Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2471 0 пікір 17 Ақпан, 2010 сағат 12:14

Ақырыс Сейтқазы. Ақ Олимпиаданы аяқтап қалған сияқтымыз..

Канаданың Ванкувер қаласы кезекті қысқы Олимпиада ойындарының астанасы болып 2005 жылы бекітілді. Сонсоң, әлем назарын тігетін жарысқа тыңғылықты дайындықты бастаған олар межелі күнге де жетіп, ХХІ қысқы Олимпиада ойындарының  алауын өз Отандарына әкелген. Бүгін Олимпиада алауының жанып тұрғанына 5 күн толды. Бірақ, үкілеп аттандырған Қазақстан  спортшыларының ең биік нәтижесі әзірге 5-орын ғана. 7,5 километрге қаруын асынып жүгірген биатлоншы, бұрынғы ресейлік Елена Хрусталева үздік үштіктен тыс қалса да, қазақ жанкүйері қуанатындай нәтиже көрсеткен еді.

Канаданың Ванкувер қаласы кезекті қысқы Олимпиада ойындарының астанасы болып 2005 жылы бекітілді. Сонсоң, әлем назарын тігетін жарысқа тыңғылықты дайындықты бастаған олар межелі күнге де жетіп, ХХІ қысқы Олимпиада ойындарының  алауын өз Отандарына әкелген. Бүгін Олимпиада алауының жанып тұрғанына 5 күн толды. Бірақ, үкілеп аттандырған Қазақстан  спортшыларының ең биік нәтижесі әзірге 5-орын ғана. 7,5 километрге қаруын асынып жүгірген биатлоншы, бұрынғы ресейлік Елена Хрусталева үздік үштіктен тыс қалса да, қазақ жанкүйері қуанатындай нәтиже көрсеткен еді.

Алғашқы бестікке ілінген соң, із кесушілер сайысында Хрусталевадан кем дегенде қола күткеніміз жасырын емес. Алайда, теледидарға телмірген жанкүйерді Елена бұл жолы қуантпады. Бар болғаны 11 орын. Ал, осы сайыста бақ сынаған Анна және Мария Лебедевалардың соңғысы мәреге жете алмады. Қыстың қаһарын мүлде сезбей, қардың өзін керемет экзотика көріп өскен  бразилиялық биатлоншы қыз  мәрені 47 болып қиып өткенде, Марияға не жорық дедік?! 10 километрге еркін әдіспен  шаңғымен жүгіргендер арасында ең жоғары көрсеткішке Светлана Малахова - Шишкина қол жеткізді. Өзінің үшінші Олимпиадасында 10 орынға табан тіреген Света мен алтын алған 22 жастағы швециялық Шарлотте Калланы салыстыру қиын. Біздің Отандасымыздың сан жылғы тәжірибесі жастық пен шеберліктің қасында түк  болмай шықты. Еркін әдіспен 15 километрге жарысқан ерлер арасында Алексей Полтораниннің 14-орнына қанағат тұту қалды әзірге. Бәрінен бұрын, Ту ұстатып, шапан жауып жіберген Диас Кенешовтың 72-орыннан көрініп, келесі кезеңге өтпей қалғаны жанға батты. Жоқ, біз жас биатлоншыдан  айтарлықтай нәтиже күткен жоқпыз. Бірақ, Олимпиадалық құрамдағы санаулы қазақтың бірі болған соң, оның үстіне Көк байрақты көтеріп шыққасын, намысқа баса ма дегенбіз?! Қате ойлаппыз! Биатлоншы жігіттеріміз арасында Ян Савицкийдің 39-орны ғана ең жоғары көрсеткіш.Әйелдер арасында 500 және 1000 метрге конькимен жүгіретін жалғыз қазақстандық Екатерина Аидова алғашқы бәсекесінде 18-орыннан көрінді. Бұл оның Әлем Кубогындағы нәтижесіне қарағанда әлдеқайда жақсы. Фристайл могулдан қола алып беруі мүмкін деген Дмитрий Рейхард 18, ал Юлия Галышева мен Дарья Рыбалова тиісінше 11 және 14-орындарға табан тіреді. Қазақ жанкүйері асыға күткен мәнерлеп сырғанаудан қысқа бағдарламалар  сайысы өтті бүгін. Біз сенім артқан  Абзал Рақымғалиев пен Денис Тен өнер көрсеткен доданың алғашқы айналымы бойынша 90.85 ұпай жинаған ресейлік даңқты фигурист Евгений Плющенко алда тұр. Абзал бағдарлама орындау барысында құлап қалғаны үшін біраз ұпайдан қағылып 26-орынға тұрақтаса, ересектер арасындағы бозбала  16 жастағы аламатылық Денис Тен 76.24 ұпай жинап, үздік ондықты қорытындылап тұр. Көңіл қуантарлық жағдай деп осыны айтуға болатын шығар, себебі, егемен ел атанғалы спорттың бұл түрінен қазақ спортшылары жарыс жолына шығып көрмепті. Келесі еркін бағдарламада өнер көрсететін жерлесіміз Тенге  сәттілік тілейміз!  Ең жас бола тұра, үздіктер қатарынан орын алған Денистің жұлдызы 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында жанады деп үміттенейік.

Әзірге 3 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль алған Германия құрамасы алда. Олардың бірінші орынға  шығуы заңды да, себебі, қысқы спорттың королі болып саналатын осы немістер.Екінші орында  3 алтын, бір күміске ие болған Оңтүстік Корея тұр. Үздік үштікті қоржынында 3 алтын, 1 қоласы бар Швейцария тәмәмдап тұр. Спорттық мәнерлеп сырғанаудан соңғы 46 жылдан бері ешкімге дес бермеген ресейліктер биыл жүлдеден сырт қалды. Александр Смирнов пен Юко Кавагутидің жұбы 4 орынға тұрақтап, алтын медальды қытай спортшыларына «сыйлаған» болатын. Енді олар Евгений Плющенко және  айдында билеуден фаворит саналатын Максим Шабалин мен Оксана Домнинадан үміт күтеді. Ал, біздің құрам үшін қысқы Олимпиада аяқталған секілді. Себебі, бұзып-жаратын ешкім де қалмады.

 

0 пікір