Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5599 0 пікір 15 Ақпан, 2010 сағат 07:08

ШЫҢҒЫСХАН МОҢҒОЛ МА?

Мырзабек Қарғабаев - әуесқой тарихшы. Ол бізге жолдаған еңбегінің астына өзі жайында осылай деп жазыпты. Әуесқой тарихшымыз Ұлы қаған туралы алғашқы деректер неге қате оқылды деген мәселе көтеріп отыр. Бұл сауал біздің оқырман аудиторясын да қызықтырса керек. Көз жүгіртіп шығыңыздар.

Мырзабек Қарғабаев - әуесқой тарихшы. Ол бізге жолдаған еңбегінің астына өзі жайында осылай деп жазыпты. Әуесқой тарихшымыз Ұлы қаған туралы алғашқы деректер неге қате оқылды деген мәселе көтеріп отыр. Бұл сауал біздің оқырман аудиторясын да қызықтырса керек. Көз жүгіртіп шығыңыздар.

Шыңғысханның көшпенділері мен оның тіршілік құрған кезеңі туралы ең басты тарихи ескерткіш - «Құпия тарих». Ол заңды да, өйткені шежіре Шыңғыс қаған  қайтыс болғаннан кейін 13 жыл өткен соң барып жазылып отыр. Бұл кітап Қытайдан табылғанға дейін  көшпенділерге қатысты ешқандай толыққанды мәліметтер жинағы болмаған. Ал әр елдерде Шыңғысхан мен оның айналасы туралы аракідік  кездесіп қалатын үзік-үзік мәліметтер ол дәуірдің толық картинасын бере алмады. Тек бір анығы, Шыңғысхан көшпенділерін отырықшы елдер «татар-моңғолдар» десе, Рашид-ад-дин «түріктер» деп атаған. Шындығында, Рашид-ад-дин көшпенділерді бүгінгі бізге қарағанда жақсы білген ғой және ол моңғолдар туралы  жазған жылдары көшпенділер империясының нағыз дүрілдеп тұрған шағы болатын. Сондықтан ғылыми ортада ол Шыңғысхан туралы жазылған дереккөздердің ішіндегі ең бір ақиқаттысы деп саналады. «Құпия тарихтың» 282 тарауының соңында былай делінген: «Ұлы құрылтай болған жылдың (1240) тамылжыған айында ( 7-ай) Керліннің Көде аралының Делуін бұлтығы мен  Сілкінсек екеуінің  арасына  қаған Ордасы қонып жатқанда жазуды тәмамдадым». Әлбетте, жылнама авторы Шыңғысханның этникалық  тегін жазуды мақсат тұтпаған сияқты, бірақ  жылнама кейіпкерлерінің бәрі түркі ғұрыптарын ұстанғандықтан, олардың тегі кім екені өзді-өзінен түсінікті емес пе. Осыған қарамастан,  орыс ғалымдары оларды еш дәлелсіз «моңғолдар» деп атады. Сөйтіп, 19 ғасырдағы ғылыми ойдың «жемісімен» түркі дәстүрлі моңғол деген «дүбәра» халық пайда болды.

 

1866 жылы «Құпия тарихты» Кафаров орыс тіліне алғаш аударғаннан кейін ол «Моңғолдардың Шыңғысхан туралы жазған көне естелігі» деген атаумен жарық көрді. Сол кезеңнен бері әлем моңғолтанушылары үшін «Құпия тарих» негізгі дереккөзі болып саналды. Қазіргі күні Шыңғысхан туралы жазылған кітаптардың, ғылыми мақалалардың саны мыңдаған санға жеткен болар. Бірақ, осы еңбектердің барлығы дерлік 19 ғасырда негізі қаланған орыс ғалымдарының  «Шыңғысхан - моңғол» деген ұстанымына сүйеніп жазылған. Бізге, орыс тілін меңгерген оқырмандарға Шыңғысхан мен оның дәуірі туралы мағлұматтар, көбіне орыс ғалымдары арқылы жетті. Мұнда әділдік де бар шығар, өйткені олар көршілес көшпенділерді басқа еуропалықтардан  артық білмесе, кем білмейді.

Француз Мишель Хоанг өзінің «Шыңғысхан» атты кітабында қоңырат, меркіт, найман сияқты бірқатар руларды еш шіміркенбей  моңғол тайпаларының қатарына қоса салған.  Оны түсінуге болады. Жалғыз ол ғана емес, басқа да түріктанушылар «Моңғол кезеңін» қиыстыру үшін түрік тайпаларын моңғолдарға қоса салуды әдетке айналдырған. Содан болар біздің өзіміз де соған үйреніп алып «түріктер бір кезде моңғол болып жүргенге» сене бастадық. Басқалардан гөрі түріктердің сырын орыс ғалымдары тереңірек ұққан және еңбектерінде түрік тайпаларының атауын пайдаланбай айналып өту мүмкін еместігін де жақсы білген. Бірақ, түріктердің кімдер екенін ашып айтпай, жанамалап өтуді әдетке айналдырған. Мысалы Е.Кычанов сияқты: «...Ол (Рашид-ад-дин)қазіргі күні моңғол атанып жүрген  барлық  моңғол-татар тайпаларын «түрік тайпалары» деп атаған» деп сырғытпа жауап бере салады.  Кычанов Рашид-ад-динмен келіспегенін былай білдіреді:

«...Көпшілік  тайпалар мен рулар өздерін оларға (монғолдарға) теңегенді атақ пен мәртебе көрді. Шыңғысхан ата-тегінің шапағатына бөлену үшін әртүрлі түрік тайпалары (жалайыр, татар, оңғыт, керейіт, найман, таңғұт, т.б) өздерін мақтан үшін моңғолдар деп атай салған».

Көшпенділер туралы жазған ғалымдар алдарына не мақсат қоятындары бізге белгісіз, бірақ   түріктер  «мақтан үшін» моңғол болды дей салу, көшпенді елдің мыңдаған жылдық ата дәстүрін аяққа салып таптағанмен бірдей. Тіпті, бір халықтың өз атауын «мақтан үшін» екінші халықтың атауына айналдыра салады деген тұжырымның өзі «қызық», мұнда көшпенділер тарихына астамшылықпен қарау пиғылы жатыр.

Ақыр соңында, нақ осы ресейлік ғалымдар тықпалаған тұжырымдар арқылы бүгінгі күні біздің санамызға сіңісті болған көшпенділердің тарихи болмысы қалыптастырылды. Тіпті олар тек моңғолдардың бейнесін ғана жасап қоймай, сонымен бірге соның негізінде ежелгі көшпелі  мәдениеттің сүйегін түзеді. Ресейлік тарихшыларға қарағанда, моңғол дәуірін зерттеуші шетелдік ғалымдардың көпшілігі қуатты моңғол империясының аяқ астынан қайдан пайда бола кеткенін түсінбейтіндіктерін ашық айтқан. Бұл жерде айтпағымыз, Шыңғысхан тарих сахнасына шыққанға дейін ешқай жерде, ешбір деректе «моңғол» деген халықтың аты аталмағаны.

Шыңғысхан заманында көшпенділер қазіргі Қазақстан, Моңғолия, Қытай және Ресей мемлекеттерінің жер аумағында емін-еркін көшіп-қонып жүрді. Осы күні шекара аталып жүрген жағрапиялық картадағы сызықтар 1864 жылы Қытай мен Ресей шекара бөліскенде түзіліп, байырғы көшпенді қазақтың атамекені үш бөлікке бөлініп кетті. Ол тарихтан белгілі. Шыңғысханның айналасында жүрген көшпенділер, «Құпия тарихқа» енген түркі тайпалары одан беріде 800 жыл өткен соң да бүгінгі күні Қазақстанда өмір сүріп жатыр. Мәселен: жалайырлар, наймандар, қоңыраттар, керейлер, абақ-керейлер (меркіт), үйсіндер, арғындар, алшындар және тағы басқалар қазақ халқының сүйегін құрап отыр. Қысқасы, Ұлы дала тарихында азды-көпті белгілі болған тайпалардың  барлығы да қазір өзін қазақпын дейді. Шыңғысханның тұсында 12-13 ғ.ғ. бұл тайпалардың біраз бөлігі Алтайдың арғы бетіндегі Моңғолия жерінде, біразы Ресей Федерациясы мен қазір Қытай мемлекетіне қарайтын жер аумақтарында өмір сүрді. Сонымен бірге бұл өңірлерде аталған тайпалардан басқа да түрік тайпалары тұрып жатты: татарлар, онғыттар, ұранқайлар, дөрбеттер, т.б. Бұл тайпалар Қытай қорғанынан бастап Венгер жазығына дейінгі  ұлан-ғайыр байтақ далаға иелік етті.

Бір түсініксіздігі, «Құпия тарихта» аттары аталаған, кейіннен орыс ғалымдарының араласуымен, Шыңғысханның моңғолдары қатарына енген көпшілік тайпалардың атаулары бүгінде ел арасында сақталмаған. Сол себепті тарихшылар буырқанған оқиғалардың бел ортасында жүрген көшпенділерді «таза» және «таза емес» моңғолдар деп екіге бөлген. Атаулары сақталып түріктердің арасында аман-есен жүрген тайпалардың бәрі «таза еместер» қатарына қосылып, ал атаулары да өздері де іс-түссіз жоғалған тайпалар «таза» моңғолдар санағына енген. Әрине олар «таза» моңғол тайпалары деп аттары өшкен: тайжут, барлас, бесут, журка, арулат, икеріс, барин, жатжират, онғыт т.б есептеп, ал «таза еместерге», яғни кезінде моңғол болып кейін түрікке айналған, арамызда жүрген жалайыр, найман, қоңырат және керейлерді жатқызып жүр.

Қолдан тарих жасаушылардың кесірінен осы жұлдыздай самсаған қалың түрік жұртының ішінде «түрік еместердің», яғни моңғолдардың шағын этникалық тобы өмір сүрді деген жаңсақ пікір бой бермей кетті. Және моңғол дәуірін жасаған ғалымдарға сенсек, «тілі мен діні бөлек моңғолдар» қалың түріктің ортасында өздерін еш бөтен сезінбеген. Қарап отырсаңыз, қайта олардың қарым-қатынасы өзара туыс тайпалардың әрекетіне ұқсап тұр. «Құпия тарихтыхтың» мағынасына үңілсеңіз, осы моңғолдар мен түріктердің біртұтас көшпелі мәдениеттің өкілі екеніне көз жеткізе түсесіз. Сондай-ақ, олар өзара құдандаласып, қандас ағайындық рәсімдерін жасап тұрған. Мәселен, Шыңғысханның әкесі Есугей мен керей ханы Тоғырұл қандас ағайын (анда) болған. Және, ең кереметі, Шыңғысханнан бастап бұл моңғолдардың бәрі бірдей түріктердің Көк тәңіріне табынған.

Көшпенділер Шыңғысханды екі рет хан сайлады. Алғаш рет  ол 1189-1190 жылдары хан атанды, бір тайпаның көлемінде ғана билік жүргізді. Екінші рет 1206 жылы құрылтай шақырылып, шығыс аймақта тұратын тайпалар оны 45 жасында қаған сайлап «Шығыс қағаны» деген атақ берді. Барлық дереккөздерде де, оның ішінде осы «Құпия тарихта»  да оны қаған деп жазады. Аударушылардың мұны көрмей қалуы мүмкін емес. Бірақ  аудармашы-тарихшылардың араласуымен ол дала өмірінде жиі кездесетін хандардың бірі болып шыға келген. Неге? Біздің ойымызша, қаған титулы Ұлы Түрік қағанатының билік дәрежесі болғандықтан аудармашылар оны Шыңғысханға қимаған. Егер ол қаған болса, онда ол түрік болғаны. Тарихи жылнаманы көшіріп жазушылар Шыңғысханды Ұлы (Шығыс) Түрік қағанаты құлағаннан кейінгі байтақ далада каптап жүрген «көп» хандардың бірі қылып көрсетуді қолайлы тапқан. Бұл бұрмалау үшін ыңғайлы. Ал, «Құпия тарихтың» авторы Темірді (Шыңғысханның шын есімі. Ол туралы тағы бір көлемді мақала жазылған-авт.) алғашқы билік құрған кезінен бастап қаған деп атай береді. Шежіре Шығысхан  қайтыс болғаннан кейін 13 жылдан кейін жазылғанын ескерсек, бұл уақытта әмірші көпшіліктің көкейінде қаған ретінде жатталып қалғаны түсінікті.

Орыс тарихшыларының ұсынуымен бізге жеткен көшпенділер тарихында осыған ұқсас басқатырғыш шатпақтар жеткілікті. Егер Е.Кычанов Рашид-ад-динмен келісскен күні, онда ол моңғолдардың емес, Шыңғысхан бастаған түрік тайпаларының тарихын жазуы керек болады. Яғни, қазақтың арғы ата-тегі туралы сөз қозғалады. Ал империялық идеологияны күйзеген орыс тарихшыларына ол керек емес.

Ақиқатына келсек, Шыңғысхан басқарған көшпенділер арасында моңғол деген тайпа да, ел де мүлдем болмаған. Бұл сөз отырықшы халықтардың жылнамасында тек Шыңғысхан есімімен байланысты ғана пайда болды. 1206 жылы Шыңғысхан қағандыққа сайланғаннан кейін көшпенділердің әскери бірлестігі - «мың қол» сөзі айналымға енді.  Қаған Алтайдың арғы бетінде тұратын өзіне бағынышты көшпенділерді туыстық белгілеріне қарай 95 әскери-әкімшілік округтерге бөліп тастады. Олардың бәрі соғыс жағдайында орталықтанған билікке 1000 адамнан сарбаз бөліп беруге тиіс болды. Көпшілік ел оны ауызекі тілде «мың қол» атап кетті. Ал Шыңғысхан осы әскердің ішінен жайшылық күндерде де жанында ұстайтын жеке жасақ іріктеп алды. Халық оны Шыңғысханның «мың қолы» деп атады. Бұл жасаққа атақты адамдардың ұлдары, ру-тайпа басшыларының туған-туыстары ғана кіре алды. Қарап отырсаңыз, одан беріде мың жылдай уақыт өтсе де қазақ әскерді «қол» деп атап келеді.

Көшпенділердің қай ханы болсын бейбіт күндердің өзінде жанында іріктелген бірнеше «мың қол» ұстаған. Осыған қарағанда зерттеушілер Шыңғысхан маңындағы әскери жасақтың шағындығын ескере отырып, аз санды моңғол көп санды түріктерді басқарды деген болжам жасаса керек.

Осыдан 100 - 150 жылдай бұрын моңғолтану пәні де, көшпенділер туралы ғылым да болған жоқ. Сондықтан көшпенділер туралы алғашқы мәліметер жинап жарыққа шығарған Кафаров сияқты адамдарды «алғашқы қарлығаштар» десек орынды. Олар көшпенділердің ру-тумыстық шым-шытырық байланыстарының байыбына жете алды-алмады ол өз алдына бөлек әңгіме, бірақ қалай десек те нақ осы кісілер моңғолдар туралы жалған ғылымның негізін қалап кеткені шындық. Қалай айтсақта, бүгінде «моңғолдар туралы» ғылымның тығырыққа келіп тірелгенін айтпасқа болмайды.

Енді Рашид-ад-диннің жазғанына келейік. Шыңғысхан ұрпақтары Еуразия кеңістігінде бүгінде белгілі мемлекеттердің барлығын жаулап алды. Рашид-ад-дин мұндай жағдайда моңғолдар туралы тек шындықты ғана жазуы тиіс. Сондықтан,  ол замандарда түріктерден басқа ешбір көшпенділерді көре алмаған Рашид-ад-дин өз еңбегін «Қазіргі күні «моңғолдар» деп аталып жүрген кейбір түрік тайпалары хақында» деп атады. «Ертеректе бұл тайпалардың барлығы өздерінің рулық тумысы және ата тармағына сай жеке-жеке аталып келді: мәселен, жалайырлар, татарлар, және т.б. Міне бұл тарауда осы жайында айтылады»,- деп жазды Рашид-ад-дин.

Яғни Рашид-ад-дин моңғолдар мен түріктердің кім екенін айыра алған, ал біз 500 жыл өткен соң да оның байыбына жете алмай отырмыз. Бұл еңбектен шежірелік баяны жазылып отырған «моңғолдардың» өздері де көшпенділердің тумыстық байланысын жақсы білгенін байқаймыз. Осы білімінің арқасында Рашидд-ад-дин көшпенділердің өздерінің тарихи ата-баба шежіресінен кем түспейтін шығарма жазып шықты. Оның болған жайттарды кереметтей дәлдікпен жазғандығы туралы моңғол дәуірін зерттеуші талай-талай ғалымдар айтқан болатын. Мысалы, И.В.Петрушевский былай дейді: «...дәл мұндай дәлдікпен және толыққанды жазылған дереккөзін моңғолдың  да, қытайдың  да жылнамаларының бірде-бірінен  кездестіре алмайсыз».

Рашид-ад-дин өз еңбектерінде барлық көшпенділерді түріктер дейді. Ал енді ол «қазір моңғол аталып жүрген кейбір түрік тайпалары» дегенде, бұрынғы Ұлы Түрік қағанатының Шығыс қанатынан келіп Батыс қанатқа соққы берген (Хорезм шахының иелігіндегі) көшпенділерді айтады. Көшпенділер әр уақыттарда кімнің қол астына бірігіп, қандай аймақтарда тұрғанына байланысты түрлі жалпылама атауларға ие болып, сосын ол топтастырушы одақ құлағанда, онымен бірге сол жанама атаулар да жойылып кетіп отырған. Мәселен, сақ заманында көшпенділер Абыл елі, Азық елі, Албан елі болып бөлінді, сосын Ұлы Түрік қағанаты заманында олардың бәрі түріктерге айналды. Түріктердің моңғолдарға айналуын уақиғасын да Рашид-ад-дин жобамен осылай түсіндіреді. Сонымен бірге ол тайпалардың жалпы біріктіруші атауынан басқа «жекелей тек өздеріне ғана тән ата аттары»  болғанын да айтқан.

Кафаровтан кейін жарты ғасыр өткен соң Хара Даван «Сардар мен оның мұрасы» атты кітап жазды, бірақ онда «Шыңғысхан-деген кім? Моңғол-деген кімдер?»  деген сауалдарға жауап таба алмаған. Одан беріде жүз жыл өтіп кетсе де, әлі күнге дейін зерттеушілер бұл сұрақтардың нақты жауабына жете алмай дал. Бәрінен бұрын түсінбейтініміз, Шыңғысхан көшпенділері түрік ғұрпын ұстанса тұрып неліктен түрік бола алмауының сыры неде?  Енді осыны таратып көрейік.

«Құпия тарих» - бұл Шыңғысханның рулық ата тегі мен оның айналасы туралы қытай иероглифтерімен жазылған кәдімгі шежіре. Орыс түркологтары мәтіндік түсіктемелермен берілетін мұндай тақпақ түріндегі шежірелерді 19 ғасырда Қазақстан аумағынан да көптеп жинастырған.

Шыңғысхан қайтыс болған соң қағандық Үгедейге мұрагерлікке қалдырылды (1229ж). Мұнан кейін тақ мұрагерлігі оның ұлы Күйікке көшкен (1241ж). Ол Қой жылы (1247ж)қайтыс болғанда билікҮгедей ұрпақтарынан Төле ұрпақтарына ауысады. Бұл деректердің бәрін біз Шыңғысхан туралы жазылған екінші алғашқы дереккөзі - «Алтан тобчтан» табамыз.

Кейін 1251 жылы тақ билігі қағанның төртінші ұлы Төленің ұрпағы Мөңкеге көшеді. Бұл уақыттарда Қытайдың оңтүстік бөлігінен басқа аймақтардың барлығы моңғолдардың қол астында болған. Мөңке Қытайды түбегейлі жаулап алу үшін оңтүстік аймақтарға жорыққа аттанады. Бұл жорыққа кейін Қытайда Юань династиясының негізін қалаған Құбылай (кейін Қытайда билік құрған Төленің немересі)да қатысқан.

Қытай ғалымдарының соңғы жылдардағы еңбектері мен «Алтан тобчтің» жазбаларын талдай отырып, Құбылай қаған ставкасын Қытайға 1267-1268 жылдары, Шыңғысхан өлгеннен кейін 39 жыл өткен соң көшірді деуге толық негіз бар. Содан бастап Құбылай әулеті қытай дәстүріне сай Юань (алтын)  династиясы деп аталды. Қытай жылнамашылары нақ осы 1267-68 жылдары Юань мемлекетінің шекаралық аймақтарына Үгедей қағанның ұрпақтары Хайду әскерлері шабуыл жасағанын айтады.

Осы тарихи жазбаның негізінде біз 1267-1268 жылдары қағандық астанасы Ханбалыққа көшірілген кезде Шыңғысханның Ата шежіресі - «Құпия тарих»  жылнамасы да сонымен бірге Қытайға кеткен деген болжам айта аламыз.

Екінші бір алғашқы дереккөзі - «Алтан тобч» 1926 жылы Моңғолияның оңтүстігіндегі хошиут тайпасының Дарь атты көшпенді тайшылар ортасынан табылды. «Алтан тобч» алғаш рет 1937 жылы Ұлан-Батырда жеке кітап болып басылған. Оның ағылшын тіліндегі алғашқы нұсқасы 1952 жылы Гарвардте (АҚШ) шықты. «Алтан тобчтың» орыс тіліндегі нұсқасымен оқырман бірінші рет 1973 жылы А.Шастинаның аудармасы арқылы танысты.

Моңғол академигі Ц.Даминсурен «Алтан тобчтың» авторы монах Лувсанданзанды табады. Бұл кітапта Лувсанданзан оқиғалар тізбегін рет-ретімен жазып отырған және ол төмендегідей кезеңдерді қамтыйды: а) Шыңғысхан заманының тарихи кезеңдері, яғни «Құпия тарих» мәтінінің жолма-жол көшірмесі; ә) Қытайда моңғол династиясының негізін қалаған Құбылай ұрпақтарының шежіресі; б) Құбылай өлгеннен кейін 105 жыл өткен соң 10 түмен қолмен Қытайдан қашып шыққан оның ұрпағы Есентемірдің шежіресі (1260ж+105 ж, яғни 1365-ші жылы).

Енді қараңыз, 1267 жылы Құбылай хан тағын Ханбалыққа көшіргенде, онымен жаңа жерлерді игеру үшін көшпенділердің көп бөлігі де бірге аттанған. Ал одан 105 жыл өткен соң, Құбылайдың ұрпағы Есентемір Қытайдағы биліктен айырылып 10 түмен қолмен қазіргі моңғол жеріне қашып келгенде өздерімен бірге қытай иероглифі үлгісінде жазылған ата-баба шежіресін де ала келген болуы керек. Кейін «Құпия тарихты» қайта көшіріп жазу тұсында Шыңғысхан әулетіне қатысты басқа да мәліметтерді қоса отырып, оны «Алтан тобч» деп жаңаша атап кеткеніне дау жоқ. Өйткені автор Шыңғысхан заманына қатысты деректерді «Құпия тарихтан» көшірген де, одан кейінгі тарауларына Есентемірдің ұрпақтарының хикаясын қосқан. Сонымен «Алтан тобч» Есентемірдің ұрпақтарының шежіресімен толықтырылған «Құпия тарихтың» көшірмесі. Сондай-ақ, басқа да жанама тарихи көздерден Қытайдағы жаңа билік династиясының ауысуы 1366-1367 жылдарға дөп келетінін білеміз.

Сөйтіп, осыған қарағанда, Қытайда қаған кітапханасында қалған қолжазба өзінің алғашқы түпнұсқалық қалпын сақтаған болды. Бұл жерде, біріншіден, қолжазбаның сақталу тәртібі, екіншіден, оның мәтінін иероглифтермен қайта көшіру кезінде көшпенділердің әлі де болса Қытай тұрғындарына сіңісті болып кетпей, ана тілін ұмыта қоймағандығы да маңызды. Сондай-ақ, керсінше айтсақ, көшпенділер өзідерінің туған тілін ұмытып кетуіне байланысты «Құпия тарихтың» тікелей көшірмесі болатын «Алтан тобчтың» (шамамен 1550 жылдары) бастапқы жазылу тілі ауысып кетуі де мүмкін. Тарихтың әр кезеңдерінде өзге өңірлерді жаулап алған көшпенділердің  Ұлы далаға өз тілін ұмытып, дінін өзгетіп қайтып оралып отырған кездері аз емес. Сонымен қатар, көшпенді ортада отырықшы халықтар сияқты қолжазбаны күтіммен ұстап тұрудың да өз қиындығы аз болмайды. Оны ұдайы жаңалап, көшіртіп жазудың да машақат-бейнеті жетерлік еді.  Мәселен, 19 ғасырдың өзінде бүгінгі Қазақстан аумағында көшіп-қонып жүрген  рулар өз шежіресін жаздырту үшін сауаты бар адамдарды арнайы алдыртатын. Көп жағдайда көшіріп жазушы мен тапсырыс берушінің бір-бірінен әжептәуір алшақтықта өмір сүруі де мүмкін. Кейбір кездері қолжазбаны көшірту ісі бірнеше жылдарға созылып кетуі де ғажап емес. Сондай-ақ тапсырыс берушінің тілегіне байланысты қолжазба тілі өзгеріп отырды. Дегенмен, бұл сол кездегі жазба тілі болатын.

1268 жылдан кейін көшпенділердің негізгі бөлігі Қытайға қоныс аударып, Ұлы даладағы билік Төле ұрпақтарына ауысқанына наразы болған бір топ қазіргі Талдықорған аймағына  көшіп барды. Олардың басында Үгедей қағанының ұрпағы Хайду тұрды. Сол кездері моңғол даласында бос аумақтық кеңістік пайда болып, оны орман халықтары мекендей бастады.  Біздің көшпенділер тарихына қызығушылық  туғызып отырған бұл кезең кезінде Моңғолияның этникалық  құрамы түбегейлі өзгеріп кеткен болатын. Шыңғысханнан заманынан кейін 5-6 ғасыр уақыт өткенде қазіргі Моңғолия аумағына түрік емес халықтар көптеп қоныстана бастады - қалқа (басым бөлігі) және бұрыңғы түріктер (аз ғана бөлігі).

Неміс моңғолтанушысы «Алтан тобч» 1651-1675 жылдары жазылуы мүмкін деп шамалайды. Алайда,  ол кісі жаңсақ кетсе керек. Өйткені, бұл уақытта Есентемірдің ұрпақтары қазақ хандарымен 100 жылдан астам соғысып жатқан. Ал, 1457 жылы көшпенділер Ақ Орда ұлысының иелігіндегі Сырдария бойына келді. Сөйтіп, Сығанақ қаласының тұсында қалмақтардың  мен Ақ Орда ханы Әбілқайыр арасында кескілескен ұрыс жүрген. Жылнама жазушы монах бұл және қалмақтар мен қазақтар арасындағы басқа да соғыстар жөнінде ештеңе көрсетпепті. Осыған қарағанда, автор Шыңғысхан туралы алғашқы дереккөзін қазақ-қалмақ соғыстарына дейін, яғни 1450-1460 жылдары жазған болу керек.

Есентемір ханмен бірге ұлы далаға он түмендей жан оралды. Олар Қытайда тұрған уақытында тілін ұмытып, басқа дінді қабылдап алған еді. Шыңғысханның немересі Құбылай Қытай билеушілерінің дәстүрі бойынша көзі тірісінде- ақ Будданы қабылдады. Әйтсе де, жаңа дін көшпенділер арасына көпке дейін сіңісті болмай келді. Оны «Алтан тобч» мәтіндерінен де көруге болады. Кітап кейіпкерлері  қиын сәттерде Көк тәңіріне жалбарынып, әруақ шақыратын болған.

Басқасын айтпағанда, моңғолдар бүгінгі күнде де өздеріне туыстас буряттар мен қалмақтарды қосқанның өзінде азғантай ғана этникалық топты құрайды. Олар сол кезде де, қазір де түріктердің ішінен азғантай ғана пайызды құрап келген. Қалай айтсақ та, көшпенділер тарихының «білгірлері» аз санды қалқа жұртына  қалың түрік тайпаларын билетіп қоюы, сөйтіп оларды қолдан «моңғолдар кезеңінің» басты кейіпкерлеріне айналдырып жібергені «қызық».

Қалқа - тұңғыс-манчжур текті халық. Ғалымдар олардың жұрнағын Амур өзені жағалауы  мен Сунгари өзенінің батыс бөлігінен тапқан ( Таң династиясы, 618 -908 жылдар  аралығында). Біз шивей халықтары туралы Қытайдың Таң династиясы жылнамасынан жазылған үзінді келтіреміз;

«... соғыс қаруы ретінде олар сүйекті садақ пен «ху» ағашынан жасалынған жебелерді пайдаланған, өздері кереметтей мерген садақшылар болған. Мезгіл - мезгіл лақтыруға арналған шағын найзаларымен аңға шығып тұрған. Олар жер өңдеп, шағын үйлер тұрғызды. Үйдің төбесін терілермен жапқан. Үй жануарлары ретінде ит пен шашқа ұстады...

Бұл кісілер жер өңдегенде ағаштың басын сүйірлеп одан соқа жасайды. Оны бір адам тартып жүреді, сол арқылы егіс егеді. Бірақ, одан алатын өнімдері шамалы... Әдетте өзен бойлап қоныстанады. Он немесе тіпті жүздеген отбасылар бірігіп, шағын қауым құрып өмір сүрді . Шаштары сабалақ, киімдері сол жағына қарай түймеленген. Неке құру тәртібін реттейтін заңдары: күйеу жігіт алдымен қыз үйіне барып 3 жыл жұмыс істеуі қажет. Сол себептенде ол болашақ жарымен тығыз қарым-қатынас жасай алады. Үш жыл жұмысқа жалданып келген соң, кұйеуі әйелін ертіп, бір арбаға отырады да, оны қызға берген жасау - жабдықпен толтырады. Сөйтіп, барабандатып, сайрандатып, жігіттің еліне қайтады. Жерлеу рәсімдері: әр шивейлердің отбасылары шағын қалқа тұрғызып, оның үстіне өлгендердің мүрдесін тастайды. Өлген адамның соңынан үш жыл аза тұтып жүреді... Шивейлер бұқа жеккен арбаға мініп жүрген . Үйлерін терімен  немесе жас талдарды қиып жапқан. Өзеннен өту үшін тал  мен теріден қайық, сал жасаға. Аттарын жайылымға емін-еркін жібереді. Олар қой ұстамайды және жылқы малдары да аз. Олар үстеріне теріден немесе былғарыдан тігілген мохе киді...»

Жоғарғыдағы айтылған суреттеме қазіргі моңғолдарға келеді. Мәселен, моңғолдардың жерлеу рәсімі (адам денесін жер қойнына бермей сақтау) әлі күнге дейін сақталған. Тіпті, коммунистер заманында да олар мүрдені үйінен қырық-елу шақырым қашықтыққа дала немесе орман ішіне апарып, бос тастап кетеді. Әдетте жерлеу рәсіміне қатысушылар одан кейін үйіне басқа жолмен қайтып келеді. Себебі, моңғолдар өлген адамның елесі өздерімен бірге еріп келуінен қауіптенген.

Біз қалқалар мұндай дәстүрді өздері бұған дейін көп жылдар бойы мекен еткен солтүстік мәңгі мұзды аумақтардан өздерімен бірге алып келген болуы керек деп болжаймыз. Ал, мұндай жерлеу рәсімі түрік халықтарына мүлдем жат. Моңғолдар бүгін де осыдан 9 ғасыр бұрынғы шивейлер сияқты қалыңдығының үйіне барып тұра береді. Ал, түріктер де мұндай ғұрып жоқ. Осыған қарағанда шивейлер Шыңғыс хан заманында түріктердің ісіне мүлдем араласпай, Амур бойы мен оның салаларында тып-тыныш өмір сүріп жатқан болды. Тек, тиыш жатқан халықты бір уақыттарда түрік дәстүрін ұстанған ел екендігін дәлелдеп есіміз шығып жүрген біздің өзіміз.

Моңғолияда қалқалардан басқа тұрмыстық әдет-ғұрыптары қалқаларға мүлде ұқсамайтын басқа да көшпенді тайпалар өмір сүріп жатыр. Қазақ хандарымен соғыс уақытында олар Батыс және Шығыс бөліктерге бөлінген. Батыс тайпаларының құрамына шорас (жоңғар), дөрбет , ұраңхай, хошиут, торғауыт, т.б. жатады. Шығыс аймаққа қалқа мен ойраттар кіреді. Қытайлықтар көшпенділердің ру аралық қатынастарын дұрыс түсінбегендіктен Моңғолия аумағында тұратын көшпенділердің барлығын ойраттар деп атаған. Бірақ қытайлықтар сөйдеді екен деп олар оған ойрат болып қалған жоқ, әрқайсысының өздерінің  рулық атаулары болған.

15 ғасырдың басында шорас, дөрбет, хошиут, ұраңқай және торғауыт тайпалары ойраттармен жүз жылдарға созылған соғыстан кейін басын біріктіріп, өздеріне ортақ хан сайлап алады. Ол Тоқан хан болды. Кейіннен оған «тайшы» атағы берілді. Мин (қытай) династиясы оларды ойраттар деп атаған. Ал, Қазақстан аумағындағы көшпенділер оларды қалмақтар деп атап, ойраттардың басқа тайпаларын ерекшелеп бөлек көрсеткен. Түрік тілінде «қал» қалу деген мағынаны береді.

Қытай 18 ғасырдың 50-жылдары жоңғар хандығын бір жолата бағындырып қайту үшін өз  әскерлері жорыққа аттандырады. Ал қалмақтардың шегінген жолында Абылайханның  әскері тұрған. Сол жолы қазақтар мен қалмақтар арасында қырғын шайқас болып, қалмақтар тегіс қырылып қалады. Осы оқиғадан кейін көшпенділер арасында жер бетінде мүлдем көзі тірі қалмақ қалған жоқ  деген  пікір қалыптасады. Бірақ қанша қырғынға ұшыраса да қалмақтардан тұқым қалып, олар уақыт өте өздерінің атауларын қайта қалыпқа келтірді. Әбден әлсіреген және қатары азайған хошиут, дөрбет,шорос,торғауыт, ұраңқай және ойрат тайпалары кейін қалқа халқының қол астына енеді. Сөйтіп, азшылық есебінен олар көпшіліктің діні (буддизм) мен тілін қабылдап алды. Бүгінгі күні олар моңғол ұлтының негізін құрап отыр. Әйтсе де моңғолдар құрамындағы бұрынғы түріктерді әлі де айқын айыруға болады. Олар ауызекі сөзде әліде түрік түбірлі сөздерді қолданып, ең бастысы қалқалар сияқты емес, өлген адамның денесін жер қойнауына береді.

Шыңғысханның ата-тек шежіресі жазылған ормандық  вариант қалқалардың арасынан туды деген жорамал өте сенімсіз. Біріншіден, Шыңғысхан заманында бұл халық Шығыс аймақтардан көп қашық жерде тұрған және олар қағанның өсіп-толысу кезеңіндегі аласапыран оқиғалардың ешқайсысына қатыса алған жоқ.

Екіншіден, орман халықтары ешқашан ата - бабаларының шежіресін жүргізбеген.

Қалқа халқы қазіргі Моңғолия аумағына тек 15-16 ғасырларда ғана келген. Моңғол хандары жаңадан жаулап алған орман халықтарын басқаруға өз адамдарын қойып отырған. Ал, осы тақ мұрагерлері қазіргі моңғол даласына өздерінің бағыныштыларын тек 15-16 ғасырларда ғана ертіп әкелген.

Үшінші себеп -орман халқы болғандықтан олар өздерін ру мен тайпаларға бөлмеген. Және өздерін тұрған жерлеріне байланысты қалқалар деп атаған. Олар көшпенділердің жетінші атаға дейін қан араластыруға тиым салатын заңын ешқашан білмеген. Олар өздерінің немере қарындастары мен ағаларына үйлене берген. Қалыңдығының үйінде өмір сүре беру ғұрпы әлі күнге дейін сақталған.

«Алтан тобч» моңғол тілінен аударылғанда «Алтан негіз» немесе «Алтан тамыр» деген мағынаны береді. Ал түрік тілдері тобына жататындықтан «Алтан товч» қазақ тілінде де осындай мағына береді («Алтан» - алтын, «тобч» - топ, тамыр) дегенді білдіреді. Міне, Қытайда Юань (алтын) династиясының негізін қалаған Құбылайдың шежірелік тармағы осы. Жоғарыда айтылған моңғолдар арасындағы аз санды көшпенділерді тарихтанушылар батыс моңғолдарға жатқызады. Олар, 15-18 ғасыр аралығында қалқа халқының қатысуынсыз жеке өздері қазақ хандарымен соғыс жүргізіп келген болатын.

«Алтан тобч»- бұл Шыңғысхан мен оның ұрпақтары шежіресінің далалық варианты. Қолжазба қалқалармен ассимиляцияға түспей тұрған кезде түркі хошиут тайпасының  тайшысынан табылы. Мүмкін тайшы сөзінің өзі көшпенділердің «төре» сөзінің бұрмаланған түрі болуы ғажап емес. Көшпенділер дәстүр бойынша хандыққа Шыңғысхан ұрпақтарын, яғни төре руының өкілдерін хан сайлап отырған. Осыған қарағанда, өздерінің ата-бабасы жөніндегі жазба деректі Шыңғысхан ұрпақтары, яғни төре ұрпақтары өздері сақтап келсе керек.

Мырзабек Қарғабаев, әуесқой тарихшы.

Қарағанды.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3590