Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3596 0 пікір 1 Желтоқсан, 2009 сағат 06:21

Раушан ЖӘКЕШБАЙ. АДАСҚАН АҚИҚАТ

Бостандық бізге ананың жөргегін жарып шыққанымызда-ақ берілген сый. Бостандықтың ғұмыры қысқа, ол біртіндеп құлдыққа айналады. Құлдықтың түрлері көп, қаптаған заттар, ақша, қызмет, техникалық құралдар. Мұндай заттардың құлы ететін адуын күштер  шаш етек. Адамның ішкі әлемі өмірлік кеңістіктің тар шеңберіне жұтылып, әлгіндей заттардың құлдығына түссе рух әлсірейді.  Рухты таза сақтағыңыз келсе, әлгіндей заттардың қас дұшпаны болып өтіңіз. Маркузенің «Ұлы бас тартуын» қолдану керек. Заттармен ашық шайқасқа шығу қажеттілігі туды,  кәдімгідей «мыңмен жалғыз алысып».

Бостандық бізге ананың жөргегін жарып шыққанымызда-ақ берілген сый. Бостандықтың ғұмыры қысқа, ол біртіндеп құлдыққа айналады. Құлдықтың түрлері көп, қаптаған заттар, ақша, қызмет, техникалық құралдар. Мұндай заттардың құлы ететін адуын күштер  шаш етек. Адамның ішкі әлемі өмірлік кеңістіктің тар шеңберіне жұтылып, әлгіндей заттардың құлдығына түссе рух әлсірейді.  Рухты таза сақтағыңыз келсе, әлгіндей заттардың қас дұшпаны болып өтіңіз. Маркузенің «Ұлы бас тартуын» қолдану керек. Заттармен ашық шайқасқа шығу қажеттілігі туды,  кәдімгідей «мыңмен жалғыз алысып».

Әлбетте біз кез келген адам мына дүниені мейлінше терең тануы тиіс дейміз. Білім күшін сана ауқымын кеңейту үшін жұмсау керек дейміз. Бұл бұрыннан бар талап. Мен осы талапты өз бетімше орындауды ниет қылдым. Философиялық дүниелердің мұхитына сүңгідім. Ия, айтқандары айдай келді, белгілі бір деңгейде ақыл - ойым дүниені обьективті түрде қамти алды. Мен әлемді обьект ретінде қарастырдым, обьект  қалай жасалды, неден басталды деп өзіме сұрақ қойдым. Ал, жауабым тіпті абсурдты болып кетті. Мен о баста абстракциялы сана ақиқатты көруге қабілетсіз ететінін аңғармадым. Кеңейген сана абстракцияға бейім. Алдамшы, сандырақ бейнелер шеңберін кеңейтсеңіз бәрі бітті! Себебі, сананы сфера десек, оның басым бөлігі жалған, түсініксіз көріністерге, галлюцинацияларға бай. Мұндай  сана ақиқатты көруге  аса ынталы емес, ол Дон Жуанның нақ өзі. Біз оңашада  сананың мұндай құбылмалылығын байқай бермейміз. Ал зерттеуге көшсең сонда көресің.

Шыны керек, заманның өзі шындықты өз бетіңше танып білуге ынталандырмайды. Әсіресе қоғаммен уланған өз санаң бірінші дұшпаның! Кезінде К.Маркс нағыз адамды қоғамнан іздеді. Қоғамдық адам ол үшін табиғи, жан дүниесі таза адам. Қоғам бар болғаны  материялдық қажеттіліктерді қамтамасыз ететінін біле тұра Маркстік типтегілердің мұндай пікірді көкке көтеруі заңды. Негізінен,  керісінше, сананы қоғам өсірмейді, алдамшы, түкке тұрмайтын нәрселерді құйып, мөлшерін тарылтады. Өз бетінше ойлауға үйретілмеген стандартты, интеллектіні механикаландырылған сана алмастырады. Осындай  қоғамға философияның өзі жат. Қоғамның мұндай ахуалы  шындықты сезінуге кесе көлденең бөгет. Қоғамнан тыс, оқшау жүріп дүниеге өз бетіңше ой жіберсең  іздегеніңді табу тіпті  мүмкін бе өзі? Барлық қоғамдық жүйелерде мағынасыз толқулар, ойсыз істер кезеңі күшейді. Адамдар әлем кезіп кетті. Және рухтары да әр жерде қаңғырып жүр. Рухымыз да өзіміз де  түгелімізбен туристпіз.

Әлемнің осындай қызылды жасылды қызығынан бас тартсаң ғана жиған білімің қызықтырақ. Ол үшін табандылық керек. Байқағаным,  батыс ойшылдарының   білімді иемденгіштігінде шек жоқ екен. Әсіресе кеңістіктегі жұмбақ, құпия атаулының бәрін сіңіріп қалуға өлермендене тырысатыны. Либеральды, консервативті, революциялық, прогрессивті, регрессивті материялистік, идеялисттік ағымдар  қазіргі таңда жарамсыз. Бірақ, білгеннің зияны жоқ, тексеруді одан ары тереңдете түстім. Философияның өзі тереңдік.  «Философия ғылым емес. Ол керек десеңіз әдепсіздік іспетті. Себебі заттың және адамның үстінен жамылғыны жұлып алып, оның табиғи қалпын, денесін, күйін, мінез құлқын жалаңаштайды. Ақиқат дегеніміз жамылғысыз заттар. Ақиқатты білдіретін гректің «aletheia» деген сөзі сөзбе сөз аударғанда жалаңаштану дегенді білдіреді.» - дейді Ортегга - и - Гассет.

Философтар заттарды өздеріне дейінгілердің айтуы бойынша ажыратып, анықтауға көшкенде алдарына жан салмаған. Хазіреті Әбу Бәкір айтады: «Дүниені тану заттық денелер әлемін танудан әлдеқайда ауқымды, Раббымыз оны өзінің сүйікті құлдарына ғана сыйлаған». Демек, әрнәрсеге бола терең ой жіберуді қажетсінбейтін көзі ашық, санасы өткір адамдар ғана ақиқатты адаспай тану бақытына ие. Әулиелік қасиеті бардың ғана танымы  тура. Философтардың ақиқатты танудағы қателіктері алдымен айнымалы ақыл ойдан шықты. Әріп пен дыбысқа дейін ұсақталып, көзбен көретін майда нәрселерге дейін құлдыраған таным мен қабілет өзінің табиғи халінен мүлдем алыстады. Сондықтан олардың  тура жолға түсуі екіталай болды. Осындай үздіксіз жасалған адасушылық ойшылдардың  өзін затқа айналдырып жібергені соншалық,  адам құндылығының қайнар бастауы ретінде адамдар тек зат жасаумен шұғылданып әуре. З.Фрейд неге алаңдады? Құдайға сенудің түп тамыры адам тіршілігінің қорғансыздығынан демеп пе? Ал, Хайдеггер бекер шырылдамапты. Философия о заманда асыра бағаланды. Және талаптарды тым көп жүктеу әдетін тастамай, тек теориялық бағытта жетіле түсті. Таным ақиқаттың көмескі түстерін ғана тани алды.  Ой тым қатты метафизикалық зерттеуге түскен кезде өз мәнінің қайыршы кейпіне дейін төмендеді. Ақыл-ой болмысты жаулап алатын аласапыран күш, бірақ, ақиқаттан алшақтаған атеисттік ойдың бары не жоғы не? Атеисттік таңдау оларды мүлдем иррациональды дүниенің бірнеше бөліктерге бөлініп кеткен хаосына әкеліп тірейтінін алғашқыда өздері білмеген болуы керек. Позитивизм, эмпиризм, таныммен тәжірибеге сүйенейік деді, жеке индивидтік бет алды рухани лағуына жол ашып берейік дейді. Рационализмнің орнын иррационализм, сосын экзистенциялизм басты. Ницшенің Заратустрасы  «Құдай өлді!» деп жаһанға жар салды. Себебі батыстықтардың санасындағы  Құдай туралы түсініктің жойылғанына ойшыл қатты күңіреніп осылай демеске амалы қалмады. Яғни, мұндай қоғамда жеке адамның рухани өмірінде ойына не келсе, соны істеуіне ерік берілген. Бұл жеке тұлғаның анық өзін-өзі жоғалтуына әкеп соғатын, сүйтіп құрдымға жіберетін ағымдар жиынтығы. Адам тек жан күйзелісімен азапты өмір сүру үшін жаратылған зат деп дөй далаға лақты біреулері. Осындай ақыл-ойдың батпағымен адамды шықпастай ғып батырып, бетімен кеткен философия батысқа да ондағы қазіргі өркениетке де опа әперіп отырған жоқ.

Философиямен шұғылдануға негізінен өзіңнің ішкі тәжірибең  керек. Мейлі  жаңалық ашпақ үмітпен өзіңді өзің зерттеу үшін саяхатқа шықсаң да. Ішкі тәжірибе кеңістіктегі бір біріне  қарама қарсы және тұрақты заттарға қатысты сыртқы тәжірибе емес. Санамызбен саралағанымызбен, бізде бар деп сеніммен айта алатын сезімдік аңдау мен түсініктер яғни көмескі түсініктер сферасының шексіздігі, ал айқын түсініктер оның сана алдында ашық тұрған саны шексіз аз нүктелерді ғана қамтитындығы, біздің жан дүниеміздің үлкен картасында аздаған жерлері көрсетіледі. Адамның көмескі түсініктерінің өрісі бәрінен кең екен. Батыс ойшылдары көмескі түсініктерге жиі үңілді. Көмескі түсініктердің ойынына айналды да  пайымы  қисынсыз нәрселерден арыла алмай дал болды. Мистиктер айтады:«Түнмен кездесу ақылдың маңдайына жазылған. Сана түнмен ұшырасады.». Бірақ, бұл сана түні мәңгілік түнге айналып кетпесіне кім кепіл!  Қараңғылықты қолдан ұйымдастырды. Сүйтіп,  ақыл қазынасын іздеушілерді өзіне тарту үшін айтар әмірі осы. Расында да маңызды деп саналған еңбектер өздеріне арналып жазылған болса, иллюзияны қайда қоямыз? Егер кейбір оқымыстылар айтатындай, философияда болған тоқырау тек өз иіріміндегі өздерінің менменсінуі мен еріккендердің ермегіндей бейтарап оқиға етіп қабылдасақ, қатты кеткен болар едік. Олардың қоғамдағы жағдайын ескерсек,  зілдей салмақты көтере алмаған. Осындай жүктің астында қалған интеллектінің күл талқаны шығады. Әсіресе экзистенциялисттердің халі мүшкіл екенін шығармаларынан байқай аласыз. Рухын қыспаққа алған бұл неткен шұбар жылан? Өздерімен өздері «тұлғаның екіге жарылуындай»  күй кешкен. Мұндай жағдайда ешкім де көмекке келмейді. Рухани денеңе жедел жәрдемді тек өзіңнен сұрайсың.  Азабы көп, күмәні мол метафизикалық кеңістікке, логика мен метафизикаға ауадай қажет идея үшін өздерін құрбандыққа шалды. Өз ой-сезімдерінің еріксіз құбылған жолының ішкі тарихын анықтауға  көп құмар болды.

Мұндай құмарлық қай жақтан әсер ететіні белгісіз, жалған құдіреттермен және күштермен шатасуға, иллюминатизмге апарып соқтырған. Ойшыл Альбрехт Галлер осы жағдайға тап болыпты. Ол көбінесе үзбей өте ұзақ, бірнеше сағаттар бойы өзінің көңіл күйі жайында күнделік жүргізген. Ақырында «тұлғаның екіге жарылуы» проблемасын өз басынан шығарды. Ия, рас, олар ақталады, ақиқат үшін күрестік дейді. Дейді де қолдан  жалған ақиқат жасайды. Ғылымды түсініп болмай, оның мәніне жетпей тұрып бар ақиқатты жоққа шығарады, яғни көзді жұмып тұрып дүрсілдетіп мылтық атады. Дүрсілдеген дауыстардан құлақ тұнады. Таным жарқыраған жарықшақтардың ішінде дәрменсіз күйде қалды. Таным затының құпиясымен ешқандай күдікке орын қалдырмайтын білім, қателіктері мен жаңсақ сенім жетегінде ергізбейтін ақиқат білімін иелене алмай  қаншама ойшылдар өзінен бас тартты. Таным бәрібір жеміссіз болып шықты. Мұның бәрі бос әурешілік. Осылайша  XVIII-XIX-ХХ ғасырлар бойы адамзат ақыл азабын қатты тартты. Егер олар  Құран Кәрімді басшылыққа алғанда, білімді имандылықпен ұштастырғанда қазіргідей өркениетте рухани күйреу өршімес еді. Енді Батыс  рухани иммунитеттен біржола айырылу қаупі алдында тұр.

Қандай заман болмасын, адамзаттың қателіксіз тарихы жоқ. Адасқан ақиқаттар сабақ болсын бізге. Енді адамзатқа  өз бойындағы қоқысты ыршып, жан дүниені жалған сенімдерден тазартып, тәубемізге келіп, Аллаһ Тағала алдындағы парызымызды  орындау ғана қалды.

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1580
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606