озып тұрмыз. Қазақстан сондай-ақ, 2013 жылдың қорытындылары бойынша ЖІӨ-нің 6 пайыздық өсімімен әлемнің шапшаң дамитын экономикаларының бестігіне енді.

Кәрім Мәсімов басшылық ететін Республика Үкіметі осы табыстарды одан әрі нығайтуға бекініп отыр. Мәселен, қазір Министрлер кабинеті еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту туралы кешенді жоспар дайындау үстінде. Онда шетелдік инвесторларды ынталандыратын бірқатар іс-шаралар қарастырылған. Олардың ішінде – «жасыл дәліз» қағидаты бойынша дамыған елдер азаматтарына 90 күнге дейін визасыз тәртіп енгізу, шетелден жұмыс күшін тарту, корпоративтік табыс салығынан 10 жылға дейін босату, нысанды тапсырғаннан кейін капиталдық шығындардың 30 пайызына мемлекет есебінен өтемақы төлеу сияқты қосымша ынталандыру шаралары бар.

Біз жоғарыда сөз еткен Кеден одағы болашақтағы Еуразия экономикалық одағының іргетасы дейтін болсақ, жаңадан құрылатын интеграциялық ұйымның инвестициялық тартымдылығымызды одан әрі арттыратыны даусыз. Жалпы алғанда, Қазақстан мен Ресейдің бірлескен инвестициялары қазірдің өзінде табысты жұмыс істеуде. Мысалы, ресейлік «Ростсельмаш» компаниясы мен «Қазагроқаржы» АҚ-ы бірлесе отырып, Көкшетау қаласындағы «Вектор» комбайн зауыты» ЖШС-інің базасында «Vektor 410 KZ» маркалы комбайндарын құрастыратын зауыт салды. Зауыттың қуаты – жылына 300 комбайн шығару. Сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы «Трансмашхолдинг» және «Alstom» компанияларымен бірлесіп, Астанада электровоздар шығаратын өндіріс ашты. Аталған зауытты ашуға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 50 млн еуроны құрады. Бұл кәсіпорынды басқару «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС-і арқылы жүзеге асырылады. Сәйкесінше, зауыттың акцияларының 50 пайызы – «Қазақстан темір жолы» АҚ, 25 пайызы – «Трансмашхолдингке» және 25 пайызы – «Alstom»-ға тиесілі. Өндірістік қуаты – жылына 50 екі секциялы электровоз шығару.

Бірлесіп инвестиция салу мен өндіріс құру Қазақстан мен Беларусь арасындағы ықпалдастық қарым-қатынастардан да көрініс табуда. Мысалы, Қазақстанды индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың бірі - «ҚазБелАЗ» БК ЖШС-інің базасында «БелАЗ» шахталық және карьерлік техникасын өндіру. Жобаға үш компания: «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-і (51%), «БЕЛАЗ» ААҚ-ы (29 %), «АстанаБелАЗСЕРВИС К» ЖШС-і (20%) қатысады. Бүгінге дейін сынақ ретінде құрастырылған 1 автокөлікке Ярославль машина жасау зауытының қозғалтқышы салынған. Салмағы 45 тонна жүк көтеретін «БелАЗ 7547» карьерлік өзі аударғыш көлігі сериялық шығарылымға дайын. Және мұндай мысалдар көп. Бұдан шығатын қорытынды біреу: яғни, біз тек интеграциялық бірлестікке қосылғанда ғана қарқынды түрде дами аламыз.

 

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz   

0 пікір