Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3521 0 пікір 9 Мамыр, 2009 сағат 10:40

Қазақ қанты әлемдi қашан жаулайды?

Әлқисса, әңгiменi сәл шегiнiстен бастайық.

Әлқисса, әңгiменi сәл шегiнiстен бастайық. Кеңес Одағының тұсында Қазақстанда жергiлiктi шикiзаттан дайындалатын алықшаруашылығы өнеркәсiбiнiң өнiмi санаулы ғана едi. Қазақ топырағында өнген қызылшадан қант шығару iсi соның бiрегейi болатын. Һәм Одақ күйрегеннен кейiнгi ауыр кезеңнен аман өткен отандық өнеркәсiп түрлерiнiң арасынан да қант өндiрiсi алдымен аталады.

Экономиканың бiрнеше саласына тiкелей әсерi бар өндiрiстiң дамуы тиiсiнше ауыл шаруашылығының, өнеркәсiптiң және дайын тауар айналымының өзара байланысын қамтитын жеке кластерлiк жүйе ретiнде де маңызға ие. Ендi осы саланың дәл қазiргi күндегi сыртқы және iшкi нарықтағы үлес салмағы туралы аз-кем айтып көрсек.

Айта кетейiк, әлемнiң дамыған елдерi қант өндiрiсiне iшкi рыноктың маңызды бөлшегi ретiнде қарап, стратегиялық сипат бередi. Өкiнiшке қарай, Қазақстанда бұл нарық тиiстi деңгейде қорғалмаған және оны жеке кәсiпкердiң бизнесi ретiнде бағалау көзқарасы қалыптасқан. Мысалға жүгiнейiк, бiзге iргелес Оңтүстiк - Шығыс Азия елдерi мен Жапония, арғы белдеуден Еуропа мен АҚШ мемлекеттерi қант рыногына үкiмет тарапынан мониторинг жүргiзiп отырған елдер. Қант өндiрушiлер үшiн арнайы салықтық жеңiлдiктер мен кедендiк басымдықтар белгiленген.

Бұл жерде тағы бiр жәйттың астын сызып қарау керек. Аталмыш елдердiң дерлiгiнде өндiрiлетiн қант өнiмi негiзiнен қант құрағынан дайындалады. Ал, қант қызылшасы мен қант құрағынан өндiрiлген өнiмнiң сапалық құрамы мен азықтық құндылығының арасы жер мен көктей. Осы себептен Қазақстанда өндiрiлiп жатқан шекердiң әлемдiк сұранысқа ие болатын жөнi әбден бар. Бiрақ, елiмiздегi қант өндiрiсi сырт елдi былай қойғанда отандық нарықты жергiлiктi өнiммен қамтамасыз етуге қауқарсыз болып отыр. Неге? Оның өзiмiзге белгiлi бiрнеше факторларына тоқталайық: бiрiншiден, қант өндiрiсiнiң өнiмдiлiгi жылдан жылға азайып келедi. Салыстырмалы тұрғыдан алайық, өткен ғасырдың сексенiншi жылдары Қазақстанда 2 миллион тоннаға дейiн қант қызылшасы жиналса, тоқсаныншы жылдардың соңына қарай бұл көрсеткiш 100 мың тоннаға әупiрiммен жеткен. Дәл осы кезде қант зауыттарының басына қара бұлт үйiрілiп кеттi. Айталық, Кеңес үкiметi кезеңiнде елiмiзде сегiз қант зауыты жыл он екi ай бойына тоқтаусыз жұмыс жасап тұрған болса, 1997 жылдары қант нарығына тек екi зауыт қана өнiм шығара алды. Әрине, iшкi өндiрiстегi өнiмнiң азаюынан адамдар қантты аз жеуге дағдыланған жоқ. Керiсiнше, нарықты сырттан енген арзан тауарлар жаулап жатты. Мәселен, тоқсаныншы жылдары дүкен сөрелерiне ентелей енген ресейлiк, қытайлық, украиндық, арысы бразилиялық қант қазақстандықтардың қалтасын қақшып жатты.

Бұл үрдiс қазiрде бәсеңдемей отыр. Қазақстандық қант бизнесi бәсекеге барынша қабiлеттiлiгiне қарамастан сыртқы нарыққа төтеп бере алмай отыр. Бұл жерде нарықтың аталған түрiн дамытуды мықтап қолға алған елдермен арадағы сауда-ынтымақтастық байланыстарының да әсерi аз болмай тұр. Яғни, Үкiмет сыртқы сауда саясатына қарасты ұстанымдарға барған кезде отандық қант өндiрiсiнiң мүддесiн естен шығармауы керек сияқты. Мысал үшiн айтайық, Қазақстанмен арадағы сауда ынтымақтастығына сәйкес 2008 жылы бiр ғана Белоруссия бiздiң нарыққа бағытталған қант экспортын 3 есеге ұлғайтты. Нәтижесiнде, елiмiздiң сауда нүктелерiнде сатылатын белорустық тәттi шекердiң көлемi 30 мың тоннаға дейiн жеткен. Бiрақ, қант саудасындағы дайын өнiмнiң көбейгенiне қарамастан оның бағасы да артып келедi. Мәселен, 2005 жылы елiмiздегi қант бағасы 11,9 пайызға қымбаттаса, 2006 жылдың қаңтары мен ақпанында ол бiрден 23,3 пайызға көтерiлген. Ал, былтырғы жылдың қара күзiнде келiсi 90 теңгеден сатылып жатқан қанттың бiр күнде 300 теңгеге қымбаттап шыға келуi iшкi нарықты жусатып - өргiзiп отырған монополистердiң ештеңеден тайынбайтынын сездiргендей. Әлбетте, ел үкiметi халыққа қырғидай тиген қолдан қымбаттатудың екпiнiн қайтара алды. Бiрақ, бұл нарықтың түрлi салаларына түбегейлi тосқауыл бола алмайтындығы және ақиқат.

Жоғарыда айттық, отандық қант өндiрiсi сыртты қойғанда iшкi нарықты толық қамтамасыз ете алмай отыр деп. Соны iндетейiк, екiншiден, ел iшiндегi қант өндiрiсiне қажеттi шикiзат көлемi анағұрлым азайып барады. Арыдан айтсақ, өндiрiстi шикiзатпен қамтып келген iрi екi облыстың бiрi Жамбылда 1992-2001 жылдар аралығында қант қызылшасын өсiру мүлдем тоқтап қалған. Ал, 2005 жылы тәттi түбiр егiлген алқап небәрi 1,4 гектар болып, одан 164,9 центнерден өнiм алынған. Бiр қызығы, келесi жылы жамбылдық қызылшашылардың еккен тәттi түбiрi алдыңғы көрсеткiштен анағұрлым азайып шыға келген. Барлық пайдаланылған алқап 0,29 гектар, алынған өнiм 127,4 центнер...

Өткен шақтың дерегiн сөзге өзек етiп отырып айтпағымыз мынау: шикiзат өндiрушiлердiң шаруасы шайқалған тұста өнiм өндiрушiлердiң де өзегi талып түстi. Ал оның соңы сауда нарығындағы тапшылық пен еңбек нарығындағы жұмыссыздыққа және сырттан келетiн тауар экспортына жол ашты. Ал, тәттi түбiр танаптарының саны жағынан елiмiздегi бiрiншi орыннан көрiнетiн Алматы облысында қызылша егiстiгi соңғы екi жылда 20 пайызға кемiп кеткен. Осының бәрi отандық нарықтағы қант тапшылығын туындатуға себеп. Оның үстiне бүгiнде бүкiл әлем осы бiр тәттi ұнтақтың тапшылығын сезiне бастаған. Халықаралық «International Sugar Organization» ұйымының дерегiне жүгiнсек, 2006 жылдың наурыз айының басында дүниежүзiндегi қантқа деген зәрулiк 2,225 миллион тоннаға дейiн жеткен.

Ендi отандық қант өндiрушiлердi қолдау турасында бiрер сөз. Жоғарыда айттық, бiздiң қызылша өсiрушiлер де, қант өндiрушiлер де дамыған елдердегiдей қолдауға ие емес. Бұл жерде бiз заңдық тұрғыны ғана меңзеп тұрған жоқпыз. Мәселен, Қазақстандық қант көршiлес Ресей нарығына ене алмайды. ТМД аралық келiсiм болса да орыс елi шартқа бағынбай келедi. Есесiне, Ресей қант өндiрiсiнде транзиттiк саясат ұстанып отыр. Оларда кедендiк алымдардың толлингтiк сызбанұсқасы жұмыс жасайды. Яғни, кез келген шет елдiң қант өнiмi ресейлiк сертификатқа ие болғаннан кейiн екiншi елге, бұл жерге бiзге нолдiк салық ставкасымен жөнелтiледi. Мұнан кейiнгiсi пародокс, қазақстандық қант өндiрушiлер үшiн мұндай жеңiлдiктер жоққа тән. Керiсiнше, бiздiң қант зауыттарының өнiмi толық кедендiк тазалаудан өтедi. Әсiресе, теңiз айлағымен өнiм мен шикiзатты тасымалдауда отандық компаниялар ресейлiктерге қарағанда көп ақша төлейдi...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

АҚ БАРЫС АЙДАҺАРДЫҢ ТЕГЕУРIНIНЕ ТӨТЕП БЕРЕ АЛА МА?

Қайталап айтудан шаршамайтын шындық бар: Қазақстан мұнайлы мемлекет. Ал қара жер қойнауындағы құнды қазынасы мол елдердiң әлемдегi саяси және экономикалық үстемдiкке ие болып отырғандығын тағы байқауға болады. Бiрақ егемен ел атанғанына он сегіз жылдың ғана жүзi болған Қазақстан жер асты байлығын игеру арқылы дүниежүзiне ықпал ете алатындай деңгейге қол жеткiзе алған жоқ. Сол себептен де ел экономикасына сыртқы елдердiң инвестициясын тартуға мәжбүрмiз. Әсiресе мұнай өндiру мен өңдеу саласында шетелдiк компаниялардың үлкен үлеске ие болып отырғандығын мойындауға тиiспiз.

ӘЛЕМ НЕГЕ АЛАҢДАУЛЫ?

Айдаһар рәмiздi Қытай елiнiң даму қарқыны әлемнiң мен деген мемлекеттерiнiң өзiн алаңдатқалы көп болған. Шығыстағы көршiмiз өнiм өндiру жағынан да, дайын өнiмдi тұтынушы ретiнде де алдына жан салмайтын ашқарақтығымен ерекшеленiп келедi. өйткенi Қытайдағы демографиялық өскелеңдiк экономикалық қарқынға да қатты әсер етiп отыр. Аспан астындағы елдегi адам санының өсу деңгейiн анықтаудың бiр әдiсi былай дейдi. Мысалға,1996 жылы Қытайдағы ұялы телефон тұтынушылардың саны 7 миллион ғана болса, бұл көрсеткiш 2003 жылы 269 миллионға жетiп үлгерген. Ал дайын өнiмдi тұтынушы ретiндегi көрсеткiштер де көңiлдi емес. Дерекке жүгiнсек, Қытай 2004 жылы дүниежүзi бойынша балқытылған болаттың 26 пайызын, мақтаның 37 пайызын, күрiштiң 32 пайызын және цементтiң 47 пайызын кәдеге жаратқан. Демек, Қытайда тiршiлiк дағдарысы басталудың қаупi мүмкiн деген сөз.

Бұдан келiп экономикалық қана емес, геосаяси және әлеуметтiк бағыттағы мүдделердiң туындайтыны тағы анық. Мысалға, Қытай айналасындағы мемлекеттерге қарай iшкерлей енудiң оңтайлы сәтiн қалт жiбермеудi көздейдi. Әсiресе қажеттi шикiзат көзiне бай, халқының саны аз, жерiнiң көп бөлiгi игерiлмеген Қазақстан сияқты ендi қалыптасып келе жетқан елге шеңгелдi мол салғысы келедi. Оның көрiнiсiн Қазақстанға бағыттаған инвестиция мен жұмыс күшiнiң көлемiнен анық аңғаруға болады.
Деректер бойынша Қазақстанның «қара алтын» өндiрiсiндегi қытайлықтардың үлесi 30,4 пайыз шамасында. Яғни, қазақ жерiнiң қойнауындағы мұнай қорының Қытай компаниялары өндiретiн көлемi 235 миллион тоннаға дейiн жетедi. Бұл Қазақстандағы мұнай өндiрiсiнiң төрттен бiр бөлiгi деген сөз. Ал Қытайдың iшкi өндiрiсiндегi мұнайға деген сұранысы тiптi ғажап. Биылғы жылы әлем бойынша мұнай экспорттаушы елдерде өндiрiлген «қара алтынның» 66 пайызын және Орта Азия елдерiнде өндiрiлген мұнайдың 20 пайызын аспан астындағы ел қажетiне жаратқан деген ақпарат бар. Ендiгi жерде Қазақстан ғана емес, әлемнiң мұнайлы мемлекеттерi де қытайлық экспанциядан қорқуы керек сияқты.

ҚЫТАЙ КОМПАНИЯЛАРЫ ҚАЛАЙ КЕЛДI?

Тоқсаныншы жылдардың басында Қытайдың ұлттық мұнай компаниясы /ҚҰМК/ Қазақстанға алғашқы қадамын жасады. Жер астында 121 миллион тоннаға жуық мұнай қоры бар Кеңқияқ пен Жаңажол кенiштерiн игеру құқығына ие болған алғашқы шетелдiк компаниялардың бiрi де осы едi. Бұдан соң 2000 жылы Қытай тарапы акция пакетiнiң 85,3 пайызына қожайындық ететiн «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясын құруға қол жеткiздi.
Бұл қазақ мұнайын игерудiң көлемiн 8,8 пайыздан 15,7 пайызға арттырды. Келе-келе Солтүстiк Бозашы кенiшiн игерiп жатқан тағы бiр қытайлық кәсiпорын өндiру құқығына 100 пайыздық иелiк етуге рұқсат алады. Бозашыдағы мұнай қоры 45 пен 65 миллион тоннаға жетедi деген болжам болған. Ал өндiрiлген мұнайды сату мен өңдеуден түсетiн пайданың салықтан тыс мөлшерiне толықтай Қытай жағы ие болып отырды. Нәтижесiнде ҚҰМК елiмiздегi «Шевроннан» кейiнгi мұнай өндiрушi алпауытқа айналды.

ЕЛГЕ БЕЛГIЛI ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЭКСПАНЦИЯ

Жоғарыдағы мәлiметтер Қазақстан экономикасына Қытай тарапынан басталған экспанцияның да басы сол кез болғандығын көрсетедi. Бiрақ ол кезде қауiп ойлаудан гөрi әрiптестiк жайына көбiрек үмiт артылған болатын. Ендi ол қатердiң тамырланып алғандығын ел бiлiп қалды. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Қытай Қазақстандағы iрi мұнай компаниясының бiрi болып саналатын «ПетроҚазақстанды» сатып алды. О баста канадалық қожайындардың иелiгiнде болған компания құнының қымбат болғандығына қарамастан ҚҰМК мемлекеттiк қазынадан 4,18 миллиард АҚШ долларын шығындады.

Яғни, Қытай бүгiнгi шыққан шығынды емес, келешектегi үлкен жобалардың бастауы болатын жобадан құр қалмауға барын салып бақты. өйткенi, «ПетроҚазақстан» елiмiздегi мұнай өндiрiсi жағынан үшiншi орын алатын. Әрi бұл компания Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытының арасындағы озық тұрған «ШНОС-қа» да қожайындық ететiн. Ендi қытайлықтардың қолына iрi мұнай өндiрушi компания ғана емес, елiмiздiң қомақты бөлiгiн жанар-жағармаймен қамтамасыз ететiн Шымкент мұнай өңдеу зауыты да көштi. Ал осымен бірге «CITIC Grup» компаниясы Қазақстандағы мұнай өндiрушi тағы бiр кәсiпорын - канадалық «Nations Energy» компаниясын сатып алған болатын. Құны 2,2 миллиард доллар болатын жобаны Қытай үкiметi қол-аяғын бірдей көтеріп қолдаған көрінедi.
Бұдан шығатын қорытынды: Қытай Қазақстандағы шикi мұнай өндiрудi толықтай монополиялау арқылы әлемге азу тiсiн көрсетпек. өйткенi, Қытай дүниежүзiне тек мұнай өндiрушi мемлекет ретiнде ғана ықпал ете алмай келедi. Ол елдегi қазiргiдей тұтыну деңгейiне қарағанда бұл мүмкiн де емес. Әрi Қытайдағы жер асты қазба байлықтары сарқылудың аз-ақ алдында тұр деген де болжам айтылған. Ендеше шығыстағы ұлы державаның ОПЕК пен АҚШ сияқты мұнай монополистерiмен бетпе-бет келуде жiберiп жүрген ұпайын қазақ мұнайын өндiру мен экспорттау арқылы түгендемекке ұмтылуы заңды. Бiрақ, Қазақстан өз алаңындағы ойыншының ойына келгенiн iстеуiне жол бере ме? Мамандар Қытай компанияларының әрекетiне қарап қорқыныш айтады. Яғни, Қазақстан жағы Қытайдың экономикалық және геосаяси мүдделерiнiң бұдан әрi тереңдеуiне жол бермеуi тиiс. Болмаған жағдайда экономикалық экспанция деген сөздiң орнына мемлекеттiк агрессия деген терминнiң айтыла бастауы ғажап емес.

ТҮЙТКIЛДI ТҰСТАР

Әу баста iске қосылған инвестициямен бiрге қаншама әлеуметтiк және миграциялық мүдделердiң де Қазақстан шекарасына енгенi түсiнiктi. Қытай жағы өндiрiске өз мамандары мен жұмыс күшiн шектеусiз мөлшерде алып келiп жатты. Бұл жергiлiктi жерлердегi әлеуметтiк ахуалды теңсiздiк жағдайына жеткiзетiндiгi белгiлi. Мысалға, Ақтөбе, Оңтүстiк Қазақстан және Қызылорда облыстарының аумағында түрлi жұмыстар жүргiзiп жатқан қытайлық кәсiпорындарда осындай проблеманың орын алғаны жасырын емес.
Тiптi олардың иелiгiндегi «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясында Қазақстанның Конституциясының баптары өрескел бұзылғандығы анықталған болатын. Мәселен, жергiлiктi жұмысшыларға қытай тiлiн мәжбүрлеп оқыту, Қытай елiнiң әнұранымен жұмыс күнiн бастау сияқты заң бұзушылықтармен тиiстi орындар айналысқан болатын. Нәтижесi не болғандығы бiзге көмескi. Сондай-ақ, қытайлық компаниялар экологиялық талаптарға пысқырмайтын болған. Мұнай өңдеуден шығатын iлеспе газдың ауаға таралуы шектеулi мөлшерден 5-6 есеге артып кеткен. Ал «СНПС-Ақтөбемұнайгаздың» 2006 жылы ғана төлеуге тиiстi салықтың 6 миллиард теңгесiн төлемеген.

Қазақстандағы Қытай проблемасындағы тағы бiр түйткiл, осы елге тасымалданатын мұнайдың бағасында болып тұр. Мысалға, 2007 жылдары Қытайға қазақ мұнайының әр барельi 48,4 доллардан сатылған. Ал бұл кезде әлемдегi «қара алтын» құны 55 долларға жуық болатын. Ендi ойланып көрiңiз, Қазақстан экономикасы қанша зиян шеккенiн. Және бiр түйткiл: мана айттық, «ПетроҚазақстан» компаниясы қытайлықтардың қолында. Оған қарасты Шымкент мұнай өңдеу зауытынан Қазақстан нарығына шығарылатын бензин құнының қымбаттап отырғаны белгiлi.

ТҮЙIН
Осыдан келiп Қазақстанның экономикасына Қытай елi тарапынан төнiп отырған экспанцияның қаупiн бағамдауға болады. Ал оның оң бағытта шешiлуi айдањар басты жалау көтерген жұрт пен таяу болашақта Орта Азияның ақ барысына айналуды көздеп отырған бiздiң елдiң саяси қатынастарына тiкелей қатысты болмақ.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

0 пікір