Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2490 0 пікір 3 Желтоқсан, 2009 сағат 07:59

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ. АТЫ БАР ҰЛТТЫҚ ДЕГЕН, АЛ, ЗАТЫ ШЕ?

Астанада Есіл өзенінің сол жағалауында жаңа университет ашылатын болды. Қазір дайындық жұмыстары қызу жүріліп жатыр. Аталмыш университетті құру жөніндегі ресми жиында ҚР Президенті Н. Назарбаев бұл оқу орнының жайы басқалардан мүлде өзгеше яғни, нағыз халықаралық сипатта болатындығына, әлемдік стандартқа сай келетіндігіне тоқтала келіп, «біз тағы бір екінші Еуразия университетін ашайық деп отырған жоқпыз» дегенді ерекше қадап тұрып айтты. Келесі бір бас қосуда тағы осы университет туралы әңгіме қозғалғанда дәл осы білім ордасына өз атын беруге толықтай келісетіндігін жария етті.

Астанада Есіл өзенінің сол жағалауында жаңа университет ашылатын болды. Қазір дайындық жұмыстары қызу жүріліп жатыр. Аталмыш университетті құру жөніндегі ресми жиында ҚР Президенті Н. Назарбаев бұл оқу орнының жайы басқалардан мүлде өзгеше яғни, нағыз халықаралық сипатта болатындығына, әлемдік стандартқа сай келетіндігіне тоқтала келіп, «біз тағы бір екінші Еуразия университетін ашайық деп отырған жоқпыз» дегенді ерекше қадап тұрып айтты. Келесі бір бас қосуда тағы осы университет туралы әңгіме қозғалғанда дәл осы білім ордасына өз атын беруге толықтай келісетіндігін жария етті.

Елбасының мұндай қадамға баруы кездейсоқтық болмаса керек.  Астанада алғаш Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ашылғанда да Елбасы оған зор үміт артып, бүгінге дейін осы оқу ордасының базасын нығайтуға жіті назар аударып келді, үлкен сенім мен үміт артты. Алайда, жоғарыда айтылған сөзіне қарағанда Президенттің сенімі мен үміті ақталмағанға ұқсайды. Содан кейін шарасыздан, бәлкім, замана талабына сай сапалы білім беретін, әлемдік деңгейдегі бірегей университет ашуға қажеттілік туындағаны көрініп тұр. Президент сол білім ордасына өз атын беруге келіскеніне қарағанда, жалпы еліміздің жоғары білім беру саласына мемлекет тарапынан қаншалықты үлкен жауапкершілік пен  сенім жүктеліп отырғанын аңғаруға болады. Оның тағы бір айқын куәсі ретінде елдегі ұлттық дәрежелі жетекші университеттердің ректорларын Елбасы өзі тағайындайтын тәртіптің орнауын атап айтуға болатын шығар. Мұның бәрін айналып келгенде еліміздегі ЖОО менеджментін жетілдіруге бағытталған игі қадамдардың мемлекет басшының бастамасымен жүзеге асырылып жатқандығымен байланыстыруға болады.

Жалпы, елімізде 1990-жылдардың орта тұсынан басталған жоғары білім реформалары осы саланың менеджмент жүйесін түсініксіз жайларға душар етті. Оны әркім әртүрліше түсіндіріп жүр.  Біреулердің пайымдауынша, корпорат мәдениеті жоғары дамыған АҚШ-тың жүйесін механикалық тәсілмен көшіргендіктен біздің жағдайымызға үйлеспей жатқан көрінеді. Ал, енді бір тобы Американың үлгісін қабылдағанда кейбір маңызды процедураларын жоғалтқандықтан шынайы мазмұнына сай келмей бұрмаланды деседі. Қалай болғанда да еліміздің жоғары білім беру ісіне жұрттың көңілі толмайтыны рас. Әлемдік стандартты айтпағанның өзінде бұрынғы барымызды жоғалтып алдық деушілер де бар. Қанша жерден өзгерттік, жаңарттық деп өзеуіресек те біздің берген дипломдарымызды әлем елдерінің ешқайсысы мойындап отырған жоқ.

 

Қазіргі таңда еліміздің ЖОО, соның ішінде ұлттық мәртебеге ие болған университеттер үшін екі мәселе аса маңызды болып отыр. Оның біріншісі, ғылыми-зерттеуді басшылыққа алған университет (research university) болу, екіншісі,  шынайы оқу ордасына (training center) айналу.

Озық ойлы ғалымдардың пікірлеріне келсек, еліміздегі ірі университеттерінің өзінде қалыптасқан жағдай сын көтермейді. Айталық, жоғарыда аталған research university-дің мәнін жетік түсінбейтіндіктен ғылыми кеңестің өзі ректорлардың жетегіндегі аты бар да заты жоқ ұйымға айналған. Кеңес шын мәнінде профессор, оқытушылар ұжымы алдында есеп беруге құлықсыз, ректордың айдауындағы енжар құрылым болып кеткен. Осының салдарынан бүгінде университет менеджментіне профессор оқытушылардың қатысуы, олардың жұмыстық белсенділіктері іс жүзінде қысқарған көрінеді.

ЖОО базасын жетілдіруге еліміздің үкіметі айтарлықтай көңіл бөліп отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Әлемдік тәжірибеге зер салсақ, университеттердің қаржылық көздері оқу ақысынан, демеушілердің көмегінен, ғылымға бөлінетін дотациядан, патент, лицензия, роялттық төлемдерден және  мемлекеттік бюджеттен құралады екен. Батыс Еуропа елдері,  Жапония, Австралияға қарағанда АҚШ-та үкімет тарапынан ЖОО-ны қаржыландыру жағы айтарлықтай аз. Алайда, соған қарамастан таяу жылдардағы мәліметтерге қарағанда АҚШ  бакалаврдан жоғарғы академиялық дәреже беретін университеттердің  барлық кірістерінің 50.77 пайызын елдің немесе жергілікті бюджет құйса, 18.06 пайызын оқу ақысы, 25.32 пайызын көмекші шаруашылықтар, қызмет көрсетудің өзге түрлерінен түскен табыс, қалған 5.83 пайызын демеушілерден бөлінген қаржы құраған. Біздегі жағдай туралы университеттер БАҚ-ты айтпағанның өзінде жеке веб сайттарына да мұндай мәліметтерді ұсынбайтындықтан алдын ала бірдеме деу қиын. Әрбір құпияланған есеп-қисап пен қаржы көздерін, табысты бүркемелеу жемқорлыққа күдік тудыратындығын ескерсек, еліміз университеттерінің бұл әрекетін түсіне алмай қаламыз.

Ал,  АҚШ-тағы мысалдардан белгілі болғаны, ЖОО-ның білім беру сапасын арттыруға, оның дамуын қарқынды етуге мемлекет қолдауының маңызы айырықша екендігін көруге болады. Расында, оқу орындарын қолдау, оның сапасын көтеруге жағдай жасау дегеніміздің өзі ел үкіметінің, қоғам мен азаматтарының алдындағы зор жауапкершілігі және парызы болса керек.  Сонымен қатар терең білімді, ғылыми тың жаңалықтарды, жаңа техника мен технологияны, жас мамандарды, жоғары әлеуетті де мәдениетті университетсіз елестетудің өзі мүмкін бе? Айта берді, қоғамдық прогресс, экономиканың қарыштап дамуының өзі жоғары біліктілікке келіп тіреліп тұрған жоқ па. Бұл тұрғыдан келгенде, жоғары оқу орындарын қолдау дегеніміз болашақ үшін жасалып отырған ең  таңдаулы инвестиция болмақ. Сондықтан, келешегін ойлаған әр ел білімге ақша аямаса керек.

Жалпы біз өз жағдайымызды бажайлап, даму бағытымызды дұрыс белгілеу үшін өзгелердің тәжірибесімен егжей-тегжей танысуымыз маңызды екендігі айтпаса да түсінікті. Жоғары дамыған әлем елдеріндегі университеттерден үйрену үшін ең алдымен оның менеджменттік құрылымын жіті зерттеуіміз керек сияқты. Әрине, әр елдің және оның университеттерінің өзіндік ерекшеліктері болатыны белгілі. Соған қарамастан либералды демократиялық елдердің ЖОО жүйесі  Америка және Еуропа үлгісіндегі деген екі басты топқа бөлінеді екен.  Ұлы Британия, Германия, Франция, Жапония секілді жоғары дамыған елдерде университеттердің өзін-өзі басқару менеджменті  жетілдірілгендіктен барлығын оқу орнының ішкі мәселесі ретінде қарастырады. Нақтырақ айтсақ, университетті басқару негізгі тетік - оқытушы, профессорлардың, ғылыми қызметкерлердің, қатардағы жұмыскерлер мен студенттердің қолында.

Аталмыш елдер университеттерінің басқарушы ұйымдарының құрылымына келсек, ректордың өзі де, оның жасақтаған командасы - ректорат та оқытушы-ғалымдар арасынан сайланған басқарушы кеңес пен одан дербес құрылатын бақылаушы комитетке бағынады. Айталық, осындай құрылымы ең күшті дамыған Жапонияға келсек, елдің ЖОО-дары (Цукуба университетінен басқасы) өзін өзі басқару жүйесіне көшкен. Университеттің штатындағы оқытушылар, қызметкерлер, студенттердің өкілдері қатыстырылған сайлаудың нәтижесінде ректор тағайындалады. Ал, Батыс Еуропа елдеріндегі жағдай сәл өзгешелеу. Онда университет ұжымынан сайланған «парламенті» іспетті басқарушы органы бар. Сол өкілетті орган арқылы ректорды сайлайды және отставкаға кетіреді.

Ал, АҚШ университеттерінің жүйесі мүлде өзгеше. Ондағы барлық университеттің билігі басқару кеңесі (board of trustees, regents), әкімшілік (administration), ғылыми кеңес (senate, council, house) деген үш институттан тұрады. Олардың әрбірінің өкілеттік субьектісі, құрылу ережелері, атқаратын міндеттері мен құқықтары әр бөлек. Ондағы басқару кеңестің орны ерекше. Олар университеттің күнделікті жұмысына тікелей араласпайды. Керісінше, ғылыми кеңестің нұсқауымен ректор мен проректорларды тағайындап, ағымдағы жұмысты жүргіздіреді. Ал, өздері ректораттың жұмысына бақылау жасайды.

Университет менеджментіндегі тағы бір маңызды институт - ғылыми кеңес екені белгілі. Оны білім ордасы ұжымы сайлайтындықтан барлық мүше тең құқылы.  Басқару кеңесі құрылтайшы өкілеттілігін білдірсе, ғылыми кеңес оқытушы, ғалымдар яғни, университеттің академиялық ядросының өкілдері болмақ. Сондықтан, кеңестің төрағалығын біздегідей ректорға беріп қоймайды. Сондай-ақ, ғылыми кеңес өзінің ережесі бойынша белгілі мерзімге сайланатын басшысы, орынбасары, өзге қызмет штаттарымен қатар тұрақты және уақытша комитеттер арқылы өз ісін ұйымдастырады. Академиялық мәселелерді шешумен қатар университет өмірінің өзге де проблемалары жайында ректоратпен мәмлеге келіп отырады. Сондықтан да аталмыш құрылым университетте ұжымдық басқарудың принциптерін жүзеге асырады.

Американдық үрдісті толық түсіну үшін Калифорния университетін мысалға алайық. Атқару кеңесі (Board of Regents) 25 мүшеден тұрады. Оның 18-ін штат губернеторы тағайындайтын көрінеді. Университетті басқаратындар да осылар. Қалған 7 мүшенің 4-ін үкіметтегі лауазымды тұлғалардан таңдаса, 2-і түлектер одағынан сайланса, 7-ші мүше ректордың өзі.  18 мүшені бірден жергілікті үкімет тағайындауының себебіне келсек,  оқу орны штаттың мүлкі әрі халыққа қызмет көрсететін маңызды нысан ретінде қарастырылатындығында. Сонымен қатар университетті жергілікті биліктен, саясаттан бейтарап етіп, оның академиялық еркіндігін қамтамасыз етуде оның маңыздылығы жатыр. Университетті демократия алаңы деп қарау аңғалдық болар еді. Керісінше,  ол біліктілік пен қабілеттілікті (merit) қастерлеп, алға тартатын принципті (meritocracy) ұстанатын білім ордасы болып табылады.

Ал, біздегі заңдар мен заңдылықтарға сай ұлттық университеттер принциптік те, практикалық та тұрғыдан келгенде, іс жүзінде Білім және ғылым министрлігінің бюрократиялық бір баспалдағы болып шығады және саяси машинаға тәуелді ұйым ретінде көрініс табады. Американың жүйесіне көзсіз еліктеген кезде оның ішкі қыр-сырын жетік түсінбей механикалық тәсілмен көшірудің салдарын, міне, осыдан аңғаруға болады. Принциптік тұрғыдан келсек, ұлттық университеттердің шынайы құрылтайшысы Білім және ғылым министрлігі емес, шын мәнінде Қазақстан халқы (public) деп түсінуіміз қажет және солай болуға тиіс те. Себебі, сол оқу ордаларын салып, тұрғызуға жұмсалған қаржы-қаражат халықтың қалтасынан өтелді. Сонысымен де ол ұлттық университет.

Олай болса, Қазақстандағы барлық ұлттық университеттердің мақсаты ұлтымызға адал қызмет көрсетіп, халқымызға жоғары білімді мамандар даярлап беру. Оны халықтың атынан ұйымдастырып, үйлестіріп отырған «команда» ол - қазақ Үкіметі. Сондықтан, Әл-Фараби, Қаныш Сәтбаев, Лев Гумилевтің атымен аталатыны бар, өзге ірілі-ұсақты барлық университеттер - қазақстандықтардың иелігінде және халыққа қызмет көрсету міндеті жүктелетіндіктен олар бір ғана министрлік аппаратының «қолбаласы» емес, болмайды да. Осы себептен, ұлттық университеттердің басқару кеңесі дейтінді құратын болсақ, ол құрылым Қазақстан халқының өкілетті ұйымы ретінде ел азаматтарының атынан ортақ мүлікті қорғап, оған жұмсалып жатқан әр тиынды қадағалауға міндетті болмақ.

Мәселенің келесі жағына келсек, ұлттық университеттер Қазақстан халқының мүлкі. Ол санаткерлік бола ма, тікелей мағынада заттық бола ма бәрі бір. Сонымен бірге ол ғылыми-зерттеу әрі білім беру мекемелері болғандықтан қандай бір саяси ықпалдан тыс, дербес тұруға тиіс. Өкінішке қарай біздегі заңдарға, қаулы-қарарларға жүгінер болсақ, ұлттық университеттердің ректорларын ғана Президент тағайындайтындығына ғана көңіл демдеуге болар, ал, басқа жағынан бір ғана министрліктің «ашса алақанында, жұмса жұдырығында». Оның өзінде ректорлар неше жылға тағайындалады, оның өзін неше рет қайта тағайындауға болады, ол жағы әлі анықталмаған. Университет ректорлары өз проректорларын өзі тағайындап, босататындықтан оның жанындағы ғылыми кеңестің тіпті рөлі жоқ десе де болғандай. Сонысымен ғылыми кеңестер өзінің негізгі міндетін атқаруға да дәрменсіз символдық дәрежедегі бюрократиялық бір баспалдаққа айналған.  Қысқасы, қазіргі таңда ұлттық университеттер жанындағы басқару дейсіз бе, ғылыми дейсіз бе, қай кеңесте де өз аппаратын бақылауға қабілетсіз, ондай құзыры да, тәжірибесі де жоқ. Оған ешбір негіздің болмасы да айдан анық. Ректорлар университетке келеді, кетеді. Ал, кеңес деген тетік университетпен мәңгі жасайтындықтан ректормен бірге проректорларды да шынайы түрде бекітетін билікке ие болса өзінің негізгі миссиясын атқарған болар еді.

Университеттерге қатысты мәселелер қарастырылғанда әртүрлі шешімдер ұстаз-ғалымдардың қатысуынсыз тек қана ректордың жеке қалауымен тағайындалған ат төбеліндей лауазымдылардың бас шұлғуымен қабылданатын жағдайға жеттік. Сол ләппайшылар мәселенің мәнін терең талдап түсіндірудің орнына ректорды жер, көкке сыйғызбай мақтаумен, турасын айтқанда жағымпазданумен күнелтіп жүрген жайлары бар. Ондай ғылыми кеңестерде қандай бедел болсын.

Сайып келгенде, еліміздегі ұлттық университеттердің басқару жүйесін жетілдіру, оған шұғыл бетбұрыс жасау қажеттілігі өмірден туындап отыр. Оны жасауға жоғарыда атап өткен АҚШ университеттерінің ұжымдық басқару тәсілдері тәжірибе болар деп үміттенеміз. Бүгінде бізге үлгі болып отырған Америкада ХІХ ғасырда университет деп атауға тұрарлықтай оқу орны болмаған екен. Ал, бүгінде әлемдегі ең ұлы мәртебелі 30 университетті ата десе, оның  20-сы осы елден табылатындығына Гарвардта көп жыл декан болған декан Генри Росовскийдің кепілдік беруге бар екенін мәлімдеуі тегін емес болар.  Мұндай ірі жетістіктің кілті университеттердің басқару құрылымын жетілдіруде болса керек.

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

ҚР мәдениет қайраткері,

журналист-саясаттанушы

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір