Сейсенбі, 26 Қаңтар 2021
Жаңалықтар 3213 0 пікір 31 Наурыз, 2010 сағат 14:59

Айдынға айналған Егінсу

Егінсуды тағы да су  басты. Тағы да деп айтуымыздың өзіндік  себебі де бар. Өйткені, Алатау  сілемдері мен Балқаш көлінің  ортасындағы  жазықта орналасқан ауыл қай заманнан бері  көктемде  топан судың  тауқыметін  тартып келе  жатқан. Дала ақ  тонынан ажырап, жылғалардан жылжып су аға  бастаған  сәтте егінсулықтар ерекше  әбігерге  түсетін. Содан жер кеберсіп, су тартылғанша  еңкейген кәріден  еңбектеген  жасқа дейін маза жоқ.  Осылай болып келген. Қызылағаш пен Ақешкі өзендеріне тоспа тұрғызып, плотина  салмағанша. Алайда бұл жайлы әңгімені кейінге қалдыра тұрып, ауылды дүрліктірген  биылғы жайға  тоқталайық.

***

Қыс бойы  жауған жаңбыр мен  түскен қар биыл  ерекше қылық көрсетті. Тоңы  жібімеген жерге  сіңе  алмаған қызыл су сырғып келіп, ауылға жайыла бастаған. Апталап тұрып алған «ақ жауын» осылай  молшылыққа емес, қауіп-қатерге айналды. Қызылағаш жақтағы  Қаракүнгей тауы мен Молалы  жотасынан аққан су  Көлтабанды басып өтіп, теміржол  жағалай  ойпаңға қарай жол салып алған. Бәрінің барары  бір ғана жер, ол - Егінсу.

Егінсуды тағы да су  басты. Тағы да деп айтуымыздың өзіндік  себебі де бар. Өйткені, Алатау  сілемдері мен Балқаш көлінің  ортасындағы  жазықта орналасқан ауыл қай заманнан бері  көктемде  топан судың  тауқыметін  тартып келе  жатқан. Дала ақ  тонынан ажырап, жылғалардан жылжып су аға  бастаған  сәтте егінсулықтар ерекше  әбігерге  түсетін. Содан жер кеберсіп, су тартылғанша  еңкейген кәріден  еңбектеген  жасқа дейін маза жоқ.  Осылай болып келген. Қызылағаш пен Ақешкі өзендеріне тоспа тұрғызып, плотина  салмағанша. Алайда бұл жайлы әңгімені кейінге қалдыра тұрып, ауылды дүрліктірген  биылғы жайға  тоқталайық.

***

Қыс бойы  жауған жаңбыр мен  түскен қар биыл  ерекше қылық көрсетті. Тоңы  жібімеген жерге  сіңе  алмаған қызыл су сырғып келіп, ауылға жайыла бастаған. Апталап тұрып алған «ақ жауын» осылай  молшылыққа емес, қауіп-қатерге айналды. Қызылағаш жақтағы  Қаракүнгей тауы мен Молалы  жотасынан аққан су  Көлтабанды басып өтіп, теміржол  жағалай  ойпаңға қарай жол салып алған. Бәрінің барары  бір ғана жер, ол - Егінсу.

Мұндай табиғи  апатты  сан көрген  егінсулықтар бұл жолы қамсыз қарап  отырды деуге  болмайды. Ауылдың  шетіне  су кіре бастағанда-ақ алдын ала сақтық жасап,  үш қабатты мектептің  жоғарғы қабатына  төсек орындарын жеткізіп, бала-шаға, шал-кемпірді сонда  қондыра  бастаған. Ауыл әкімі  Баян  Құрманғалиева  осы шараның  басы-қасында болып,  тұрғындарды  төтенше  жағдай бола қалғанда  атқарар шараларға жұмылдырыпты.  Десе де, қар мен жаңбыр суының  болымсыздығы адамдар бойындағы үрейді сейілтіп, бейқамдық қалыптастырған. Кейбіреулер тіпті мектепті тастап,  үйлеріне қайтып оралып,  төрт түліктің қамымен  жүрген көрінеді.

Егер Қызылағаш  плотинасы жарылмағанда  әңгіме осымен тамам болар ма еді, қайтер еді?! 11 наурыз күні  түнде  Қызылағашты таптап өткен тасқын тегіске шыққаннан кейін  есерлігін сәл тежегенімен, екпінін баса қоймаған.  Жолында кездескеннің  бәрін  жайпап өтіп,  бұрындары салынған  көтермелерді  шайып, Лепсі-Талдықорған тас жолының үстімен ағып, таңғы сағат 9-дар шамасында Егінсуға жетеді. Мол су тұрғындардың  ес жиюына  мүмкіндік бермей,  әп-сәтте  үй-үйге  кіріп үлгерген. Осы тұста  жеке көліктерімен  ауылдастарына  көмекке келіп,  қауіпсіз жерге  көшулеріне  атсалысқан  азаматтарға ел болып алғыс айтсақ жарасады.

 

***

Әңгімеміздің басында Егінсуды тағы да су басты деген едік. Енді осыны  тарқатып айтсақ дейміз. Себебі, осы  су мәселесі егінсулықтар үшін кеше де, бүгін де өзекті.

Жалпы, «Егінсу» атауын халқымыздың дана перзенті Мұхаметжан  Тынышпаев қойып кеткені белгілі.  Түркістан - Сібір теміржолы  бойындағы  бекеттерге  тұтастай қазақ атауларын қойып келе жатқанда  реттік саны 43 - ші бекетке «Егінсу» деп  есім беріпті. Бұл жерде «су» мәселесі түсінікті. Тек «егін» деген ұғымның  қайдан шыққаны белгісіз. Өйткені, ала-жаздай судың астында  жататын бұл өлкеде  шабындық мол болғанымен, сортаң жерге  астықты былай қойғанда  кәдімгі қара ағаштың  өзін өсіру қиын.  Сондықтан  «егін» дегеннен гөрі «Тегін-су» немесе «Емін-су»  деген әлдеқайда  қолайлырақ болар еді. Жарайды, ұлы атамыздың  өз қисыны болған шығар, онымен дауласпай-ақ қояйық. Одан гөрі осы ырғын судың қайдан келіп жатқанына тоқталайық.

 

Әлгінде  Егінсу ойпаңын жан-жақтан таулар  қоршап жатқанын айттық. Көктемде осы  жоталардан  еріп ағатын  қар мен жаңбыр суын қоспағанда  шығыстан батысқа қарай көсіліп  ағатын  Бүйен, Қызылағаш, Ақешкі өзендерінің барар жері де осы Егінсу. Балқашқа барып құятын  ешбір өзендерге  қосылмайтын бұл сулар  Сары есік - Атырау аталатын  шөлейт аймақтың  бұйрат  құмдарына барып сіңетін. Бір бөлігі Үшкөл көлін қоректендіріп жатушы еді. Қызылағаш пен  Бүйен өзендері  Үшқұдық арқылы  Жанаш жерін жайлай ағып, Байсақ, Тоқай, Бақай өңірлерін толық басып, Желдібай арқылы  Үшкөлге жылжитын. Ал Ақешкі өзені  болса Көлтабан мен Алажиде  арқылы  Шірікқұдыққа тарап, Желдібайдың  суына қосылатын. Сонда мөлшері 3 - 4 мың гектар аймақ толықтай судың  астында қалушы еді. Осы су арқылы  Үшкөлден  уылдырық шашуға шыққан  сазан балық жаз бойы  өлке жұртшылығының  ырыздығына  айналатын. Су тартыла келе  шағын шұңқырларда  қалған балықты  жалаң қолмен ұстап әкеліп жатушы едік. Ал енді,  осы жайылымда өскен  қамыстың  қалыңдығында  қисап жоқ. Қаптаған көлдерді қоршаған  қамыс ішінде  жабайы шошқадан бастап, түз тағыларының  түр-түрі өріп жүруші  еді.

 

«Еді» деп  отырғанымыздың да  өзіндік себебі бар. Бұл жерде алғашында осы қамысты шауып, құрылыс материалдарын даярлайтын шағын зауыт салынды. Кейіннен  қуаңшылық жылдары  Қазақстанның  әр шалғайынан  ерен техника келіп,  қамысты мал азығына да  шапты. Нуынан айырылғаннан кейін  суының да  берекесі болмайды екен. Осылайша сансыз көлдер құрғап,  кешегі ит тұмсығы  өткісіз өлке  қу-мекиен далаға айналған.

 

Қарап отырсам, ең соңғы  алапат су тасқыны 1969 жылы болған екен. Сол тасқын  ауылдың  шетінде тұрған  біздің үйді  шайып кетіп, өзге жаққа  көшуге  мәжбүр болғанбыз. Көктем шыға  мектепке әкеміз атшана, атарбамен ғана апаратын. Үкімет әскери техниканы жауып жіберіп, тікұшақпен тұрғындарды көшіріп, теміржолшылар  жолдың осал тұстарына  алдын ала  тас төгіп, үлкен  науқандық жұмыстар  ию-қию атқарылып жатушы еді-ау. Егінсу «скотоимпорт» шаруашылығы атанып тұрған кезде  әлеуеті де мықты-тұғын.Филипов деген директор Мәскеудің қаржысымен ауыл маңынан  су қоймасын салдырып,  кейіннен Бұланнан Шатырбай арқылы Үшкөлге үлкен  тоған қаздырғаны да сол тұс. Ені мен ұзындығы 1,5 шақырым болатын сол  су қоймасының  арқасында  егінсулық балалар балықтай болып өстік.  Күннің көзі, таза ауа және  су бізді  шымыр асықтай  шыңдады десем, қателесе қоймаспын. Осы су қоймасына  мотор қойып, тұрғындар  ала-жаздай бақшаларын суғаратын. Көкөніс көрмеген  түз балалары - біздер, түні бойы бақшаға түсіп,  бір қарық болатынымызды  несіне жасырайын. Өкінішке орай, бұл су қоймасы да  соңғы жылдары  құрттаған  шалшыққа айналған.

 

Мұның бәрін мен ескіні аңсағандықтан айтып отыр деп ойлап қалмаңыздар. Мәселе,  осы су көктемде  халықты әбігерге  салғанымен өзге мезгілде  ел ырыздығын еселеуге сеп болатындығында. Қызылағаш пен Ақешкі өзендеріне  плотина  салғаннан кейін  көктемде  ауылды басып қалатын  су ауыздықталды.  Алайда  енді кең  алқапқа  еркін тарайтын  судың жоқтығынан шабындық көлемі  еселеп қысқарып, жұрт өзек-өзекті  қуалап шөп шабатын болған. Ол - ол ма,  соңғы  жылдары жазда ауыл  тұрғындары мал суғаруға  зәру болып қалды.

 

Ауылдан 4 шақырым жердегі  бұрын тереңдігіне адам бойлай алмайтын  Бақай өзені де  жазда  құрттап кетеді. Ал, екі өзенді  таудың  тұмсығынан  бітеп алған  «қожайындар»  елдің қамын ойлағаннан гөрі,  суды сатып  ақша  табуға бейім. «Судың да  сұрауы бар» дегендей, егінсулықтар  қаражатын  төлеп,  су алуға да  мүдделі. Алайда бұл  мәселе де  жылдар  бойы  оңды шешімін таппай келеді.  Бұл жерде де  көп мүддесінен жекелеген  топ мүддесі  салмақтылау шыққаны  өкіндіреді.

 

 

- Қызылағаш плотинасын  қалпына келтірген дұрыс шығар, - дейді ғұмыр бойы осы ауылда тұрып келе  жатқан жеке қожалық иесі Жақсыбек Мұхметов. - Етектегі ел егін шаруашылығымен еркін айналысуы үшін қар суын жинап,  мөлшерлеп беріп отыру тау баурайындағы  елге  пайдалы. Сол плотиналар бізді жыл сайын басып қалатын  топан судан да  арашалап алып қалды.

Біз күзде  егін жиналғаннан кейін тоспада қалған суды  ағытып жіберуді  ұсынамыз. Бұл су  күзде Егінсудың жайылымдары мен  шабындықтарына  жайылып, шұңқырларды  толтырып,  қыста мұз ойып, мал суғарғанға септігін тигізсе,  көктемгі  қар мен  жаңбырдың  суы оны толықтырып, жаз ортасына дейін  ылғал  тапшылығын толтырар еді. Ал жетпеген суды  плотинамен  келісім-шартқа отырып, сатып алуға әзірміз. Сондықтан бізге Қызылағаш және  Ақешкі плотиналарының  көмегі қажет-ақ.

 

Осы пікірді  Егінсу ауылының  азаматтары толықтай қостады. Көктемде су астында  қалып,  жазда сол  судың зәрулігін тартып келе жатқан  ауылдың мәселесін  тиісті  мекемелердің  қатысуымен жан-жақты талқылап, біржола  оңды шешім қабылдайтын  кезең келген сияқты.

 

Ауыл су астында  қалған кезде  тікұшақпен аралап көрген басшылар Егінсудың  үйлері толықтай  қайта салынады деп  мәлімдегені есімізде. Су тартылғаннан кейін  үй-үйді аралаған  комиссия  мүшелері  барлық ғимараттардың  құламай  тұрғанын көріп, ауылдағы 126 үйдің  20-сы ғана қайта  тұрғызылады деп отыр. Алапат тасқынға мал мүлкін бергенімен жаны аман қалған егінсулықтар тәубе  десіп,  Аллаға алғыстарын жаудыруда.  Егінсулықтарға жақында ғана  30 палатка жеткізіліп,  үйлері бүлінгендерге  уақытша тұру үшін  бөлініп берілді. Алматыдағы  жайма базарда  еңбек ететін  қырғыз ағайындар да  қазақ бауырларға  қолұшын береміз деп, артынып-тартынып жеткен екен. Қайырымды жандардың қамқорлығы қамкөңіл жұрттың  күдігін сейілтіп,  алдағы күнге деген  үмітін  үрлейді.  Десе де, топан судан зардап шеккен егінсулықтар  осындай оңтайлы сәтте баспаналарын оңдап алғылары келеді. Ол үшін ауыл тұрғындарын  кінәлаудың еш қисыны жоқ. Себебі, олар  апат салдары  жойылғаннан кейін тағы да  «көзден таса, көңілден ұмыт» қала беретініне  күмән келтірмейді. Ендеше, бүкілхалықтық  қолдау нәтижесінде  жиналған  қаржыны ауыл мәселесін  шешуге толықтай  жұмсаса нұр үстіне нұр болар еді.

P.S.

Иә, Қызылағаш оқиғасы  еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі  ең ірі  әрі келеңсіз апат екеніне дау жоқ. Асылдары мен  жақындарынан  айырылған  жұрттың  қайғысына  ортақтасып,  көңіл айтқандардың  қатарында  біз де  болғанбыз. Алланың ісіне  амал жоқ, енді  тірілердің  жағдайын ойлау керек екенін де  түсінеміз.  Сондықтан  адамдары  аман қалған  Егінсу ауылының  жылдар бойы  қордаланған  мәселесіне  биліктің  назарын аударуды  мақсат етіп,  қолға қалам  алған едік. Ел тілегі  ескеріліп жатса еңбегіміздің  ақталғаны. Болмаса, обал-сауабы өзгеде.

Қуат Қайранбаев.

Егінсу ауылы,

Ақсу ауданы,

Алматы облысы.

 

Суреттерде. Егінсуды ен дария су басып жатыр...

 

0 пікір