Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4556 0 пікір 1 Желтоқсан, 2009 сағат 05:48

Жанұзақ ӘКІМ. Мәңгі Қазақ елі

Астанада «Қазақ елі» монументі ашылғанда, ел ішінде «қазақ елінің мәні неде, қазақ елі бастауын қай кезден алады, қазақ мемлекеті қашан құрылды, «қазақ» этнонимі қай уақытта шыққан және оның мағынасы қандай, «Қазақ елі» мен «Қазақстан» этнонимінің мағынасы бір ме, әлде әртүрлі ме?» деген сұрақтар туды. Бұл сұрақтардың жауабы оңай боп көрінгенімен, ұлт пен мемлекеттің негізгі терминдерінің ғылыми негізі туралы осы уақытқа дейін ешкім толыққанды жауап қатпады.

Қазақстан - парсы сөзінен аударғанда «Қазақ елі» дегенді білдіреді. Республикадағы негізгі тұрғылықты қазақ халқының ана тілі түркі тілінің қыпшақ тобына жатады. Қазақтар - негізінен, мұсылман дінінің суниттік тармағын ұстанатын, ғасырлар бойы қалыптасқан бай мәдениеті бар халық. Қазақ халқының тілі, дәстүрі мен ділі (менталитеті) - шығыстық. Қазақ жерін мекен еткен барлық ұлт өкілдері татулығының сыры негізгі халықтың кең пейілді қонақжай, табиғи болмысында, ұстанған дінінде жатса керек. Себебі мұсылман діні - адам баласын діні мен тіліне, нәсіліне бөлмей, барлығын бауырым деп бағалайтын бірден-бір әлемдік дін.

Астанада «Қазақ елі» монументі ашылғанда, ел ішінде «қазақ елінің мәні неде, қазақ елі бастауын қай кезден алады, қазақ мемлекеті қашан құрылды, «қазақ» этнонимі қай уақытта шыққан және оның мағынасы қандай, «Қазақ елі» мен «Қазақстан» этнонимінің мағынасы бір ме, әлде әртүрлі ме?» деген сұрақтар туды. Бұл сұрақтардың жауабы оңай боп көрінгенімен, ұлт пен мемлекеттің негізгі терминдерінің ғылыми негізі туралы осы уақытқа дейін ешкім толыққанды жауап қатпады.

Қазақстан - парсы сөзінен аударғанда «Қазақ елі» дегенді білдіреді. Республикадағы негізгі тұрғылықты қазақ халқының ана тілі түркі тілінің қыпшақ тобына жатады. Қазақтар - негізінен, мұсылман дінінің суниттік тармағын ұстанатын, ғасырлар бойы қалыптасқан бай мәдениеті бар халық. Қазақ халқының тілі, дәстүрі мен ділі (менталитеті) - шығыстық. Қазақ жерін мекен еткен барлық ұлт өкілдері татулығының сыры негізгі халықтың кең пейілді қонақжай, табиғи болмысында, ұстанған дінінде жатса керек. Себебі мұсылман діні - адам баласын діні мен тіліне, нәсіліне бөлмей, барлығын бауырым деп бағалайтын бірден-бір әлемдік дін.

Қазақстан Республикасы Президент-Парламент басқаратын зайырлы және азаматтық қоғам ретінде қалыптасуда. Ол Ресейдегі секілді федеративтік немесе Швейцариядағыдай конфедеративтік емес, ұлттық мемлекет. Ел тұрғындарының дені ресми тіркелген мұсылман және православиелік христиан дінін ұстанады. Жас мемлекеттің қоғам түгел мойындаған, елдің жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін жоғарыда келтірілген негізгі ұстанымдары, оның дамуының тұғыры және ұлттық - қазақ идеясын іске асыратын даму стратегиясының базалық негізі болып табылады. Осы ұстанымдар, елдегі ұлт және ұлтаралық қатынас, олардың мүддесі, мемлекеттік институттардың қалыптасуы, қоғам дамуының барлық мәселесі негізінен қазақ идеясының аясында жүреді. Ұлттық идеяның негізгі мақсаты - ондаған жылдан кейін елдің қандай болатынын болжауда емес, өркениетті қоғам негізін салуға жол көрсету. Ғимараттың сапалылығы іргетасын берік қалаудан басталатыны сияқты, қоғам болашағы да негізгі ұстанымына байланысты.

Географиялық жағынан Еуразия құрлығының ортасында орналасқан Қазақстан жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алады. Қазақ ұлты мен оның тарихи атамекенін хандар кезінде көрші мемлекеттер, одан кейін отаршыл патша үкіметі мен Кеңестер Одағы, енді бүгін бүкіл әлем мойындады. Осындай ұлан-ғайыр жері, тарихы мен мәдениеті бай қазақ ұлты кеше ғана пайда болып, Қазақстан Республикасы бір сәтте қалыптаса салған жоқ. Қазақ халқы - осы сайын даланы ат тұяғымен дүбірлеткен көне түркілер мен Қазақстан жерінде бұрын салтанат құрған әртүрлі түрк мемлекеттерінің еншілес ұрпағы.

Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458-1473 жж.). Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды (1473-1480 жж.). Сол күрделі заманда Өзбек, Сібір, Ноғай хандықтарының құрамындағы әртүрлі көшпенді ру-тайпаларды бір тудың астына біріктіріп, қазақтың дербес мемлекетін құруда осы ұлы хандардың рөлі зор. Қазақ хандығын құруда Керей және Жәнібек хандармен қатар, елді бірлікке шақырып, жаңа этностың ұлттық идеясының негізін салған Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет сияқты рухани жетекшілер болды. Керей мен Жәнібектің қазақ тарихындағы орны - қазақ мемлекетін құрушылар.

Қазақ мемлекеті тарихындағы өздерінің ерекше орындары бар бізге белгілі 28 хан болды. Олардың соңғылары - Жәңгір мен Кенесары. 1852 жылы Омбыдан Ыстықкөлге сапарындағы Семенов-Тяньшаньский «... Қазақтар тілдері ортақ бір халық», - деп жазады. Қазақ хандығы дәуірінде қазақ жерінің шекарасы айқындалып, қазіргі Қазақстанға басқа Монғұлдың Баянөлгей аймағы мен Шығыс Түркістан, солтүстігінде Құлынды даласынан Орынборды қоса, одан әрмен Еділдің шығысындағы Сарытау мен Астрахань жеріне орналасты. Бұл қыпшақтар кезінен қалған көне жырда былай сипатталады: «...Тегінде, ноғай, қазақ түбіміз бір, Алтай, Ертіс, Оралда қалған дүбір». Бұл - қазақтың көне түркіден қалған б.д.д. V мыңыншы жылдардан келе жатқан тарихи атамекені.

Ал бүгінгі ескерткіш мәселесіне келсек, моральдық тұрғыдан айдалада иесіз қалған Ұлы хандардың ескерткіші емес, бұл жердің иесіз, елдің киесіз, яғни қасиеттен жұрдай қоғамның келбетін көрсетеді. Енді бәріміз белшемізден батып содан қалай шығудың амалын іздестірудеміз. Ойша өзімізді жұбатқан боламыз. Осы жағдайды бүгін балаларымызға, ертең немерелерімізге қалай түсіндіреміз? Біз ақталып, өзімізді қанша жұбатқанымызбен, бұл кезінде НКВД-нің швондерлеріне еріп «басқаның хандары жақсы болғанда, қазақтың хандарын жаман қылған» кері замандағы вандализмнің бір түрі болды. Бүгін өгізге туған күн ертең бұзауға туатынын ұмытпаған жөн.

Түркімендер Ниязовтың күні кеше алтыннан тұрғызған ескерткішін бүгін біреулер алып тастады десе, екінші біреулер қалай алудың амалын қарастыруда дейді. Өз уақыты мен өз орнында тұрғызылмаған ескерткіштің түбі құлайтыны белгілі. 1917 жылы Ғұмар Қараш: «Ерте атқан таңнан қорқам...», - деген еді. Шынында да, ол болашаққа бір күдік пен үрей туғызатын жағдай.

Бүгін ұлы хандардың ескерткішін лақтырып тастағандар ертең бүгінгі билік басындағылардың ескерткіштерін алып тастауға жол ашып, кері үрдісті мемлекеттік санаға сіңдіріп отырған жоқ па? Ондай үрдіс биліктің дәстүріне айналатын болса, онда елден береке кеткені.

Кітаптарды өртеп, бұрынғының барлығын қирататын, ұлтымыздың санасына жат фашистер мен большевиктерден қалған жабайылық үрдістен аулақ болуымыз керек. Егер олардан алшақтамасақ, онда сондайлардың бір түрі боламыз. Боламыз емес, осы болып та қалған жоқпыз ба?

Орта ғасырдағы француздың бір королі «тарих менен басталады» дегеніндей, біздің кейбір «данышпандар» қазақ мемлекеті бастауын 1991 жылдан алады дегенді қолдан жасап дәлелдеуге тырысуда. Сүйекке таласқан ондай қандендердің біреуіне орден, екіншісіне пәтер... керек екені белгілі. Ар-намыстан жұрдай сондайлардың бар мұрат-мақсаттары осы. Ондайларға әкесін атып, батыр атанған Павлик Морозовың үлгі сияқты. Бүгін мемлекеттің негізін қалаған, кешегі ұлы хандарды керек қылғысы келмегендер, ертең билік өзгерсе, бүгінгі билікті сатып кетуден тайынбайды.

Тарих мәселесіне келсек, өткен жылы ТМД-нің 14 елінде жүргізілген сауалнамада Қазақстандағы соңғы 20 жылдағы тарихи оқиға ретінде 1986-ның желтоқсанын ғана атапты. Елдің тәуелсіздік алуы, Конституцияның қабылдануы т.б. оқиғаларды респонденттер өздері ішінде араласып жүрген құбылыс деп қараған. Шындығында нағыз тарих белгілі оқиғадан 50 жылдан кейін басталады. Архивтердегі құпия документтер де сол кезде ашылады. Ол халықаралық норма. Ал біздің кейбір «тарихшылардың» ойдан тарих жасағылары келіп жүргені Асан қайғы бабамыздың «құдықтағы көлбақа, ел қадірін не білсін» дегені болса керек. Сондықтан алдымен қазақтың тарихы мен бүгінгісін бір-біріне қарсы қою - ол опасыз көрсоқырдың тірлігі. Осындай үрдісті қоғамда үнсіз қабылдау - ол болашақта елдің бүгінгі тарихы Астананың қоқысында қалуына жол ашу болады. Елдің тарихы мен мемлекеттік тұлғаларға істеліп жатқан осындай кереғар тірліктерге тойтарыс бермей, үндемей қалудан асқан қылмыс болмайды. Тарихтағы қылмыстың барлығы осындай үндеместердің қатысуымен болады. Сондықтан, олар да қылмысқа қатысушы қылмыскерлер.

Бізде болмаған істі басталмай жатып бітіргендей қылып мақтану, Орта Азиядағы лидерміз деп ағайындармен араздататын арзанқол дарақылық, болмайтын істерге берілетін тапсырмалар... көптеп кездеседі. Әрине осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерді де жасырып қалуға болмайды. Президент саясатының халықаралық деңгейде үлкен беделге ие болып, Қазақстанның ТҮРКСОИ-дағы төрағалығы мен түркі халқын біріктіруде үлкен істерді бастауы, болашақта ЕҚЫҰ-ға, Ислам конференциясына, ШЫҰ-на т.б. беделді ұйымдарға төрағалық етуі - елдің сыртқы саясатының жетістігі. Бірақ тәуелсіздік жылдары экономикада жеткен табыстар негізінен шетелдік компанияларға берілген шикізаттан түскен пайдадан тұрады. Осы уақытта халықаралық бәсекеге сай отандық жаңа технологияның негізінде бір де бір тауар шығарылған жоқ. Өткен жылғы экспорттың 100%-ы - шикізат. Тұтынатын тауарлардың 50-70% шеттен келеді. Жаңа өндірісті дамытуға бюджеттен бөлінген несиенің 4-5% ғана өз мақсатына жұмсалады. Көлеңкелі экономиканың деңгейі ЖІӨ-нің 35-40%-ын құрайды. Сыбайлас жемқорлықтың деңгейінен және шеттен несие алудан әлемде алдыңғы қатарлардың біріндеміз. Дағдарыс кезінде алынған соңғы 10 млрд доллар несие экономикаға кері әсер етіп,  ел қауіпсіздігіне нұсқан келтіріп жүрмесін. «Құныққаннан ашыққан жақсы» демекші, түбінде бізден гөрі көрші қырғыз бен өзбектің жағдайлары әлдеқайда жақсы болуы мүмкін. Олардың жағдайлары жақсарса, біз қуанамыз. Олар біз сияқты ішкені ірің, жегені желім емес, уайым-қайғысыз күндерін кешіп жатыр. Олар бізге бәсекелес емес, «мазары да, базары да бір» ағайын.

Мемлекеттің қарызы туралы Томас Джефферсонның: «Мемлекеттің қарызы түптің түбінде

Государственный долг неизбежно ведет к разорению, угнетению, нищете и загниванию», - дегенін бір сәт естен шығаруға болмайды. МАГАТЭ-нің деректері бойынша, 2013 жылдан бастап әлемде энергетикалық дағдарыс басталады екен. Қазақ «жұт жеті ағайынды» дейді. Қарызбен күн көретін экономика елді дамытуға емес, қарызды қайтаруға қызмет етеді. Мысалы, өткен жылғы біздің банктердің шетелдік қаржы институттарына 15,0 млрд доллар қарызын қайтаруға ұлттық қордан жұмсалған қаржы соның дәлелі. Қалай болғанда да дағдарыстан қарызданбай өз күшімізбен шығып, экономиканы қарызсыз дамытқанда ғана, тәуелсіздік баянды болмақ.

Жалпы, бұл жерге кәпір мен шүршіттің көз алартуы тоқтамай, ел мүддесі сақталып, мемлекеттің дамуы екіталай. Сондықтан айналаға жалтақтап көлденең көк аттыға жем болмай, алдымен өзімізге сеніп ана тіл мен ата дәстүрді жалғастыру арқылы қоғамды дамытқанда ғана өркениет жолына түсеміз.

Соңғы кезде қоғамда әділеттілікті қабылдай алмайтын жағдайға жетіп, қараңғы бөлмеден қара мысық іздейтін «домалақ арыз» жазушы «жармақ басты» жалақорлар мен соларды қолдайтын шенеуніктер көбейіп, енді зиялылары - зиянды, ұстаздарды - бейшара, оппозициясы - халық жауы, сопылар - сорлыға ... айналып, зар заман кезіндегі Әбубәкір айтқан:

«Заманым түгіл, ел азды,

Ел ішінде ер азды...

Бұрынғының бірі жоқ,

Жақсылардың күні жоқ...

Атаның салған ақ жолы,

Тоқтап қалды кідіріп...

Қарттардан кетті ауырлық,

Сопыдан кетті сабырлық.

Төмен басты заманды,

Біз заманға нағылдық?! -

деген жағдайға жеткен жоқпыз ба? Сонда біз қайда барамыз?

Мүмкін бұл дұрыс пікір болмас. Егер біз қателессек қуанар едік. Біз ондай тозақтан енді ғана шығып жатқан жоқпыз ба? Оны неге сонша сағынамыз? Ол тәуелсіздік, бостандық, азаттық, еркіндіктерден гөрі отарлық кезде дағдыланған құлдық психологияға жақын емес пе?

Билікті қуыршақ, заңдарды жел қайда тұрса, соның ығымен кете баратын қаңбаққа айналдыру соңғы кезде «сәнге», тіпті аламан бәйгеге айналып барады. Ол ел тағдырын жезөкшелердің тағдырынан айыра алмайтындардың тірлігі болса керек. Ал оған елдің қандай қатысы бар? Елде тұрақтылық, билікте парасат, ақсақалдарда салмақтылық, заңдарда әділеттік болмаған жер жын-шайтанның ойнағына айналады. Кейде осындай келеңсіздіктерді көргенде, І Петр «жеңілтек дала» деп дұрыс айтқан ба деп ойлайсың. Жеңілтектің зардабын осы дала талай тартқан жоқ па? Енді, болмай жатып тек кең далаға ғана емес, ұзақ уақытқа да сыймайтын жағдайға жеттік пе?

Мемлекеттік тілдің қабылданғанына 20 жыл болды. Ол Конституция мен бірнеше заңда бекітілгенімен, енді «үш тұғырлы тіл» деген үш басты айдаһарды стратегияға енгізді. Біреулер қазақ халқының орнына Черчилльдің бабуиндерінің өздері өзгертуге бара алмаған «қазақстандық халық» дегенді қоғам санасына сіңдіруге тырысуда. Одан кейін төлқұжатқа ұлтты жазбау керек деп елді бір дүрліктірді. Осындай, ғылыми тұрғыдан негізсіз, моральдық тұрғыдан арсыз, елдік тұрғыдан бір қайнауы ішіндегі қойыртпақ, мемлекеттік тұрғыдан сауатсыз қалаймақанды қандай кәллә ойлап табады деп таң қаласың. А.Эйнштейннің «надандыққа дауа жоқ» дегені осы болар. Дауа жоқ болғандықтан да, қоғам Абайдың «надандарға дес берме» деген өсиетімен қаруланғанда ғана түзелер.

Ұлы хандардың ескерткішіне байланысты оқиға ұлт санасын оятуда 86-ның желтоқсанынан кейінгі қоғамды біріктіретін ірі сілкініс болды. Билік пен жастардың, билік пен қоғамның арасындағы уақытша түсініспестікті біз қоғамды біріктіруге пайдалануымыз керек. Себебі Керей мен Жәнібек хандар өмір бойы қазақ мемлекетінің негізін қалап, қазақ халқын біріктіру мақсатында күресіп өтті. Олардың игі істерін жалғастыру - бүгінгі және келешек ұрпақтың міндеті.

Тәуелсіз қазақ елінің тұрақтылығы мен өркендеуі ұлтты бір тудың астына біріктіру арқылы осы мемлекеттің негізін салып, жерді ұлғайтып және керек кезінде сақтап қалу жолында күрескен ұлы хандар мен батырларды құрметтеуден басталады. Елдің тарихы мен ата дәстүріне (тіл, дін, діл...) беріктік - мемлекеттің мәңгі жасауының кепілі.

Мемлекет теңізде қалбаңдаған қайық немесе аққу, шаян, шортан сүйреген арба емес. Қазақ мемлекеті деген -  алты алаштың басын қосып елдегі ұлтаралық қатынасты сақтай білген төрт құбыласы тең қоғам.

Ұлт пен мемлекет ондаған-жүздеген қабат кірпіштен қаланған ғимарат сияқты. Кірпіштің әр қабаты - ол бір ұрпақ. Олардың әрбір қабатының ғимарат тұрғызудағы үлесі бірдей. Бұл мемлекеттің іргетасы - түбі бір түркіде жатыр. Егер мемлекеттің іргесі мен қабырғасы берік болса, онда ғимарат мәңгі тұрады. Сол сияқты хандар мен қазіргі билік арасына іріткі салып, кейбіреулердің тарихты қолдан жасауға тырысуы - осы ғимаратты құлатуға талпынғандардың әрекеті. Мен өзім қандастарымыздың қай-қайсысын да ел ішінде іріткі салады деп айтуға қимаймын. Қазақтың жалпы барлық уақыттағы хандары (кешегі, бүгінгі, ертеңгі) жақсы болғанда, қоғам өркениетті елдер қатарына қосылады.

Қазақ - ол түркінің ұрпағы. Түркілік - қазақтың жаны, ал ислам оның иманы. Түркістан - Түркі елі ("түркі" сөзі - ол көне түркілер мен барлық түркі халықтарының анықтамасы. "Түрк" - ол Көк түрктерді немесе түрк қағанатының анықтамасы (М.Жолдасбеков т.б.), ал "түрік" - ол Осман мемлекетіндегі түріктердің аты). Сталиндік репрессияның қазақтың зиялыларын құртып, рухын таптау мақсатында «пантюркизм», «панисламизм» дегендер пайдалануы сондықтан. Соңғы кезде біреулер біз арийлердің (яғни парсылардың) ұрпағымыз дегенді жазып жүр. Жалпы, кімнің қайдан шыққанында шаруамыз жоқ. Ал олар көне түркілерден басталатын бізге белгілі жеті мың жылдан астам тарихымызды бұрмаламаса екен. Қытайдың б.д.д. 2614 жылы құрылған алғашқы мемлекеті мен өркениетінің негізін салған Хуанди бастаған көне түркілер екенін француздың ұлы ғалымы Тьер де-Шардан, жапон, фин ғалымдары осыдан бір ғасыр бұрын дәлелдесе, Үндістанның біртұтас мемлекет болып қалыптасуында түркілердің шешуші рөл атқарғанын Дж.Неру мойындады (қараңыз: Әкім Ж. Түркі өркениеті негізіндегі қазақ идеясы. Алматы, 2007. www.massagan.com). Сонымен қатар түркілер Ресей, Болгария, Египет, Украина т.б. мемлекеттердің қалыптасуында белгілі рөл атқарды. Түркілер, оның ішінде қазақтар тегіне берік ұлттар қатарына жатады. Сондықтан да олар тек жеті атасын біліп қана қоймай, көне дәуірден келе жатқан руларын да жақсы біледі. Сонда кең дүниені тарылтып, бай тарихты кішірейткендегі мақсат қандай?

Төрт құбыласы түгел ел боламыз десек, осындай жалған ғалымсымақтардың «еңбектерін» ғылыми саралап бағасын беретін және тарихымызды жүйелейтін ғылыми орталық қажет.

Тарихи тұрғыдан қарасақ тәуелсіз Қазақстан - мемлекет ретінде алдымен Ұлы түрк қағанатының, одан кейін кешегі Қазақ хандығы мен Қазақ КСР-нің ізбасары. Еуропалықтар жоқтан бар жасай алмай жүргенде, біздің бай тарихымызды жоқ қылуға талпынуымыз - түсініксіз әпенділік.

Тәуелсіз мемлекеттің қадірін түсіну үшін тарихы бізден әлдеқайда көне, саны қазақтан бірнеше есе көп күрт және ұйғыр ағайындардың тағдырына үңілейік. Ол кезінде елді біріктіріп, ұлтты ұйытып, ұлан-ғайыр жерді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап, іргелі мемлекет құрған Керей мен Жәнібек сияқты Ұлы хандары мен батырлары болмаған халықтың тағдыры. Өркениетті елдерде мемлекеттің негізін қалаған тұлғаларға ел астанасының аттарын беріп жатады. Мысалы, Дж.Вашингтон атындағы АҚШ астанасы Вашингтон қаласы. Сондықтан біз де тәуелсіз ел, іргелі мемлекет боламыз десек, досқа күлкі дұшпанға таба болатын тірліктен ойымызды да, бойымызды да аулақ ұстап қолдан келгенше осы елдің қалыптасып кетуі үшін бір жағадан бас... шығарып еңбектену қажет.

Тәуелсіз Қазақстанның қысқа уақыт ішіндегі жетістігін халықаралық қауымдастық пен мойындағысы келмейтін елдердің өздері мойындап отыр. Егер мемлекет ғұмырын 24 сағатқа теңейтін болсақ, онда тәуелсіз елдің өткен 18 жылы - сол тәуліктегі уақыттың 18 секундына тең. Алдағы ұзақ жолда атқарылатын үлкен міндет күтіп тұр. Бұл - болмай жатып масайрайтын емес, болашақ үшін күресетін кез. Доспамбет жыраудың «бетегелі Сарыарқаның бойында, соғысып өлгенде арман жоқ» дегендей, бұл қасиетті жолда бар күш-жігер, қайрат, өмір сарп етілсе, арман бар ма? Махамбеттер сияқты:

...Тебінгіні терге шірітіп,

Терлігін майдай ерітіп,

... Ат үстінде күн көріп,

Ашаршылық шөл көріп,

... Найзасынан қан тамып,

... Қанды көбік түкіріп,

... Жолбарысша жорытып,

... Бөрідейін жол жатып,

Жауырынына мұз қатып...

бірнеше ұрпақ күрескенде ғана, бұл елдің көсегесі көгереді. Себебі қазіргі және алдағы ұрпақтардың алдында еңселі ел болып, мәуелі мемлекет құруда үш ғасыр бойы тұралап қалған күрделі мәселелерді шешу міндеті тұр.

Әрбір заман ұрпақты, ұлтты, мемлекетті, жалпы адамзатты белгілі кезеңде сынап, електен өткізіп отырады. Осы ұлы күресте жеңіп, уақыт сынынан абыроймен өткендер ғана мәңгі жасайды. Бұл - мәңгілік өмір заңы.

Басы барды идіріп, тізесі барды бүктіріп дүниенің төрт бұрышын билеп, «Мәңгі түрік елі» үшін күрескен бабаларымыз заманының сондай алыптары болды.

Халқымыз «биік тауға алыстан қара» дейді. Тәуелсіз елді аласарған төбе қылып аяқасты етуге тырыспай, оның игілікті істері мен соларды атқарған биік таудай тұлғаларға алыстан қарап, белгілі уақыттан кейін өз кезінде халықтың берген тарихи бағасы дұрыс болады. Себебі ақиқатқа жақыны - уақытында өз орнымен берілген баға.

Қазіргі Қазақстан - түрктің қарашаңырағы. Батыс түрк қағанатының астанасы Қаратауда болғаны белгілі. Осыдан XV ғасыр бұрын түрк қағанатын құраған тайпалардың барлығына жуық қазіргі қазақ руларында кездеседі. Қазақстан - туыстас түркі республикаларымен бірге ұлы түрк қағанаты кезінен келе жатқан «Мәңгі түркі елі» идеясын іске асыратын мемлекет. Тәуелсіз Қазақстанның мұрат-мақсаты мен мемлекеттік идеясы да - осы. Түркі туының астында біріккенде ғана Қазақстан мәңгі жасайтын ел болады. Осыған еңбек ету - барлық қазақстандықтардың міндеті.

Жанұзақ ӘКІМ,

Еуропа Ғылым академиясының мүшесі

 

"Абай-ақпарат"

 

0 пікір