Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3341 0 пікір 22 Ақпан, 2010 сағат 07:36

Кеден... ұтыласың неден?

22-ақпан күні Парламентте болған Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова ханымның дауысы қатты шықты. Әлеуметтің ішікі ахауалынан жақсы хабардар экс-министр, бүгінгі депутат - Қарағұсова ханым әріптестерінің аузынан суы құрып мақтай жөнелетін кеден одағының келеңсіз жақтарына тоқталды.

«Тарифтік саясат Ресейдің ыңғайына қарай жасалып жатыр. Ресей мен Беларуссия арасындағы сауда балансы 30% құрайды. Белсенді сауда айналымында бұл баланс 35-40% пайызға дейін көтеріліп кетуі ықтимал», - деді депутат.

22-ақпан күні Парламентте болған Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова ханымның дауысы қатты шықты. Әлеуметтің ішікі ахауалынан жақсы хабардар экс-министр, бүгінгі депутат - Қарағұсова ханым әріптестерінің аузынан суы құрып мақтай жөнелетін кеден одағының келеңсіз жақтарына тоқталды.

«Тарифтік саясат Ресейдің ыңғайына қарай жасалып жатыр. Ресей мен Беларуссия арасындағы сауда балансы 30% құрайды. Белсенді сауда айналымында бұл баланс 35-40% пайызға дейін көтеріліп кетуі ықтимал», - деді депутат.

Үш елдің арасындағы кедендік одақ сауда-саттық айналымындағы нарықты көтерумен қатар Ресей мен Беларуссияның тауарларын көбейтіп жіберетін болады. Кедендік одақтың керағар тұстарына алаңдаған сарапшылар пікірінің тоғысар арнасы - осы. Алайда, бізде кедендік одақтың кереметтері туралы ода күнде айтылып кеткендіктен болар «Қазақстан бұл келісімнен еш ұтылмайды» дегенге имандай сеніп отырған жайымыз бар. Бірақ, істің қалай өрбірін алдағы көкек айы көрсеткелі тұр. Тап осы көкек, яғни сәуір айынан бастап базар нарқы күрт көтерілетін сыңайлы. Оның үстіне Президент Назарбаев Үкіметке бюджет қызметкерлерінің еңбекақысы мен зейнетақыны көктемнің екінші айынан қалдырмай көтеруді тапсырды. Бұл арада тәттіге алданған сәбидей жалақысы жанбағысынан аспайтын жұрттың тағы да жалаң бұт қаларын дәлелдеп жату артық шығар. Алайда біздің әкей (Елбасымызды айтамыз) Қазақстан-Ресей-Беларусь кедендік одағы түбі үлкен нарыққа айналып, инвесторларды көптеп тартатынына кәміл сенімді. «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдығына орай баспасөз басшыларымен әңгімелескен ол «үш елдің халқы үлкен нарық, бұл нарыққа кез-келген кәсіпкер қызығып қарайды» деген сөздің сыңайын танытқан еді. Сондай-ақ, әкей Беларуссияда Кеңес Одағы кезінде ірі кәсіпорындар шоғырланғандықтан оларда біз тұтынатын тауарлар мол дегенді айтты. Ал, батька (Лукашенко) басқарып отырған Беларуссия болса, өндіріс пен сұранысты ескермейтін ел. Беларуссияның тауарлары Батысқа шықпайды. Оны біздің әкей де жақсы біледі. Сондықтан да Белларуссияның өнімдері бізге келсін дейді. Енді бұйырса «қожайкаларымыз» «Бирюсаға» қарық болады. «Бирюса» есіңізде ме?.. Минскде жасалатын сүйегі ауыр, сапасы нашар, үні жер-әлемді көшіретін тоңазытқыш. Оңтүстік Кореяның ызылы естілмейтін тоңазытқаштарына үйреніп қалған жұбайыңыз баяғы жыртық «астауына» қайтып оралды деген  сөз осы болады. Өйткені, бүгін шетелдің лыпаған жеңіл көліктерін Қазақстанға кіргізбеудің қамына кіріскен Ресей қатын-балаңның қалауындағы қазан-ошаққа да қарауыл қоюы мүмкін.

Айтпақшы, Януковичтің Президент болып сайлануына байланысты Украинаны да кедендік одаққа мүше ету қажет дейді Медведев. Медведевтің әлгі сөзіне қарағанда,  кедендік одақ Ресей үшін экономикалық әріптестіктен гөрі саясатта үстемдік етудің құралына айнала бастаған сияқты.

«Абай-ақпарат»

0 пікір