Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 7864 0 пікір 21 Ақпан, 2010 сағат 11:26

ТҰРСЫНБЕК КӘКІШЕВ. “ҒАЛИЯДА” ОҚЫҒАН ҚАЗАҚТАР

Қолжазба "Садақ" журналын Уфадағы "Ғалия" медресесінде оқып жүрген қазақ жастары 1915-1918 жылдары шығарыпты дегенді 1952 жылы адал жүрек ақын, атақты "Әли қарттың әңгімесі" поэмасы үшін "жемеген таяғы жоқ" Жақан Сыздықовтан естіп ем. Басылымды іздеу барысында талай қызыққа да, қиындыққа да батқаным 1986 жылы шыққан "Садақ" атты хикаялы эссеме негіз болды. Баспаның сол кездегі қырағы редакторлары, басшылары "Садақты" тілге тиек етіп, бүкіл қазақтың интелектуалды дүниесін ақтарып кетіпсің, "қажетсіз" оқығандарды, зиялыларды атапсың деп кітаптың жартысына жақынын қысқартып тастаған болатын. Тәуелсіздік қолымызға емін-еркін тиген уақытта "Сандалтқан "Садақ" есімді ғылыми-деректі шытырман хикаяны Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бағдарламасы бойынша 2002 жылы шығарғанда "Фолиант" баспасы көлемі үлкен екен деп автормен ақылдаспай үштен бір бөлігін алып қалыпты. Ол тарауларда медресе "Ғалияны" бітіріп келгендердің игілікті істері, артында қалған ұрпақтарының әке-аталарының жүз жылдығын атау рәсімдері және жаңадан табылған мәнді құжаттар, яғни қазақтың зиялылығын танытатын бөлігі алынып қалыпты. "Өзі болмаса да көзі" деген атпен жалғастырамыз деп уәде беріп еді, осы күні сөздің шындыққа айналуы қиын болып бара жатқандықтан тиянағы әзірге көрінбей тұр.

Қолжазба "Садақ" журналын Уфадағы "Ғалия" медресесінде оқып жүрген қазақ жастары 1915-1918 жылдары шығарыпты дегенді 1952 жылы адал жүрек ақын, атақты "Әли қарттың әңгімесі" поэмасы үшін "жемеген таяғы жоқ" Жақан Сыздықовтан естіп ем. Басылымды іздеу барысында талай қызыққа да, қиындыққа да батқаным 1986 жылы шыққан "Садақ" атты хикаялы эссеме негіз болды. Баспаның сол кездегі қырағы редакторлары, басшылары "Садақты" тілге тиек етіп, бүкіл қазақтың интелектуалды дүниесін ақтарып кетіпсің, "қажетсіз" оқығандарды, зиялыларды атапсың деп кітаптың жартысына жақынын қысқартып тастаған болатын. Тәуелсіздік қолымызға емін-еркін тиген уақытта "Сандалтқан "Садақ" есімді ғылыми-деректі шытырман хикаяны Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бағдарламасы бойынша 2002 жылы шығарғанда "Фолиант" баспасы көлемі үлкен екен деп автормен ақылдаспай үштен бір бөлігін алып қалыпты. Ол тарауларда медресе "Ғалияны" бітіріп келгендердің игілікті істері, артында қалған ұрпақтарының әке-аталарының жүз жылдығын атау рәсімдері және жаңадан табылған мәнді құжаттар, яғни қазақтың зиялылығын танытатын бөлігі алынып қалыпты. "Өзі болмаса да көзі" деген атпен жалғастырамыз деп уәде беріп еді, осы күні сөздің шындыққа айналуы қиын болып бара жатқандықтан тиянағы әзірге көрінбей тұр.

"Ғалияда" оқыған қазақ жастарын айтудан бұрын осындай кіріспенің болары заңды. Өйткені халқымыздың биік өресін көрсетейін десең еуроцентризмге бой алдырып қалғандар әлі де құлашты кеңге жаздырмай келе жатыр.

Биыл "Ғалия" медресесінің 100 жылдық мерейтойы болайын деп жатыр. Оның орнына өмір сүріп жатқан Ресей ислам университеті жер-жерге сауын айтып, конференцияға шақыру жіберуде. Маған келген хатта: "Татар, башқұрттан кейін көп оқыған қазақ жастары, сондықтан баяндама дайындай келіңіз", деген өтініш те бар.

1905 жылғы бірінші орыс революциясынан кейін аз-маз еркіндіктің шеті көрінгенде сонау Қырымда Исмаил Гаспринский (Гаспралы) өзінің "Тәржиман" газеті арқылы жадидизмді насихаттап, жаңаша оқу жүйесін, яғни бірыңғай Құран уағызын жаттата бермей дүнияуи білім алуға үндеді. Осы жаңа ба­ғытты Ресей империясы қол астындағы мұсылмандар жұртында алғаш жүзеге асырған Зиядрин Әл-Камали деген ағартушы болды. Бұған діндарлар қарсы болып, талай қиястықтар да жасады, аяқтан да шалды. Бірақ жаңаның жеңетін заңдылығы бұл салада да анық көрініп, 1918 жылға дейін өмір сүрді.

"С открытием "Галии" начала стекаться жаждущая знаний молодежь из всех мусульманских районов России.

"Галия" имела 3 подготовительных класса с годичным курсом каждый и 3 основных класса по три года обучения. Изучалась каноны ислама. Преподование общеобразовательных предметов (алгебра, физика, история, география, русский язык, татарский язык и литература, педагогика и гигиена) было поставлено несравненно лучше.

"Галия" отличалась от многих медресе не только постановкой учебного процесса, но и Свободолю­бимым Духом. Здесь были диспуты, лекции, литературные вечера, издавались рукописные журналы на татарском, казахском, узбекском языках. Учащиеся живо откликались на революционные события. Крупная забастовка шакирдов состоялись в 1912 году" ("История Уфы", 1981 г. 182-183-беттер), деген мәнді хабарлар мен деректер біраз жайдан мағлұмат берсе керек.

1912 жылғы шәкірттер көте­рілісіне тап сол кезде "Ғалияда" оқыған Мағжан Жұмабаев қатысып қалуы ғажап емес. Өйткені, Ға­лымжан Ибрагимов сынды озық ойлы жанмен бірге оқуы, жақын таныс болуы және сол 1912 жылы өлеңдер жинағын шығаруы жас талапкер қоғамдық-әлеуметтік оқиғадан тыс болды дегізбесе керек. Өйткені, қасындағы жора-жол­дастарынан қалып қоюға қаншама саналы болса да ұяты жібермейді. Екіншіден, медреседен қуылған 65 шәкірттің бірі Мағжан болуы да мүмкін.  Небәрі бір жыл ғана оқып, қаншама "орысжанды" болса да, Омбыдағы оқытушылар семинариясының дайындық  курсына "жаңа заманға ыңғайла­ну талабымен" түсіп еді деу өте қиын. Мағжанды зерттеушілер осы жайды архив деректері арқылы анықтаса, талай қызыққа кезігеріміз анық.

Сонымен "Ғалия" медресесі 12 жыл өмір сүрді. 1916 жылы 30 желтоқсанда "Тұрмұш" газеті он жыл жасаған "Ғалия" медресесін -  930 шәкірт, оның 224-і қазақ, өзбек, адыгей, әзірбайжан, черкес жастары бітіріп шыққанын жазды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хайыржан Бекхожин өзінің "Қазақ баспасөзінің даму жолдары" деген 1964 жылғы еңбегінде "Ғалияны" бітірген 154 қазақ шәкірттері төте оқу мектептерін ашып, бала оқытқандары жайында тиянақты дерек келтіреді. Одан кейінгі екі оқу жылын қосқанда ең аз дегенде екі жүздей қазақ жастары жоғары оқу деңгейіндегі медреседен білім алып, елге пайдалы еңбек етті деп шамалауға болады. Олардың қайсыбірінің аты-жөні белгілі, хабар да бар.

Мәселен, 1913 жылы "Медресе "Ғалияға" 40-тан астам қазақ шәкірті келді. 14-і Семейден, 7-і Ақмоладан, 5-і Торғайдан, 6-ы Астраханнан, 6-ы Жетісудан, 2-і Сырдариядан. Сонымен қатар Кавказдан - 5, Қырымнан - 2, Стамбұлтүркі - 1, Ауған түркімені - 1" деген дерек "Қазақ" газетінің 31 қарашасындағы санында жарияланды. Сонымен қатар "Қазақ", "Вақт", "Тұрмұш" газеттерінде кейде аттары аталып, кейде 17, 34, 40, 38 деп аты-жөні көрсетілмей қол қойған қазақ шәкірттері газетке хабар беріп, мәлімдеме жасағандары да бар. Менің өзіме осылардың 79-ы аты-жөнімен белгілі. Оларды тарих үшін де, кейінгі ұрпақтары үшін де сөз арасында атап көрсеткенім дұрыс болар.

Өз қолымдағы деректерге сүйенсем, "Ғалия" шәкірттерінің іс-әрекеттері маған 1911 жылдан белгілі. Сол жылы "Айқап" журналы өзінің 4-ші санында: "Медресе "Ғалияда" оқушы қазақ шә­кірттері "Әліппе, яки төте оқу" есімлі қазақ һәм қырғыз балаларына арнап бір кітап басып шығарып, сатыла бастады. Бағасы 17 тиын. Қайырлы сағатта болсын!

Шәкірттердің тағы бір ыждаһаты бұл "Әліппеден" соң қазақ балалары оқу үшін тағы бір кітап жазып шығармақ екен. Біздің білуімізше марқұм Тургайская область инспекторы болып тұрған Ибрагим Алтын­саринның орыс ғарпымен бастырған "Хрестоматия" деген кітабы орталарынан ұлықсат алып, ғараб ғарпымен бастырғаны мақұл болар еді", деген хабар­ламаның айтары айрықша мәнді екендігін аңғармасқа болмас.

Не болмаса "Айқаптың" 1911 жылғы 10 санында: "Ғұмар Қарашұлының жаңа шығарған "Өрнек" атты кітапшасын 1911 жылы Уфада медресе "Ғалиядағы" қырғыз-қазақ шәкірттері жалпақ қазақ тілінде бастырған екен. Оның біреуін алдырып оқыдық. Өзі аз болса да сөзі жақсы, терең ойға түсіретін бол­ғандығы үшін оқып алып, Қарашұлы мен шәкірттерге көп сүйсініп, дұға қылдық", деген сыни ойы бар жарнамадан біраз сыр аңғарып, ол кездегі шәкірт­тер­дің іс-әрекетіне ішің жылып қана қой­май, "шіркін олар атқарған істерді ел-жұртқа жайса ғой", дегің де келеді.

Шәкірттердің қандай игі қадам жасағандығын және оны сол кездегілер қалай қабылдағанын күні бүгінге дейін қисыны табылмай келе жатқан бір өткір мәселенің шетімен көрсете кеткен жөн. Мұнда әуелінде жай ғана тілек болып көрінгенмен, бара-бара үлкен дауға айналып, талай қияс қадамдар жасатқан жай да кездесті.

1913 жылы "Қазақ" газетінің, 8 және 15 жел­тоқ­сан­дағы сандарында "Емле ха­қында" деген тақырыппен медресе "Ғалияның" 17 шәкірті, атап айт­қанда Әбілғазы Иманбеков, Бекмұхамет Хұ­сайынов, Ахметжан Күзембаев, Ғайса Тоқтарбеков, Шаһмардан Ғұмаров, Нұғыман Манаев, Камалидден Жайсаңов, Ғаббас Қоңқаев, Нұржан Елепов, Хамза Ибрагимов, Мұнарбек Ер­мектасов, Мырзахмет Қожа­қ­ла­нов, Зәкір Ғабдуллин, Маннан Тұрғамбаев, Мол­дах­мет Ержанов, Қапан Ғаб­дыл­кереев, Хұсайын Ажаров қол қойған мақала жарияланды. Ол негізінен Ахмет Байтұрсы­новтың араб алфавиті негізінде қазақ тіліне лайықталып, ықшамдалып күні бүгінге дейін қолданып келе жатқан өміршең де ыңғайлы төте оқу жазуы - сұлу жәдит емлесін кеңінен қолданып, қазақ мектептерінде дәйекті оқыту жайына тоқ­талған ойлы мақала болатын. "Сендер өздеріңе әліппе жасап алайық деп жүрсіңдер. Бізде оқып жүрсендер де қазақ даласына алақтай қарайсыңдар, біздің оқу-білімімізді өздеріңе ыңғай­ламақсыңдар. "Ғалия" татар медресесі болғандықтан, татар тілінен басқаларға жол жоқ", деп татарды "айрықша жақсы көретін" екі шәкірт медресе оқуханасында жатқан "Садақ" журналының 1913 жылдың күзінде шыққан 2 нөмірін жыртып-жыртып, дәретханаға апарып тастапты. Бұған ызаланған қазақ шәкірттері біраз қызылшеке болып, қол көтерісіп қалған сәті кездесіпті. Жастардың қызбалығы медреседе біраз дүрбелең туғызыпты. Басшылықты да, ұстаздарды да ойландыра бастаған шақта "Садақтың" үшінші саны 1915 жылы 20 қарашада әзер шығады. Сол жылдың 23 желтоқсанында "Қазақ" газеті "Ғалияның" 34 шәкірті қол қойған "Қазақ тілінде оқыту жайында" атты ашық хат жариялады. Бұл ұсыныс жағдайдың ушыға түсуіне апарып соқтырды. Өйткені "қазақ балаларын оқытып жатқан мұғалімдеріміздің қазақша оқу құралдары бола тұрып, ноғай тілінде жазылған оқу құралдарын алдыруларын көреміз. Бұл қазақ балаларын оқытып, бір нәрсе білдіру үшін "барынша қазақша оқу құралдарын һәм қазақ емлесін қолдану тиіс" деген талап түрік тектес ағайындарды татар тілі мен әдебиетімен "азықтандыруға" жан салып жүргендердің "жынына" тиді. Оны аңғару онша ұзаққа созылмады. 1916 жылдың 1 қаңтарында, яғни бір жұмадан соң татардың Орынборда шығып тұрған "Вақт" газеті Кабир әфенді Бәкір жазған шолуда 1915 жылғы жайсыз, көңілсіз уақиғалардың бірі ретінде атап өткенде 16 қаңтарда 38 шәкірт, атап айтқанда Ғабдулжапар Байжұманов, Ғабрахман Мұстафин, Ғұмар Нияз, Нұрахмет Афли­гов, Мұхамедрахым Асылбаев, Нұртаза Нұрпейісов, Мәлік Мұстафин, Ғаббас Қанафин, Бимұхамет Майлин, Төлебай Ержанов, Армия Ешкеев, Хажимолла Басимов, Ғайса Тоқтарбеков, Ешмұхамедов, Сейіт Аманжолов, Хамза Ибрагимов, Досмайыл Есентаев, Нұғыман Манаев, Жиенғали Тілепбергенов, Сұлтан Шоқаев, Әлмұхамет Жандыбаев, Ғабдолла Толбаев, Балақожа Сүлейменов, Қаһан Ережепов, Зейнелғабиден Имажанов, Хайролла Ибрагимов, Садық Қасымов, Ахметнәби Ғалиханов, Дәулетқали Есенгелдин, Келді Мұқаметкелдиев, Меңдіғали Сакипов, Ахмет Егізбаев, Бекмұхамет Олжабаев, Досмұхамет Аманқұлов, Сәрсембі Баубаев, Мұхаметкәрім Оралбаев, Дөненхан Ғұмаров, Кәрім Ешмұхаметов: "Біздің ол хатымыз бастауыш мектебімізде ана тілінде оқу оқыту бірінші қадам деп тапқанымыздан жазылған еді. Көп жылдардан бері татар мақбуғатымен халқымыздың бұл дәрежеге келуін естен шығарып, қарсылық жасау емес еді һәм әдебиет айырмашылықтары аз екі халық арасын бүлдіріп, татар әдебиеті мен матбұғатын қазақтарға жек көрсету ниетінен аулақ едік. Ол тіпті қаперімізде болмаған жай! Рас, татардың белгілі зиялыларының кейбіреуі татар халқын айрықша сүйіп, Россиядағы бүкіл мұсылмандарды жоғарғы бір түрік-татар ұлты етіп жасауды тілейді екен. Пікірлеріне рахмет! Ондай сөздерді ХХ ғасырда туғандарға айту көзсіз. Бұдан бұрынғы заманда татарлана алмаған бір халық бұл ХХ ғасырда татарлана алмас!" деп жауап берулері "Садақтың" алғашқы сандары тұсында бұзылған шырықты онан әрі ушықтыра түспесе, тыныштандыра қойған жоқ. Жалпымедреселік жиналыс шақырылатын болған соң Орынбордан Ахмет Байтұрсынов әдейі келіп, мәселенің мән-жайын түсіндірді. Ғалымжан Ибрагимов, Мәжит Ғафури сынды татар-башқұрт көшбастаушы зия­лылармен сөйлесіп, татулық орнатқан-ды. Бұл мәселенің жөнді арна табуына Ғалымжан Ибрагимовтың осы жиналыста жасаған "Тілдері басқа болса да көңілдері бір" деген баяндамасы себепкер болды.

"Қазақты татар әдебиеті билән қанағаттандыру фикирі тек ол халықты вэ тарихи ағымын білмеуден келедүр. Бізге қазақларны" "татар тілі мен әдебиеті" астына кірігу қиялынан гөрі әдеби қазынамызды байыту үшін қазақ халқы әдебиетінен кең рәуіште үйрену тиышлелер", деген ойын айтып, жалындап келе жатқан өртті басқаны тарихқа белгілі. Ғалымжан Ибрагимовтың бұл баяндамасы "Ақ" (білім) журналының 1916 жылғы 15 санында басылып, кейінгі көп томдықтарында үзбей жариялануда. Қарапайым тілектен басталған ұсыныс екі халықты жарастырар үлкен оймен аяқталуы албырт шәкірттердің алғыр тілектерінің жетелілігін көрсетіп, болашақ қайраткерліктеріне бағдарлама болғанын аңғару қиынға түспесе керек.

"Ғалияда" оқыған қазақ жастарының бір тобы "Садақ­тың" 1918 жылғы 10 ақпанында шыққан соңғы қоштасу санында журнал­дың шығаруына ат са­лыс­қан өлең-жыр, мақала, ел сөзін жинап тап­сырған авторлардың жасырын ат­тарын ашып берген тізім бар. Олардың біразы жоғарыдағы хаттамада кездеседі. Алайда Зияш Алдабергенов, Салахидден Жүсіп­ұлы Сарта­лиев, Мұхамет Сабыр Айтқожин, Мағауия Таңатаров, Хамза Бек­мұхаметов, Әбдірашит Әлімбаев, Әбубәкір Қазақов, Бек­бау Әлиев, Төлеубай Ақылбеков сынды азаматтар да "Ғалияда" оқыған-ды.

Қазақ зиялылығын көрсету үшін жоғары білім алғандарды анықтап, мәдениетіміздің биік өресін жоғарғыларға білдірмей көп еңбек еткен азамат Ғалым Ахмедов болғанына ешкім дау айта алмас. Медресе "Ғалияны" бітірген­дер­ден 76 кісінің аты-жөнін баспасөзге жариялады. Солар­дың ішінде Әбушахман Бөкеев, Ғабдрахман Сұлтанов, Сермұхамбет Қыпшақбайұлы, Ахмет Мәметов (Мәншүктің әкесі), Жұмағали Бейсенбаев, Балқожа Сүлейменов, Нұрахмет Ақылбеков, Сәдуақас Жан­дос­ұлы, Кенжеғали Ғабдуллин (ақын, ерте қайтыс болған), Бекмұхамет Серкебаев (Ермектің әкесі), Төреахмет Қожымов, Әшкей Жақаев, Айтмағамбет Жұманов, Жармұхамет Тілен­шиннің аттары атап көрсетілген.

Сонымен қатар "Қазақ әдебиеті" газетінде "25 ноябрь, жұма күні кешкі сағат 6.30-да М.Әуезов музей-үйінің залында (М.Төлебаев көшесі, 185 үй) қазақ әдебиеті мен өнері халық университетінің кезекті сабағын "Қолжазба журнал "Садақ" (медресе "Ғалиядағы" қазақ шә­кірттері, жайынан) деген та­қырыпта филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев өткізеді" деген хабарға қазақтың "ескілігін" білуге құштар біраз зиялылар жиналды. Университеттің мәшинесіз ректоры Рахманқұл Бердібаев, Жамбыл бөлімінің меңгерушісі, жан досым Мырзабек Дүйсенов, ол кезде атақты ақын деп білетін, кейін құдам болған Қазақ­стан­ның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев, бірге оқыған партала­сым Есенгелді Жақыпов, қа­зақ­тың сөз өнерінің маржандарын жинауда ерен еңбек сіңірген Мардан Байділдаев сынды азаматтар музейдің кішкене залын керіп отырғандарымен қоймай, төпелетіп сұрақты жаудырып, медреседе оқыпты деген талай адамдардың атын атады. Мардан марқұм: "Сырдариядан оқуға түскен екеу кім екен?" деп мені тығырыққа бір тіреп алды да, мен оларды білемін, біреуі мына Ауыл шаруа­шылығы институтындағы профессордың әкесі деп атын атап еді, қазір есіме түсіре алмай отырмын. Есенгелді Семей төңірегінен оқыған адамдардың, өсірген Таһир Жомарт­баев­тың атын атап еді, "менің көргендерімнің ішінен кездестіре қоймадым" дегеніме дес бермей "анау списогіңе қосып қой" деп бұйырды.

Әлден уақытта орнынан Мұзағаң көтеріліп: "Сен айтқан Әбдірашит Әлімбаев менің әкем Аймағамбет болып жүрмесін. Ол кісі де медреседе оқыған еді", деп күмілжітті. Әбдірашит деген қысқы каникул кезінде Омбыдан келе жатып бар қаражатын ұрлатып алған соң "Ғалия" шәкірттері жылу жинап берген және "Садаққа" "омбылық" деген жасырын атпен мәтін беріп тұрған шәкірт. "Сіздің әкеңіздің молдалықтан басқа өнері бар ма еді? деп сөзімнің аяғын қалжыңға жықтым. "Жоқ, білемін ғой әкемді", деген соң: "Құжатыңызбен сендірмесеңіз мына тізімге қоса алмаймын" деп әрең құтылдым.

Сонымен, медреседе оқыған екі жүздей қазақ жастарының елге қайсысының еңбегі сіңгенін айтар болсақ, өзім анық танитындарым бірқыдыру. Олардың ішінде "Ғалияда" жарты жылдай оқыды деп жазылып жүрген, шындығында екі оқу жылын оқыған Бейімбет Майлинге түсіндірме беріп жатуым артық болар. "Шұғаның белгісіндей" классикалық шығарманы жариялаған "Садақ" журналына Бейімбеттің редактор-шығарушы болу эстафетасын жалғастырған Жиенғали Тілепбергеновтің әдебиет тарихына оралуына біраз маңдай тер төккенімді айтып жатпай, 1955 жылдан бері зерттеліп, 1968 жылы шыққан "Ізбасар" жинағын, 1995 жылы Ақтөбе азаматтары шығарған 2 том шығармаларын "Алаш" баспасы 2005 жылы қайтадан толықтыра жариялап жатқанын айтсам да жетер. Жиенғалидың ұлы Нұраш, менің шәкіртім доцент Ниязова осы игі істің соңында жүр.

Медресе шәкірттеріне кездесіп, сәлем бергендерім екі ақсақал. Әбдірахман (Ғабдырахман) Мұстафинге 50-жылдардың ортасында кездескенімде бір баспаның корректоры екен. Медресе бітіргендер өз ойын ашық айтудан қаймығатын тұста қалыптасқан әдеттен озбай, сыр бермей қойған еді.

Екінші шәкірт - Зейнелғабиден Имажанов ағарту саласынан қол үзбей, игілікті еңбек етудің арқасында "Қазақстанның халық мұғалімі" атағына ие болып, Ленин орденімен марапатталған ұлы ұстаз. Оның шәкірттері арасында Иманбай Қарақұлов, Бейсенбай Кенжебаев, Хабибулла Жабасов сынды ғұламалар, Бауыржан Момышұлы сияқты батыр, Үрия Тұрдықұлова, Құрманбек Жандарбеков сынды өнер саңлақтары, Жақыпбек Жанғозин секілді мемлекет қайраткерлері тәрбиеленіп шығып, елге ерен қызмет атқарғанын айтсақ та жеткілікті.

Нұғыман Манаев Қазақстанның оқу-ағарту саласында көп жыл еңбек етіп, оқу комиссарының орынбасары болғаны, Армия Әшкеев пен Әбілғазы Иманбеков атақты да абыройлы мұғалім болғандығы, "Еңбекші қазақ" газетінен басталған қаламгерлігін өмірінің соңында ғұлама молдалыққа айналдырып, ел-жұрттың алғысына бөленген Зияш Алдабергеновті атаса да болады.

Ал Хажым Басимовтың жесірі Меңсұлу апай менің үлкен құдағиым болуы арқасында қолындағы мол құжатын маған аманатқа тапсырған-ды. Хажымның "Садақ" журналындағы "Ырысты" повесі баспаға дайындалу үстінде. Сондай-ақ Салахидден Сарталиевтың "Мақтым" повесі 1984 жылы "Жұлдыз" журналына жариялану арқылы әдебиет тарихы мен ғылыми зерттеулердің ауқымына іліккені де қуаныш.

Бұлардың сыртында медресе "Ғалияны" жақтап, мұражайын жасату жөнінде жар құлағы жастыққа тимей, қазақ шәкірттерінің өлі-тірісін түгелдей іздеп, сол үшін дімкәстігіне қарамай Қазақстанға екі рет арнайы сапармен келіп-кеткен, Мағжанды ақтау туралы Д.Қонаевтың өзіне мәлімдемеге бергісіз ұзақ хат жазған ұлы патриот Сайфи Құдашпен 1957 жылы кездесіп, 90, 100 жылдық мерейтойларына қатысып, хат-хабар алып тұрдым.

Медресе "Ғалияда" оқыған қазақ шәкірттерінің шежіресін тарата берсе, қызықты хикаялар суыртпақталып шыға береді. Жоғарыда аттары аталған ағаларымыздың бүгінгі жетелі ұрпақтары "Садақ" журналының таптырмай жүрген 20 шақты сандарына сұрау салып, тауып, қазақ мәдениетіне үлес қосса ғой шіркін деген тілек те қосарланып жатыр.

"Ғалия" шәкірттерінің өз заманында не тындырғандарын жүйелей сөз етсек, ең алдымен қолжазба "Садақ" журналының 40 шақ­ты санын 1913-1918 жылдары шығару арқылы мәдениеті­мізге үлкен олжа сыйлағанын айрықша атау қажет.

Біздің кейбіреулеріміз баспадан шыққан кітапты мұра деп есептейді де, қолжазбаға немқұрайды қарай­ды. Бұл дұрыс емес. Әлем әдебиеті әуелі қол­жаз­бадан өсіп-өнген. Мәдениетті елдерде қолжазба инсти­тут­тары ашылып, ай­рық­­ша құрметтелетінін Арме­ния­дағы бір ғана Матена­даран­ның мысалынан-ақ көруге болады. Оған сенбе­се­ңіз­дер, орыс әде­биеттану ғы­лымының әулиесі Д.С.Лиха­чев­тың: "Русская лите­ратура ХІ-ХVІІ веков была целиком ру­кописной", дегенін құлаққа мықтап іліп алған жөн.

Медресе шәкірттері қазақ тілінде шыққан басы­лымдардың бәріне хабар-ошар, мақала жазып, әліппе кітабын, өсиеттерін шығарды. Шәкірттердің жерлестік қауымын ұйымдастырып, ауырып сырқағанға, қаражаттан тарыққандарға көмектесіп тұрды.

Төңкерістер тұсында оқу жүйесінің қожырай бастағанын көрген соң ұстаздыққа үйрететін мұ­ғалімдік курс ұйымдастырып, Қазақ елін ағартудың жедел шараларын іздестірді. Оған сол кезде оқып жүргендердің бәрі түгел қатысты. Балаларды ды­быс әдісімен оқыту мето­дикасын жүйеледі.

Татар-башқұрт шәкірт­тері­нің сауық кешінің бағдарла­масына қазақ ән-жырларын енгізіп, "Ахау Семей" мен "Сырымбетті" хор қылып айтқандары бар. Каникул кезінде елге қайта алмағандары жатақ­ха­нада бастаңғы жасап, сауық кешін ұйымдас­тырғанда қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін шара қолданғандары өте ғибратты оқиға болған.

Ал қоғамдық-әлеуметтік өмірге келгенде қазақ жастары әсіресе Ақпан төңкерісі кезінде айрықша бел­сенділік таны­тыпты. Қайсы біреулері түрмеге жа­бы­лып қалғанда, соларды құтқару үшін ұйымшыл­дық­тың үлгісін көрсетіп, татар-башқұрт шәкірттері ортасында жалдары күдірейіп жүрген сәттер аз болмапты.

Не керек, медресе "Ға­лияда" оқыған қазақ шә­кірттерінің өнегелік сипаты бар іс-әрекет­тері­нің көптігі елдің бұл күндері емін-еркін дамып отырған мәдениеті үшін пайдалы болғаны айдан-анық. Сондықтан білім жүйесін әрқашан биікке көтеріп, елдің зиялы азаматтарын дайындай берейік.

 

2006 жыл, 30-тамыз

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544