Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3008 0 пікір 7 Желтоқсан, 2009 сағат 07:11

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «КӨШПЕНДIЛЕРДI» ТҮСIРДIК... ТҮК ШЫҚПАДЫ

«Қазақфильм» киностудиясы - киелi шаңырақ. Онда Шәкен Айманов бастаған қазақ кино өнерiнiң майталмандарының iзi жатыр. Онда қазақ киносының алтын ғасыры саналатын, сонау 60-70-жылдардағы фильмдерiмiз сақталған. «Қазақфильм» қазақ кино өнерiнiң iрi-iрi тұлғаларын өнер биiгiне алып шыққан құт мекен.

Кино - идеология. Кино - өмiр. Кино - бiр ұлттың ғұмыры, тарихы, бет пердесi. Кино арқылы әлем ұлтты таниды, ұлттың мәдениетiн мойындайды. Кино арқылы халық ұлтын жақсы көредi. Кино арқылы болашақ ұрпақ тәрбиеленедi.

«Қазақфильм» киностудиясы - киелi шаңырақ. Онда Шәкен Айманов бастаған қазақ кино өнерiнiң майталмандарының iзi жатыр. Онда қазақ киносының алтын ғасыры саналатын, сонау 60-70-жылдардағы фильмдерiмiз сақталған. «Қазақфильм» қазақ кино өнерiнiң iрi-iрi тұлғаларын өнер биiгiне алып шыққан құт мекен.

Кино - идеология. Кино - өмiр. Кино - бiр ұлттың ғұмыры, тарихы, бет пердесi. Кино арқылы әлем ұлтты таниды, ұлттың мәдениетiн мойындайды. Кино арқылы халық ұлтын жақсы көредi. Кино арқылы болашақ ұрпақ тәрбиеленедi.
Ал, қазақ киносын түсiретiн бiрден-бiр орын - «Қазақфильм» киностудиясы екенi белгiлi. Киностудия бiраз жылдар тоқырауға ұшырады. Жақсы фильмдер түсiрiлген жоқ. Түсiрiлген фильмдердiң өзi кино прокатқа шыға алмай, сөрелерде жатты. «Қазақфильм» түсiрген өнiмдер өз көрерменiне жеткен жоқ. Қазақ киносын көруге қазақ көрерменi жиналған жоқ. Мүмкiн, бұл көрермен көретiн фильмдердiң болмағандығында жатқан шығар. Қалай десек те, қазақ киносы мен көрерменнiң арасында бiраз үзiлiс болып қалды. Режиссерлер түсiретiн жақсы сценарий болмады ма, әлде жақсы сценарийдi түсiретiн режиссер болмады ма екен, кiм бiлсiн, әйтеуiр көрермен тұщынып көретiн фильм соңғы онжылдықта түсiрiлмедi десек, артық айтқандық емес. Қазақ киносы өз көрерменiн кинотеатрға жинай алмады, жинағаны былай тұрсын, соңғы уақытта түсiрiлген фильмдердiң денi кино прокатқа шыға алған жоқ.
Бiрақ, мұның бәрiне тоқтау салатын кез жеткен сияқты. Қазақ киносы жандану керек, өсу керек. Қазақ киносы жаңа белестерге көтерiлуi қажет. Осы орайда, «Қазақфильм» киностудиясы да жаңа қадамға бет алды. Жөндеуден өткiзiлген киностудия жаңа қондырғылармен жабдықталды. Әлемнiң озық мемлекеттерiнiң киноөндiрiсi пайдаланатын аппараттар қазақтың да киностудиясына жетiптi.
Құлпырып, қайта түлеген қасиеттi шаңыраққа Елбасы арнайы келдi. Шәкен Аймановтың атын иемденген киелi шаңырақ жөндеу жұмыстарынан кейiн өзгерiп сала берiптi. Мәтiн дыбыстау студиясы, фильмдердiң түс коррекциясы, заманауи бейнемонтаж бөлмелерi, компьютерлiк графика апараты жұмыс iстеп жатыр екен. Бұл бөлмелердiң бәрiн Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед, Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов арнайы тамашалап шықты. Жаңа қондырғылармен жабдықталған киностудияны тамашалаған Елбасы киностудияда түсiрiлiп жатқан жаңа жобалармен де танысты.
«Қазақфильмде» түсiрiлiп жатқан жаңа жобалар жөнiнде кинокомпанияның президентi Ермек Аманшаев жеткiздi. «Қазақстан президентiнiң қолдауымен 2009 жылы он көркем фильм, екi телехикая, екi балалар фильмi, он бiр қысқаметражды көркем фильм, он деректi фильм және «Ер Төстiк» атты тұңғыш ұлттық толықметражды анимациялық фильм мен «Қазақ елi» атты тұңғыш анимациялық сериал өндiрiске жiберiлдi.
Соған байланысты Тимур Бекмамбетовтiң компаниясымен бiрлескен «Алтын жауынгер» тұңғыш iрi коммерциялық жобасына, сондай-ақ Егор Кончаловскиймен «Қара майор», Ренат Давлетияровпен «Махаббат тәлкегi» атты жобаларға кiрiсiп кеттiк» дедi. Ермек Аманшаевты алаңдататын тағы бiр мәселе, бұл қазақ киносының көрерменiнiң аздығы. Көрерменiн жоғалтқан қазақ киносы ендiгi жерде кино нарықты жаулап алуы қажет. «Қазақфильм» киностудиясы кино нарықты жаулап алатын жақсы өнiмдер түсiрумен айналысып жатыр. Үстiмiздегi жылы кинотеатрларға жол тартатын фильмдер қазақ көрерменiне ұсынылатын сапалы өнiмдер болатындығына баса тоқталды.
Шындығында да, Қазақстан киноиндустриясы әзiрге шетелдiк фильмдердiң прокаттық базасы ретiнде жұмыс iстеп келе жатқандығын мойындауымыз керек. Бүгiнде отандық кино нарықты голливудтың өнiмдер жаулап алған. Одан қала бердi, Ресейдiң өнiмдерi қаптап жүр. Ал, отандық өнiм бар болғаны 3 пайызды ғана құрап отыр. Сондықтан, «Қазақфильм» киностудиясы дағдарысқа қарамастан, алдымыздағы жылы 1 млн. көрермен тартуды көздеп отыр.
Кино саласын өзге салалардан бөлiп қарай алмайтынын жеткiзген Президент жақсы кино көргiсi келетiнiн айтты. «Биылғы жылы «Қазақфильмге» 4 млрд. Теңге қаржы бөлiндi. Құрал-жабдықтар, кадрлар бар. Бiздi әлем мойындады. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етемiз. Ел өмiрiнде осындай маңызды шаралар атқарылып жатыр. Ендi сендер жұмыс iстеңдер. Кино жастарды патриотизмге тәрбиелеуi керек. Қазақстанның 50 жылдан кейiнгi болашағы қандай болатындығы бiздiң өз қолымызда. Бiзге өжет, отансүйгiш ұрпақ тәрбиелеу керек. Президент ретiнде маған экономикамен де, медицинамен де, бiлiм берумен де, басқа салалармен де айналысуға тура келедi. Қолыма ракетка алғанда бүкiл ел теннис ойнады. 55 жасымда тау шаңғысына тұрып, сырғанай бастағанымда көпшiлiк менiң соңымнан ердi. Ат ерттеп едiм, жылқы зауыттары қайта жанданды. «Қазақфильмге» де мен отандық киноөндiрiсiне қолдау көрсету үшiн келдiм. Кинотеатрларға барып, қазақ киносына көрермен тартуға өз тарапымнан ықпал ететiн боламын» дей келе, қазақтардың нағыз тарихын бейнелейтiн киносы түсiрiлмегендiгiн айта кеттi. Дақпырты басым болған «Көшпендiлер» фильмi де Елбасының көңiлiнен шықпапты. Соңғы кездерi түсiрiлген «Мұстафа Шоқай», «Махамбет», «Қош бол, Гүлсары», «Бiржан сал» фильмдерiн де Елбасымыз көргенiн айтты. «Маған «Қош бол, Гүлсарының» бұрынғысы ұнайтын едi. Бiрақ, мен кино маманы емеспiн. Мүмкiн, бұл саланы түсiнбейтiн де шығармын, дегенмен, бұл фильмдер бұдан да жақсы болуы керек едi» дедi өз сөзiнде Президент.
Жастарымыздың бойына патриоттық сезiмдi ұялататын да кино екендiгiн Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақфильмге» келген сапарында ашық айтты. «Қазақфильмде» түсiрiлiп жатқан әрбiр фильмнiң өн-бойында қазақтың ұлттық менталитетi, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрi, болмыс-бiтiмi сақталған жағдайда кино бүтiн ұлтты сақтап қалады.
«Қазақфильмде» жөндеу жұмыстары жасалынды, киностудия қайта жанданып жатыр. Ендiгi мақсат - сапалы кино түсiру. Ол ұлттық бояуы қанық, қазақы фильмдер болуға тиiс. Сонда ғана Елбасымыз айтқан өжет, отансүйгiш ұрпақты тәрбиелей аламыз.

 

Гүлзина Бектасова

«Түркістан» апталығы, №47 (801)
26 қараша, 2009 жыл

 

0 пікір