Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5456 0 пікір 16 Қазан, 2009 сағат 06:39

Әлімғазы Дәулетхан. Байгелдінің «Елібайы» кім? Қайда туған?

Осыдан екі апта бұрын газетімізде кәсіби тарихшы Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН ағамыздың «Тарих түйінін Сізше тарату - күнә» деген сенатор Өмірбек БАЙГЕЛДІ мырзаға арнаған ашық хаты жарияланған болатын. Екі апта күттік. Сенаторда үн жоқ. Шамасы, тарихи деректер негізінде түгін қоймай сынаған мақалаға жауап жазуға айтар уәж таппағандығынан болар, тырп етер емес. Ал, мына мақаладан соң, Ли БАЙды ДУЛАТ бабасының тоғызыншы ұрпағы жасаған қияли ойынан қайтып, кітап сөрелерінде сіресіп жатқан «тарихи» еңбегін қайтарып алатын шығар. Егер, оған парасаты және тәуекелі жетсе. Маңайына жиналған алды доктор, арты аудармашы «қолдаушылары» райынан қайтарып жүрмесе азамат ретінде солай жасауға тиіс!

Осыдан екі апта бұрын газетімізде кәсіби тарихшы Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН ағамыздың «Тарих түйінін Сізше тарату - күнә» деген сенатор Өмірбек БАЙГЕЛДІ мырзаға арнаған ашық хаты жарияланған болатын. Екі апта күттік. Сенаторда үн жоқ. Шамасы, тарихи деректер негізінде түгін қоймай сынаған мақалаға жауап жазуға айтар уәж таппағандығынан болар, тырп етер емес. Ал, мына мақаладан соң, Ли БАЙды ДУЛАТ бабасының тоғызыншы ұрпағы жасаған қияли ойынан қайтып, кітап сөрелерінде сіресіп жатқан «тарихи» еңбегін қайтарып алатын шығар. Егер, оған парасаты және тәуекелі жетсе. Маңайына жиналған алды доктор, арты аудармашы «қолдаушылары» райынан қайтарып жүрмесе азамат ретінде солай жасауға тиіс!

2009 жылы «ҚазАқпарат» баспасынан «Елібай-Ли Бай. Ли Бо» атты көлемді (46,9 б.т., 528 б.) кітап жарық көрді. Бұл кітап Сенатор Өмірбек БАЙГЕЛДІнің Қытай еліне зерттеу жұмыстарын ұйымдастырып, мәліметтер жинап, оларды аудартып, «Беташар» жазуымен баспадан шыққан. Кітапқа енген ақын өлеңдерін қытайшадан қазақшаға жолма жол аударушылар Мұқтархан ОРАЗБАЙ, Мұрат СҰЛТАНБЕК, Мұратжан СӘРСЕН. Ал, бұл кітапқа филология ғылымдарының докторы Сауытбек АБДРАХМАНОВ «Жыр жұлдызы» атты ұзын-сонар кіріспе сөз арнаған екен. Ол Мұқтархан Оразбайдың сөзіне сүйене отырып: «Елдібай (Ii/Li  болу керек/-de/-bai) тарихта қытайша жыр жазған қазақ ақыны» деп кесіп айтады (15 б). Сондай-ақ, ақынның туған жеріне тоқталғанда ол Мұқтарханның сөзін келтіріп: «Елі Жамбыл облысындағы Шу өзені бойындағы Суяп немесе Шуие, Шу қаласы деп айтылады» деуі көкейге қонады» (17 б) деп кесіп айтады. Бірақ, С. Абдрахманов аталмыш алғы сөзінде: «Біз үшін қазір маңызды жайдың бірі Ли Бо есімімен аталатын бұл адамның қашан, қайда дүниеге келгені, оған қазақтың қандай қатысы болуы мүмкін екендігі» (16 б) деген сөзі, біздің осы мәселені зерттеуімізге түрткі болды.

Доктор Сауытбек мырзаның Ли Байдың туған жері жөнінде ой кездіруіне түрткі болған нәрсе «Ли Боның туған жері жайында мәліметтер орыс тіліндегі әдебиеттану еңбектерінде бірте-бірте өзгеріп келе жатқандығы еріксіз назар аудартады» (16 б) деген сөзінен өрбитін сияқты. Ал, Ли Байды  Елдібай-Елібайға айналдырғанына жұрттың күмән-күдігін қалдырмау қамын алдын ала ойластырған Мұқтархан: «...Атақты қытай-әдебиетші ғалымдарының жазған мақалаларының  басым көп сандысы, Елдібай түрік текті деп ашық түрде тұрақтандырған еді. Олардың қалай жазғанын, не дегенін, біз ендігі кітапта толық аударып беретін боламыз» («Елімен қауышқан Елдібай ақын», Алматы, 2008, 16-бет) деп емексітеді. Біз оқырмандарды Мұқтарханша қысыр сиырдың уызына қаратпай-ақ қытай либайтанушыларының еңбектерін кезең-кезең бойынша  қарастыра отырып, оның туған жұрты жөніндегі аңыз бен ақиқаттың ара-жігін ашып беруге тырысамыз.

 

1. Орта ғасырдан ХХ ғ. басына дейінгі зерттеушілердегі Ли Байдың туған жері Шу (shu) өлкесі деген көзқарас.

Шу дегеніміз қазіргі Қытайдың Сы Шуан провинциясының орталығы Чыңду қаласы. Орта ғасырда ол династия аты болып аталған.

Бұл көзқарасты алғаш рет ортаға қойған Мин династиясы (1368-1644) дәуірінде өмір сүрген зерттеуші  Яң ШЕН болатын.

Цин династиясы (1616-1911) кезінде өмір сүрген қытай ғалымы Ваң ЧИ болса осы пікірді құптай отырып, оны жаңа деректермен дәлелдей түсті. ХХ ғасырдың басында Хуаң ШИГАЙ деген ғалым Ваң Чидің пікірін қолдай отырып, мол дерек көздеріне сүйеніп «Ли Тай Байдың жылнамалық өмір баяны» деген еңбек жазады.

Онда ол «Таң патшалығын У ЗЫТЯН патшайым билеген (690-705) тұста ЛИ әулетінің ұрпақтары Шу жеріндегі Миянжоу аймағы Жаң Миң ауданы Шиң Лиян қыстағына келіп қоныстанған, Ли Бай дәл осы жерде дүниеге келген» дейді. Ғалымның бұл тұжырымын кейінгі зерттеушілердің көпшілігі қолдап, арнаулы еңбектер жазды. Мәселен, ғалымдар  Чи ВЕЙХАН «Ли Байды зерттеу», Су Жун СИЯН «Ли Бай мен Дуфу таңдамалы жырларына алғы сөз» деген еңбегі Шанхай Фудан университеті филиология факультетінің түсініктемесімен жарық көрген. «Ли Бай таңдамалы жырларына алғы сөз» зерттеуші Ваң БАЙШЯҢ «Ли Тай Бей жылнамалық баянына толықтырулар», Шүй ШУРЕнің «Ли Бай және оның жырлары», Пей ФЕЙдің «Ли Байдың туған жері Суяб деген пікір және оның нақтылы туған жеріне қатысты мәселелер» атты зерттеу еңбектер Ли Байдың Сы Шуан өлкесіндегі  Шуда туғанын анықтаған-ды.

1921 жылы және 1948 жылы Шаңхайдың  «Шаң У» баспасынан шыққан «Жұңгоның әйгілі  адам есімдерінің үлкен сөздігі» атты энциклопедиялық анықтамалық еңбекте «Ли Бай ақын Таң патшалығына қарасты Шу  өлкесіндегі Шаң Миң-Шиң Лиян қыстағының адамы, жанама аты Тай Бай, лақабы - шиңлияндық адам» деп жазады (383 және 670 беттерде).

Демек, бұл авторлардың Ли Байдың туылған жері мен ата-бабасы жөніндегі зерттеулеріндегі қорытынды пікірлері бірдей деген сөз.

 

2. ХХ ғ. 20-шы жылдарынан басталған Ли Байдың туған жерін «Ши үйі» (Xi yu-Ши юй) «батыс өңір» дейтін пікір.

Бұл көзқарастың ортаға қойылуы, жоғарыдағы көзқарастарға қарағанда өте кеш пайда болғанын көреміз. Бұл пікірге тоқталмас бұрын, Қытайда қалыптасқан «Батыс өңір» деген географиялық әрі саясиланған атау жөнінде аз-кем түсінік беруге тура келіп тұр.

Қытайдың тарихи сөздіктерінде: «Ертедегі адамдар қолданған «Батыс өңір» деген сөздің кең мағынасы және тар мағынасы бар. Кең мағынасынан айтқанда, ол Шиңжияңды және оның батысындағы Орта Азия, Батыс Азия, Солтүстік Африка, Жерорта теңізінің шығыс жағалауы. Сондай-ақ, Индияның солтүстік бөлігіндегі жерлерді өз ішіне алады.

Тар мағынасынан айтқанда Иүймин гуанның (қас тасы қақпасы немесе өткелі), Яң Гуанның батысы, Балқаш көлінің шығысы мен Оңтүстік Памирдің (Сұң Лиң) шығысы. Мемлекетіміздің тарихында орталық және жергілікті акимияттар меңгеріп келген жерлер меңзеледі. Бұл көлемдегі жерлер қазіргі Шиңжияңнан әлдеқайда үлкен. Бүгінгі таңдағы Шиңжияңның шекарасы таяу заманғы капитализм-империализм шапқыншылық жасап, еліміздің көптеген жерлерін зорлықпен басып алғаннан кейін қалыптасқан» («Шиңжияңның жергілікті тарихы» - Шиңжияң жоғары мектептері біртұтас қолданатын оқулық. 1999. Үрімжі. 2-б. (756 б)

Бұл көзқарас қазірге дейін баспадан шығып жатқан тарихи зерттеу кітаптарында, карталар мен оқулықтарда орын алып келеді. Міне, осындай саясиланған ұғым бойынша Ли Байды «Батыс өңірде» туған деген пікір айтылған-ды. Бұл пікірді ең алғаш айтқан адам  Ли ИЧЫҢ.  Ол 1926 жылы 10 мамырдағы «Таңғы газеттің қосымшасында» жариялаған «Ли Байдың ата мекені және туған жері» деген мақаласында: «...Ли Бай Сы Шуанда туған жоқ. Ол Ли әулеті жер аударылған кезде, басқа жақта туған» деген екен. Араға 9 жыл салып зерттеуші Чен БИҢГІ «Ли Тай Байдың шыққан әулетіне қатысты түйткілдер» атты мақаласында Ли Бай Ши үйде (Батыс өңірде), Талас қаласында (Тан Лосы Чең) туылып, бес жасында әкесімен бірге Сы Шуанға келіп қоныстанған» деген пікірді ортаға қояды. Осыған іле-шала Ху ХУАЙЧЫҢ  деген зерттеуші «Ли Бай қай елдің азаматы екендігі жөніндегі мәселелер» атты мақала жариялады. Соған байланысты  зерттеуші Ю ГУ «Ли Байдың тегі қытай ма, әлде, түрік пе?» деген мақала жазып, оның түрікке еш қатысы жоқ, нағыз қытай ақыны екенін дәлелдейді.

Демек, Ли Байды «Батыс өңірде» туды деген пікір сол кездің өзінде Қытай ғалымдары арасында талас тудырғаны көрініп тұр.

 

3. Ли Байдың туған жері Орта Азиядағы Суяб

дейтін пікір

 

Біздің  «Ли Байтанушыларымыз» жалаулата жарнамалап жүрген пікірдің авторы академик Го МОРО. Го Мороның  айтқандарына жұрттың назарын аудару үшін Өмірбек БАЙГЕЛДІ екі сөзінің бірінде Ли Байды «Маузы ДҰҢнан жоғары құрметтейді»деп, «Го Моро деген Маоның орынбасары» деп те көтермелеген болады. Сіздер мен біздер үшін Мао деген кім өзі? Оның орынбасары болған немесе, одан абройлы болғанынан Го Моро аспандап кете ме, әлде, біз оның аяғына жығыла тәу етуге тиіспіз бе?

Рас, Го Моро ғалым, белгілі ақын, драматург, тарихшы, қоғам қайраткері ретінде танылған адам екенін біз де білеміз. Оның өлеңдері мен поэмалары жөніндегі лекцияларды тыңдап өскен ұрпақтың біріміз. Го Мороның сонау 20-30-шы жылдардан басталған шығармашылық қызметінде өткен ғасырдың 60-шы ылдарына дейін зор абыройға бөленіп, жұрт мойындаған тұлғаға айналса да ҚКП 60-шы жылдарда Мао бастаған әсіресолшыл авантюристік науқан тұсында бағытынан жаңылып, ғылымға, тарихи шындыққа жанаспайтын қате көзқарастар жағында болғаны да анық. ҚКП Орталық комитетінің 1979 жылғы кезектен тыс 3-ші жалпы жиналысының қаулысында 1966 жылдан 1976-ға дейін он жыл аралығында жүргізген аты шулы мәдениетке қарсы «Мәдениет төңкерісі» кезінде Го Моро да Қытай идеологиясының жақтаушысы болғаны баршаға аян. Әсіресе 196 -жылдан басталып, 1966-1972 жылдарда шарықтау шегіне шыққан КСРО-ҚХР, СОКП-ҚКП  арасындағы дұшпандық насихаттардың белсенді үгітшісі болғаны ешкімге жасырын емес.

Бұларды атап айтып отырғандағы мақсатымыз Го Мороның (1892-1978) қартайған шағында, коммунистік авантюраға бой ұрып, жазған мақалалары мен сөйлеген сөздерінің бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы кейбір адамдарға қате түсінік қалыптастырғанын  ескерту еді.

Өткен ғасырдың 60-жылдарында Қытай мен Кеңес Одағы арасындғы шекара қақтығысы Қиыр Шығыстағы Даман аралында және өзіміздің Жалаңаш көлінде орын алды.  Сонымен екі елдің шекара шебі таласқа түсті. Орыстар қытайларға - «сенің шекараң Ұлы қорғанның  ішінен бері аспаған, Ұлы қорғанның сыртындағы барлық жерлерді жаулап алғансың» деп айыптаса, қытайлар орыстарға дүрсе қоя беріп: «сен Орталық Азияны күшпен  басып алып, біздің иелігіміздегі Балқаш көлінің шығыс оңтүстігінен Памир таулары аралығын тартып алғансыңдар» деп том-том кітап жазып, жариялады.

Сол тұста академик Го Моро саясатшы Го Мороға айналып, көптеген арандатушы  мақалаларға  автор болғаны қытай жұртшылығына біршама белгілі. Солардың ішінен қытай насихат машинасы қолдан жасап, бүкіл дүниеге жар сала шулатқан қайдағы бір түрік текті ақын Кан-Ман-Ерді (қазақ жағымпаздар оны өздерінше  иемденіп Кәкменер, Кәмәр, Құмар, тіпті, Қамбар деп қазақшалаған) Го Мороның өз беделін пайдаланып оны тарихи шындық етіп көрсетпек болып: «Бұл үш өлеңді Кан-Ман-Эр өзі жазған, әсіресе, «әліппені үйренуді еске алу» деп аталатын 1 өлеңінде «Туғаннан қытайды ұстаз тұтып келемін, елім үшін жазуды үйренуден жазбадым» деп, атасынан бастап үш әулеттен бері қытай жазуы мен әдебиетін үйренгенін жырлайды. Бұл - ұлтаралық сүйіспеншіліктің қандай жарқын көрінісі десеңіздерші?

...Совет Одағының ревизионист-шовинист бюрократтары мен қытайтанушы деп аталатын ғалымсымақтары соңғы кездері өлермендене «Қытайдың тарихтағы Солтүстік шекарасы қытай камалы болды, ал Батыс  шекарасы ешқашан да Гансу мен Сы Шуан провинциясынан аспаған» деп көкіп жүр деп.  Егер де Кан-Ман-Эр тірі болса, оларға былай деп жауап берер еді: «Жауыздығы патшалық Ресейден де асып түсетін қорқау қасқырлар! Тыңдаңдар! Күндердің бір күнінде жаһаннамға кетесіңдер, арбауларыңа түскен бауырларымыздың да алдарынан жарқырап күні туады нық сеніммен айтамын!» деген екен. («Вен У» журналы, 1972, Пекин, №2. Синьцзян Кау гу саншы ниян. Үрімжі. 1983. 392 бет).

Кан-Ман-Эр жөніндегі жалған жаңалықтың сырын жан-жақтылы ашып, азаматтық сөз айтқан археолог Сағынтай СҰҢҒАТАЙҰЛЫ  болды. Ол «Ақ жол Қазақстан» газетінің №1 (74) 9.01.04 санында жарияланған «Біздің «қытайтанушылар» немесе қазақ әдебиеті тарихына еніп кеткен жалған ақын туралы бір ауыз сөз» деген мақаласын және 22.02.2008 жылғы «Қазақ әдебиетінде» №8 (3064)  қайта жариялаған мақаласында әдебиетші Дүкен МӘСІМХАН мен Мұхтархан Оразбайлардың шындыққа мүлде жанаспайтын қытай қоғамында сонау 90-шы жылдары бұлжымас дәлелдерімен  теріске шығарылған Го Мороның аталмыш еңбегін түсін өзгертіп, қазақстандықтарға тықпалағанына лайықты тойтарыс берген болатын.

Біздің бәріне де бейғам, салғырт қарап дағдыланған қоғамдық ой-санамыз Сағынтайдың жанайқйына селт ете қоймады. Керісінше «Қазақ әдебиеті» газеті өзі бастаған істі аяқсыз қалдырып, әділеттің ақ сөзін айтып шырылдаған Сағынтай бауырымызды Дүкен Мәсімханның ешбір дәлел-дәйексіз сылтың мақаласын жариялап «іс бітті, қу кеттінің» кебін келтірді.

Қазақ елінің абройы мен ұлттық-мемлекеттік мүддесін жоғары ұстайтын азаматтар, егер, сол кезде  қытайдың саяси мүддесі тұрғысынан ойдан шығарып, түрік халықтарына (Дүкен мен Мұқтарханша қазақ халқына) зорлап телімекші болған Кан-Ман-Эр деген саяси өлікті аулаққа серпіп тастап, жалған тарихқа әуестеніп жүргендерге ресми түрде ескерту жасағанда  2007 жылдан бері қытай ақыны Ли Байды «Дулат бабасының 9-шы ұрпағы» деген жалған дүние жарыққа шықпас еді деп ойлаймын.

Біздегі ұлттық идеологияның әлсіздігі осыдан байқалып тұрған жоқ па?! Кан-Ман-Эр ақын жөніндегі шындыққа көз жеткізу үшін «ҚАЗАҚСТАН» газеті Сағынтай Сұңғытайдың аталмыш мақаласын қайталап басқаны пайдалы болар еді. Өйткені, 2000 жылы академик Әбдімәдік НЫСАНБАЕВтың жетекшілігімен жария болған «Екі мың жылдық дала жыры» атты кітапқа және 2001 жылы Астанадағы «Елорда» баспасы шығарған «Сарап» деген кітапқа Кан-Ман-Эрдің өлең-сымақтары кіргізіліп, қазақ оқырмандарының басын айналдырып жүргелі он жылдың жүзі болып қалды. Енді оған «Елібай-Елдібай» деген Дулат баба ұрпағы қосылды. Ертең тағы кімдер тұр екен, кезекте? Әсілі, елдібайшыларға ең қолайлысы, әрі тілге жеңілі Ли Бай емес, қытайдың ұлы ақыны Ду Фу еді. Ду - Дулат қабысып тұр ғой!..

Сонымен, академик Го Мороның Ли Бай ақынның туған жерін Орта Азиядағы Суяб қаласынан іздеуге ұрыну себебінің алғы шарттары мен артқы көрінісі жөнінде азды-көпті талдау жасаған сияқтымыз.

Го Моро 1971 жылы «Ли Бай және Ду Фу» деген көлемді мақала жазып, «Ли Байдың туған жері Орта Азиядағы Суяб қаласы» деген пікір айтты. Бірақ, бұл пікіріне айғақ болатын тарихи дерек-дәйек келтірмеген. Шындығына келгенде Орталық Азияда «Су ие» атты екі елді мекен болған, оның бірі - Шудың жоғарғы ағысындағы Тоқмақ қаласы маңындағы Су ие болса, тағы бірі ұйғырлар мекені болған Күшәр мен Қарашәрі аралығындағы «Су ие» деген жер.

Алайда, саяси желікпеге елтіп алған қытай қоғамында академик Го Моронының сол пікірін қолдап-қолпаштаушылар көп болды, бірақ, олар  шынайы ғалымдар емес (нағыз ғалымдардың 99%-ы  түрмеде, не саяси қалпақ астында еңбекпен өзгерту майдандарында жүргенін ұмытпаңыздар), қытайлық шовинистік пиғылдағы адамдар екенін баса айтқымыз келеді. Го Мороны қолдаушылар үсті-үстіне мақала жариялап Ли Байды Шудың бойындағы Суябқа біржола орнықтыруға тырысып бақты. Мәселен, Йүй ШУШЫҢның «Ли Байдың Орта Азиядағы Суябта туғандығының тағы бір дәлелі» деген мақаласы, Дуан МЫҢЛҮНнің «Таң патшалығы заманындағы Суяб қаласының географиялық орны» мақаласы, Жу Чун ШЕҢнің «Ли Бай және Суяб» мақаласы, Чен ХУАШИНнің «Ли Байдың Орта азиядағы Суябта туғандығы жөнінде қосымша сөз» мақалаларын атауға болады. Бұл мақалалар негізінен Го Мороның пікірін қолдау тұрғысынан жазылған дүниелер еді. Әрине, сол негізде Ли Байға арналған монографиялар да жарық көріп жатты.

Мұқтарханның қаузағаны сол қатардағы Ваң ЮНЕИ мен Ли БАУЖҮНдердің «Ли Бай» атты еңбегі және ұжымдық авторлар жазған «Ли Бай туралы тың зерттеулер» деген еңбектер болса керек.

Жоғарыда аталған зерттеу еңбектерінің қай-қайсысы болса да, Ли Байдың туған жері туралы алуан пікірге ерік бергенімен, оның нағыз қытай ақыны екеніне келгенде бір ауызды болып кететінін біздің елдібайшылар ескермеген. Го Моро бастаған қытай зерттеушілері Ли Байдың туған жерін Шу бойындағы Суябқа сүйрелегенде, оны түрік, яғни қазақ немесе Дулат қылайын деген жоқ. Таң империясы тұсында империя аумағын белгілеген картасына тарихи негіз жасау үшін, нақтылап айтқанда  Балқаштың Шығыс оңтүстігі мен Памирдің аралығындағы ұлан байтақ қазақ, қырғыз жері қытай жері дегенді дәлелдеу үшін тыраштанған еді.

Осы арада, белгілі қытайтанушы профессор Клара ХАФИЗОВАның  «Алаш айнасы» газеті тілшісімен болған (№160 (160) 16.09.09) сұхбатында, тілшінің «Таяуда ғана Ли Байды Елібай қылып шығардық, сонда бүгінге дейін қытайтанушылар қайда  қараған? Осыған, сіз маман ретінде қалай қарайсыз?» деген сұрағына берген жауабын толық қолдайтынымызды ашық айтқымыз келеді. «Мен бір нәрсені түсінбеймін. Біздің Қытайдан келген кейбір бауырларымыз өздерін шетінен қытайтанушы етіп көрсетіп жатады. Қытайда оқыдым екен деп («доктор», «профессор» атанып жүрген кейбіреулері Қытайда толық орта мектепті де толық аяқтамағанын, жоғары оқу орнында бір жыл да оқымағанын, жалған диплом жасап қазақстандақтарды алдап жүргенін біз жақсы білеміз. Кезі келгенде оның да мән-жайы айтыла жатар - Ә.Д.) қытайтанушы бола салғысы келеді.

...Ли Байдың «Елібай» аталуы да сол «қытайтанушылардың» әрекетінен туындап отыр, қазір біздегі Ли Бай туралы айтылып жатқанның бәрі көзбояушылық! Бірінші көзбояушы қытайлардың өздері. 1969 жылы қытайлар Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлігіне нота жазған еді. Онда «Балқашқа дейінгі Жетісу аймағы - біздің жеріміз. Көне қытай аумағы осыншама алқапқа созылып жатқан». Мысалға, «Су ие деген Батыс түрік қағанаты қаласында қытайлар болған, бұл жерде Ли Бай ақынымыз дүниеге келген» деген мазмұнда жазылған».

Олай болса, Ли Байды Елібай етіп, оны Шу бойында, Дулат бабасының ұрпағы - Алқабидің шаңырағы астында туғызуға барын салып жүрген Мұқтарханға айтылар сөз басқа, ал сенатор Өмірбек Байгелді мырза кімнің диірменіне су құйып, кімнің мүддесі үшін «тарихтың түйінін тарқатумен» әуре болып жүргенін өзі аңғара ма екен дегіміз келеді.

Профессор Клара Хафизова әділін айтқандай, Ли Байды Елібай етіп көрсеткісі келетін ең бірінші көзбояушы бұрынғы және қазіргі Қытай саясатына күйлегіш тарихшылар екеніне назарлар аударғым келеді. Қытай билеушілері (мейлі тарихтағы, мейлі бүгінгі) Таң патшалығы дәуірінде (618-907) қағазға түсіріп алған картасы мен дерегін баға жетпес асыл деп  сақтап, қажет болған жағдайда территория дауын қоздырудан тайынған емес. Олар мың жылдан бері мынау жұмыр жер бетіне қанша мемлекет келіп-кетті және қанша империя күйреп жоқ болды, кім-кімге бағынышты болмады дегенге басын қатырып жатпайды.

Басқасын былай қойып, шекарамыз айқындалып, тату көршілік қатынас орнатқан 20 жылға таяған қытай өзінің тарих оқулықтары мен тарихи зерттеулерінде не жазып жүргеніне бір сәт назар салып көрелікші.

1985 жылы, ұйғыр тілінде жарияланған оқу құралында «...ХІХ ғасырдың орталарында патшалық Ресей басып алудан бұрын, еліміздің Батыс шекарасы Балқаш көлінде еді. Балқаш көлінің шығысы мен оңтүстігін  қамтыған Шыңжаңның кең байтақ районында өмір сүретін аз санды ұлттар ежелден Жұңго (Қытай) деп аталатын бірлікке келген көп ұлтты мемлекеттің мүшелері еді», - деп жазып отырғанын немен түсіндіруге болады? («Шиңжияңның Ұмұми аһуалий», «Шиңжияң халық нешрйети». 1985. 46 б). Ал, 1999 жылы қазақ тілінде жарияланған «Шыңжаңның жергілікті тарихы» атты кітаптың ішіндегі мазмұн да еш өзгеріссіз осы сөзді көшіріп басқан. Кітаптың мұқабасына «Шиңжияң жоғары мектептері біртұтас қолданатын оқулық» деп жазылғаны көп нәрсені аңғартса керек.

Уақыт зырлап ХХІ ғасырға қадам басты. Әлемде көп нәрсе өзгеріп, талай жаңалық болып жатыр, бірақ, қытайдың «Батыс өңір» жөніндегі ұғым-түсініктерінде өзгеріс түгілі, емексіту де жоқ. Бейне Қытай мемлекеті, патшалық Ресей немесе Кеңестік Ресеймен шекаралық мәселелер жөнінде текетіресте тұрғандай-ақ, бұл өңірде әлем, сол қатарда ҚХР да таныған тәуелсіз Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттері өмір сүріп тұрмағандай, 2006 жылы баспадан шыққан кітаптарында баяғы ескі жырын қайталаған. Мәселен; олар былай дейді: «...Солтүстіктегі Амухасан (?) тауынан оңтүстіктегі Сұң Лиң (Памир тауы)  жоталарына дейін, батысы Аякөз өзені, Балқаш көлі, Талас өзені төңірегінен, шығысы Іленің 9 қаласы мен Тарбағатайдың Шәуешек қаласына дейінгі жалпы жер көлемі мыңдаған шаршы километр келетін Жұңгоның Батыс өңіріндегі территориясын Россия бөліп әкетті. Мұның 4:3 бөлегі Шиңжияңның батысындағы жерлеріміз еді» («Жұңго Шиңжияңның тарихы және қазіргі жағдайы». Үрімжі. «Халық баспасы», 2006. 195 б) жауапты құрастырушысы - Ли Шың.

Тарихшы Фан Жыпиңның  2006-жылы «Шыңжаң» халық баспасынан шыққан «Хохан мемлекеті және Батыс өңір саясаты» атты кітабына енгізілген Манжулардың Шиң патшалығы тұсындағы «Батыс өңір» картасымен танысыңыздар. Аталмыш кітаптың 46-бетіндегі карта:

 

КАРТА кетеді

 

Мұнда Ли Бай туды делінген Талас-Шу өңірі Чиң (Цин) империясының аумағында көрсетіліп тұр. Талас өңірі түгілі, кітап авторы Хохан хандығын да Чиң империясына бағынышты елдер қатарында қарастырғаны  байқалады.

Қытайдың осы заманғы тарихшылары бұрынғы патшалықтар тұсындағы Орда тарихшыларының концепциясын сол қалпында өзгеріссіз қолданып келеді. Оларша болғанда, бүкіл тарих бойында Орталық Азияда өзін-өзі билеген тәуелсіз хандық, патшалықтар болмаған, бәрі де Қытайдың «Батыс өңіріне» жататын бағынышты иеліктер ғана. Ал, Қытайдан іргесін аулақтатып, өз алдына құрған тәуелсіз хандықтар бола қалғанда, олар шетелдік сұғанақ күштердің ықпалымен «ұлы Отан құшағынан» уақытша  айрылып қалған елдер болып шығады.

Олай болса, Ли Байды Дулат бабасының тікелей ұрпағы екендігін дәлелдегісі келгендер мейлі саналы немесе санасыз түрде болса да, олардың уәжін мойындағанымыз болып отырған жоқ па? Осынау ащы шындықты мемлекеттік саясат қазанының құлағын ұстасып жүрген сенатор Өмірбек Бәйгелдінің сезінбеуі тым қорқынышты.

Егер де құдайшылығын айтар болсақ, біздің елдібайшылдардың көзсіз ұрыншақтығына қарамай, Қытайда өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан былай қарай Дэн  ЦИАУПИН жүргізген ақылды саясатының шарапатымен Мао Зыдұң билігі тұсында бетімен кеткен қоғамдық ғылымдар мен ішкі-сыртқы саясат қатаң сыналып, шындық, туралыққа жол ашылып ҚКП-ның 50 жылдық қызметіне әділ баға берілді.

Сол қатарда әдебиет тарихында қалыптасқан «Кан-ман-эр ақын» жөніндегі Го Морошылдардың өтірігіне нүкте қоя алды. Сол қатарда Ли Байдың туған жері туралы ойдан шығарылған «Суяб-Шу» әфсанасына да тойтарыс берген болатын. Біздің елдібайшыларға керегі ол емес, Мао дәуіріндегі солшыл идеологияға қызмет еткен жасанды, елімізге зиянды дүниелер болғаны адамды қатты қынжылтады.

 

4. Ли Байдың туған жері туралы ХХ ғасырдың 80-ші жылдарынан    кейінгі көзқарастар

 

Жалпылай алып қарағанда, бұл жылдарда жарыққа шыққан зерттеулерде де пікір таластар болғанымен негізгі көзқарас - Ли Байдың туған жері Шу (Сышуан) өлкесі дегенге саяды. Атап айтқанда, зерттеуші Жең ШАҢ 1981 жылы «Сышуан университетінің ғылыми жорналы» №4 санында «Ли Бай шынында қайда туған?» деген мақаласын жариялады. Онда, Ли Бай 701 жылы Сышуан өлкесінің Мяньжоу аймағына қарасты Чанмиң ауданының Шиң Лияң  қыстағында туылған деген қорытынды жасаған.

Ваң ШИЯУЖЫ деген зерттеуші 1982 жылы «Шыңжаң» газетінде (5.05) жариялаған мақаласында «Ли Байдың туған жері - Жияң Ю» (ол да Сышуан өлкесінде)  десе, Жияң ЖЫ деген зерттеуші «Ли Байдың туған жері Жияң Ю деген пікірге толықтырулар» деген еңбегін 1982 жылы «Классикалық әдебиет туралы зерттеулер жинағының» №10 санында жариялап, алдыңғы көзқарастарды орнықтыра түсті. Ал, (1984 жылы»Жиаң Хан зерттеулері» басылымының №11 санында) зерттеуші Пэй ФЭЙдің «Ли Байдың туған жері Суяб деген пікірі және оның нақтылы туған жеріне қатысты мәселелер» деген еңбегін жариялап, Ли Байдың туған жері Шу (Сышуан) өлкесі екендігін жан-жақтылы дәлелдеп шығады.

1991-жылға келгенде осы авторлардың «Жұң Го Ли Байтану» жинағында  жарияланған «Шен Лұң деген Шен гұң жылнамасы дегеннің қате жазылуы» атты  мақаласында Ли Байдың туған жерінің Сышуан өлкесі екендігін одан әрі дәлелдеп береді. Ал, 1995-жылы зерттеуші Пэй Фэйдің «Ниңшия пед институтының ғылыми жорналының» №4 санында жарияланған «Тағы да Ли Байдың Жияң Ю да туғаны туралы» деген мақаласында бұрынғы айтқандарын онан әрі толықтырып, Сышуан өлкесі дегенді шегелей түседі.

Мінеки, Ли Байдың туған жері туралы соңғы зерттеулер Го Моро бастаған зерттеушілердің саясиланған, жалған пікірлерін жоққа шығарып, Ли Байдың Сышуанда туғанын нақтылады.

Енді Қытайда шыққан «Сөз теңізі» атты академиялық басылымдарда не жазылғанын көрелік. 1979 және 1989 жылдары Шаңхайда басылған  «Сы хай - Сөз теңізінде» былай жазылған: «Ли Бай (701-762), Таң династиясының ұлы ақыны жанама аты - Тай Бай, лақаб аты шиңлияндық, ата мекені Лұң шй (бүгінгі Ган су Чиң ән), Сүй хандығының (581-618) соңғы дәуірінде аталары Су иеге (Таң дәуірінде Әнши тұтұқ мекемесіне  қарасты болған. Бүгінгі Кеңестік Қырғызстанның солтүстігіндегі Тоқмақ қаласы маңында) барып тұрақтайды. Ли Бай сол жерде туылған. Кішкентайында әкесіне ілесіп Миянжоуға (бүгінгі Сы Шуанның Жияңюіне қарасты) Шиңлиян қыстағына келіп қоныстанады». (1262 б және 1422 б)

Бұл аз десеңіздер, 2008 жылы Нәнжин университеті баспасынан шыққан «Ли Бай жуан - Ли Байдың өмірбаяны» деген әйдік монографияның авторлары Жу ШИНШУ мен ТҰҢШИЯҢ ол туралы нақтылап былай дейді. Сөзбе сөз аудармасы былай:

«Ли Байдың өз айтуына қарағанда, ол Батыс Хан патшалығының (эрадан бұрынғы 206 кейінгі 25-жыл) әйгілі генералы Ли Гуаңның ұрпағы көрінеді. Кейініректегі  5 ху, 16 хандық тұсында, Батыс Лияң патшалығын құрушы Ли Хаудың 9-ұрпағы болғандықтан, ол Таң патшасына туыстық жақындығы бар делінеді. Ли әулетінің бір атасы  Жұңгоның батыс жағына ауып барып, Таң дәуіріндегі әйгілі мәнсаптылар ішіндегі «лұңшилік Ли әулеті» деген құрметті атқа ие болады. Сондықтан да болар тарихи еңбектерде Ли Байды Лұңши Чеңжилік адам деп атайды. Сүй патшалығының соңғы кезеңдерінде үлкен аласапыран пайда болғанда, Ли Байдың арғы аталары Батысқа жылыстап кетіп, Су иеге барып тұрақтайды. Су ие дегеніміз Қырғызстан аумағындағы Тоқмақ қаласына жақын орналасқан ежелгі Жібек жолы  бойындағы маңызды қала еді. Сол уақыттарда Таң патшалығына қарасты жер болған.

Шаң Әннің алғашқы жылы (701) Ли Бай сол Су иеде дүниеге келген». 9 бет.

Осындай деректер мен зерттеу еңбектерден Ли Байдың туған жері туралы елдібайшылар тарқатып жүрген пікірдің ақиқатқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын айқын көруге болады.

Әйтсе де Ли Байдың туған жері туралы әңгімені  осымен аяқтай салуға болады деген ойдан аулақпыз. Өйткені, ол туралы біріне-бірі  мүлде қабыспайтын деректер мен болжалдарды көргенде, апырау бір адам туралы осыншама алшақ әңгімелер айтыла береді екен-ау деп таң қалады екенсің. Солардың бірнешеуін келтіре кетудің артықтығы жоқ.

1.    1982 жылы Лю ЮЖЫ деген адамның «Ли Байдың туған жері - Тияу Жы»  (Ханзуша-ұйғырша тарихи сөздікте Сирия деп түсіндірсе, «Сөз теңізі» лоғатында оны Ауғанстан - Ирак - Парсы шығанағы деген анықтама береді) деген мақаласы жарияланысымен зерттеуші Каң ХУАЙЮАН «Қоғамдық ғылымдар зерттеулері» журналының №3 санында «Ли Байдың туған жері Тияу Жы деген пікірге қосымша толықтыру» деген мақаласын жариялады. Онда Ли Байдың туған жері Ауғанстанда, ол жер Таң патшалығы тұсында Анши  тұтұқ мекемесіне» қарасты болған, яғни, ол аумақ та Қытай мемлекетіне қарасты жерге жатады дейді.

2.                 Лю Кайяң дейтін зерттеуші 1982 жылғы «Әдеби мұра» жорналының №4 санында жарияланған «Ли Байдың Шу  жерінде өткен өмірі және оның поэзиялық шығармалары» атты  мақаласында, Ли Бай сол кездегі Қытай астанасы Шаңанда туған деп өзінше ой  тастайды.

3.                 Ли Байдың туған жері Шиңжияңда, яғни, Қарашәрі мен Күшәрдің төңірегінде дейтін пікірді 1986 жылы баспадан шыққан «Ли Байдың туған жері туралы зерттеу» атты еңбегінде Лю СҰҢЖҮН ортаға қояды. Ал, 1991 жылға келгенде Ваң ЯУХУА деген зерттеуші ол пікірді  одан әрі кеңейте қарастырып «Ли Байдың туған жеріне қатысты деректерге талдау» деген мақала жариялады.

4.                 Зерттеуші У ЖУБИҢ болса «Ли Бай  Лұңшиде туылып, Шуда ержеткен, Шан Дұңда тұрақтаған» деген пікірді  ортаға шығарады.

5.                 Ли Байдың туған жері Шан Дұң өлкесі болған деген пікірді 1994 жылы Ваң БАЙЧИ «Ли Байдың атажұрты туралы ізденістер» атты мақаласында ортаға шығарып, өзінше дәлелдер келтіреді.

Демек, Ли Байдың туған жері туралы айтылып, жазылып келген бір-біріне мүлдем қарама-қайшы келетін пікірлер бас айналдырады. Солайда оның бірде-біреуінен Ли Байды қазақтың Дулат тайпасынан еді дегенді кездестірмейміз.

Түйін

Өз тарапымыздан айтар түйінді сөздерімізді жинақтар болсақ, мыналарды атауға болады:

1. Ли Бай ақынның өмірі мен шығармашылығы жөнінде зерттеулер негізінен ақын өмірден өткеннен кейінгі  ІХ-Х ғасырлардан былай қарай қолға алынып, тарихи кітаптарға енгенімен, ол туралы нақтылы жаппай ізденіс тек ХХ ғасырдан, онда да 50-ші жылдардан былай қарай басталғанын көреміз. Біз оларды тұтастай алып, үлкен  төрт кезеңге әрі бес мазмұнға бөліп қарастыруды жөн көрдік. Онда да зерттеуші ғалымдардың ұқсамаған пікірлерін бере отырып патша көңіл оқырмандарымыздың салыстыра сараптауына мүмкіндік жасауға ұмтылдық. Байсалды ғылыми ізденіс - пікір алуандығы мен мол дерек көздеріне жол ашылғанда ғана көсегесі көгеріп, көкжиегі кеңейеді деп қарадық.

2. Қытайлар  Ли Байдың ешқашан да, ешбір жерде біздің елдібайшылар айтқандай «қытайша өлең жазған қазақ ақыны» болғанын айтқан да, жазған да емес.

3. Ли Байды - Елдібай, Елібайға, әкесі Ли Кені - Алқабиге, 9-атасы Ли Хауды - Дулат бабаға айналдыру жолындағы әрекеттердің ғылымға, тарихқа, шежіреге мүлде қатысы жоқ бос әурешілік, тіпті, халықты арандатып, адастыруға бастайтын жат қылық.

4. Ли Байдың туған жері туралы айтылып жүрген «Шу-Талас» нұсқасын біздің елдібайшылар қандай ізгі ниетпен айттық десе де еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына қатер төндіретін, қазақ-қытай қарым-қатынасына сызат түсіретін әрекет деп түсінеміз.

5. Ли Байдың ата тегі мен туған жері туралы қай заманда, қай елдің, қандай ғылымдары не жазса да, олар негізге алар Ли Байдың қолымен өзі туралы жазылған деректік материал санаулы ғана екенін естен шығаруға болмайды. Ол «Ли Байдың Анжоу аймағының әкімі Пэиге жолдаған хаты» және «Хан Жиң жоушу» деген хаты. Онда өзінің Шу өлкесінде тұратынынан басқа  сөз жоқ.

Ол туралы көне жазба дерек ретінде пайдаланылып жүрген басты шығармалар: Ли ЯНБИҢнің «Шоп кұрке жинағы», ВЕЙВАНның «Ли Ханлиң жинағын», Лю ШУАНБЕЙдің «Таң дәуіріндегі марқұм Ханлин оқымыстысы Ли (Бай) мырзаның қабыр басына қойылған құлыптас мәтіні», Фан ШУАНЖЕҢнің  «Таң патшалығы Ханлин оқымыстысы Ли (Бай) мырзаның қабірі басына қойылған жаңа құлыптастағы жазуға түсініктеме», Лю ЧҮЙдің «Таң патшалығының көне тарихы, әдебиет және өнер шежіресі», Сұң ЧИдің «Таң патшалығы жаңа тарихы, әдебиет және өнер баяны» қатарлыларды атауға болады.

Біз Ли Байдың ата шежіресі мен туған жері туралы аңыз бен ақиқаттың қаншалық дұрыс-бұрыстығын айыруда ең ақылды, ғылыми, парасатты ой айтқан белгілі қытай оқымыстысы Ли ЖИАЛЕНің сөзіне тоқтағымыз келеді. Ол өзінің «Ли Байдың әулет тарихы және туған жері туралы» атты еңбегінде: «...Осынау құжаттар ұсынған мәліметтердің көбі нақты шындық болмауы, оның беделін түсіріп отыр. Сондықтан тың құжаттар, жаңа деректер табылмайынша, бұл мәселе туралы жаңа пікір айту өте қиын. Ендігі жерде қолда бар деректерге қайталай зерттеу жүргізіп, сол негізде қайтадан ой жүгірту ең байыпты, ең ақылды қадам болар еді» («Сы Шуан пед. институты ғылыми жорналы» №4 1997 жылы) деген болатын.

Ендеше, қолында ешқандай нақтылы жазба дерегі жоқ, ақылға қонатын ғылыми ой-пікірі жоқ Сенатор Өмірбек Байгелді мен оған жалған материал берген Мұқтархан Оразбайдың ішкі есебін түсіну өте қиын болып тұр...

Осыған дейінгі зерттеулерімізден шығар қорытынды сөзді айтар болсақ, Ли Бай-Ли Тай Бай аталған ақын Қытайдың ежелгі Шу-бүгінгі Сышуан өлкесінде, Ли Ке атты қытай отбасында дүниеге келген Қытайдың ұлы ақыны. Ал, оны «Орта Азиядағы Шу-Суяб қаласында, Алқаби деген ойдан шығарылған өмірде болмаған адамның отбасында туған, «Дулат бабаның 9-шы ұрпағы», деп тарихқа еш жанаспайтын, ойдан шығарылған жалған және арандатушы сөз арнап жүрген сенатор Өмірбек БАЙГЕЛДІ мырза мен Мұхтархан ОРАЗБАЙдың айтқандары құр далбаса ғана!

 

 

«Қазақстан» апталығы. 15.10. 2009 жыл.

Тарих ғылымдарының кандидаты Әлімғазы Дәулетханның

бұл мақаласы апталықта   «Байгелді «Елібай» деп жүрген қытай ақыны Ли Бай шынында қай жерде туған?» деген атпен берілген

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596