Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5213 0 пікір 21 Ақпан, 2010 сағат 11:49

Әлемдік сурет өнерінің жаңа бағыты

Бүгінгі қонағымыз Зейнелхан Мұхамеджан кесте тоқуды әлемдік өнер дәрежесіне көтеріп, алғаш халықаралық «Мастер класс - 2000» Халықаралық өнер фестивалінің жүлдегері атанса, кейіннен «Бинелла-Ташкент  - 2002» Халықаралық өнер байқауының дипломанты болды. Ал, 2003 жылы Мәскеудегі суретшілер үйінде, 2004 жылы Швециядағы Вастерос қаласында, 2005 жылы Парижде ЮНЕСКО штаб пәтерінде, 2007 жылы Германияның Мюньхен қаласында оның жеке көрмелері көрсетілді. Бүгінгі таңда туындылары Қастеев атындағы бейнелеу өнері мұражайы мен Қазақстан Президентінің жаңа резиденциясында - «Ақ-ордада», Моңғолия суретшілер Одағы көрме дирекциясы қорында, сондай-ақ, АҚШ, Швеция, Израиль, Германия, Ресей, Канада, Жапония және Корея сынды елдердің жеке жинақтаушылар коллекциясында сақтаулы. Зейнелхан Мұхамеджан «Қорқыт ата», «Балбалдар», «Жауынгер», «Бақсы», Қобыз аңыз», «Олжа», «Серуен», «Көш», «Томирис», «Кездесу, «Арғымақтар», «Қыз ұзату», «Ақтабан шұбырынды», «Қыз қуу», «Балбал ІІ» атты көркем туындылардың авторы.

Бүгінгі қонағымыз Зейнелхан Мұхамеджан кесте тоқуды әлемдік өнер дәрежесіне көтеріп, алғаш халықаралық «Мастер класс - 2000» Халықаралық өнер фестивалінің жүлдегері атанса, кейіннен «Бинелла-Ташкент  - 2002» Халықаралық өнер байқауының дипломанты болды. Ал, 2003 жылы Мәскеудегі суретшілер үйінде, 2004 жылы Швециядағы Вастерос қаласында, 2005 жылы Парижде ЮНЕСКО штаб пәтерінде, 2007 жылы Германияның Мюньхен қаласында оның жеке көрмелері көрсетілді. Бүгінгі таңда туындылары Қастеев атындағы бейнелеу өнері мұражайы мен Қазақстан Президентінің жаңа резиденциясында - «Ақ-ордада», Моңғолия суретшілер Одағы көрме дирекциясы қорында, сондай-ақ, АҚШ, Швеция, Израиль, Германия, Ресей, Канада, Жапония және Корея сынды елдердің жеке жинақтаушылар коллекциясында сақтаулы. Зейнелхан Мұхамеджан «Қорқыт ата», «Балбалдар», «Жауынгер», «Бақсы», Қобыз аңыз», «Олжа», «Серуен», «Көш», «Томирис», «Кездесу, «Арғымақтар», «Қыз ұзату», «Ақтабан шұбырынды», «Қыз қуу», «Балбал ІІ» атты көркем туындылардың авторы.

- Зейнелхан аға, сурет өнеріне жаңа бір бағыт алып келген шығармашылығыңызды насихаттау мәселесімен өзіңізбен бұған дейін бірнеше рет жолыққанымыз бар. Десек те, дәстүрлік қолөнер күйінде сақталып келе жатқан ұлттық біз кестені гобелен сияқты кескіндеме деңгейіне жеткізіп, өнер әлеміне «біз кесте» атты жаңа бағыт алып келдіңіз. Аталған жаңа бағыттың пайда болуымен сіз ашқан жаңалыққа нендей нәрселер түрткі болғандығын оқырмандарымызға қысқаша баяндап өтсеңіз?

- Бұл жалпы қазаққа ғана тән кесте емес, біз айтқалы отырған біз кестені басқа ұлттар (тамбурный шоп) домалақ кергішке тоқылатын кесте деп атайды. «Тамбур» дегеніміз барабан секілді домалақ кергіш, соған матаны керіп, соның ішіне әр ұлтқа тән дәстүрлік ою-өрнек көмкеріледі. Үнді халықтарында, басқа да ел-жұртта кестелеудің осындай түрі бар. Бір қызық жері біз кесте басқа ұлттарда да болғанымен, қазақ жұрты секілді оны түскиіздей үлкен етіп көркем меңгермеген. Үлкен монументальды деңгейге жеткізген қазақ пен қырғыз ғана. Көп ғасырлардан бері етене жақын келе жатқан осы екі елдің ою-өрнектермен көмкерілген түс киізі мен кестесінің ұқсастығы соншалықты, ажырата да алмай қаласың. Кестенің кейбір түрлері мен тігістерін айыру мүмкін емес.

- «Біз кесте» кескіндеменің жаңа бір түрі ретінде әлемге қаншалықты тез жайылады деп ойлайсыз?

- Мұның кең жағдайда әлемге жайылуы үшін, ең алдымен өз халқымызға әбден тарап сіңуі керек. Халық өнер деп мойындап, елдік, мемлекеттік деңгейде даму сатысына жетіп жатса, онда, біз кесте өнерін әлем де танып, біліп, жеке өнер бағыты ретінде ары қарай дамытып әкетер еді. Сондықтан, Қазақстанның өзіне кеңінен тарата алмай жатып, қазірше дүниежүзілік деңгейді айтпағанымыз мақұл болса керек. Мысалы, мен өзіміздің ежелден келе жатқан дәстүрлі өнеріміздің ішінен бұл бағытты дамытуды басқа деңгейге, яғни, дәстүрлік деңгейден жаңа бағыттағы өнер деңгейіне көтеріп отырмын. Соның арқасында ЮНЕСКО-дан «сапалық белгі» алдым. Алайда, сапалық белгінің «патент» емес екендігін қоса айтқым келеді. Ендігі мәселе, қымыз, шұбат сусындарын патенттеп жатырмыз ғой, сол сияқты біз кестені де халықтық өнер ретінде кешіктірмей патенттеп алуымыз қажет. Ал енді оны мен патенттейін десем, бұл қазақтың дәстүрлі біз кестесі. Яғни, бұл халықтыкі.

- Аға, Өнер академиясынан кеткеннен кейін жұмыссыз едіңіз. Қазір не шаруа жасап жүрсіз?

- Орал Таңсықбаев атында көркем сурет колледжі бар. Соған жұмысқа орналастым. Осындағы студенттерге үйретуді қолға алудамын. Бастапқы нәтижесі жаман емес.

- Өнер академиясында да біраз шәкірттер тәрбиелеген едіңіз. Алды «Шабыт» фестиваліне қатысып, жүлделі оралғанынан хабардармыз. Олар бүгінде немен айналысуда?

- Шындықты айту керек, елімізде бейнелеу өнерін кәсіп етіп алғандар үшін ешқандай да жағдай жасалынбаған. Оларға өте обал дер едім. Театр немесе басқа да салалардан оқу тәмамдаған жас мамандарға облыстан болсын, қалалардан болсын, әйтеуір орын дайын. Өнер академиясын бітірген менің шәкірттерімнің гоболен, ши, біз кесте бойынша диплом қорғап шыққандардың біреуі де жұмысқа орналаса алмады. Ал енді, өзің білесің, қолындағы бар өнерді дамыту үшін оған материалдық жағдай керек. Жұмыс істеп табыс таба алмаған адам оны қалай биік деңгейге көтермек?! Сондықтан, қанаты қатып, қабырғасы бекімеген жас инженерлерге, дәрігерлерге, мұғалімдерге бізде қандай жағдай жасалса, өнер иелеріне, оның ішінде суретшілерге де сондай жағдай жасалуы керек.

- Суретшілер одағының кәсіпқой мамандарды, оның ішінде жас талапкерлерді қолдайтындай жағдайы бар ма?

- Одағымыз, бар болғаны қоғамдық ұйым. Оған үкіметтен қаржы бөлінбейді. Онда тек  жарна немесе азын-аулақ тапсырыстар болып қап жатса, соны суретшілерге бөліп бергені болмаса, одақтың басқа берер көмегі жоқтың қасы. Бірақ, сонысына қарамай, бізді қуантып отырған бір жақсылығы бар. Ол - 80 суретшіге арнап салынған шеберхана. Құда қаласа, маған да сол шеберханадан бір орын тимек. Амандық болса, салтанатты түрде табыстағалы жатыр.

- Бұрынғы берген сұхбатыңызда мастер кластар жүргізіп жүрмін деген едіңіз. Игілікті шаруаңыз әлі жалғасуда ма?

Кезінде Ақтөбе қаласына барып мастер класс өткізгеніммен, басқа облыстарға шыға алмай отырмын. Себеп біреу, бәрі де үйренгісі келеді, алайда, талап қылған ортаға барып, кемі сол бір-екі аптадай үйретіп қайтуға қаржы жағы шешілмей отыр.

- Мамыр айында өткен Еуропа қазақтарының құрылтайына бара алмадыңыз-ау деймін, ә?

- Оның рас, бара алмадым. Бірақ, Түркіменстанға жолым түсті. Онда жылда болып тұратын үлкен халықаралық «Дәстүрдің жаңғыруы және дүниежүзілік жауһарлар» атты көрме өтті, 26-30 шілдеде. Мақсаты, Түркіменстан суретшілері мен қолөнер шеберлерінің қай деңгейде екендігін танытып, қандай бағытта дамып келе жатқандығын шетелдіктерге таныту, сонымен қатар, басқа да елдерден көрмеге қатысуға келушілердің жұмыстарын насихаттау. Ондағы жаныңды қуантатын жағдай, ұйымдастыру шарасының жолға өте жақсы қойылғандығы. Президент аппараты және Мәдениет министрлігі біріккен. Яғни, өнерді қолдау мәселесі мемлекет тарапынан шешілген. Халықаралық көрмеге қатысушыларға арнап каталог шығарды. Әрбір қатысушыға диплом табыс етті. Барыс-келісімізді, жатар орнымыз бен тамағымызды өздері көтерді. Міне, осындай дәрежедегі фестивальдер бізде жоқ. Экономикасы Ресейден кейінгі орынға көтерілген бақуат Қазақстан үшін бұл ұят нәрсе деуге болады. Әлеуметтік жағдайы бізден де төмен елдерде анадай жағдай жасалып, өз елімізде осы мәселенің қолға алынбауы адамның көңіліне кірбің, реніш ұялатады екен. Олардағы өнерге деген құрмет пен қолдаудың бізде болмағаны өте өкінішті жәйт.

- Әдетте, өнер иелері көрермен қауымға көрме ұйымдастырып жатады ғой. Ол жағын ойластыру жоспарыңызда бар ма?

«Кесте өнері» деген кітабым жарық көрген болатын. Соны «Алматы» баспасы қайта шығармақ. Амандық болса, сол кітабым қайта жарық көрісімен арнайы көрме ұйымдастырсам ба, деген ойым бар.

- Өнер болған соң, қашанда өзіндік жаңалықтары, жетістіктері болады ғой. Бұған не дер едіңіз?

- Шығармашылығымда өзгерістер бар. Бірақ өзің білетіндей, менің жалпы тақырыбым - дала. Қазақтың ұлы даласының өткен тарихынан сыр шерту. Мысалы, өнердің барлық түрі дерлік бұрындары мемлекеттік идеологияны насихаттайтын құрал ретінде пайдаланылып келген болса, енді ол басқаша, жаңаша сипат алды. Сурет өнерін тамашалаушы көрермендердің де талғамы өзгерді. Бұрын тек музейлерден ғана тамашалаумен шектелетін болса, енді өзіне ұнаған туындыларды сатып алу деңгейіне де жетті. Тағы бір айта кететін жәйт, халық бүгінде басқа да өнердегі секілді сурет өнерінен де рухани азық алу жағын ескеретін болды. Міне, сол халықтың сұранысы суретшілерді де басқа деңгейге көтерді. Адамдардың бір бөлігі шетелдерге барып жүр ғой. Олар шетелдік әріптестеріміздің соңғы еңбектерін көріп, бұл өнердің қыр-сырын бұрынғыдан әлдеқайда жақсы айыратын халге жетті. Сондықтан олардың ойынан шығу үшін, біздердің де талмай ізденуімізге, жетілуімізге тура келуде. Қысқаша айтқанда, әрбір суретшінің жауапкершілігі артты.

- Зейнелхан Мұхамеджанұлы, өнер адамдарының кейбірі онша ұната бермейтін соңғы сұрағымды қойғым келіп отыр. Сіз өз салаңызда кімдерді ұстаз тұтасыз немесе жеке піріңіз бар ма?

- Жеке пірім бар дегенім артық болар. Алайда сурет өнеріндегі қазақстандық алдыңғы толқын ағаларымыз - Қанафия Телжанов, Сабыр Мәмбеев, Салахиддин Айтбаев, кешегі өмірден өткен тұңғыш мүсіншіміз Хакімжан Наурызбаев сынды тағы да басқа өнер майталмандары бізге үлкен мектеп, алар үлгі қалдырған дер едім. Оларға сүйсінетінім, сурет өнерін оқығанда тек орыстық, батыстық үлгіде оқығанымен, біздерге қазақи өнер үлгісін, ұлттық үйрену мектебін қалыптастырып кетті.

-   Әңгімеңізге рахмет.

Қайрат ДҮЙСЕН

 

0 пікір