Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3189 0 пікір 1 Желтоқсан, 2009 сағат 05:34

Шалқар ЕСТЕН. Юран қазақтан кешірім сұрасын!

Жуырда бірқатар БАҚ құралдары «Локомотив» футбол клубының бұрынғы бапкері Сергей Юран мен осы команданың мүшесі Жамбыл Көкеев арасындағы кикілжіңге қатысты хабар таратты.

Жуырда бірқатар БАҚ құралдары «Локомотив» футбол клубының бұрынғы бапкері Сергей Юран мен осы команданың мүшесі Жамбыл Көкеев арасындағы кикілжіңге қатысты хабар таратты.

Енді осы даудың қалай басталғанын баяндап өтелік. Бұдан біраз уақыт бұрын ресейлік маман Жамбыл Көкеевті команданың негізгі құрамынан шығарып тастады. Сөйтіп алаңдағы ақылды ойынымен жанкүйер жүрегінен орын алып үлгерген дарынды футболшы «Локомотивтің» қосалқы құрамында «жазасын» өтеді. Әрине бұл жағдай көптің назарынан тыс қала қоймады. Көкеевтің не себептен алаңға шықпай жүргеніне алаңдаулы жанкүйер қауымның көкейіндегі сұраққа жауапты бас бапкер Юран берді. Ол Жамбылды команда мүшелеріне ортақ тәртіпті бұзды деп айыптады. Оған әрине көпшілігіміз сендік те. Өйткені жас футболшылар тарапынан не қилы «еркеліктердің» жиі орын алып жататынына куә болып жүргеніміз рас. Қалай болғанда да бас бапкердің шешімі команда мүшелері үшін орындалуға тиіс заң. Көкеев те сол бұйрыққа бағынып, Юранның қалауымен қосалқы құрамда доп тебуге мәжбүр болды. Ал дәл осы тұста «Локомотив» бірнеше маңызды кездесулер өткізді. Әлгі ойындарда шабуылға дем беріп отыратын талантты жартылай қорғаушының орны ойсырап қалғаны анық байқалды. Андрей Тихонов қанша жерден командасын алға сүйреп, жеңіске жетелеуге тырысса да болмады - «Локомотив» маңызды ұпайлардан көз жазып қалды. Бірақ Юран сонда да Көкеевті негізгі құрамға қайтаруға асықпады. Мінезі біртоға, тәрбиелі ортадан шыққан Жамбыл соншалықты не бүлдіріп қойды екен дестік. Кейінірек «жазасын» өтеп болған Көкеев команданың негізгі сапына қайтып оралды және жасыл алаң төрінде өзінің шеберлігін сан мәрте дәлелдеп те берді. Ол гол да соқты, Тихоновтарға нәтижелі пас та жеткізді. Кім біледі, бәлкім Юран қитықпай, Көкеевті негізгі құрамға ертерек қайтарғанда «Локомотив» чемпиондық атаққа қол созып қалар ма еді? Бірақ болар іс болды, «теміржолшылар» өздеріне бұйырған жүлдені иеленді. Ал Сергей Юран чемпионат аяқталмай жатып-ақ командадан кетті.

Әйтсе де маусым аяқталған тұста жаңағы даудың жаңғырығы естілді. 21 жасар Жамбыл Көкеев жалпақ жұртқа ақиқаттың бетін ашты:

- Бірде командалық әріптесім Мақсат Байжанов екеуміз қазақ тілінде сөйлесіп келе жаттық. Жәй әншейін әзілдесіп, күлген едік. Бірақ мұнымызды Юран басқаша түсініп, өзін мазақ етті деп қабылдады. Сондықтан болар ол бұдан былай өзінің көзінше біздің тек орыс тілінде сөйлеуімізді талап етті. Мен оған көнбедім.

Міне Көкеевтің қосалқы құрамға қуылуының түп-төркіні осында екен. Жазықты болған Жамбыл өз қандасымен өз ана тілінде сөйлескені үшін жапа шекті. «Локомотив» қосынындағы Юран түзген «тәртіпке» мойынсұнғысы келмеген Жамбылға ара түсер Қазақстанның футбол федерациясы шошқа тағалап отырған ба? Шындықтың беті ашылғалы бері бірнеше күн өтсе де құзырлы орындағы шенеуніктердің біреусі де жұмған аузын ашқан жоқ. Намысты ел екеніміз рас болса әшейінде ауыз жаппас шешендеріміз неге бұғып қалды?  Босағамыздан аттап, бірден төрімізге өтіп кететін Юран сияқтыларды тәубесіне келтіруге тиіспіз. Ол үшін осы салаға жауапты Қазақстанның футбол федерациясы мәлімдеме таратсын, елімізде қызмет ететін шетелдік мамандарға ескерту жасасын, қатаң талап қойсын. Бұндайға жол берген жетесіздерге жаза тағайындасын. Бірқатар клубтарды шырылдатып, айыппұл төлеттірген федерациямыз әншейінде принципшіл еді ғой. Осы жолы көрсетсін мықтылығын. Ұлттық намысымызды аяққа таптаған Юранды халықтан кешірім сұрасын. Өйтпейді екен оған қазақ шекарасын аттап басуға тыйым салынсын. Қазак елінің футболын өркендетуге шын ниетпен келгендері рас болса, жатжұрттықтар біздің ұлттық құндылықтарымызды сыйласын. Тілімізге, ділімізге қол сұқпасын!

 

«Айқын» газеті

 

 

0 пікір