Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3149 0 пікір 6 Сәуір, 2010 сағат 03:44

«Домбыра ескіліктің қалдығы» дейді арна басшысы...

Суретте. Өз наразылықтарын ашық білдірген «Қазақстан - Қарағанды» арнасының журналистері баспасөз мәслихатын өткізді.

Өткен жұма күні «Қарағанды-Қазақстан» телеарнасының бір топ журналистері телеарна басшылығының жүргізіп отырған саясатына наразылық білдіріп, баспасөз мәслихатын өткізді. Сосын Қарағанды облысының әкімі С.Н.Ахметов мырзаға,  «Қазақстан» РТРК АК Басқарма төрағасы  Ж.С. Омаровқа ашық хат жазды. Облыстық телеарнада қалыптасып отырған бұл жағдай бізді де бей-жай қалдырмағандықтан  ашық хатты  толық жариялағанды жөн көрдік.

«Абай-ақпарат»

 

 

Ашық хат

Қадірменді Серік Нығметұлы!

Қадірменді  Жанай Сейітжанұлы!

Суретте. Өз наразылықтарын ашық білдірген «Қазақстан - Қарағанды» арнасының журналистері баспасөз мәслихатын өткізді.

Өткен жұма күні «Қарағанды-Қазақстан» телеарнасының бір топ журналистері телеарна басшылығының жүргізіп отырған саясатына наразылық білдіріп, баспасөз мәслихатын өткізді. Сосын Қарағанды облысының әкімі С.Н.Ахметов мырзаға,  «Қазақстан» РТРК АК Басқарма төрағасы  Ж.С. Омаровқа ашық хат жазды. Облыстық телеарнада қалыптасып отырған бұл жағдай бізді де бей-жай қалдырмағандықтан  ашық хатты  толық жариялағанды жөн көрдік.

«Абай-ақпарат»

 

 

Ашық хат

Қадірменді Серік Нығметұлы!

Қадірменді  Жанай Сейітжанұлы!

«Қазақстан» Ұлттық арнасының ең ірі филиалдарының бірі табылатын «Қазақстан - Қарағанды» телеарнасы жарты ғасырдан бері Қарағанды облысының көрермендеріне қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде аталған арнаға көптеген азаматтар басшылық етті. Ол азаматтардың дені өз мамандығына адал берілген, өз істеріне адами һәм кәсіби жауапкершілік тұрғысынан қарайтын, ең бастысы адамгершілік қағидаларын басшылық істеріне ұстаным ете білген басшылар еді. «Қазақстан - Қарағанды» телеарасының бағыт-бағдары телеарнаға Берік Дүйсетаев директор болып келгелі күрт өзгеріп сала берді. Журналистика саласынан, әсіресе тележурналистикадан ешқандай хабары жоқ (ол журналистика саласында ешқашан қызмет істемеген) Б Дүйсетаев «Қазақстан - Қарағанды» телеарнасын 50 жыл бойы жинаған абырой беделінен айырып бітті десе де болады. Телеарнаның қазіргі жағдайы адам шошырлық. Б Дүйсетаев басшылыққа келген күннен бастап, телеарнаны идеологиялық ұстанымынан айырумен айналысты. Өйткені «Қазақстан - Қарағанды» телеарнасы бұл күндері өзіндік идеологиялық бағыт-бағдары, бет-бейнесі жоқ облысымыздағы  рейтингісі ең төмен телеарналардың біріне айналып отыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін айтайық, айналдырған бір-екі жылдың ішінде тұрақты көрермені қалыптасқан мемлекеттік тілдегі 10-нан аса бағдарлама жабылған. Олар: «ҮТ», «Әйел әлемі», «Сыр сұхбат», «Жансарай»,  «Ойбезбен», «Елбасы және ел қамы», «Таңшолпан», «Сәрсенбінің сәтінде», «Аймақ тынысы» т.б. Орыс тілінде эфирге шығатын «Улица нашего города», «Музыкальная Сары Арка», «Сары Арка - колыбель дружбы» бағдарламалары да  құрбандыққа шалынды. Бұл хабарлардың орындарын телеарна басшысы екі тілде шығатын «Айтарымыз аз емес» және «Не все сразу...» атты атауының өзі күлкі шақыратын, тобырлық талғамға негізделген, идеологиялық мазмұны көмескі екі бағдарламамен толтыруда. Алайда бұл бағдарламаға жұмсалған материалдық, басқа да ресурстар жоғарыдағы жабылған бағдарламаларға жұмсалған шығындардың барлығынан асып түсуде.

 

Осыншама бағдарламаны «қаржы үнемдеу мақсатында» жауып тынған Б. Дүйсетаев телеарнаға басшылық еткен бес жылдың ішінде өзін қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне, халқымыздың ән мен күй өнеріне, бір сөзбен айтқанда, халқымыздың рухани мұрасына мұрнын шүйіре қарайтын ниглист адам екендігін дәлелдеді. Мәселен ол спутниктік жүйе арқылы халқымыздың ән-күй өнерін насихаттап, халық өнерпаздарының өрелі өнерін дәріптейтін «Жансарай» бағдарламасын «домбыра деген ескіліктің қалдығы» (өз сөзі) деп жапқызып тастады. Сөйтіп Б. Дүйсетаев мырза өткен ғасырдың елуінші жылдары тап осылай деп халқымыздың символы -  киелі домбыраға шабуыл жасаған Жанділдиннің «ерлігін» қайталады. Өткен жылдың аяғында Қазақстан Жазушылар одағының мұрындық болуымен «Жалын» баспасы қарағандылық жас ақындардың жыр жинақтарын жарыққа шығарып, республика оқырмандарымен қауыштырды. Талантты жас ақындарымыздың шығармашылығына республикалық дәрежеде назар аударылуы, төрт бірдей жыр кітабының бір мезгілде жарық көруі - бұған дейін Қарағанды тарихында болмаған мәдени маңызы зор оқиға еді. Осы рухани оқиғаның тұсаукесер рәсіміне «Қазақстан - Қарағанды» телеарнасының тілшілері арнайы шақырылды. Бұл жолы да тілшілердің жолына Б Дүйсетаев тосқауыл қойды. «Это не важно» деді ол шімірікпей. Биыл қазақ әдебиетінің классигі, даңқты жазушы Мұхтар Мағауин 70 жасқа келді. Осы мерейтойға байланысты облыстық балалар кітапханасында жазушы шығармашылығына арналған мәдени кеш болды. Мазмұнды кеш жайлы дайындалған шағын сюжет Б Дүйсетаевтың «идеологиялық қырағылық» танытуының арқасында кешкі жаңалықтарға шығып бара жатқан жерінен «ұсталып», эфирден алынып тасталды. Б Дүйсетаевтың ойынша, жазушы Мұхтар Мағауин «диссидент, оппозиционер» көрінеді. Білдей бір облыстық телеарна басшысының жазушы М Мағауиннің мерейтойына байланысты «Егемен Қазақтан», «Қазақ әдебиеті» т.б. республикалық БАҚ-ында жарық көрген материалдарды оқып, көріп отырып, осындай орашолақ, солақай шешім қабылдауын қазақ журналистика тарихындағы масқара жағдай демеске амалымыз жоқ. Бұл аз десеңіз, өткен жылдың жаз айларында қазақтың тұңғыш ғарышкері, жерлесіміз Тоқтар Әубәкіров туған елі Қарқаралыға келді. Қазақ батырының осы іссапары жайындағы материалды тілшілеріміз кешкі жаңалықтар арқылы облыс жұртшылығына жеткізбек болды. Бұл жолы да Дүйсетаев мырзаның «қырағы көзі» қазақтың қыран ұлы Тоқтар Әубәкіровты «оппозиционер» бейнесінде көріп қалды. Ақыры, Қарқаралы ауданы туралы ақпарат күллі Қазақ Елі қастер тұтатын Тоқтар Әубәкіровсыз көрерменге көрсетілді. Б Дүйсетаевтың Тоқтар Әубәкіровке «өшіккені» сондай - эфирге ғарышкер туралы бір ауыз ақпарат түгілі, ішінде Тоқтар батыр бар жылт еткен бір кадрдың өзін монтаж столында тілшімен бірге отырып, мұқият қиғызып, «тазалады». Осы мысалдардан-ақ Б Дүйсетаев мырзаның идеологиялық сауаты мен ой-өрісінің қаншалықты деңгейде екендігі әйгіленіп тұрған жоқ па?

 

Мемлекеттік тілде эфирге шығатын бағдарламаларға қырғидай тиіп, түгелге жуық жауып тынған Б Дүйсетаев енді қазақ тілді журналистерді шектеуге кірісті. Мәселен бұған дейін авторлық бағдарламалар дайындайтын қазақ және орыс тілді редакторлардың арасында тепе-теңдік орнап келген болса, қазір бұл баланс 5/3 болып отыр. Яғни орыс тілді редакторлардың саны бесеу болса, керісінше қазақ тілді редакторлардың саны үшке дейін қысқартылып отыр. Сөйтіп, республикамыздың барлық телеарналары орындап отырған 50/50 талабын «Қазақстан - Қарағанды» телеарнасы орындай алмағандықтан, Б Дүйсетаев мырзаның ұйғаруымен «Қазақстан» ұлттық арнасының тоғыз бірдей дайын хабары облыс көрермендеріне көшіріліп көрсетілуде. Мұндай тәжибірие телеарнада бұрын да бар еді. Бірақ, деректі немесе көркем фильмдермен ғана шектеліп, облыстық арна негізгі бар мүмкіншілікті тек өз өнімдерін көрсетуге жұмылдыратын. Қазіргі кезде «Қазақстан» телеарнасын жөн-жосықсыз қайталай берудің нәтижесінде қарапайым көрермен екі телеарнаны бір-бірінен ажырата алмай, пұшайман болуда.

Телеарна басшысы Б Дүйсетаевтың осындай берекесіз, жүйесіз әрекетінің салдарынан «Қазақстан - Қарағанды» телеарнасы «Қазақстан» ұлттық арнасын ретранциялаумен ғана айналысатын, мемлекеттік телеарна бола тұра облыс үшін ақпараттық, идеологиялық маңызы төмен, азаматтық позициясы солқылдақ қолбала телеарнаға айналып отыр. Осы мақсатта Б Дүйсетаев өзінің былық-шылыққа толы әрекеттеріне тосқауыл бола алатын, телеарна мүддесі үшін қызмет ететін, кәсіби шеберлігі зор, байырғы журналистер мен  мамандарды түгелге жуығын әртүрлі лас айла шарғыларды қолдана отырып, «өз еркімен»  жұмыстан кетуге мәжбүр етті. Әсіресе, өткен жылғы қараша айында өткен қысқарту шаралары кезінде Б Дүйсетаев өте сұрқия іс-әрекеттерге барды. Ол азаматтық позициясы мықты кәсіби журналистрге екі талап қойды: не «азаматтық-құқықтық келісім шартқа» қол қоясың, не өз еркіңмен қызметтен кетесің. Нәтижесінде екі талаптың екеуі де аярлықпен жүзеге асырылды. Бірінші талапқа қол қойғандар көп ұзамай «мемлекеттік тапсырыс» болмағандықтан, қаржы жоқ деген желеумен шеттетілумен болды. Ал, аталған журналистер «мемлекеттік тапсырысты» игерген күннің өзінде оларға ең төменгі жалақы: редакторларға 25 мың теңгеге дейін, басқа қызметкерлерге бұдан да төмен 10 -15 мың теңге көлемінде айлық төленетін болды. Материалдық жағдайлары күрт нашарлап, «шөміштен қысылған»  олар телеарнадан тағы да «өз еркімен» кетуге мәжбүр болды. Олардың орнындарын журналистік білімі жоқ, ешқандай журналистік даярлықтан өтпеген, телевизия саласында қызмет істемек түгілі, ғұмырында жарты бет мақала жазып көрмеген директордың тамыр таныстары басуда. Бір сұмдығы Б Дүйсетаевтың тамыр-таныстық арқылы жинаған «журналистері»  ешқандай еңбек тәжірибиелері жоқ бола тұра, мән-мағынасы жоқ «бағдарламалар» жүргізіп, басшылық қызметтерге жайғасуда.

Бүгінгі күнде мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігін телеарнаның «Жаңалықтар» - «Новости» бағдарламалары игеруде. Солай бола тұра, аталған редакциядағы журналистердің барлығына дерлігі (он екі журналистің тоғызы) азаматтық құқықтық келісім шартқа көшірілгендіктен, барлық әлеуметтік төлемдер төленбейтін болды. Мәселен, журналистер ауырған жағдайда еңбекке жарамсыздығы жөніндегі өтемақы алмайды; жылдық еңбек демалысы деген атымен жоқ; еңбек өтілі жүрмейді; 150 - 700 шақырымға дейін іссапарға шығатын журналистерге іссапар ақысы берілмейді. Тіпті, кейінгі  уақытта алыс ауылдардағы елді мекендерге іссапарға шығу мүлде доғарылды десе де болады. Бұл дегеніңіз - мемлекеттік тапсырыстың мақсатты түрде игерілмеуіне байланысты облыстық телеарна өз форматына сай жұмыс жасай алмауда деген сөз.

Шынында да «азаматтық-құқықтық келісім шарт» деген не өзі? Әлемдік теле-шоу-индустриясының тәжірибесіне сүйенсек, ол деген - деректі және көркем фильм немесе көпшілікке арналған шоу бағдарлама жасайтын авторлармен телеарна басшысының арасында жасалатын бір жолғы жеке келісім-шарт екендігі белгілі. Ал күн сайын ертеден қара кешке дейін жаңалықтар даярлаумен айналысатын, журналистік кәсіптің ең ауыр қамытын мойнына ілген ақпараттар қызметінің тілшілеріне әлгіндей «тәсілді» қолдану - ақылға сыйымсыз. Бұл тәжірибе - эксприменттің зардабын бұған дейін сүттей ұйып отырған телеарна ұжымы ғана емес, облыс көрермендері де тартуда.

Телеарнадағы тағы бір үлкен проблема кәсіби кадрлардың тұрақтамауы. Соңғы үш жылдай уақыт ішінде «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасынан 70-ке жуық қызметкер телеарна басшылығының көрсеткен қысымына шыдай алмағандықтан жұмыстан кетіп тынды. Қазір бұл мамандар республикалық, басқа да БАҚ-да жемісті еңбек етуде.

Кадр саясатының дұрыс жүргізілмеуінің салдарынан Дүйсетаевпен ымыраласа отырып, оған мүдделес болып алған мемлекеттік тілді мүлде білмейтін, ұлттық рухтың жаңғыруына құлықсыз бастықсымақ мамандар өздерінің жымысқы ойын жүзеге асырып, мемлекеттік тілдегі хабарлардың үлесін азайтуға, олардың сапасыз болуына мүдделік танытуда. Қазіргі кезде «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасы облыс көлемінде хабар таратын арналардың ішінде ең сапасыз көрсетілетін эфирге ие болып отыр. Аталмыш арнаның телеөнімдерін Қарағанды қаласының маңайындағы елді мекендер түгілі, қала көрермендерінің өзі әзер көруде. Кезінде аса қымбат бағаға сатып алынған хабар таратқыш құрылғылар қолдарының жымысқысы бар техмамандардың араласуымен талан-таражға ұшыраған тәрізді. Мәселе ақпаратық қауіпсіздікке тірелгендіктен бұл іспен ҰҚК айналысқаны дұрыс болар еді.

 

Қадірменді Жанай Сейітжанұлы!

Құрметті Серік Нығметұлы!

 

Телеарнаға тез арада білікті, ешқандай арандатуларға көнбейтін комиссия жіберіп, орын алған келеңсіздіктерді анықтауыңызды және шара қолдануыңызды өтінеміз. Қазіргі директор Берік Дүйсетаевты орнынан аластатып, ол маңайына жинаған кадрлардан телеарнаны тегіс тазартуыңызды  сұраймыз.

Қарағанды облысы еліміздің саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік әлеуеті мол шоғырланған аймақ. Осындай үлкен өңірді дер кезінде ақпаратпен қамтамасыз ету мен идеологиялық мақсатты іс-шараларды атқаруда «Қазақстан - Қарағанды» телеарнасының  маңызы зор. Сондықтан мемлекет мүддесіне қызмет етуге мұндағы журналистер қауымы әрдайым даярмыз және мүдделіміз. Біз төмендегі қол қоюшылар, «Қазақстан - Қарағанды» телеарнасына мемлекетшіл, кең ауқымда ойлайтын, жергілікті ықпалды топтарға тәуелді емес, ең бастысы журналистік еңбек жолынан өткен, мәдени-рухани құндылықтардан мол хабардар азамат һәм іскер басшы тағайындауларыңызды талап етеміз.

 

«Қазақстан - Қарағанды» телеарнасының  бір топ журналистері:

Төлеутай Е.

Мүбәрак Б.

Жәмпейсов Ә.

Ахметова С.

Марченко О.

Дюсекина М.

Мусинова Б.

Карим Н.

Ибраев А.

 

 

 

0 пікір