Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 8743 0 пікір 30 Желтоқсан, 2010 сағат 03:28

Ерлан Қарин.Қазақ ауыз және жазба әдебиетіндегі жебе түрлерінің атаулары

Оқтың жеке атаулары мен міндеттеріне

қарай бөлу

 

Оқтардың өз атауларына байланысты жалпақ, екі қырлы болып келгендерін «қозы жаурын», «көкжендет» деп атаған. Бұдан байқағанымыз оқтардың да өзінің атқаратын міндеті мен түріне қарай да жеке атаулары болғандығын білеміз. «Қозыжаурын» қазақ әдебиеті мен көптеген танымдық материалдар және зерттеу еңбектерінде ең өп қолданысқа ие жебе атауы. Оқтың осы түрі көркем әдебиете былайша орын алады: «Жалаңаш сарайдан алшаңдай шыға келіп, қорамсақтан қозы жаурын оқ алып адырнаға басты да, әй-шайға қарамай Күнкені көздеп тұрып тартып қалды. (Зәкенұлы Т. «Көкбөрілердің көз жасы» 447 б.).

Ал жыр-дастандардағы осы оқ атауларын мына үзінділерден байқауға болады:

Кәміл пірлер жебеді,

Қолына алып толғанып,

Қозы жауырын жебені

Ат үстінен шіреніп

Сонда тұрып тартады,

Кәміл пірлер сенгені.

Құрулы бақан басында

Екі бөліп ұшырды

Ай астында теңгені.

(Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық. Т.I. Батырлар жыры, «Қобланды батыр» жыры, 21 б.)

Үстіңе баса киіп ал

Алтын сауыт көбені.

Жау дегенде жайнатып,

Толғамалап қолыңа ал,

Қозы жауырын жебені.

Оқтың жеке атаулары мен міндеттеріне

қарай бөлу

 

Оқтардың өз атауларына байланысты жалпақ, екі қырлы болып келгендерін «қозы жаурын», «көкжендет» деп атаған. Бұдан байқағанымыз оқтардың да өзінің атқаратын міндеті мен түріне қарай да жеке атаулары болғандығын білеміз. «Қозыжаурын» қазақ әдебиеті мен көптеген танымдық материалдар және зерттеу еңбектерінде ең өп қолданысқа ие жебе атауы. Оқтың осы түрі көркем әдебиете былайша орын алады: «Жалаңаш сарайдан алшаңдай шыға келіп, қорамсақтан қозы жаурын оқ алып адырнаға басты да, әй-шайға қарамай Күнкені көздеп тұрып тартып қалды. (Зәкенұлы Т. «Көкбөрілердің көз жасы» 447 б.).

Ал жыр-дастандардағы осы оқ атауларын мына үзінділерден байқауға болады:

Кәміл пірлер жебеді,

Қолына алып толғанып,

Қозы жауырын жебені

Ат үстінен шіреніп

Сонда тұрып тартады,

Кәміл пірлер сенгені.

Құрулы бақан басында

Екі бөліп ұшырды

Ай астында теңгені.

(Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық. Т.I. Батырлар жыры, «Қобланды батыр» жыры, 21 б.)

Үстіңе баса киіп ал

Алтын сауыт көбені.

Жау дегенде жайнатып,

Толғамалап қолыңа ал,

Қозы жауырын жебені.

(«Қазақ эпостары». «Қыз Жібек» жыры. 300 б)

Айтулы ерлер бар екен,

Жүйріктері баптаулы,

Найзалары саптаулы,

Сауыттары сақтаулы.

Қозы жаурын көк жендет,

Қорамсақпен қаптаулы

Ерлердің сойы бар екен,

Бірінен бірі мақтаулы.

(Қашаған. «Кіндігімді кескен жұрт». 75 б.)

Саржаға оқты кереді,

Қозыжаурын көктеме оқ,

Ұзындығы кез еді.

(«Шыңтасұлы Төрехан». Ақсауыт. 2 т. 305 б.).

Қозы жаурын қу жебе,

Алтыннан ойған алпыс кез,

Тартатұғын шақ болды.

(«Ер Тарғын». Батырлар жыры. 44 т., 45 б.)

Беркініп садақ асынбай,

Біріндеп жауды қашырмай,

Білтеліге оқ салмай,

Қорамсаққа қол салмай,

Қозы жаурын оқ алмай,

Атқан оғы жоғалмай,...

(Махамбет. «Бес ғасыр жырлайды». 2 т., 211 б.).

Ал осы қозыжаурын оғының атауын «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» атты жырда:

Сонда қалмақ оқталды,

Қорамсаққа қол салды,

Қозы жаурын қу жебе,

Суырып оны қолға алды.

(«Қарадөң батыр және оның ұрпақтары». Ақсауыт. 2 т., 68 б.) - деп береді.

Біртіндеп садақ асынған,

Біріндеп жауды қашырған.

Қорамсаққа қол салған,

Қозы жаурын оқ алған.

Атқан оғы зырқырап,

Еділден өтіп жоғалан.

(М.Мөңкеұлы «Кіндігімді кескен жұрт». 83 б.)

Ал Мақмұт Қашғаридің еңбектерінде кездесетіндей «қандыауыз» деген де жебе атауы болуы мүмкін. Олай дейтініміз Мақмұт Қашғаримен қатар төмендегі жыраулардың жырлары да соған әкеп тірейді.

Қатынасы биік көлдерден

Қатар түзеп қу ұшар,

Алға сап тіз оқ ата көрмеңіз,

Қандыауыздан сыйлы жебе сайламай;

Атаның ұлы ер жігітке

Арту-арту бел келер,

Оқтан қатты сөз келер,

Алға сап жауап бермеңіз,

Арғы түбін ойламай.

(Шалкиіз. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 53 б.)

Адырнасын ала ала өгіздей мөңіреткен,

Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен,

Атқанын қардай боратқан,

Көк шыбығын қандыауыздай жалатқан

(Махамбет. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 185 б.)

Кейбір тарихи романдарда «тіз оқ» және «томар оқ» деген оқ түрлері кездеседі. Мысалы Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романында бұл оқты бүгінгі «нысананы өзі тауып тиетін оқ» деп жүрген түрімен сәйкестендіруге болады:

« - Қалай екен?

- Керемет атады екен, Ай-Шешек жеңгем. Қауырсынсыз қисық оқтың өзімен қағып түсірді.

- Ой тентек! - деді Ораз-Мұхамед рахаттана күліп. - Бұл оқ осылай, әдейі қисық жасалған. Көрдің бе. Әрі бармақтай жуан, ауыр. Емен ғой. Масағы тұқыл, шаншып атпайды. Межелі жерге жеткенде көлденең ұшады да, құсты таяқпен ұрғандай қағып түсіреді. Көрдің ғой жаңа. Тіз оқ деп аталады

Кез оқтың өзі неше түрлі: көбе бұзар, әндіген, қозыжаурын, қасалы, ысқырма... әр қайсысы әр түрлі жағдайда, әр қашықтықта қолданылады. Содан соң, бұлғын, тиін ататын томар оқ, доғал оқ деген бар. Ал аймаңдай оқ...

- Білем, білем! - деді Көшек, - әнеукүнгі ғой...

- Иә. Сондай үлкен тойларда жамбы не басқадай нысана атады». (Мағауин М. «Аласапыран». 39 б.).

Жоғарда Мағауиннен келтірілген үзіндіден «аймаңдай оқ» деген оқтың да болғанын, және оны неге керектенетінін де білгендейміз.

Ал Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» романында тіз оқ пен томар оқты былай береді:

«- Кәне жебелеріңді көрсетші!

Кенже таяуда тұрған атына жүгіріп барып, ердің алдынғы қасына іліп қойған оқ толы қорамсағын алып келді. Қорамсағы сәнді, ұлпа жарғақтан кестелеп тігілген. Жебелері де әр алуан; көбе бұзар, қозыжаурын, бірен-саран томар оқ, тіз оқтар.

- Аңшылық құрады екенсің ғой? - деді Қабанбай томар оқтың бірін ұстап көріп.

- Балқашта тіз оқпен үйрек атушы едік. Ал мына жақта кекіліктен басқа ештеңе көрінбейді.» (Жұмаділов Қ. «Дарабоз». 131 б.)

Ал оқтың «әндіген» деген бір түрі Ақтанберді жырларында былайша орын алады.

Жалаулы найза жанға алып,

Жау қашырар ма екенбіз!

Тобыршықты әндіген,

Толтыра тартар ма екенбіз.

Тобылғы түбі құралай

Бытыратып атар ма екенбіз!

(Ақтанберді. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 73 б.)

Сондай-ақ, «аңғуа», «қадау оқ» деген оқ түрлері Т.Зәкенұлының «Көкбөрілірдің көз жасы» романында кездеседі.

Аңғуасын аңыратса,

Арғы тауға жетеді.

Аш қасқырдай қағынса,

Қанға тоймай кетеді.

(Зәкенұлы Т. «Көкбөрілердің көз жасы» 261 б.)

Қара туымды тіктім мен,

Қара бұқаның терісімен қаптаған.

Қайың дабылды қақтым мен,

Қамқа сауыт кидім мен,

Қадау оқты тартым мен.

(Зәкенұлы Т. «Көкбөрілердің көз жасы» 147 б.)

Ал, оқтардың атқарар міндеттеріне қарай аталатын атауларына мынадай мысалдар айтуға болады. «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» атты жырдың «Жұбаныш» деп аталатын бөлімінде «сауыт бұзар» оқты былай сипаттаса:

...Жекпе-жекке келгенде,

Көк жебенің ішінде,

Сауыт бұзар бір оқ бар.

Ол сауытты бұзбай қоймайды.

Өтпей, сірә, қалмайды.

Жекпе-жекке келгенде,

Шарайнаыз келмейді.

Жұмсап қатты болатты

Сауыт бұзар оқ атшы.

(«Жұбаныш». Ақсауыт. 2 т., 82 б.)

Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында сауыт бұзардың жазба әдебиеттегі қолдану түрі былайша көрініс тапқан: «Той-думан, жарыста жамбыны бір атқаннан жарқ еткізіп жерге түсіретін мергендердің, аяқ астынан зу етіп тұра қашқан қыр қоянынан сасып қалып, қолындағы садақ жебесін құла жонға жіберіп күлкі болатыны да осы ара... Бұрын-соңды жұрт көзіне түспеген жас жігіттің, қанжардай қос азу тісін жалақтатып, қылшық жалын тікірейтіп, тайыншадай қара доңыз қарсы ұмтылғанда, үзеңгісіне шірене тұрып сауыт бұзар жебесін қақ маңдайдан қарыс сүйем кіргізіп, атаққа ілінетін де, тағы сол саят базарында» (І. Есенберлин. «Көшпенділер». 18 б.)

Ал, «Қарғабойлы Қазтуған» жырында сауыт бұзар былайша өрнектелген:

«Сен секілді қалмақпен,

Кезектесіп тұрам ба!» -

Атайын деп жебені,

Қарғабойлы жөнеді.

Қарсы тұрсаң - қабақ деп,

Оқ өтетін өзегің,

Жұтқыншақ мынау тамақ деп,

Кезеп тұрып оқ атты,

Оғын қардай боратты.

Атқан оғы өтеді,

Басын жерге қалмақтың

Домалатып кетеді.

Қарға бойлы батырдың

Атқан оғын қарасаң,

Сауыт бұзар оқ еді.

Не де болса алдында,

Тоқтамайтын шоқ еді.

Он екі тұтам бұл оқтың,

Өтпейтін жері жоқ еді.

(Батырлар жыры. «Қарғабойлы Қазтуған» 58 б.)

Сонымен қатар «көбе бұзар» деген оқ түрін Махамбет өз жырларында былай пайдаланған:

Күнқақты ердің астында

Көп жүгіретін күлік бар.

Көн садақтың ішінде,

Көбе бұзар жебе бар

(Махамбет. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 210 б.).

Сондай-ақ, «Мұсахан» жырынан біз бұл жебелердің «берен» деген түрін кездестіреміз:

Толғайына қалмақ қол салды,

Есепсіз қылып мол салды.

Әуелі атайын деген де,

Қозыжаурын оқ алды,

Атып еді өтпеді...

Және тұрып берен деген оқ алды

Оны тартып тағы алды,...

Тағы атайын деп оқталды

Сауыт бұзар оқ алды.

(«Мұсахан». Батырлар жыры. 5 т., 129 б.)

Бұл оқтың түрі «Қобланды батыр» жырында да кездеседі:

Бұлғары садақ, Бұқар жай,

Тартылар майдан күн бүгін.

Алтын құндақ ақ берен

Атылар майдан күн бүгін.

Толғамалы ақ сүңгім

Шанша алмасам маған серт!

Қанға тойсаң саған серт!

Бұлғары садақ, Бұқар жай,

Тарта алмасам, маған серт!

Бел күшіме шыдамай

Беліңнен сынсаң, саған серт!

Алтын құндақ, ақ берен

Ата алмасам маған серт!

(Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық. Т.I. Батырлар жыры «Қобланды батыр» жыры, 71 б.)

Немесе, «Ер Тарғын» жырынан «доғал оқ» деген оқ түрін көруге болады: «Тарғын бұл Қартқожаққа кезек беріп, атсаң ат деп қарсы қарап тұрып еді, Қожақ мұны сыйлап, атуға қимады. Не үшін десеңіз: «мен алпыс беске келген, сақалым қуарған бір қарт шалмын, бұл ғой, жас болса да, қасындағы Ақжүністей сұлуды қиып, әм өзінің жанын қиып, маған қарсы тұрды. Бұл өте батыр екен. Мұның өзін де атпайын, атын да атпайын тек мұның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын жалғыз доғал оқпенен атып уатайын. Соныменен өзімнің оны аяп атпағанымды білдірейін, сонан соң бұл ақылы болса, ойлап білер де, қызды маған тастар да, жүре берер» - деп, бір жалғыз доғал оқпенен салып қалғанда, Тарғынның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын күлпара қылып уатып кетті» («Қазақ эпостары». «Ер Тарғын» жыры. 135 б.)

Осы доғал оқты күні бүгінге дейін көрші Монголия Республикасында «Ер жігіттің үш тойы» (Эрийн гурван надам) деп аталатын жыл сайынғы мемлекеттік тойда бәсекеге түсетін садақшылардың қолданып жүргенін айта кету керек. Ал доғал оқтың «қалва» (үйренушілердің оғы, темір ұшының орнына доғал ағаш бекітілген оқ), «ұлын» (ұшы жоқ жебе) деген түрлері Мақмұт Қашғаридің «Түрік сөздігі» еңбегінде кездессе, (Мақмұд Қ. «Түрік сөздігі». 502 б)

Мұхтар Мағауиннің «Аласапыранында» бұл оқтың «ши оқ» түрі кәдуілгі бір тал шидің ұшына түйе құмалағын шаншып, балалардың ойыны үшін қолданатыны айтылып, былайша беріледі:

«- Ши оқтан кісі өлмейді, - деді бала төмен қарап.

- Өледі, - деді Ораз-Мұхамед. - Қазір сен маған ши оқ аттың. Ертең, үлкен жігіт болғанда кәдімгі кез оқтың өзін атасың.» (Мағауин М. «Аласапыран». 39 б.)

Бұл оқтың атауы көне жырларда кездеседі:

Бес жасыңда, қарт Қожақ!

Жас шыбықтан жай тарттың,

Жалғыз шиден оқ аттың,

Атқан оғың жоғалттың.

(«Қазақ эпостары». «Ер Тарғын» жыры. 137 б)

Светқали Нұржанның «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастанында «қасалы» деген оқ түрі кездеседі. Бұл қарсы жақтың бекінісін өртеу үшін ұшына от байланған жебе.

От байланған қасалы зымғап кіріп,

Өрт шыпылдап, шаһар да түтіндесін.

(Нұржан С. «Еңсегей бойлы Ер Есім». Ай таранған түн. 289 б.)

«Көрұғылы» дастанының ертегілік нұсқасында «қол оқ» деген оқ түрі былай көрініс тапқан: «Бір күні Көрұғылы Бесбатырды аңдып жүріп, қол оқпен атады, ол оғы өтпейді. Бесбатыр «қонып жүрген маса мен сона болар» деп жүре береді. Бір мезгілде Бесбатырдың таң ұйқысы келіп кеткенде Көрұғылы оны атып қалады, оқ жылп өтіп кетеді» (Қазақ ертегілері. «Көрұғылы» 201 б.)

Ал «қатұт» - ұшы уға немесе зәрге суарылған оқ екендігі жайлы Мақмұт Қашғари «Түрік сөздігінде» келтіреді. Дәл осы жебе түрін Светқали Нұржан былай қолданған;

Зар еңіреп соңынан қатұғ кетсін,

Маңдайынан дұшпанның батық тепсін.

Жәһаннамға аттанған имансыздар,

Зәһарынан қатұғтың татып кетсін!

(Нұржан С. «Еңсегей бойлы Ер Есім». Ай таранған түн. 287 б.)

Жебеге қатысты басқа да атауларды Мақмұт Қашғари еңбегінен кездестіруге болады. Мысалы «азұқ оқ» (қаңғырған оқ), йасыш (жебенің басындағы темірі), темүркен немесе теміркен (бұларда оқтың темір ұшы), тылы (оқтың басына (ұшына) байланатын қайысы), боры басы (оқ басының жебе ұшына еңгізілетін тұсындағы кертік, айылбасы) және шырғұй (жебе басының қалың, жуантық басы). (Махмұд Қ. «Түрік сөздігі». 314 б.).

Ал Светқали Нұржан өзінің «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастанында бұл сөзге оқтың болат ұшы деген анықтама беріп, оны;

«...Ер Есім жүр, шүйгенде -

Қырғи дерсің!

Жауға жебе тигенде -

Шырғұй дерсің! - деп қолданады.

(Нұржан С. «Еңсегей бойлы Ер Есім». Ай таранған түн. 285 б.)

Ал, масақ (оқтың қауырсын байлаған жағы немесе жебеге байланған қауырсын. Кейде бұл тұтастай оқтың атауы болап кетуі де мүмкін. Садақты адырна деп атайтыны секілді.), кіріс (садақ атқанда оқтың адырнаға яғни кіреге тіреліп тұратын ойығы) т.б. секілді атауларын ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттен және тарихи еңбектерден көптеп кездестіруге болады.

Міне бұл бізге жеткен жебе атауларының бір бөлігі ғана. Біз баба тарихымыздан аларымыз да көп, және соның өтеуі ретінде береріміз одан да көп екенін әрбір қазақтың білгені абзал.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

«Айқап» 1911 ж., №1. «Айқап» журналының толық нұсқасы, - Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995.

Ақсауыт. 2 томдық. - Алматы: Жазушы, 1977. - 2 т. Батырлық дастандар. - 378 б.

Аманжолов К., Тасболатов А., Қазақстанның әскери тарихы. - Алматы: Білім, 1999, - 320 б. суретті.

Ахметжанов Қ.С. Жараған темір кигендер. (батырлардың қару-жарағы, әскери өнері, салт-дәстүрлері). - Алматы: Дәуір, 1996. - 256 б.

Бабалар сөзі. 100 томдық. - Астана: Фолиянт, 2007. - 44; 51 т. Батырлар жыры.

Батырлар жыры. Көп томдық. - Алматы: Жазушы, - 1989. 6-том.

Батырлар жыры. Көп томбық. - Алматы: Жазушы, 2007. - 296 б.

Бес ғасыр жырлайды: Асан қайғыдан Махамбетке дейінгі қазақ ақын жырауларының шығармалары. Үш томдық / 1-том - Алматы: Жазушы, 1984. - 256 б.

Дала кемеңгері немесе Сырым туралы сыр. - Алматы: Сөзстан, 1992.

Есенберлин І. (10 томдық шығармалар жинағы). Көшпенділер. - Алматы: Жазушы, І, ІІ кітап

Жұмаділов Қ. Дарабоз. (12 томдық шығармалар жинағы, І кітап). - Алматы: Қазығұрт, 2005. 8-том.

Жұмаханов Тілеухан. Қасым хан. - Алматы: Аударма, - 2004.

Зәкенұлы Т. Көкбөрілердің көз жасы. - Алматы: Олжас, - 2003. 528 б.

Кекілбаев Ә. Дала балладалары І том, Аңыздың ақыры. - Алматы: Жазушы, - 2003.

Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық. Т.I. Батырлар жыры - Алматы: Жазушы.

Қазақ ертегілері (Құраст. Е. Дүйсенбайұлы). - Алматы: Жазушы, 2009. - 320 б.

Қазақ эпостары. Алматы: - Көшпенділер.

Құралұлы А. Қару-жараққа, құрал-жабдыққа, өлшемге, ойындарға байланысты терминдер мен сөз тіркестерінің түсіндірме сөздігі. - Алматы: Өнер, 2007. - 64 б.

Мағауин М. Аласапыран. (Тарихи роман). 1, 2-кітап. - Алматы: Жазушы, 1988. - 830 б.

Махамбет. Жорық жырлары: - Алматы, Халықаралық Абай клубы, 2007.

Махмұт Қашғари. Түрік тілінің сөздігі. (Диуани луғат-ит-түкі). 3 томдық шығармалар жинағы. - Алматы: Хант, 1997 - 3-том.

Нұржан С. Ай таранған түн. (Жыр кітабы). - Алматы: Жазушы,  2008. - 384 б.

Салғараұлы Қ. Ұлы қағанат. - Астана: Фолиант, 2008. - 550 б.

Суиңну. «Хан кітабы» (Көне қытай жазбаларынан) /Ауд. алғы сөзін жазған және құрастырған Қ.Салғараұлы. - Алматы: Санат, 1998. - 288 б.

Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. - Алматы: Жалын, 1993. - 448 б.

 

Соңы.

«Абай-ақпарат»: Ерлан Қариннің «Қазақ ауыз және жазба әдебиетіндегі

жебе түрлерінің атаулары» атты зерттеу еңбегінің басын «Соңғы мақалалар» айдарының мұрағаттар қорынан таба аласыздар.

 

0 пікір