Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3897 0 пікір 7 Желтоқсан, 2009 сағат 06:33

Мұстафа Шоқайға қатысты тың дерек пен жаңа фотосурет табылды

Биыл жарыққа шыққан «Мұстафа Шоқай» фильмінде Әлиханның Мұстафаға шетелге кетуге жол сілтейтіні бар. Бұл сюжет жайдан-жай алынбаған екен. Осы күнге дейін «Алаш» автономиясын құрған Әлихан Бөкейханов пен Қоқанда «Түркістан» автономиясын құрған Мұстафа Шоқайдың саяси көзқарастары жараспай, жолдары екіге айырылған деген түсінікте келгеніміз рас.

Ресейдің талай құпияны қойнына басып жатқан Санкт-Петербор мұрағаттары мен кітапханаларынан Алаштың ардагер ұлы Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне қатысты жаңадан табылған қызықты құжаттар бұрынғы қасаң түсінікті қайта қарауға себеп болып отыр. Бұл құжаттар Мұстафаның «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, «Алаш Орда» автономиясының төрағасы Әлихан Бөкейханмен құпия байланыста болғанын айғақтай түседі.

Жаңадан табылған құжаттар жас Мұстафаның Санкт-Петербор Императорлық институтының заң факультетінде 1910-1914 жылдары оқыған кезеңі жайлы баяндайды. Құжаттардан Мұстафа Шоқайдың 18-20 жасында түскен бұрын белгісіз болып келген фотосуреті табылып отыр және Санкт-Петербор университетінің ректорының атына оны студент қатарына тіркеу туралы өз қолымен жазған өтінішін оқуға болады. Сондай-ақ Мұстафаның Ташкенттегі ерлер гимназиясын бітіргендігі туралы кәмелеттік аттестаты және кейінірек Санкт-Петербор университетінің заң факультетін бітіргендігі туралы дипломын және «Заң факультеті студентінің жазбасын» немесе қазіргі тілмен айтқанда, студенттің есеп кітапшасын әрі Мұстафаның Туу туралы куәлік көшірмесін көруге болады. Зерттеушілер үшін қызықты саналатын бұл жаңа деректерге толы құжаттарды кездейсоқ тапқан және «Азаттық» радиосынан жариялаған белгілі алаштанушы ғалым, журналист Сұлтан Хан Аққұлұлы.
Ғалымның тыңнан тапқан құжаттары мен зерттеулері Мұстафа мен Әлиханның қарым-қатынастарына байланысты тың деректер беруімен де құнды. Дерек бойынша, жас Мұстафа Шоқайдың Әлихан Бөкейханмен кездесуі шамамен 1914-1915 жылдары болған. Өйткені 1916 жылы Әлихан Бөкейхан бірінші жалпыұлттық «Қазақ» газетінің бетінде Мұстафаны Ресейдің төртінші Мемлекеттік думасының Мұсылман фракциясының бюросына хатшылыққа ұсынған. Бұл кезде Мұстафа әлі 26 жасқа да тола қоймаған. Әлихан Бөкейханның бұл бастамасы сол жылдары Санкт-Петерборда тұрған қазақ зиялыларының шағын тобының ашу-ызасын туғызған. Олар Мұстафа Шоқайды «саясат үшін әлі жас және тәжірибесі жоқ» деп есептеген. Ал осы «жас және тәжірибесіз» Мұстафаның 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Қоқанда Түркістан автономиясын жариялағанын тарихтан жақсы білеміз.
Ғалым С.Аққұлұлы «Әлихан мен Мұстафаның масон ложасы арқылы байланыстары болды ма?» деген мәселені де анықтай кетеді. Мәселен, Әлихан Бөкейхан Парижде тұрып жатқан Мұстафаға арнаған хатын жол жүріп бара жатқан әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың ұлтарағының астына салып жібергені және жауапты да осы жолмен алғаны, кейін бұл оқиғаның Әмірені қайғылы өлімге соқтырғаны тарихтан белгілі. Осы жайға сүйенген ғалымның ойынша, Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай ортақ көзқараста болған. Әрі Мұстафа Шоқай Әлихан Бөкейханды сыртқы әлеммен байланыстырған бірден-бір адам сияқты. Оған себеп те жоқ емес. Мәселен, 1930 жылдардың бірінші жартысында Әлихан Бөкейхан француздың «Фигаро» газетімен құпия байланысып, газет бетінде оның мақалалары шығып тұрған. Ал ХХ ғасырдың басында қайта көтерілген орыс масондарының Санкт-Петербордағы «Темірқазық» және Мәскеудегі «Қайта өрлеу» ұйымдары француздық «Ұлы Шығыс» масондық ложасының филиалы болыпты. Тағы бір жайт 1923 жылы Владимир Лениннің тікелей нұсқауымен Әлихан Бөкейхан Мәскеудегі СССР халықтарының орталық баспасына Қазақстаннан айдауылмен әкелініп, «Темірқазық» атты журнал шығара бастаған. «Әдетте қазақтар Поляр жұлдызын «Темірқазық» деп атайды. Бұл кездейсоқ сәйкестік пе?» дейді ғалым. Зерттеуші-ғалым Сұлтан Хан Аққұлұлы Әлихан Бөкейханның өміріндегі бір үлкен құпияны, оның өліміне байланысты жайды да анықтапты. Ол Мәскеуде атылған Әлихан Бөкейханның Дон зиратында жерленгені. Дон зиратының директоры Александр Деменков Әлихан Бөкейханның аты-жөні 1937 жылы 27 қыркүйекте ортақ қорымда жерленген адамдардың тізімінде бар екендігін растаған.

Төре ҒАЛИ, «Айқын» газеті, 05.12.09.

0 пікір