Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2985 0 пікір 21 Ақпан, 2010 сағат 10:24

Дәурен Қуат. Абайшыл, алашшыл достарың қасыңда сенің

Айыпталушының орнында  - Абылай отыр. Сабдалин Абылай. Қаршадайынан саңлақ танылған Абылай. Отанын, халқын риясыз сүйетін оғылан. Таңды таңға ұрып әңгімелескен кезімізде, арман қуып алқынған бозбала шағымызда ақ пейілі, ақ тілегі жан дүниесінің тазалығын, адалдығын әйгілеп тұратын Абылай. Алакөлдің ақ жал толқынында аунап өскен аяулы дос... айыпталушының орнында. Жоқ, мүмкін емес!

Айыпталушының орнында  - Абылай отыр. Сабдалин Абылай. Қаршадайынан саңлақ танылған Абылай. Отанын, халқын риясыз сүйетін оғылан. Таңды таңға ұрып әңгімелескен кезімізде, арман қуып алқынған бозбала шағымызда ақ пейілі, ақ тілегі жан дүниесінің тазалығын, адалдығын әйгілеп тұратын Абылай. Алакөлдің ақ жал толқынында аунап өскен аяулы дос... айыпталушының орнында. Жоқ, мүмкін емес!

Жанды түршіктіретін, жағымсыз, жайсыз «жаңалықты» автокөліктің ішінде «жағы бір сембейтін» радиодан естігенде де дәл осылай «мүмкін емес!» деп ышқынған едім. Қалай ғана  мүмкін дерсің ? Біздің күмәнімізді аша түсетін жайттың өзі де қараңғы үйдегі қара мысықтың қай тұста екендігін меңзегендей. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікті келіп Есеп комитеті тексереді. Министрлікте екі миллиард теңгенің есебі жоқ екен. Енді іске қаржы полициясы  араласады. Сол кезде министрліктің ішіндегі бір департаментті басқарып отырған осы заманның Жәдігөйі - Жандос Ілиясов деген пайда бола кетеді де қаржы полициясындағыларға пара берудің ыңғайын танытады. «Қуды қу, шұқанақты - су табады», әрине. Нағызында бүгін айыпталушының орнында Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің вице-министрі Абылай емес, әлгі жанторсық - Жандос отыруы керек еді. Абылайдың адвокаты Венера Ким ханым да өткендегі сот барысында осылай деді. Кәнігі қорғаушы, заңның ішек қырындысын ақтаратын білгір маман, сірә, албаты сөйлемейтін шығар. Бірақ, жазымыш... Қалайда лауазымды қызмет иесінің біреуінен қылмыскер жасауға әбден дәніккен қаржы полициясының «сайыпқырандарына» Сабдалин қажет болыпты. Сондай қарау ниеті айқын күштерге Абылайды арандататын адам да оңайдан табыла кетті. Ол  - Жандос Ілиясов. Жампаңдап жүріп « істің орайын»  келтіріп берген сол. Абылайдың тағдырын бүгінгі пара алып, параға бөккен жүйенің қанжығасына бөктеріп берді де судан сұмырайдай болып құрғақ шықты. Егер сот әділ жүрсе дейміз ғой баяғы, Ілиясовтың ісі де тексерілуі керек еді. Өйткені, бәрі анық. Бәрі көзге ұрып тұр. Есеп комитеті тексеріп, қаржы полициясы қармақ тастағанда  алдымен қапқан - Ілиясов. Пара беру жұмысын да ұйымдастырған - Ілиясов. Парасыз істің ақыры шарасыздықпен бітеріне ешбір қазақтың күмәні кем заманның пендәуи тірлігіне Абылайды итермелеген де - Ілиясов. Алайда, Ілиясов - куәгер. Сот отырысына ашық қатыспай көрші бөлмеден дауысын құбылтып сөйлеп, бірдеңе тантқан болды. Әйткенменде, оның жалған куәлігінен емге дұрыс сөз таппай сотқа келеген жұрт жағасын ұстап тарады. Осындайда біздегі сот, құқық қорғау органдарында бұтына толып жүретін ағайынның бейшаралығына күлесің. Ақыры Ілиясовты куәгерлікке тартқан екен, байқұсты әртіс қылып әлекке түсірмей-ақ, елге жүзін көрсетіп әкелмей ме? Әлде ол жүзі жанып жұртқа қарай алмайтын дертке шалдыққан ба? Міне, көрдіңіз бе, күмәннің көкала түйіні қайда жатыр?..

... Ол заман Әлихандарды атқан мылтықтың үнімен бірге қорқынышты буытыркалардың үйіндісіне айналып, қирап, жер бетінен көшті ме деп ойлайтынбыз. Ол заман жыр дүлділі Ілиястардың, Мағжандардың жазықсыз төгілген қанын жұтып үнсіз сұлық түскен даланың сұрқай бір күндері болып келмеске кетті  ғой деп ойлайтынбыз... Абылай екеуміз.  «Жас Алаштың» жаңа беттерін жасап отырып. Ендігі уақыттың кемелдігіне, жарқындығына, қазақ деген қараша халықтың алдан жақсы күндері туарына бек сенімдік едік. Әсіресе, Абылай шексіз сенетін. Өзі де сенетін және саяси толғамды мақалаларында өзгені де сендіріп жазатын. Абылайдың сараптама мақалаларынан кейін бүгінгі қоғам жайында қалай ойлану керектігіне менің өзім де ерекше мән беріп марқаятынмын. Алайда, Алашшыл Абылай біз сияқты қағаз кеміріп қана қалған жоқ. Елдің ортақ игілігіне нақты үлесім тисін деген ізгі тілекпен әкімшілік қызметке ауысты. Әкімшілік қызметке ауысарының алдында едәуір толқыды. Тіпті, бірде бас тартпақ сыңайын да танытты. Бірақ ол сөзден іске жетуді ақырында жөн көрді. Абылайдың Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысындағы қызметі жайында, құрметті оқырман, мен сіздерге  терең әңгіме айтып бере алмаймын. Өйткені ол еліміздің шығыс мен батыс өлкесіне аттанып, арамыз біраз алшақтады. Алайда менің қадірлі досым, бауырым абыройына кір шалдырмастан адал еңбек еткеніне шәгім жоқ.

Ілгеріде бір Астанада кездескенімізде оның от шашқан жанарының тұңғиығында тұнжыраған ой мен уайым жасырынып тұрғанын аңғардым. Ол мынау былыққан жүйеден қажығандай көрінді маған.

Дүниеге іңкәр адал жаныңды қиянат жаралағанымен «аққа қара жұқпайды», Абылай. Өзіңе сен!  Алашшыл, абайшыл достарым қасымда деп сен!

 

0 пікір